Сенбі, 27 Сәуір 2024
Арылу 4300 44 пікір 6 Мамыр, 2022 сағат 14:01

Ел атауын өзгерту: Лама Шәріп не үшін сөгіс алды?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Мысырдағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шәріпке сөгіс жариялапты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Мемлекеттік қызметкерінің этикалық кодексінің» 9 тармағының талаптарын сақтамағаны үшін Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шәріпке сөгіс жариялайды», - делінген ресми хабарламада.

Ескі атаулардан арылу туралы ұсынысы:

Еске сала кетейік, осыған дейін елші Қайрат Лама Шәріп КСРО кезінен және патшалық Ресейден қалған ескі атауларды өзгерту, сондай-ақ, астана атауын өзгерту туралы ұсыныс жасаған еді.

«Елімізде қарқын ала бастаған саяси және экономикалық реформалар әрбір отансүйгіш азаматты шабыттандыруда. Алдағы референдум әділетті әрі естуші Қазақ мемлекетінің ашық сұхбаттасатын алаңына айналмақшы.

«Байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып», деп басталатын Ата Заңымызға сүбелі өзгерістер енгізіледі. Қолданыстағы Конституцияның 2-бабында кең байтақ еліміз - біртұтас мемлекет деп жазылған. Сондықтан бүкілхалықтық референдум арқылы Конституцияға «әкімшілік-аймақтық өңірлер» деген жаңа бап қосып, отаршыл Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы мәжбүрлеп енгізген елді мекендердің даулы атауларынан біржолата құтылуға болады.

Алдымен, «облыс» қазақ тіліне орыс тілінен енген кірме сөз екенін мойындап, мемлекеттік тіліміздің тазалығын сақтау үшін әкімшілік-аймақтық құрылымды өңір деп жазуымыз қажет.

Біртұтас, яғни оңтүстігі мен солтүстігі, шығысы мен батысы бар төрт құбыласы тең унитарлы мемлекетіміздің әкімшілік-аймақтық құрылымына қатысты Ата Заңымыздың жаңа бабына келесі ұсыныстар енгіземін:

Абай өңірі. Әкімшілік орталығы – Семей қаласы.

Ақмола өңірі. Әкімшілік орталығы – Көкшетау қаласы.

Ақтөбе өңірі. Әкімшілік орталығы – Ақтөбе қаласы.

Алмалы өңірі. Әкімшілік орталығы – Қонаев қаласы.

Атырау өңірі. Әкімшілік орталығы – Сұлтан Бейбарыс қаласы.

Батыс Қазақстан өңірі. Әкімшілік орталығы – Орал қаласы.

Жамбыл өңірі. Әкімшілік орталығы – Тараз қаласы.

Жетісу өңірі. Әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы.

Қарағанды өңірі. Әкімшілік орталығы – Қарағанды қаласы.

Қостанай өңірі. Әкімшілік орталығы – Қостанай қаласы.

Маңғыстау өңірі. Әкімшілік орталығы – Маңғыстау қаласы.

Оңтүстік Қазақстан өңірі. Әкімшілік орталығы – Түркістан қаласы.

Сарыарқа өңірі (бұрынғы Павлодар облысы). Әкімшілік орталығы – Ертіс қаласы.

Солтүстік Қазақстан өңірі. Әкімшілік орталығы – Абылай хан қаласы.

Сырдария өңірі (бұрынғы Қызылорда облысы). Әкімшілік орталығы – Байқоңыр қаласы (бұрынғы Қызылорда атауының орнына).

Торғай өңірі. Әкімшілік орталығы – Арқалық қаласы.

Ұлытау өңірі. Әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы.

Шығыс Қазақстан өңірі. Әкімшілік орталығы – Өскемен қаласы.

Астана қаласы.

Алма-Ата қаласы.

Шымкент қаласы.

Пікір таласы — шындық анасы, ағайын!», - деп жазған еді.

«Қазақстан» атауын өзгерту туралы ұсынысы:

Қазақстанның Мысырдағы елшісі Қайрат Лама Шәріп сонымен қатар «Қазақстан» атауын да өзгертуді ұсынған.

«Бүгінгі таңда 193 мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып отыр. Олардың қатарында 7 мемлекеттің атауы «стан» жұрнағымен аяқталады: Afghanistan, Kazakhstan, Kyrgyzstan, Pakistan, Tajikistan,  Turkmenistan және Uzbekistan. Стан – парсы сөзі, ел деген мағына береді. Сөздің шығу төркініне үңілсек, жер (land) деген ұғымға да сай келеді. Ирандықтар провинцияны («Остан») дейді. Остан мен Астана – түбірлес сөздер. Осы 7 ел, 20 ірілі-ұсақ елді мекендердің атауларына көз жүгіртсек, «стан» ұғымы БҰҰ-ның ресми терминімен айтқанда – «мемлекет» (State) мағынасын бермейді. Сондықтан, менің пікірімше, Ата Заңымызға өзгерістер енгізгенде ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ, КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО (орысшасы), STATE OF QAZAQ (ағылшын тілінде) деп, «тайға таңба басқандай» жазуымыз керек», - деп ұсыныс айтқан.

Қайрат Қайырбекұлы өз ұсынысын әлеуметік желідегі жеке парақшасында жазған. Кейін бұл жазбалар автордың парақшасынан өшірілген.

Қазтай Жанерке Жандосқызы

Abai.kz

44 пікір