Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2839 0 пікір 5 Қараша, 2012 сағат 03:12

Қажығұмар Шабданұлы. Сергелдең (жалғасы)

СЕРГЕЛДЕҢ

 

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Майдан орталығындағы кісеннен мен құтылып қайтып келгенде, қылмыстан ашығып су қоймасы жатыпты. Қалған-қатқан бірер шайнам бірдемең бар ма дегендей шиқ-шиқ етеді.

СЕРГЕЛДЕҢ

 

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Майдан орталығындағы кісеннен мен құтылып қайтып келгенде, қылмыстан ашығып су қоймасы жатыпты. Қалған-қатқан бірер шайнам бірдемең бар ма дегендей шиқ-шиқ етеді.

Қарауындағы шынсыңдардың[1] үйтілетін бастарын үйітіп, шағылатын қол-аяқтарын шағып болған Саучыңсаудың өзін қылмыс жұтып әкеткен соң, Қылқара жендеттің мойыны тіпті қылқиып, кеңірдегі ғана қалыпты. Саяси нұсқаушы болып жаңа келген мына жуан, май басты офицер қылмыс табуға әлі төселе қоймаған, олақтау мүрит сияқты. Қылқараның көрсеткенін тарпа бас салса да жәркемдей алмай, айырылып қалады екен(Фамилиясы Уаң болғандықтан оған лауазымын тіркеп, Уаң зыдауян атамаса, мұның да шытынай қалатын мансапқорлық мінезі жетерлік көрінеді). Әтіреттің қалған тірілерінен сөйтіп еш нәрсе таба алмай, қу сүйек кеміргендей күйге түсіпті де, күрестің оғын өлген қылмыскерлерге қаратыпты. Лиңбяуға үш мың жыл бұрын өткен Кұңзыны қосақтап сындап жатыр екен. (Тіршілігінің соңғы кезінде Лиңбяу Кұңзының «өзіңді тежеп, жөнге қайт» деген өсиетін өз кереуетінің тұсына жазып қоятын болған екен. Бұл өсиет, науқан күресінің отын өшіріп, «мәдениет төңкерісін» тоқтатып тастайтындай кері төңкеріс болып көрінгендіктен, Лиңбяуға Кұңзының өзін қосақтап соққылау науқаны басталыпты.) Көп халық үш мың жылдар бойына әлпештеп келген Кұңзыны «сындап шіріту» үшін жесір әйелден некесіз туылғандығын да әшкерелемесе, қылмысына ол «мойындар ма». «Арамнан болған Кұңлауар[2] жоғалсын!», «төңкерістен бет бұрған, опасыз сатқын таз Лиңбяу жоғалсын!» деп ұрандатып жатқанда келіппін.

Тарымға тасқын келетін шақ - бұл майданның өлім-өмір күресі басталатын шақ. Әсіресе су қоймасындағылардың күндіз-түні ұйқы көрмей арпалысатын шағы жетіп қалды. Мұндай қан мен тер төгілетін қарбалас кезеңде саяси күрестің алдымен борандататын әдеті бар ғой. Басы-көзіне қамшы ойнатып қорқытпаса, болдырған көлік пен қылмыстылар жүрген бе. Уаң зыдауян «Лиңбяу мен Кұңзыны сындау» науқанын дәл осы кезеңде жоғары сатыға көтерді. Марқұм Лиңбяу мен Кұңзыға марқұм Люшяушиді де қосып ұшықтауға кірісті. «Барлық реакциондарды сасытып-шірітіп, тыңайтқышқа айналдыралық!», «жекелікке қарсы тұрып, ревизионизмді сындалық!»[3] деген ұрандарды өзі бастап бұрқырата кірісті. Сөйтіп өлі-тірі «реакциондар», «оппортонистер», «ревизионизмші», «оңшыл», «ұлтшыл» аталғандарды додаға түгелімен қайта түсіретін рай көрсетті. Жаңа зыдауянның бұл ниетіне үлкен группа бастығы Қылқара тағы да үйлесе кетті. Люшяуши мен Лиңбяудың бастарын домалақ құлудан жасап, тораңғы томарына орнатып, киіндіріп қойып, шапалақтады бір күні. Өлгендерді осылай «тірілтіп алып» соққылауды Уаң зыдауян «төңкеріске қосқан үлкен үлес, майданымыз бойынша зор үлгі» деп мадақтады. Рахат тапқан сезіммен тершіген майлы басын сылап ойлана қалды сонсоң. Бұл жаңалыққа өз жанынан бір ұлы жаңалық қоспақ екен. «Әтіреттегі реакциондарды осы құлубас хуайдандардың[4] екі жағына тізіп, тұқырытып қойып сындаңдар! - деп бұйырды. - Сонда күресіміздің тәрбиелік мәні тіпті зораяды!»

Бірақ бұл білгірлігінен тез айныды өзі: Қылқара тізім бойынша шақырып, «реакциондарын» екі құлубастың қатарына тізе бастағанда нұсқаушының бітік көзі үлкейіп, алара қалды. Бадырайып шанағынан шығып кете жаздады соңында. Бәрін тізіп алдыға шығарса, бұларды күреске тартып «шірітетін» ешкім қалмай, құлубастардан өздері жеңіледі екен. «Қайтыңдар орындарыңа, қайтыңдар!» деп ақырып қалды. Өліктерден басқамыз түгел күліп, орындарымызға қайта отырдық. Саяси нұсқаушы Қылқара жендетімен сыбырласа кетті. Құлубастар қатарына ең қауіптісінен таңдап, екі оңшы ғана шығармақ болыпты.

Иың фамилиялы бір ханзу мен менің атымды атады сөйтіп. Екі құлубастың екі жағынан келіп екеуміз тұра қалып едік. Желкемізден басып тұқыртып қойды да «жекелікке қарсы тұрып, шужұңжуиді[5] сындалық!», «барлық реакциондарды сасытып-шірітіп, тыңайтқышқа айналдыралық!» деп бастап ұрандаттай келді.

Алдыға түгел тізіліп, бір қорқып қайтқан зәтте жанды «реакциондар» тіпті қатты ұрандады. Өздерінің әке-бабасын тілдеп ұрандатса да қылшылдап қосыла беретін дәрежеге қайта жетті.

«Мұнан соң тасқынға қарсы жұмыла кім босаңдық көрсетсе, осы төртеуінің қатарына тізілді!» деп бұйырды зыдауян.

Іңірдегі ұзақ күреске құлубас екі томар шыдаса да тірі жаны бар Иың екеуміз қиналдық. Сұрақты екі өлікке жаудырып, шапалақтап, бізді тұқыртып қана қойғанымен, үш-төрт сағат бүгіліп тұруға бел шыдамайды екен. Басын тізесіне дейін түсіріп тұра-тұра Иыңның мұрнынан қан сорғалады. Мен оншалық иілмей, қалыпты ғана еңкейіп тұрдым. Алғашында желкемнен түйгіштеп, балтырыма тебісерде Сау зыдауянның бір қыс мұзға жатқызып, «белімді қатырып тастағанын» себеп еткен қатал жауабымды естіген соң зорлап бүгілдіре алмады...

«Жалқау реакциондарын» осылай қорқытып, лыпылдатып алған Уаң зыдауян тасқын келе жатқанын естісімен түнделете көшіріп, көмейге апарды. Жыңғыл жұлып, тораңғы бұтап, шарбақ баспана жасап алысымызбен кешкі күресті қайта жалғастырды. Басқа әтіреттер көшіп келіп жатқанда біздің әтірет «зор секіріп ілгерілеудің» бастапқы кезіндегідей-ақ ұрандатып шулап жатты. Мұнымыз басқа әтіреттерге үлгі емес, ашты күлкі болды: Люшяуши мен Лиңбяуды енді ағаштан жасап шырылдатып шапалақтағандарды шарбақ сыртынан сығалап көріп, масқаралаған күлкі мен тіл көбейе берді. Уаң зыдауян қаншалық ақырып қуғанымен түн қараңғылығына сіңіп жасырына қалады да, қайта келіп тыңдайды. Тағы күлісіп, тағы да сықақтайды. Күрескерлердің құлубас томарларды не деп тергеп, не деп тілдеп жатқанын біріне-бірі түсіндіре қарқылдасады. Күндізгі ауыр жұмыстан соң ерте жатып тынығатын болған басқа әтіреттердің жас шынсыңдары дәретке шыққан болып келіп көретін ойыны, көңіл ашар күлкісі біз болдық.

Бірақ, бұл масқараға мойыса «төңкерісші» болар ма. «Реакциондар өздерінің өліміне ешқашан мойындамайды. Маламатаншылық тудырып жеңілу, тағы да маламатаншылық тудырып тағы жеңілу, сөйтіп ақырында мүлде жойылу - міне бұл, дүние жүзіндегі жиянгерлер мен реакциондардың логикасы» деген үзіндіні Маузыдұңның қызыл кнешкесінен оқи сала қайта жалғастырды күресін. «Жекелікке қарсы тұрып, шужұңжуиді сындалық!», «барлық реакциондарды сасытып-шірітіп, тыңайтқышқа айналдыралық!» деп күшейе ұрандатып жіберіп жалғастырады...

Дарияның биылғы тасқыны тіпті қатты болды. Майдан барлық күшін үшке бөліп, ең қатерлі деп табылған үш жалаңаш иінді жағаға орналастырды. Жақын маңдағы жыңғыл мен тораңғы түгел қырқылып, осы үш иінге тасылды. Жуан-жуан «қарабура» буып сымтемірмен шандып тоқып байласақ та буырқанған тасқын жұлып әкете берді. Күндіз дем алмай байлап сірестіріп бітірген кенереміз, таңертең келгенімізде дал-дұл, қатар тізілген қара бурамыздың бірі де жоқ, тіпті оған арқа тірек болған жарқабақты да омырып түсіріп, жалмап қойғанын көреміз. Бөгейтін жерімізді жеміріп, шегіндіре берді. Сөйтіп бөгеуді үш рет шегіндіріп жасағанымызда ойпаң жазыққа шыға қалдық. Қыратты жағада бөгей алмаған бетпақ тасқынды ойпаңда қалай тосарсың, құлауларды, шапалақтауды тоқтатып, ең соңғы бөгеуді күндіз-түні демалмай биіктетіп жасап бітіріп, умашымызды ішуге сәскеде қайтып едік. Күзетіп қалған группа он минутқа жетпей-ақ шу ете түсті.

- Әкетті!.. Әкетті!... Қашыңдар-қашыңдар!..

Сол айқаймен Уаң зыдауянның өзі алдымен айқайлап қашып келеді екен. Аузымызға енді тиген умашымызды төге-төге салып, төсек-орнымызды құшақтай қаштық. Қылқара ғана саспай, Люшяуши мен Лиңбяудың суреті айқын сызылған екі құлуын байластырып, иығына аса зытты. Оның саспаған себебі, төсек-орнын таңға жақын буып, асхананың арбасына басып қойған екен. Уаң зыдауян ерттеулі атына мініп, тізгіннің екі жағын екі қолымен мықтап ұстап қопақтап, алдыға түсе жөнелді. Соңынан көрпе-төсенішімізді көтере жорғалап біз келеміз.

Басқа әтіреттер біздің, актив әтіреттің бұл қылығына күлісе қарап қойып, тасқынмен күресіп жатыр. Олар жасаған бөгеу бұзыла қоймаған екен.

Сыртқа ағытылған тасқынның қуып жетуінен сақтану үшін қыратқа қарай қаштық. Жасанды көлімізге жетіп, соның биік қасына шыққан соң ғана әбден қалжырағанымызды сездік. Ал, құлуларға қарсы күресте бүгіліп тұрудан шойырылған Иың оңшы жолда қалыпты. Біз әтірет жатағының тұсына күн еңкейгенде жетіп едік. Қоралана салынған жатақ ауламызды жайылма су басып, асхана мен оған іргелес абақты мүлде құлап қалыпты. Оның іргесіне алдыңғы жылы көмген қойма қағаздарымның су астында қалғанына ғана алаңдадым. Бізден бұрын жеткен Уаң зыдауян ағаштан жасалған шошқа қораның үстіне шығып, мүлгіп отыр екен. Біз жақындағанда түрегеліп айқайлады.

- Жүктерің сол қас үстінде тұрсын, көлдегі қайықтарды көтеріп шығарып, бері жайылма суға түсіріңдер!...

Біз төрт қайықты қас үстіне шығарып, сыртындағы жайылма суға түсірдік те, жатақта қалған мүліктерімізді сол қайықтармен тасып, қасқа шығардық. Су кереует бойынан асса да үстіне үйген жүгімізді жарым жартылай ғана басыпты. Асхана қас үстіне көшіп шығып, мома таратып берді.

Әтірет қоймасы мен кеңсе мүлкі төрт күнде әрең тасылып болып еді. Тасылып болысымен тасқын бәсейіп, жайылма су да қайтты. Ендігі жұмысымыз, қыс түскенге дейін судан мұжылған үйлерді ремонттап, құлағандарын қайта жасау болды. Абақты іргесіне көмілген қоймамды түскі демалыс уақыттарында жасырына келіп қазып жүріп тауып, шығарып алдым. Сыртынан қабаттап оралған кленкадан су өте қоймағанымен қағаздарым дым тартып, сиясы жайылыпты. Әйтеуір әйнекпен сығалап отырып, екі-үш жылда қайтадан көшіріп алуға болатындай...

Тарым тасқынында бізді соғатын қос қабат күрес толқынынан осылай үшінші рет құтылғанымда, баяғыда Лобнордан қайтқан Ләтипа апайдан хат келгенін естідім. Үрімжіге барып қайтқан бір ұйғыр шынсың арқылы майдан штабының ар жағындағы әтіретке келіпті. Өзім су қоймасының режимінен қия баса алмайтындықтан көрші әтіреттегі Қапасқа сәлем айтып, сол әтіретке қарасты малшылардан алдырып оқыдым.

Ләтипаның өзі бірінші түрмедегі ерін тосып, Түркияға әлі де қайта алмай жүр екен. Лобнорда оранғұтан аталған Ағзам Қожа Іледегі үйіне әрең жетіп өліпті. Сәйда мен Гүлниса әлі де түрмеде. «Құйын соққан» еңбекпен тәрбиелеуге алынғандағы «қылмысын» мойындамағандықтан сол түрмеге апарылыпты. 62-ші жылғы оқиғада дәрежесі көтерілген Жаубасар, әлі де «Іле қазақ автономиялы облысының» төбесінде отыр екен. Ләтипа Мақпал мен Күләннің ешқандай дерек таба алмағандығын жаза келіп, «Биғабілді тағы да өлді деп естідік - деп қосыпты. - Бұл хабарға тағы да сеніп қалдық. Өйтетініміз Алматыға әйелінің паспортымен барып алған Әбілемит Назыр да радиода өкіріп жылап хабарлады» дей келіп, Ләтипа Жаубасардың саптастарынан «Айғайкөк» бас бірнешеудің 62-ші жылы халықпен бірге өтіп кеткенін, бұл радиода олардың да «жылап» сөйлегенін жазыпты. Мұндағы достардан менің анық хабарымды тездетіп жазып жіберуімді қатты өтініпті соңында. «Бұл өлімнің анық-қанықтығын, егер рас болса себебін білуге асығып, мені қузап жылап өтініп жатқандар бар!» депті.

Хат соңында Ләтипа өз адресін айқындап жазған екен. Хабарымды білуге оны қузап өтініп жатқандар Гүлниса мен Ақия болса керек деп жорыдым. «Менің мына өлім хабарымды естіген шешем мен Мақпал өлді-ау!» деп қалғанымда маңдайымнан тер бұрқ ете түсті.

Жәдігөй жауларымның мені мына жоқтаған болудағы мақсаттары бір жағынан жанашырларымды күйікпен күйретіп, екінші жағынан ондағы көп қазаққа жақсы атану ғой. Сөйтіп Совет үкіметіне сіңіп алып, өздерінің шпиондығына тиімді орын ала қойған да шығар. Көзім бақырайып тұрып бұған қалай шыдармын! Қатты қысылдым. Не болса болсын, енді көзді жұмып ап зытқым келді. Неге болса да тәуекел айтып, тағы да қашып шығудың қамына кірістім. Тірі адам үшін жансыз құлулармен бірге құрдан-құр жазалана бермеу де қажет қой. Бірақ, «кімнің етін ұрлап жегенін мысықтың өзі біледі» дегендей, Уаң зыдауян менен қауіптеніп, сыртымнан бақылауды күшейте түсті. Қасыма екі-үш жендетін қоспай қия бастырмады. Басқа әтіреттердегі қазақ, ұйғыр шынсыңдарды менімен көрістірмеуге бұйрық түсіріп қойыпты. Тіпті, өз тіл-жазуыммен қағаз жазуыма да қарсы болды.

- Туым айқын болсын десең, ханзуша жаз, бұл жерде сенің қазақша, ұйғыршаңды білетін ешкім жоқ! -дейтін болды.

- Олай болса мені ұйғыр-қазақ кадрлары бар әтіретке ауыстырыңыз! «Ханзуша жаза білмесең хат жазба» дейтін сөзді гомендаң да ашық айтқан емес! - деген заңды наразылығымнан жеңіліп, екі-үш күнді үндемей өткізеді де, төртінші күні тағы да бұйырады, тағы тойтарамын.

Көрші әтіреттегі таныстарға тосыннан кезігіп сәлемдесе қалғанымды естіген күні кеште құлубастардың орнына мені тергеп әурелей берді. Қатал аңдудағы бұл жайымды білген бауырластар Ли аспазды іздеген болып келіп, маған жеткізуге тиісті хабарларын өзара сөйлескен болып жеткізіп кетуге кірісіп еді. Аңдушыларым бұл сырды да сезіп қойғандай, олар келген жерден алыстатып әкететін болды мені. Жазда далада, қыста болса көл үстінде менің жұмыс істеп жатқан жерімді тауып, сол маңда өздері де жұмыс істеген бола жүріп, өзара саңырауша сөйлесетін достар көбейді. Сөйтіп басқа шынсыңдардың естіген-білгенін, бірер күн кейінірек болса да мен де естіп жүрдім.

Маңайдағы жас-кәрі шынсың бауырластарым осы аудандағы көдеден көп жесір шөкендермен танысып, бәсекелесе үйленуге кірісіпті. Үйлеріне қайтудан күдер үзген соң ендігі өмірлерін бекер өткізбеудің қамын істемесін бе. Нелер-нелер «тылла қыздар» маған келін, иә жеңге болып қалған екен. Серік болып Қазақстанға менімен бірге қашуды ойлайтын бауырларымның көбі үйленіп, тіпті бірсыпырасы балалы да болып қалыпты.

Ал, жалғыз кете беруімнен көп қатер байқалады. Қоғамда жанкеспе ұры-қарақшы тіпті көбейгені естіле берді. Су қоймасына алғаш келгенімде Жаңдали айтқан төте жол сонда да ойыма жиы оралатын болды. Бірақ, жол-жөнекей Үрімжіге соқпай, төте кетсем, Мақпалым мен Асқарым жазатайым Шыңжанда қалса, тіпті сорланамын ғой. Қазақстаннан қайта өтіп келе жатып ұсталсам, шпион деп жасырын өлтіре салмасына кім кепіл!.. Сөйтіп, қалай да бір сенімді жолдас тауып, алдымен Үрімжіге жетуге қамдандым.

Майданның оңтүстік шетіндегі иен «Аққұм», Шаярдағы шөкендердің бойдақ бозбала іздеп шығатын, «ұрықтандыру пункті» аталыпты. Сапарлас болу үшін менің ендігі іздейтін бауырларымның да көбі жексенбі күндерінде осы құмнан табылатындығы естілді. Соларды тауып сөйлесіп қайту үшін әрқандай сылтау айтып та рұқсат ала алмай жүр едім. Бақытқа жарай майдандағы жүзі таныс бір ұйғыр кадр су қоймасына әтірет бастығы болып тағайындалып келе қалды. Бұрын Лобнор еңбекпен тәрбиелеу майданында болған кадр алысқа ұзатылған қыздың төркініндей қамқор шыраймен амандасты. Содан бастап кешкі күрестерде құлубас томармен бірге жазаланбайтын болдым. Екі-үш күн өтісімен майдан магазиніне барып қайтуды сылтауратып, рұқсат алдым. Аққұм жолы да сол магазинді айланып өтетін.

Үлкен жолмен тұсау үзген атша жортып келе жатқанымда алдымнан қазақтың маған таныс аса зарлы жоқтау әні естілді. Көп қырғынға түсіп, көп қуғын көрген, ел-жұртынан, бала-шаға, туыс-туғандарынан көп айырылған өр Алтайдың қарапайым азаматтары оңашада бар дауысымен осылай зарлайтын. Осы әуенді Лобнордан келгеннен бері мен де қатты сағыныппын. Естісімен еңк-еңк ете түстім де, жеделдете бастым аяғымды. Жоқтаушым көріне қоймады. Әйтеуір алдымда, қарсы жылжып келе жатқаны белгілі. Көзімнен парлай жөнелген жасты сүрттім де, жолдың екі жағындағы қалың жыңғыл мен жас тораңғы арасына сығалап қарай бердім. Жылап қойғанымды біреу көріп тұр ма дегендей әдетке айналған сақтықпен, ойсыз сезіммен қараймын. Такламаканның зарыққан сарықотыр күні сол зарлы үн естілген жақтан көтеріліп келеді. Иен шытырманнан жаны бар ештеңе көріне қоймады. Жоқтау әуені жақындай бере бұраң жолдың бір иінінен екі доңғалақты сыңар өгіз жегілген арба шыға келді. Ескі қалпағын көзіне ғана киген сирек сақалды сары қазақ, малдасын өгіз құйрығына таяй құрыпты. Мені көре сала жоқтауын тоқтата қойды, үңіле қарады маған. Мен де үнсіз үңіле жетіп, өгізінің мүйізінен ұстай алдым. Бұл батылдығым, қазақ шалға еркелеудің тентектігі еді. Көрмей тұрып-ақ қазақ екендігін мен танығаныммен, ол менен тіл біледі деп те үміттенбейтіндей. Неге тостың, кімсің деп те сұрай алмады. Арбасқандай едірейісіп, үнсіз қарасып қалдық. Сары қалпақ, сары бешпет-сым мен жеңіл әскери сары шақай киіп шыққанмын. Суық сұсты қытай әскері болып көрініппін. Бұл сұр жылан қалай айдар екен дегендей үдірейіп, нұсқау күте қалды. Қазақ тілімен тосыннан жеделдете сөйлеп кеттім.

- Мына тоғайдың арғы шеті өзенге тіреледі. Бұл жақта мал қотаны жоқ. Шіркей мен масаға бөгіп тұр. Кіре қалсаңыз масалардың апасы тірідей жұтып қоюы да мүмкін! -дегенімде шал күліп жіберді. -Ұқтыңыз ба тілімді, мүкісі бар ма, қазақша сөйлей алам ба екен?... Жауап қайтарыңызшы!

- Ұқпайтын не бар, таза қазақ тілінде сөйлеп тұрсыз ғой?

- Өз тілімде сөйлемегеніме көп заман өткендіктен ұмытып қалдым ба екен деймін!

- Сіз кім едіңіз?

- Осы майданда Биғабіл атты қанқұйлы барын естіп пе едіңіз?

- Е...е.. дүние-ай, қарағым-ай! Азаматым-ай! -деп арбадан күңірене домалап түсті шал. Құшақтай алып, өксіп-өксіп қалды. -Құдай есіркеп, көп боздақты аман-есен құтқарғансың ғой әйтеуір!... Сенімен мынадай иенде көрісермін деп ойлаппын ба? Әлі де байлауда, барған адамға көрістірмейді деп естіп едік!...

Қолымнан тартып жолдың шетіне шығарып отырды да, ескі қара бешпетінің жанқалтасынан махорка орап ұсынды. Бұл шал да Көктоғай-Шіңгілдегі 58-ші жылғы көтерілісте қайта қолға алынған оспаншы екен. Қазір лаугайдан бізше шынсың болып шығып, бір әтіреттің асханасына отыншы болып орналасыпты. Сөзінен өздерімен көп жорықта бірге болған Еңсеген батырдың аты шыға қалды да, оның қазіргі мал бағып жатқан жерін сұрап алып аттандырдым.

Қартқа сәлем берудің сәті келгені соншалық, Аққұмның дәл желкесіндегі құм төбенің күншығыс жақ бауырында, жерліктердің бұрын қыстаулық еткен көне қотанында екен. Салып ұрып түске жақын жетіп бардым. Ендігі жалғыз тамнан жылмаң қаққан қара жігіт шыға келді. Жеңіл ғана салттық сәлемнен соң сұрағаныма «қарттың қой бағып кеткенін, қазір ғана қайтып келетіндігін» айтып, жөнімді де сұрамай, үй алдындағы ошаққа от жағуға кірісті. Тегі, ешкі іздеп қаңғыған көп текенің бірі деп ұйғарды білем. Баяғыдағы Арысбек мұғалімнің «лағы», енді мүйізі қарағайдай ақбас бөрте теке болып көрінбесін бе, сол есіме түсіп жымия күлдім де, құм төбеге шықтым. Арғы жағы ұсақ-ұсақ төмпешікті шағын ғана құм екен. Күнбатыс жақ шетіне таман қарайған тағы бір там үй көрінді. Қос-қостан отырған-тұрған «ғашық-машықтар» сол жақта жүр. «Ұрықтандыру пункті» сол там болса керек. Шаяр жақтан келе жатқан қызыл-жасыл жаулық, қызыл-жасыл көйлекті төрт әйелдің солай беттеп бара жатқаны көрінді.

Көк есектен салбыраған аяғы жер сызып келе жатқан, басы кішігірім қазандай қара шал күншығыс жағымнан жақындап қалған екен. Төбеден түсіп, алдынан шықтым. Сәлемімді дауыстап, ықыласпен қабылдаса да есегінің басын тартпай өте беріп сұрады.

- Сен қай жігітсің, шырағым?

- Атым Биғабіл.

- Е...е...е, - дей сала, үйге жақындағанда екпіндей түскен жорғасының тізгінін кілт тартып, шыр көбелек айландырды да түсе қалды. - Е...е.. ыңыранатындай атың бар екен, жігітім!.. Аманбысың? - Екі қолын соза жетіп, кең алақандарымен қос қолымды қоса уыстай амандасты. Қалың біткен қайратты ақ сақал-мұрты мен қою ақбурыл қасы, тік қабақ, бүйрек беті, қоңырқай дөңгелек жүзі мен отты көзі, шекелі кең маңдайы мен келтелеу біткен жуан мұрны, мығым да кесек шаршы денесі... әрқандай жауынгердің, ауыл қартың қайсы дегенде, міне деп мақтаныш ететіндей-ақ келіскен шал екен. Жетпіске келсе де тіп-тік, қайраты әлі қайта қоймағаны бар тұлғасынан көрініп тұр. Баяғыда Есімхан үкірдайдың төрінен мылтық атқан Көктоғай әкімін қарсы алдынан атылып барып бас салған жас жолбарысым осы ғой!... Сол оқ, мақталы сырпабешпетінің иінін дәл қылып, екінші оқ жүрегіне кезелгеніне қарамай жетіп, сарала кеудеге міне түспеп пе еді!..

Амандасқаннан-ақ шешіліп, арғы-бергінің аталы сөзімен баурай жөнелуінен аса шешен, талай тарихты айқындап түсіндіре алатын сергек зерденің кісісі екендігін де байқатты. Үйге бастап, бөстегінің үстіне көрпесін жайып отырғызғанша менің білгім келетін талай оқиғадан мысал айтып та үлгерді. Амал не, байыздап отыра алатын емеспін. Әтірет бастығынан алғаш рет алған күнімнің жартысы ғана қалыпты. Ісімді бітіріп, уақытында қайтуым қажет қой. Сөйтсе де, бір қалжыңмен күлдіре кеткім келді.

- Сізді үкімет осы нәсілдендіру пунктіне тауып-ақ орналастырған екен, өзіңіздей түкті жүректер көбейе берсін дағы!

Қарт қарқылдап күліп алып, бәсең үнмен күрсіне қайырды жауабын.

- Ердің емес, ездің, ұлдың емес, құлдың көбеюін тілейтін үкімет қой. Қартайып біткен әтек құл[6] санап, қорлай түсу үшін қосып отырғаны шығар. Қайта өзің сәтімен таптың-ау бұл пунктті! - Соңғы сөзінде Еңсеген мұртының астынан ғана жымия қарап қойды маған. Әлі де жас көңілді, аса жігерлі қарттың ішкі күлкісі қарынның солқылдауынан сезіліп, нәсілдендіру пунктіне өзімді сайлағаны мені күлдірді.

Мұнда не іздеп келгендігімді шайдан соң сөйледім. Асығып жүрген жайымды айта түрегелгеніме наразы болып, «қонып әңгімелесіп, бір мал жеп кетуімді қатты өтінді қарт. Бұл асығыс жағдайыма өз наразылығымды да білдіріп, кеткенімше әңгімелесіп тұратындығыма уағда айтып жөнеле бергенімде қайта тоқтатты.

- Осы уәдеңнің рас болуы үшін өз қолымнан ақ ішіп шықты! - деді де бір аяқ айран құйып әкеліп, қос қолдап ұсынды. Ыңқылдап тұрып жұтып алдым да, қол жайдым.

- Жас жеңгелерім «атан туса күшті тусын, інген туса сүтті тусын», Аллаһу акбар! - дегенімде кішкене ғана бір ауызды үйін жуан басына көтере күлді қарт. Қайған інгенін бураға қосарда иесінің тілейтін тілегін батаға айналдырып, өзін жараған бураға теңегеніме күлді.

Құм кешпеу үшін шал көрсеткен соқпақпен жеттім. Табысқан «ашыналардың» мені көріп, жатқан жерлерінен бас көтеріп отыра қалғандарына да, түрегеп жүріп, бір далдаға жата қалғандарына да жанай барып қарап өттім. Жігіттер жымиып қана сәлемдеседі де, шөкендер жаратпайды.

- Ұялмай қарайды ғой өзі! - деп шытынаған «келіндерге»:

- Сіз ұялмаған жерде мен ұялайын десем де ұяла алмайды екенмін! - деп қарсы дау айта өтемін. -  Жата бер, келін, жата бер, залалым жоқ!

Ал мен жақындағанда жаулықтарын беттеріне жаба қоятындарына шынымды айтып, кешірім сұрай өттім.

- Кешіріңіздер, мен өз «ашынамды» іздеп жүрмін!...

Базары болмай қалған ба, иә кеш қалғандығынан ба екі-үш шөкен дөңесте шошайған жалғыз тамның арт жақ көлеңкесінде отыр екен. Өздеріне қарай беттегенімде күлісіп, қылымсып, қылықтана қарасты. Маңайынан іздегенім көрінбеген соң амандаспай да кідірмей өте шығып едім.

- Ижықыз[7] ұқшайды! - деп қалды бірі. Маған әдейі естірте айтты. Жігіттерді қайрап-қызындырып тарту үшін осы тілмен «сындайтындықтарын» білетінмін. Жауапсыз өтіп барып, үйдің есігінен қарадым. Еденге қалың төселген сабан бар екен. Адам көп жатқан төрт бұрышы тіпті тапталып қалыпты. Осы иенде түнеп қалатындары да баршылық көрінеді.

Үйдің батыс-түстік жағынан көрінген «ғашықтарыға» беттей бергенімде, әлгі келіншектер сақылдасып күлді: «Кәріге келмейтін бірдеме ұқшайды!», «Жүзінде түк те жоқ, ер киімін киген әйел ұқшайды!» деседі. Қайта қайырылып барып қарай қалып едім, беттерін басып ұялғанси қалды. Күліп жібердім:

- Өздеріңіз ешкімді қызықтыра алмайтын, әйел киімін киген ижықыз ұқшайсыздар ғой!..

- Қане, жігіт болсаң үйге кір, қызықтыра алмас па екенмін! - деген біреуінің арсыз өжеттігіне қарқылдап күле жөнелдім. - Айттым ғой рас ижықыз! - деп тағы да сақылдап қала берді.

Іздеген жігіттерімнің екеуін екі шұқырдан тауып, жеке-жеке шақырып алып сөйлестім. Екеуі де бұл майданнан қашу идеясынан безініп, қорқып қалған көрінеді. «Қазірше шыдап күте тұралық, Биға, естуімізше осы майданнан тыныш жер жоқ екен!» деп өзімді үгіттеді екеуі де. Өз жағдайым мен ендігі мақсатымды мәлімдеп қана қойдым. «Өздеріңмен сырлас, аузы берік жігіттер ғой,  оларға осы жайымды жекелеп-жекелеп қана айтыңдар! Егер менімен бірге кеткісі келетіні болса, ендігі жексенбіге дейін күтемін. Маған Қапас арқылы хабарлассын!» - деген сәлемімді айтып қоштасып қайттым.

Құмнан шығып, жолға енді түскенімде қарсы алдымнан-майдан штабы жақтан келе жатқан екі атты көрініп еді. Жақын келгенде ғана танылды: малшылар әтіретінің маған таныс қазақ, моңғол екі кадры екен. Аты жаман құмнан шыққанымнан ұялып, бұлтарып кетуіме болмай қалды.

- Өй, мынау Биғабіл ғой! - деп күлісті бір-біріне. Амандасып бір жақтарынан өте шықпақ болғанымда, жерлес моңғолым алдыма көлденеңдей берді.

- Қайдан келесіз, Биға?

- Аққұмнан! - деп жымидым.

- Аққұмнан?.. Сонау су қоймасынан осында сіз де келіп жүрсіз бе? Ха-ха-ха-һа..а...

Екеуі қатар қарқылдағанда қызарып сала беріп едім, кекселеу шикіл сары қазақ ұялғанымды біліп, жай сөзге бұра қойды.

- Жә, үйіңізден хат-пат келіп тұр ма?

- Жоқ! Үрімжіден Лобнордағы еңбекпен тәрбиелену майданына алғаш келгеніме, міне, жиырма жыл өтті. Содан бері екі жүз шақты хат жазып, бір рет те хат ала алмадым. Бір хабарларын алайын деп ана жылы қашып барып, Үрімжі тауындағы қайынбикемнің үйіне жетіп қалғанымда ұсталып, қамалып қайттым. Дерек таба алмай, сандалып жүргенім осы!..

- Сонда жеңгеміз осы Аққұмнан табылар деп келгеніңіз бе?

- Жоқ, ол жақтан хат-хабар алып тұратын жерлес жігіттерім жексенбі күндері киікше осы құмға кіріп алатындығын естіп келгенім.

- Биға, сіз жай адам емессіз ғой, бұл жаққа әуестенбеңіз! -деп моңғол жігіт ат үстінен еңкейіп, ақырын ғана кеңес бермек болды. -Бұл жерге дені сау әйел келмейтіндігін білесіз бе?

- Білемін! - деп күліп жібердім. - Айттым ғой, мен мұндағы әйелдер үшін емес, үйімнен хат-хабар алдырып бере алатын, өздеріне хат келіп тұратын бауырларымды іздеп келдім. Тағатым әбден таусылып болды, Шөке, қайтерімді білмей жүрмін!

- Ей, Дәуке, - деп моңғол дүйжаң жолдасына қарады. - Осы кісінің кім екендігін сіздер білесіз ғой. Бар көргілікті арқа тірексіздігінен ғана көріп жүр. Болмаса ешкімнің қазанындағысын тартып жейтін мінезі жоқ кісі! Осыған тым болмағанда барып қайтуына орай тауып беруге бір кірісіп көрелікші!

- Сіз кіріссеңіз, мен қолымнан келгенін аямайын! - деді шикіл сары.

- Олай болса, су қоймасына дүйжаң болып барған ясыннан басталық! - деп моңғол «Шөкең», қазақ «Дәукеңе» қарап ымдап қойып, маған қаратты сөзін. - Сіз енді бұл жақтан көріне қоймаңыз, ха-ха-ха-һа-һа...а.., жазушы педагогіміз теке киік болып кетуден Құдай сақтасын!

Олар аттарын тебініп жүріп бара жатқандарында сөйлеп қалдым.

- Егер осы сөздеріңізде тұрсаңыздар, екеуіңізге өзімді өмірлік қарыздармын деп есептермін!

- Біздің құқығымыз өте төмен ғой, Биға, сөйтсе де кепілдік айтып сөйлесіп көрелік!

Мал шаруашылығы әтіретіндегі бұл екеуі су қоймасына тым сыйлы қонақ болып жүретін. Қазір майдан кадрлары Маузыдұңға қарап намаз оқи тұрып-ақ қойға табынатын болған. Оның еті, терісі, жүні, төлінің елтірісі, қазір түгел құқықты екендігі белгілі еді. Сол жөнінен үміттеніп қуана қайттым.

Осы екеуі соның ертеңіне-ақ әтірет бастығымыздың бөліміне келіп, екі-үш сағат әңгімелесіп, арақ пен балық қуырдағына бөгіп шығып еді. Ұйғыр бастық мені іңірде шақырып, ахуалымды сұрады да «майдан штабының тәлім-тәрбие бөліміне арыз жазып, маған тапсыр!» деп шығарды. Мұндай бұйрықты, әрине жерге қоярмын ба, таңертеңіне ерте тұрып, кетпеннен бұрын қағаз ұстадым. Арызымды жазып тапсырып беріп, бір-ақ шықтым жұмысқа. Мал күшейді ме, майдан басшылығы күшейді ме, айқын сынайтын кезең енді көрінбеді ме?

Үрімжіге демалысқа барып қайтуым жөнінен жауып шыға қоймағанымен, әтірет бастығым содан бастап өзімді шығара берді сыртқа. Рұқсат сұрап алып, Шаяр базарына да барып қайттым. Жемісті мәлі[8], етті-сүтті тоғайларға да қонып қайтып жүрдім. Бастығым тек басқа шынсыңдарға жаман үлгі болып қалмауымды, сырт кадрларға көрінбеуімді ғана тапсырды. Басқа әтірет жатақтарындағы достар мен бауырларға сәті келгенде жасырын кездесіп, қысқа ғана әңгімелесемін. Ал, Аққұмдағы «жараған бураны» түн бойы бұрқыратып-буырқандырып сөйлетіп, мейлінше тыңдадым. Алтай әңгімесіне жомарт шежіре, дарқан шешен, сыршыл-думаншыл, сөйлесуге табыла бермейтін, аса көңілді қарт екен. Өзі мені «қалжыңның базары, халқыңның назары - санасы екенсің!» деп алқады. Ұзақ қамалған құстай, еркін жүйіткіп, аспандап-шырқап, ішқұста құсадан бір арылғандай, қайғы мен қасіретті ұмыта әңгімелесеміз.

Майданның сырт жағындағы «Сырдақ» дейтін коммунаның бір үлкен әтіретінде есепші болып істейтін ұйғыр кадрдың екі бала тапқан әйелі бұзылыпты. Бұзып алмақ болып жүрген Жақия атты «диуана» шынсың су қоймасына көршілес әтіретте, маған бұрын жерлес, бауыр хияпатында болатын. Соны сол бұзғыншылықтан тоқтатуды маңайындағы достар менен көп өтінді: «тәп-тәуір семьяны бұзып, балаларын жетім қалдырып шулатпасын, арақкешіңізді біз айтып көндіре алмадық. Ол әйелді баға алмайды. Бұрынғы күніне зар етіп, обалына қалмай тоқтап қалсын!» деседі. Әйел мүлде бұзылып, Сырдақтың басқа әтіретіндегі төркініне барып алыпты. Жақия менің айтқаныма да құлақ аспады. Тірі жетім балалардың көз жасын айтсам да, алдына айдай сұлу шөкен тартсам да мына жуганнан[9] айырылар емес.

Бір жексенбі күні бұл «диуанадан» алдымен сол әйелдің өзін айнытып, үйіне қайтару үшін сапар шектім. Бізге Шаярмен бірдей, жиырма бес шақырымдық алыс жол екен. Ерте шығып, түс уақытында әтірет шетіне әрең іліндім.

Күн, демалыстың күні болса да коммуна мүшелері түс уақытында да дем алмай атыздан мақта теріп жүр. Қайнап тұрған сарықотыр күн қуырып, бәрін де күйік шеке шыжыққа айналдырыпты. Кәрі демей, жас демей, әйел демей, ер демей - бәрінің де күндік жұмыс нормасы бірдей, жиырма киллограмм мақта теру болып белгіленіпті де, мұны ешқайсысы орындай алмай, қарыздар болып қалған екен. Түндерде теріп, қайтсе де орындауға бұйрық түсті деседі.

- Бұл норманы белгілеген кім? -деп сұрадым бір жігіттен.

- Бар пәлені тауып жүрген өзіміз! - Ауыр күрсінді жігіт. - Әтіретімізде бір актив кемпір бар. Екі ұлы су жұмысында, бір ұлы арбакеш. Түнде солар жәрдемдесіп теріп, шешелерінің нормысын толтырып қояды. Ал, оны айтсақ, бастықтардың ешқайсысы сенбей, бізге ақырады. «Кәрі кемпір орындаған міндетті сендер орындай алмайсыңдар ма?» деп азық нормамызды тартты! Қазір осы жүрген бәріміз ашпыз. Бидай ұнын ғой ұмытқанымызға көп болған. Қазір сары умашқа да тоймаймыз!...

Мен де күрсініп жіберіп жүріп кеттім.

Жақияның күйеу болмақ үйі шеткері, қошна дегеннен аулақ, моладай екі ауыз үй екен. Кіріп бардым. Ешкім көрінбеді. Қазынақ деп аталатын қараңғы клетіне кірсем, қатты ұйықтап жатқан біреудің қорылы естілді. Қасына жетіп бардым. Танауынан соққан боран қара мұртын ұйытқып жатқан Жақияның өзі. Екі бұт екі жақта, табанынан теуіп әрең ояттым.

- Үй, үй, сіз қайдан келіп қалғансыз? - деп қанталаған көзін уқалап-уқалап жіберіп, бажырая қарады. - Отырыңыз, отырыңыз, міне, мына жерге!

- Жә өзің қаннан қаперсіз неғып жатырсың, әтіретің іздемей ме сені?

- Енді үш тәулік жатсам да іздемейді, дүйжаңның рұқсатымен қашқын іздеп шықтым! -деп күліп жіберді өзі.

- Қашқының кім?

- Менімен жатақтас екі ұйғыр! -деп тағы күлді де әңгімесін бастады.

Кешегі ымыртта су құрылыс әтіретінің қашқарлық екі ұйғыр шынсыңы дәретхана жақта оңаша сыбырласып тұр екен. Жақияның жақындап келіп тыңдағанын сезбей қалыпты. «Қазір кетелік, сенбі кешінде кадрлар жоқтамайды!», «Асықпа, әтірет ұйықтаған соң масалықтарымызды[10] түсіріп, қымтап кетсек, қашқанымызды таң атқанша ешкім сезбейді!» дегендері анық естіліпті. Соны ести сала жатағына барып, Жақия да қамданыпты. Пышағын шымылдық ішінде қайрап қылшылдатып алыпты да, астындағы үлкен мөшегін суырып алып, басына жастаныпты. Одан басқа пәлендей төсеніші де жоқ еді өзінде. Арақ пен ұн сатып алу үшін ақшаға өтетін бірдемелерін түгел сатып болған. Маса жеп қоятын болғандықтан құр қуыс үйшіктей шымылдық дәкісін ғана сатпай, еріксіз сақтап отырғанын естігенмін. Жақия «диуана» ұйықтаған болып қорылдай қалыпты сөйтіп. Іле-шала екі ұйғыр да келіп, нәрселерін жиыстыра сала жатыпты. Жатқан болып шымылдықтарын түсіріп қымтағанымен қыбырлай беріпті. Шам сөніп, әтірет түгел ұйқыға бас қойысымен, бірінен соң бірі шыға жөнеліпті. Арттарынан іле-шала кенеп мөшегін қолтығына қысып Жақия шығыпты да, тозған жыңғыл қоршаудың бір кетігінен аттап өтіпті (кадрларға қаншалық жағынғанымен үйлеріне қайта алмай жүрген күзет активтері бойкүйез тартып, басқалардан қалыспай ұйықтайтын болған). Қоршау кетігінен аттап өтіп, кадрлардың меншікті қой қорасына ешкімге көрінбей жеткен Жақияның батырлығы да жетіле қалыпты. Әтірет асханасының тамағымен қысы-жазы жемделген семіз қойлар ондағы шынсыңдардың қол жетпес армандары болатын. Қораның мықтап құлыпталған есігінің топсасы бос екен, Жақаң түре қайырып кіріп, өзі көріп жүрген нән қызыл қасқа қойды көтере жөнеліпті.

Қораның сырт жағындағы сазды қарасу жағасына алып соғып бауыздапты да, шабынан есіп жіберіп, ішек-қарынын батпаққа көме салыпты. Жеңілдеп іші босап қалған қойды мөшекке салып, көтере жөнеліпті сонсоң.

Қайын жұрттың осы үйіне таң қараңғысында жеткен Жақия, несие қатынды оятып, от жаққызыпты да, қойдың бір қайын аған бауырын «ойнап-күліп отырып» жеп алып, қайта жөнеліпті. Әтіретіне күн шыға жетіп, масалығына кіре «қорылдапты».

Тұру қоңырауы соғылып, группа бстығы айқайлағанда Жақаң шынымен-ақ ұйықтап кеткен екен. Сирағынан сүйреп оятқан группа бастығы, қашқан екі ұйғырдың шымылдығын да ашып-ашып жіберіп, әтірет кеңсесіне айқайлай жетіпті. Іле-шала ойбайлай қойшы да жеткен екен. Әтірет бастығы ысқырып, әтіретті жиып түгендеп жіберсе, екі шынсың мен өзінің қызылқасқа қойынан басқа дүние ап-аман. Ең семіз қойды көріп жүрген сол екеуі жолазыққа әкеткен болып жорылыпты.

Ол екеуі қай жаққа беттеп қашуы мүмкін екендігін сұрастырғанда, олардың жөнін білетін тағы да Жақия болып сыбанып шыға келмесін бе. Түндегі ұйқы мен елу километрлік ауыр жүрістің есесін енді жоқ іздеген болып демалып қайтармаса, күндізгі ауыр жұмысқа шыдай ма, суырылып шығып, сөйлей жөнеліпті:

- Сол екеуінің де алмақшы болып жүрген шөкендері Құмарлық әтіретінде. Оларға соқпай кетпейді. Қойды бүгін сонда сояды. Егер ол әтіреттен өтіп кетсе, Пәйзауыт гұңшесіндегі достарының үйіне барады. Ол екеуі баратын үйлердің бәрін көргенмін. Сол жақтан мен іздейін, дүйжаң! Табылысымен сол жердің басшылығына мәлімдеп ұстатамын! -депті.

Жиы қаңғып жүрсе де қашпайтын «жуас» Жақияның бұл талабы алдымен қуатталыпты да, әтірет бастығы басқа жақтарға сенімді активтерін жіберіпті. Жақияны жеке шығарып алып тәрбиелепті сонсоң. «Егер осы екі қашқынды тапсаң, соны нәтиже етіп жазып, үйіңе қайтуыңа рұқсат әперемін!» деген екен. Жақия қайдан болса да табу үшін үш күнге рұқсат алып шығыпты да кілт бұрылып күншығысқа - қайын жұртқа қарай қайта зытыпты.

Түгел шығып мақта теріп жүрген үй иелерінен кілтті алып, қараңғы қазынаққа кіре жығылғаны осы екен.

Азғырынды қатынның атызда екендігін естіген соң, Жақияға басқа бір жұмыспен жүргенімді айтып шыға беріп едім, іздегенім алдымнан шыға келді. Үйлеріне басқа біреудің кіргенін көріп, атыздан шешесі қайтарыпты. Алдынан тосып, ағаш көлеңкесіне тарта жөнелдім. Алым-берім ғана ажары бар, семіз сары әйел екен. Алдымен Жақияның жерлес ағасы екендігімді айтып, өзімді таныстырып алып бастадым сөзді.

- Сіздің есіміңіз Әмірахан ба? Өріктей-өріктей әдемі екі балаңыз бар екен, рас па?

- Рас! - деп әйел қуыстана қарады маған.

- Еріңіз қызмет орны, үй жайы бар, үлкен әтіреттің есепшісі, арақкеш маскүнемдеу кісі екен, солай ма?

- Солай, арақкеш қана емес, нашакеш, карден шыққан адам!

- Сол үшін алтындай сәбилеріңізді де тастап, біздің Жақияға тимексіз бе?

- Солай, балаларымның бірін берсе аламын, бермесе қалады!

- Сол балаларыңыздың үлкені кішісінің басына ыстық умаш төгіп алыпты, естідіңіз бе? Иен қалған үйде шырылдаған дауыстарын естіген қошналарыңыз жиылып доқтырға әкетіпті.

- Рас па?.. Ой балам, ой жаным балам! - деп бажылдай түрегелді Әмірахан.

- Сабыр етіңіз, қазірше аман! - деп басып отырғыза жалғастырдым сөзімді. - Қазірше аман! Басына умаш әлі төгіле қойған жоқ! Бірақ, анадан жастай жетім қалған баланың одан да зор қатерге тап бола беретіні рас! Отқа күйеді, суға батады... күтетін шешесі болмағандықтан ең болмағанда таз болып қалады!

- Аузыңыз неткен жаман адамсыз!

- Менің аузым емес, сіздің ісіңіз жаман екендігін айтпақпын, сауап үшін әдейі іздеп айтқалы келдім, жақсылап тыңдаңыз!

- Мен ол маскүнемді тіліме көндіре алмағандықтан, және мені бар адамнан қызғанып, күндеп, соғыс шығара бергендіктен ажыраспақпын!

- Маскүнемдіктен оның өзінің қорқатын адамдары арқылы шектеуге болады. Балалары бар ер ғой, зиянын көре-көре сол балалары үшін мүлде тиылатын да болады. Ал, қызғану, күндеу дейтін мәселесі сізге деген махаббатынан пайда болған. Мәжнүн өзінің Ләйлісіне жазған хатында «сенің асыл көкірегіңе шыбын қонса қызғанамын» деп жазғанын білесіз бе?... Тек, махаббатсыз, қасиетсіз, ұждансыз еркек қана қызғанбаса керек! - Бұл сөзіме жымия қарады әйел. - Енді Жақияны анықтап таныстырайын. Ол сізге әрқашан мақтанып, ханзада болып көрініп жүрген шығар. Оны біз «Жақия диуана» деп атаймыз. Осы үйіңізге бүгін түнде ұрлап әкелген қойын қоңыр мөшекке салып әкелген шығар, солай ма?... Жатағындағы оның барлық төсеніш көрпесі сол ғана. Сенбесеңіз жатағына барып көріңіз!... Пұлға жарайтын барлық киім-кешегін де түгел сатып, арақ ішіп болған. Әтіреттен алатын еңбек ақысы 18-20 юан. Онысы иә арағына, иә тамағына жетпейді. Қарызы көп болғандықтан жолдастары оған қарыз бермейтін болған. Сары момыны да әркімнен сұрап жеп, кім темекі тартса, арақ ішсе соның аузына қарап телміреді.

Олардан жарымаған соң қаңғи жөнеледі. Сондықтан жолдастары оны «диуана» атап кеткен. Еңбекке қатынаспаған күндері үшін сол мардымсыз айлық ақшаса да тартылып қалады. Ал, сіз оған тисеңіз қалай күн көрмексіз? Сол диуана маскүнеммен бірге диуана болып қаңғып кетуге разымысыз? Балаларыңызды мына үй-жайы бар маскүнеміңізге қалдырып шықсаңыз жетім, өзіңіз алып шықсаңыз қалендер болмақ!... Ұрының орны қашан да түрме. Осыдан бақыт іздеп тимексіз бе?

- Менімен қосылған соң арақтан да, қыдырудан да тыйылады, екеуміз бірге істеп күн көріп кетеміз! - дегенінде Әміраханның жүзі үлпершектей тырсиып, тарғылдана қалды.

- Бұрынғы еріңіз сізге қосылған соң тыйылып па еді, бұзылып па еді?

- Уай, Құдайым, не дейді мына адам! - деп әйел қиналыстан жан-жағына қарай берді.

- Бұрынғы еріңіз де сізге алғаш сөйлескен шақта «жаным-күнім, сенің жолыңда өлемін, не десең де көнемін» деп ант еткен шығар? Ал, некелескен алғашқы екі-үш айдан соң-ақ мойныңа мініп ап, арақ пен нашаның соңына қайта түскен болса керек! Жақия одан да өтіп кеткен опасыз маскүнем! Бұрынғы еріңе қыздай тиіп, екі бала туып беріпсің...

- Жоқ, ей, оған да бір ерден шығып тигенмін...

- Олай болса, Жақияға екі ерден шығып тимексің ғой? Алғашқы еріңе қыздай тиіп, екінші еріңе шөкен болып тиіп, екі бала туып беріпсің. Ал, үшінші Жақияға жұган боп, жұп-жуан кемпір болып тисең Жақия диуана сені қадір тұтып, айтқаныңа жүріп, айдауыңа көніп, бірге істеп жүрмек пе!

- Әзәзілдей адам екенсіз, бізді бұзып, айыру үшін келіпсіз де!

- Жақиядан айырылғыңыз келмесе, біз зорламаймыз. Сізге мені оның бар ахуалын білетін ел-ағайындары жіберіп отыр. «Жылы орнын суытып, балаларын жетім қалдырып зарлатып, осы ұры қайыршыға тиетін жынды қатын» дейді сізді. «Алданбасын, Жақияның жайын түсіндір!» деп мені жіберді. Жылап қалған сәбилеріңе жаны ашып, адасқан басыңа ақыл беру үшін келген адамды әзәзіл десеңіз, өз обалыңыз өзіңізге, мен қайта беремін. Бірақ, сол жерге барып, зарлап жылағаныңызда бетіңізге түкіремін, ұқтыңыз ба?

Осыны айта сала орнымнан түрегеле бергенімде Әмірахан етегімнен тартып отырғыза сөйледі.

- Мен, бір ерді бағып кеткішілігім бар әйелмін, -деп бастап, өзінің алғашқы ерінен шыққанынан бастап, айырым ақша жиғандығын айтты. - Біреуге әйел болып тигеніңде жанқалтаңда томсиып ақшаң тұрмаса бөзек болып қалады екенсің. Қыздай тиген алғашқы ерім, «қыз емес екенсің» деп бұзылғанынан бастап өздігімнен әрекет істеп, ақша табуға кіріскенмін. Ал, екінші еріме тиген соң бала тусам да сол ақшам көбейе берген. Бір Жақияны бағып, үйін гүлдей жасай аламын!..

Мұның екінші ерінің «күншіл, қызғаншақ» болып кетуі әйелінің әуейілігінен екендігін де, Жақия диуананың екі балалы бұл жұганға мұншалық құлап түскен себебі, «қалтасының томпиып» тұрғандығында екендігін де түсіндім. Бұл жезөкшенің енді шынсың әтіретіндегі көп бойдақтың арасына кіріп ап, «сауда дүкен» ашпақ екендігі маған айқындала қалды. Екі баланың аянышты көз жасына енді өз бауырластарымның ар-намысы қосыла кетіп қинады мені.

- Ақшаны қалай табасыз? - деп мен де тығыла түсіп сұрадым.

- Дені сау әйелге ақша табу қиын ба? - деп солқ-солқ күлді жұган. - Еңбек қыламын да! - Мұны айтқанда бүкіл ішек-қарны тулап кеткендей, мол ет-майының жыбырламаған-солқылдамаған, сілкінбеген жері қалмады. Тұншыға күлді.

- «Еңбек қылатындығыңызға» не себепті мұншалық күлесіз?

- Ақшаны қалай табатындығымды сұрайсыз тағы да!.. Мендей әйел пұл таба алмай ма! Тауық бағамын, есек сатып алып сауда қыламын!

- Сауда істеп кете беруіңізге Жақия көнеді деп ойлайсыз ба?

- Ол, қазақ, кең құрсақ адам! -дегенінде жалт қарадым. -Етегін түріп тастап, қызыл жібек штанының ауын маған қарсы қаратып, «томпайтып», талтая отырған екен.

- Жи анауыңды! -Ақырып қалғанымды сезбей де қалыппын. Жия қойып, етегін түсірді. -Жалмауызыңыздың қалың ерні жыбырлап кетіпті. - Маған әпсұн[11] оқытып отырсыз ба? -Күлкіден әрең тыйылып жалғастырдым сөзімді - сіздің «кәсібіңізге» қазақтың «кең құрсақ» болатындығын қайдан көрдіңіз?

- Солай деп естиміз ғой.

- Сөйтіп, Жақияны «пілік бас»[12], бос мойын көріп, оған тисем, ақша табуға еркімше кірісемін деп ойлапсыз да! -дедім де диуананың бір қаталдығын естігенім бойынша іске қосып кеп жібердім. - Ол, сіздің мына еріңізден әлдеқайда қатерлі қызғаншақ екендігін білмей, бұл жөнінен тағы да қателесіп отырсыз! Оның сізден бұрын жүрген шөкенінің қандай таяқ жегенін естімедіңіз бе?... Айтпады ма өзі? Ол шөкен бір күні Жақияның жатағына барды. Ол келгенде Жақия бір жолдасының жақсы төсек орнына менің өз орным деп отырғызды. Өзі шай қайнатуға шыққанда шөкені бір жігітпен қалжыңдасып күлгенін естіп қойған екен. Кіріп келіп теуіп қалғанда шөкен шалқасынан түсті. Жақия шашынан жұла көтеріп тұрғызда да, құйрығынан теуіп шығарды сыртқа. Тағы да тепкілеп ұрып жатқанында маңайындағылар әрең айырды да, қорғап шығарып қайтарып жіберді. Ол жап-жас шөкен еді. Ал, сіздей жұганның басқамен қалжыңдасқанын көрсе, түндегі әкелген қойынша шабыңыздан жарып, ішек-қарныңызды батпаққа көме салады.

- Ой жан, енді қайттым, Құдайым! - Әмірахан екі қолымен екі шекесін қыса еңіреді.

- Тоса тұрыңыз, сөйлеп болайын!.. Ал, сіз өз еріңізді маскүнем дейсіз, ол маскүнемдігімен сіздің ақшаңызға тиіспепті. Біздің Жақия сол ақшаңызды құйрығыңыздың жықпылына жасырсаңыз да тауып алып, қырық-елу арақкешімен бір-ақ күнде ішіп тауысатын ұры маскүнем!.. Оны қайтіп асырай алмақсыз!.. Ол, сіздің сондай «томпайған» дәсмайыңыз барын біліп үйленбекші болып жүр. Ақшаңыз таусылған күні оның алдында сіз бір тиынсыз, қайыр қош деп қайырылып бір қарап та қоймай, қаңғып жүре береді. Сіз балаларыңыздан да, байыңыздан да айырылып аңырап далада қаласыз!... Некеңіз бүтіндей ажырамай тұрған осы кезеңде аман-есен ғана балаларыңыздың қасына барып алыңыз!... Өзінен болған балаға мүлде қарамай кететін әке жоқ. Мұнан соң өзіңіз арам жүріске салынбай, түзелгеніңізді көрсетсеңіз, қаншалық ақымақ болса да түзеледі ол. Оны балаларының халі зорлап түзетеді. Ал, ақшаңыз таусылған соң Жақияны кім түзете алмақ! Уақыт ұзартпай, дереу қайтыңыз үйіңізге!... Балаларыңыз шырылдап жылап жатыр!

- Ой, Құдайым, менен ол қарызға деп алған ақшаны қалай қайтарып алармын енді!

- Сізге ол өткен түнде семіз қой ұрлап сойып әкеліп беріпті ғой, соған да тәубе айтып, «томпайғаныңызды» түгел жеп болмай тұрған шағында кетіп құтылыңыз!...

- Ой, атам, ой анам, енді қайттім, Құдайым! Менен оның алғаны бес қойлық пұл!

- Түндегі қойдың иесі - сақшы дүйжаң! Ол келіп, алтыншы қойдың ақшасын төлеткенше кетіп алыңыз деймін!

Әміраханның төңкерісі қазынақты құлатқанша кетіп алайын деп өзім де зыттым.

 

Әділетті тергеушім, бар дүниеге бір тесіктен сығалап, сіздің қисық көзіңізбен ғана қарамасақ, күн жарығын көру қайда! Екі сәби тірі жетім болып қалмасын деп қана менің істеген осы ісімнен зор қылмыс некенсаяқ кездесер. Олай болатыны, сіздер секіріп, ілгерілеп, жетімге айналдырған сәбилерге сан жете ме. Олардың зары аспанды жарса да сіздің бақайшағыңыздан келген бе. Шынығып алған құлағыңызға бұл екеуі түгіл, екі жүз баланың қосылып шырылдаған дауысы да шыбынның ызылындай сезілмес еді ғой. «Халық үшін істеген» сондай қаһармандық «төңкерістеріңізге» қарсы өткізген бұл жекелік қылмысым көздеріңізге талай қауіп-қатерді үймелетпей қояр деймісіз. Мұншалық әзәзілдікке батылым қалай жеткен?! Балалардың зарын тыңдайтын «шужұңжуиші» құлақтан қатерлі қылмыскер жоқ екен. «Жекелікке қарсы тұрып, шужұңжуиді сындалық!»

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

 



[1] Шынсың (ханзуша) - жаңа туылған (түрмеден шығып, өмірін жаңадан бастаушы мағынасында)

[2] Кұңлауар - Кұңзының жанама аты. (ағайынды Күңдердің екінші үлкені деген сөз.)

[3] Бұл ұран, Люшяушидің егіншілікке «төртті көтереге беру» пікірінің дұрыстығы көріне бастағанда соған қарсы шығарылған. Жекеге көтереге беруді ревизионизмнің негізі санаудан шыққан ұран.

[4] Хуайдан (ханзуша) - шіріген жұмыртқа.

[5] Шужұңжуи (ханзуша) - ревизионизм.

[6] Әтек құл - пішілген құл.

[7] Ижықыз (ұйғырша кемсіту сөзі) - қызтеке (шала еркек мағынасында).

[8] Мәлі (мәллә) - көше, кент мағыналарында.

[9] Шокан (ұйғырша) - бала таппаған келіншек. Жұган - қатын. (бала туса, содан бастап жуган аталады.)

[10] Масалық - маса, шыбын-шіркейден қорғайтын бітеу шымылдық.

[11] Әпсұн - сиқырлы жады дұғасы.

[12] Пілік бас (ұйғырша) - әйелінің қалай алдауына да алданатын, не айтса да, қалай қорласа да көне салатын еркек.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 624
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 373
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 367
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 372