Сенбі, 27 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 6878 13 пікір 12 Наурыз, 2024 сағат 15:55

Ресейдің достары кім, дұшпаны кім?..

Жалпы, біздің Ресеймен арадағы ресми достығымызда ешбір кінә жоқ. Не болса да бас изеуден таймаймыз.

Құлдық ұрмасақ та, наразылық нота жолдау секілді «ұсақ ерлікке» де бармаймыз. Қысқасы, тату-тәтті көршілікке қылаудай да дақ түсірген емеспіз. Қай уақытта да достығымызды паш етуде аянып қалған жоқпыз. Қандай да бас қосуларынан қалмаймыз. Неше түрлі форумдары да бізсіз өтпейді.

Жақында Ресей Президенті жолдау жолдаған еді, дереу телефон соғып, жылы пікірімізді білдіріп те қойдық. Оның алдында ғана өз Президентіміз Қазан қаласында өткен, өздері «бұл әлемде бірінші рет болып тұрған құбылыс» деп даңғара салған «Болашақтың ойыны» деген ойынға да қатысып қайттық. Тіпті «мұндай шараны өзімізде де өткізсек қайтеді» деген ұсыныс та айтылды. Әрине, қаншама елдер қатысатын мұндай ойын бізге арзанға түспес. Алайда, кең қолтық қазақ емеспіз бе, «Сағынайдың асына шаппағанда, атамыздың басына шабамыз ба?». Мұндайдан аяған ақшаны ит жесін.

Жә, мұнымен не айтқысы келіп отыр демексіздер ғой. Айтайын дегенім, біздің достыққа деген ақ көңіліміз бен шынайылығымыздың құны Ресей үшін құны көк тиын қара бақыр екен. Мұнысын өздері еш қымсынбастан ашық жариялап отыр.

Жақында коммуникацияны дамыту жөніндегі Ресей ұлттық зерттеу институты посткеңестік елдердің өздеріне деген достық қарым-қатынастарын айқындайтын мониторингін жариялады. Бұл зерттеу 18 елде жүргізілген. Рас-өтірігін кім білсін, оған 400-ден астам ресейлік және шетелдік сарапшылар қатысқан көрінеді. Бұлар бәрін аудара-тексере келе, өздеріне дос деген 10 елді анықтаған.

Ал енді осыншама тыраштанған біздер бұл тізімнің жоғарғы жағындамыз ғой десеңіз, тағы да қателесіз. Біз әзер дегенде Әзербайжаннан кейінгі 8-ші орынға ілігіппіз. Енді бір-екі секірсек, бұл тізімнен мүлдем шығып қалуымыз әбден мүмкін. Бұл дегеніңіз, Ресейдің өздеріне жау санайтын елдердің қатарына қосылып кетуіміз оп-оңай дегенді айқын білдіреді. Ал оның салдарының неге әкеліп соғатындығын білуге көп ақылдың қажеті шамалы. Украина, Молдова мен Грузияның жағдайы осыған айқын дәлел.

Демек, өздерін өзгелерден жоғары санайтын бұл көршіміз үшін достық пен қастықтың арасы бір-ақ тұтам болып шықты. Қысқасы, «Сақтықта қорлық жоқ» деген мақалды үнемі есте сақтаған мақұл. Кей-кейде тым жалпақшешейлік те жақсылыққа соқтырмайды.

Жайберген Болатов

Abai.kz

13 пікір