Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2756 0 пікір 5 Қараша, 2012 сағат 04:29

Әміржан Қосанов: «Жаңаөзен атауы географиядан «биографияға» айналды»

Үкімет үмітті ақтай ала ма?

- Әміржан мырза, бүгінгі әңгімемізді елді дүр сілкіндірген бір бастамадан бастайық: Маңғыстау облысының ақсақалдары Жаңаөзен қаласының атын Бекет Ата деп өзгерту туралы ұсыныс жасады. Әлеуметтік желіде, соның ішінде «Фейсбукте» сіз осы мәселеге біраз мән беріпсіз. Неге?

- Өйткені өткен жылғы қанды қырғыннан кейін «Жаңаөзен» картадағы бір қаланың аты ғана емес, ол - Ұлттық трагедияның символы. «Жаңаөзен» ұғымының артында тек қана мұнайшыларды қырып салу мен әділетсіз соттар тұрған жоқ. Оның артында халықтың наразылығы мен тарихтың үлкен сұрауы тұр. Осыны аңғарған билік қаланың атын жою арқылы өз жауапкершілігін де жойғысы келетін сияқты. Бірақ Жаңаөзен географиядан ... «биографияға» айналды ғой! Картадан аты өшсе де, жүректен қалай өшіресің?!

Өз басым осынау қадамға барып отырған билік тағы да бір арандату жасап отыр деп санаймын! Қанға боялған қаланың аты мен әулиенің аруағын осы мәселеде таластырып қою - барып тұрған ұятсыздық! Оның артында белгілі бір саяси мақсат тұрғаны да сөзсіз.

- Осы күндері президент пен оның айналасы туралы әңгіме көбейіп кетті. Президент әкімшілігі басшысының ауысуы қандай жаңалықтар әкелуі мүмкін?

Үкімет үмітті ақтай ала ма?

- Әміржан мырза, бүгінгі әңгімемізді елді дүр сілкіндірген бір бастамадан бастайық: Маңғыстау облысының ақсақалдары Жаңаөзен қаласының атын Бекет Ата деп өзгерту туралы ұсыныс жасады. Әлеуметтік желіде, соның ішінде «Фейсбукте» сіз осы мәселеге біраз мән беріпсіз. Неге?

- Өйткені өткен жылғы қанды қырғыннан кейін «Жаңаөзен» картадағы бір қаланың аты ғана емес, ол - Ұлттық трагедияның символы. «Жаңаөзен» ұғымының артында тек қана мұнайшыларды қырып салу мен әділетсіз соттар тұрған жоқ. Оның артында халықтың наразылығы мен тарихтың үлкен сұрауы тұр. Осыны аңғарған билік қаланың атын жою арқылы өз жауапкершілігін де жойғысы келетін сияқты. Бірақ Жаңаөзен географиядан ... «биографияға» айналды ғой! Картадан аты өшсе де, жүректен қалай өшіресің?!

Өз басым осынау қадамға барып отырған билік тағы да бір арандату жасап отыр деп санаймын! Қанға боялған қаланың аты мен әулиенің аруағын осы мәселеде таластырып қою - барып тұрған ұятсыздық! Оның артында белгілі бір саяси мақсат тұрғаны да сөзсіз.

- Осы күндері президент пен оның айналасы туралы әңгіме көбейіп кетті. Президент әкімшілігі басшысының ауысуы қандай жаңалықтар әкелуі мүмкін?

- Меніңше, біздің саясаттанушылар мен журналистердің бір қателігі бар. Яғни, әртүрлі кезеңде президент Назарбаевтың маңайындағы кейбір фигураларды шамадан тыс қуатты, не беделді деп санап, өз жорамалдарын соған негіздеп жатады. Сөз жоқ, президент әкімшілігі басшысының қазіргі саяси жүйедегі орны бір төбе. Бірақ, қай-қайсысы болсын кешірсін мені, ол тау емес, төбе ғана! Оның ішінде көп төбенің бірі ғана! Баршаға жоғарыдан бақылап, өзі қалаған адамын не төбе, не төбешік етіп отырған президенттей «тау» тұрғанда, олардың ықпалы белгілі бір деңгейге дейін ғана болады. Сондықтан да мен абсолютті өкілетті президент тұрғанда, оның әкімшілігінің кезекті жетекшісін абсолюттендіруге қарсымын.

Мәселен, Ақорданың саясаты әкімшілігінің жаңа жетекшісі келгеннен соң, елдегі жағдай күрт өзгеріп кеткен жоқ қой! Кеше қабылданған басты саяси шешімдер күшінде қалды. Сотталғандар ақталып жатқан жоқ. Кадрлық саясат өзгере қойған жоқ. Керек десеңіз, президенттің саяси лексикасы да сол баяғы қалпында. Бұған дейін де бұл қызметте басқа азаматтар болған, бұдан кейін де болмақ. Бірақ олардың бәрі тек қана президенттің тапсырмасын орындаушылар ғана деп білемін.

Жуық арада белсенді саяси науқан (президент пен парламент сайлауларын айтып тұрғаным) жоспарда жоқ. Сондықтан қазіргі әкімшілік жетекшісінің негізгі функциясы тым созылып кеткен экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік мәселелермен байланысты болар. Бәлкім, оның тек қана осы шаруамен айналысқанын қалайтын басқа да топтар болуы әбден мүмкін. Оның үстіне постназарбаевтық кезең де жақындаған сайын, бас биліктегілер өзінің қаржылық-меншіктік мәселелерін де реттеп алуға асығып жатқан сияқты. Бәлкім, қазіргі әкімшілік жетекшісі өз қызметінде дәл осы мақсат үшін де керек болар президентке.

Әрине, жеке тұлға ретінде әкімшілік жетекшісі бірен-саран жаңалықтарды қолға алуы мүмкін. Бірақ, қайталап айтамын, ол үлкенді-кішілі бастамалар Ақорданың үлкен саясатынан асып кете алмайды. Жалпы мен елдің осы ауыс-түйістер төңірегінде осыншама алаңдауын түсінемін. Өйткені постназарбаевтық кезең жақындаған сайын, оның айналасындағы кез келген адамның ролі басқаша қабылданады: мүмкін, ол ертең ресми мұрагер боп шығар.

- Жаңа үкіметтің алғашқы аяқ алысы қалай, «АйПиО» -ны бастап жатырмыз дейді?..

- Қайдағы «жаңа үкімет»? (күледі). «Баяғы жартас - бір жартаста» отырғандар ғой! Премьер ауысқанымен, басқалары түк болмағандай орнында қалды... Жалпы осындай дәстүр авторитарлық жүйеге ғана тән нәрсе. Шынайы демократиялық елдерде үкімет ауысса, барлық мүшелері кетеді! Ал бізде болса үкімет - бір бағдарлама мен бір жауапкершілік негізінде ұйымдасқан пікірлестердің бір командасы емес, бір-бірін аңдып, сүрінуін тілеп отырған әртүрлі олигархтық, не кландық топтардың өкілдері! Ішкі талас пен қарама-қайшылықтарға негізделген мұндай құрылымдар жақсылыққа жеткізбейді ешбір елді! Бәрі бірге келіп, бірге кететінін білетін үкіметтің жұмысы мүлдем басқаша болар еді! Бізде ондай жоқ.

Әзірше мен Ахметов бастаған үкіметтің қызметінен аса бір қатты қарқын, жасампаз жаңалық, қазірше айтсақ, креатив көріп отырған жоқпын. Сол баяғы ескі сарын, сол баяғы өрттің алдын алушы емес, оны сөндіруші команда сияқты әсер қалдырып отыр. «АйПиО» туралы сөздің басталғанына бес жылдан асып кетті, оның нәтижесін бір құдай көрсетер...

- Осы үкіметтің жедел түрде қолға алуы тиіс қандай шаруалар бар деп ойлайсыз?

- Дереу қолға алатын шаруалары шаш етектен. Ең алдымен, дағдарыстың кезекті толқынын қалай қарсы аламыз? Нақты бағдарлама қандай? Кезінде үкімет «А» және «Б» варианттарын әзірлеп жатырмыз деген болатын президентке. Қайда сол құжаттар? Мұнайдың бағасы күрт төмендеп кетсе, не шара жасаймыз? Осы басты сұрақтарға жауап бермесе, кризистің сол толқыны Есілге жетіп, үкіметтің өзін шайып, суға ағызып жіберері хақ!

Екіншіден, баға мен тарифтердің шарықтап бара жатқан жағдайында әлеуметтік жағынан қорғаусыз азаматтарға қандай нақты қолдау болады? Басқасын айтпағанда, 90-жылдары, бюджеттегі қаржының аса тапшы кездің өзінде үкімет аса зәру топтарға адрестік көмек беріп еді ғой. Ол кезде мұнай бағасы 10 доллар болған, қазір 100 доллардың о жақ бұ жағында! Қазіргідей 80 миллирадтан астам қаржысы бар Ұлттық қор деген тіпті болған жоқ о кезде! Үшіншіден, Кеден одағының жағдайында «отандық тауар өндірушілерді қорғау» бағдарламасын жасайтын уақыт жетті емес, өтіп кетті! Дүкен мен базарға барыңыз, барлық дерлік тауар Ресейден! Біздің өндірушілерге неге осы күнге дейін қол ұшын беріп, тауар бағаларын бәсекелес етердей жағдай жасалмады? Осы мәселені шешпесе, ертең көшеге оппозиция емес, шағын және орта бизнес өкілдері шығып кетпесіне кім кепіл?

Әзірше - осы. Шынымды айтсам, ең болмаса, осы үш мәселені шешіп берсе, қаншама оппозиционер болсам да, осы үкіметке рахмет айтар едім!

- Неліктен үкімет осы шаруаларды қазірдің өзінде қолға алмай жатыр сонда?

- Біріншіден, жаңалық жасап, соны тірлік таныту үшін, кем дегенде, өткен кезеңге сыни көзбен қарау керек. Жақсысын асырмай, жамандығын жасырмай. Ол біздің жағдайда тіпті мүмкін емес қой!

- Неге?

- Өйткені, сын айтылса, кешегі премьерге тиеді. Ал кешегі премьерің қазір - Ақорда әкімшілігінің жетекшісі! Сын айтсаң, соған тиіп кетеді. Екіншіден, бізде билік басының саяси мүддесі экономиканы, оның негізгі заңдарын басып-жаншып тастаған! Мәселен, экономиканың мұнай бағасынан тәуелділігін жою туралы айтыла бастағанына 20 жыл болды! Үкімет соған бағытталған 20 қаулы қабылдады ма осы мерзім ішінде? Жоқ! Неге? Билікке тікелей ықпалы бар олигархтар нақ сол жер асты байлықтарын сатып, пайда көріп отыр! Сондықтан да олар сол иен байлықты дәл бүгін, дәл осы бағаға сатуға мүдделі. Олар сіз бен біздің экономиканың болашағын қайтсін! Міне, Ақорда мен үкімет соларға «қойыңдар!» деп айтуға бата алмай отыр ғой.

- Жауабыңыздың екінші бөлігін жазып айтыңызшы?..

- Шынын айтайын ба?

- Айтыңыз.

- Сол олигархтардың бәрі Ақорда мен үкімет үйінде отыр. Өздері күнде жеп отырған майшелпектен өз еркімен айрылып, оларға не көрініпті?! Бір нәрсе анық - қазіргі байшыкештер Қазақстанның болашағына және оның ішінде әділетті қоғам орнаған Қазақстандағы өз болашағына сенбейді! Сондықтан да олардың балалары тек шетелде оқиды, әрі олардың сырт жақта үй-жайлары дайын! Өз елінің келешегін ойлаған билік басындағылар, мәселен, өз ақшаларын елдегі банктерде сақтар еді ғой!

 

Референдум -

бүкіл халықтың

ісі болуы тиіс!

- «Тұрақтылық аралы» деп өзін мақтап келген Қазақстанда қазір күн сайын оқ-дәрі атылып-жарылып, экстремизм мен терроризмнің ошағына айналды. Себептері айтылып жатыр. Енді осыны тыю үшін не істеу керек?

- Бәрін бірден тізіп беру қиын болар. Бірақ айтып көрейін. Біріншіден, құбылыстың түпкі себебін жою керек. Ал ол болса, ел ішін жайлаған кедейшілік пен діни сауатсыздық. Я жұмысы, я үй-жайы, я оқуға не үйленуге қаржысы жоқ ауыл жасы қайда барады? Өкіметке барады. Ал әкім әдеттегідей оны сыпайы шығарып салады. Жер бетінен әділеттік таппаған ол Құдайға жалбарынады. Мешітке бара жатқан жолында оған әртүрлі күмәнді күштер жолығады. Керек десеңіз, қиналып жүрген жастарды өздері іздеп тауып алады. Мұңын мұқият тыңдайды, жылы сөзін, керек десеңіз, қаржылай және басқаша көмегін аямайды. Содан солардың қатарына ресми түрде кіреді. Идеяларын бойына сіңіреді. Міне, бар болғаны осы. Осыны болдырмаудың жолдары бар ма? Әрине, бар!

Басқа елдерді білмеймін, бірақ Ұлттық қорында 80 миллиард доллары бар, әрі жыл сайын жер асты қазба байлықтарын сатудан қыруар пайда көріп жатқан Қазақстан өкіметінің оған толық мүмкіндігі бар! Оқуды қолжетімді етіңдер, үй алуға несиені төмен пайызбен беріңдер, ауыл-аймақта шағын өндірісті көптеп ашыңдар! Азғантай ғана халықты толық жарылқайтын мүмкіндігі бар биліктің!

Екінші мәселе - сауаттылықта. Ислам діні - ұлы ілім. Оның гуманистік тұжырымдары хақында неге үлкен насихат жоқ? Әйтпесе өз басымыз Құранның бетін ашпай-ақ, аннан-мұннан естіген жартылай рас, жартылай жалған жайттардың негізінде өзін мұсылман санап жүрген адамдарды да білеміз. Апта бойына күнәға батып, жұма күні мешітке намазға барып, содан «показуха» жасап жүргендер қаншама! Бар білетіні - өлікті қалай жөнелту керек, сол ғана! Және де бұл ағартушылық жұмысын тек қана молдалар емес, білімді де шешен теологтар, яғни дінтанушылар жүргізуі керек! Ол үшін тиісті факультеттер ашып, сол мамандарды дайындау қажет. Зайырлы мемлекетте теологтардың орны алабөтен болуы тиіс. Басқа діндерге де салиқалы да сабырлы баға бере алатын мамандар қажет. Бізде ол жұмыс тіпті қолға алынбаған.

Өз басым бір нәрсеге таң қаламын. Бізді, оппозицияны, күндіз-түні аңдып жүрген арнайы қызметтер ел ішін экстремистер мен террористер жайлап кетуіне қалайша жол берген?! Қолдарында қаншама күш, қаржы, тиісті құрал-жабдықтар бар! Соны қолында қаруы жоқ бізге қарсы жұмсағанша, өз мақсатында, яғни мемлекет қауіпсіздігіне пайдаланбай ма? Кей кезде сол террористердің артында биліктің өзі тұрған жоқ па деп ойлап қаласың... Кезінде Ауғанстандағы терроризмді Кеңес Одағына қарсы пайдалану үшін АҚШ өзі дүниеге келтіріп, қаржыландырды емес пе? Арты не болғанын өзіңіз білесіздер. Қазір де экстремизм мен терроризм секілді құбылыстың барлық теріс сипатын билік, мәселен, Жаңаөзен соты арқылы бізге, оппозицияға, қарсы пайдаланып жатыр емес пе? Оның арты не болар, бір Құдайдың өзі біледі...

- Көкейкесті мәселелер бойынша референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топ өкілісіз. Сол референдумды өткізуге билік жол береді деп шынымен сенесіз бе? Шыныңызды айтыңызшы...

- Шынымды айтсам, олар референдумның өзін айтпағанда, оны ұйымдастыру жөніндегі жиынды да өткізбеу үшін бар күшін салып, тырысады! Өйткені біз көтеріп отырған мәселелер биліктің жанды жеріне тиіп отыр, әрі барша халық ол идеяларды сөзсіз қолдайтынын билік біледі.

- Онда неге соншама шу шығарып, әлексіздер?

- Біріншіден, референдумды билік өткізуге мүмкіндік бермейді деп қол қусырып отыру - кез келген оппозиция үшін ұят нәрсе! Екіншіден, мен үшін референдумды өткізу жөніндегі жұмыстың барлық түрі - саяси күрестің жаңаша бір кезеңі. Соның ішінде ең бастысы - ағартушылық жұмыс. Яғни, биліктің шынайы антихалықтық келбетін ашып, елдегі жағдайды өзгерту үшін не істеуіміз керек деген сауалдарға жауапты қоғамға жеткізу де - үлкен жұмыс.Үшіншіден, референдум төңірегіндегі жұмыс ауыл-аймақтағы жұмысымызды одан сайын жандандыруға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, референдум - аса маңызды шаруа. Бірақ ол оппозицияның ең басты мақсаты емес, жұмыстың бір формасы ғана.

Осы жерде мен бір маңызды нәрсе туралы айтқым келеді. Референдум секілді бүкілхалықтық шаруа бір жеке топтың ғана емес, барша оппозициялық күштердің, керек десеңіз, тіпті оппозицияға қатысы жоқ қауымның да бастамасы боп қабылдануы тиіс. Әйтпесе бізде «ана бастама пәленшенікі, мына бастама түгеншенікі» деген түсінік қалыптасып қалған. Содан барып жеке адамға не топқа деген оң не теріс көзқарас ортақ мақсатқа өз әсерін тигізеді!

Осы аурудан арылсақ, кез келген идея, оның ішінде референдум да, өміршеңдік танытып, мүмкіндігінше қоғамның барлық бөліктерін қамтиды. Бүкілхалықтық референдумға бүкілхалықтық қолдау керек!

 

Билікке де, оппозицияға да жаңару керек!

- Оппозициядағы жағдайға көшейік. Оның қазіргі жағдайына қандай баға берер едіңіз?

- Өзім ішінде жүргеннен кейін, менің бағам әділ болмауы да мүмкін (күледі). Оппозиция туралы пікірді қалың көпшіліктен сұрағанымыз жөн болар... Тек сырты бүтін, ал іші - биліктің түтіні сасыған сарапшылардан сұрамай-ақ қойыңыз...

- Онда сұрақты басқаша қояйын. Оппозиция әлсіз, билік мықты деген сөзге не айтасыз?

- Билік шын мәнінде халық қолдауына ие болса, неге сайлау комиссияларының құрамына барлық партиялардың өкілдерін енгізбейді? Неге оппозиция өкілдерін ұлттық телеарналардан көрсетуге рұқсат бермейді?

Оппозиция да - әртүрлі ұйымдар мен тұлғалардан тұратын жанды организм. Кемшіліктеріміз де жоқ емес. Бірақ бір нәрсе анық: нақ оппозиция өкілдерін жұртшылық күннен-күнге азып, әбден жеккөрінішті болған билікке бірден-бір балама ретінде қабылдайды. Бұл үлкен жетістік. Бұған біз әріптестеріміздің қайғылы қазалары, нақақтан нақақ сотталуы, түрмеде отыруы, басқа да қудалауға түсуі секілді қиын да қияметті жол арқылы келдік! Сонымен қатар заман өзгерген сайын, кез келген нәрсе, соның ішінде оппозиция да алға дамып, заман талаптарына сай болуы тиіс. Мәселен, ел ішінде «оппозиция бірге болса» деген талап-сұраныс бар. Өкінішке орай, оған толық сәйкес бола алмай келеміз. Ол кінә - өзімізден.

Оппозиция деген алаң да кеңейіп келеді. Идея, бағдарлама жағынан да, тұлғалар жағынан да. Билікке деген талаптары жағынан да. Осы жағын да ескеруіміз қажет. Егер біз билікке жаңару талабын қойсақ, өзімізге де неге қоя алмаймыз?

- Ол не жаңару сонда?

- Біріншіден, идеялық жаңару. Қазіргі күні «біз бүгінгі билікке қарсымыз» деген тұжырым тым жеткіліксіз. Алуан түрлі пікірлер бар оппозициялық алаңда, ол тіпті теріс әсер қалдыруы мүмкін. Сондықтан да қазіргі заман талаптарына сай әрі қалың елге ұғынықты да жақын идеялар жиынтығын ұсынуға тиіспіз. Оның ішінде заманауи басты бағыттар, қазірше айтсақ, трендтер де бар.

Мәселен, қуатты нарықтық экономика мен мықты әлеуметтік саясат арасындағы ежелден келе жатқан теке тіресте өз Отанымызға пайдалы ара-қатынасты анықтау. Ол қиын шаруа, бірақ ол тепе-теңдіксіз біз алысқа бармаймыз. Осы пікірталаста оппозицияның идеялық ұстанымы қандай болмақ? Қараңыз, Украинадағы сайлауда ұлтшылдар тұңғыш рет ресми партия ретінде парламентке еніп жатыр. Бізде болса, ұлтшылдық идея сол баяғы Кеңес Одағынан қалған бағаға ие боп жүр. Бұл бағытта да жаңаша, өркениетті мемлекет талаптарына сай және халықаралық аренадағы Қазақстанның беделіне нұқсан келтірмейтіндей ұстанымдарды анықтап алуымыз қажет. Бірақ ұлттық трендтің осы кеткені - кеткені!

Оппозицияның күрес тактикасы да әзірше әрқилы. «Назарбаев, кет!» деген де бар, «Реформаларды қазіргі президент жасап кетсін» деген де бар. Бірі көпшілікті шошытып жіберіп жатса, екіншісі тым жұмсақ боп көрінеді елге. Осы жерде де тепе-теңдік керек. Жыл басындағы митингілер елді бір серпіп тастады. Қазір ол жұмыс біршама бәсеңдеп қалды. Осындай жария акцияларға байланысты жаңаша, стандарттан тыс тактика керек-ақ.

Екіншіден, бізге кадрлық, ресурстық, ұйымдық жаңару қажет. Құдайға шүкір, қатарымызға жастар көптеп келіп жатыр. Жаңа лидерлер солардан шығады! Оппозицияның қаржысы бір адамға ғана байланысты боп қалуының да өз кемшін тұстары бар. Өз ішімізде жеке басқа табыну орын алып кетеді. Ол да дұрыс емес. Оппозицияның өз ішінде де ішкі демократия механизмдері болуы тиіс. Қазір жаңа байланыс технологияларын да терең меңгеріп, әсіресе ғаламтор мүмкіндіктерін мейлінше тиімді пайдалантын уақыт жетті. Ол өзі - өзінше жеке бір бағыт.

Жалпы сіздің бұл сауалыңыз жалғыз мен жауап беретін сауал емес. Оппозицияда жүрген барша жұрт кеңесіп, шешетін шаруа. Шынымды айтсам, осы мәселелер туралы өзім қатты ойланып жүрмін. Ол жайында келесі бір ретте сөйлесейік, егер сіздерге қызықты болса!

- Бізден бұрын біздің оқырмандарымызға қызықты болады деп ойлаймыз. Жөн, келесі сұхбатта кездескенше!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 475
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 248
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 276
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 266