Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
3064 10 пікір 29 Сәуір, 2022 сағат 12:15

Қазақстан: Қазанда ҰҚШҰ оқу-жаттығу өткізеді

Қазан айында Қазақстан аумағында ҰҚШҰ аясында ұжымдық күштерінің "Өзара іс-қимыл – 2022" командалық-штабтық оқу-жаттығулары, барлау күштері мен құралдарының "Іздеу – 2022" арнайы оқу-жаттығуы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерінің "Эшелон – 2022" арнайы оқу-жаттығу өтеді. Сонымен қатар Орталық Азия өңірінің Жедел өрістету ұжымдық күштерінің "Шекара – 2022" бірлескен оқу-жаттығуын Тәжікстан аумағында өткізу жоспарланып отыр. Қырғызстанда  бітімгершілік бөлімшелерінің "Мызғымас бауырластық – 2022" командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.

Іс-шаралар ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің мақсаты бойынша тапсырмаларды орындауға дайындығын арттыруға бағытталған екен. Алайда әскери оқу-жаттығуды ҰҚШҰ күштері аясында өткізудің қаншалықты қажеті бар?

Биылғы Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде президент Тоқаев ҰҚШҰ күштерінен көмек сұраған еді. Елде төтенше жағдаай енгізілді. Қазақстан Президентінің сұрауына жауап ретінде ҰҚШҰ Ресей әуе күштерінің қолбасшысы Андрей Сердюковтың басшылығымен республикаға әскери контингентін жіберді. 7-9 қаңтар аралығында қарулы күштер ел ішіне жайғастырылды. Қазақстанға Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армениядан 2 мыңнан астам әскери техника мен 250 бірлік техника келді. ҰҚШҰ-ның міндеті Қазақстанның әскери және мемлекеттік объектілерін күзету болды.

11 қаңтарда Тоқаев Парламентте ҰҚШҰ-ның "бітімгершілік миссиясының" аяқталғанын жариялап, контингентті кезең-кезеңімен шығару екі күннен кейін басталып, 10 күннен аспайтын уақытқа созылатынына уәде берді. Содан кейін 19 қаңтар күні ҰҚШҰ әскерлері толығымен Қазақстаннан шығарылды.

Бұл ҰҚШҰ күштерінің тұңғыш бітімгершілік операциясы екенін айта кетейік. Мұны «Одақтастар Қазақстанға террористік шабуыл кезінде уақытылы көмек көрсетті» деп қорытындылады Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Хусаинов. Оның айтуынша, «Қазақстандағы операция ҰҚШҰ тарихына біздің мемлекеттеріміздің одақтастық рухы мен жауынгерлік бауырластығының нақты дәлелі ретінде енеді».

Келуінен кетуі тез болған ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанда тәртіп орнату үшін нақты не істегені белгісіз болып қала берді. Әлде ҰҚШҰ күштерінің Қазақстандағы алғашқы тәжірибесі болашақта «жауынгерлік бауырластықты» нығайтудың бір тәсілі ме екен?

Ресей президенті Путин 13 сәуірде штаб пәтері Мәскеуде орналасқан ҰҚШҰ күштерінің бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялаған болатын. Өзгеріске сәйкес «Үйлестіруші мемлекет» ұғымы пайда болды. Бұл сөздің мағынасы БҰҰ-ның әскери операцияларына қатысатын бітімгершілік күштер құрылады дегенді білдіреді. Алайда кейбір сарапшылардың пікірінше, құрамындағы бес елдің ішінде Ресейдің «үйлестіруші мемлекет» болуына көбірек мүмкіндігі бар. Ал, үйлестіруші мемлекет ҰҚШҰ күштерін бақылауға алып, оның үстінен шешім қабылдай алатын басымдыққа ие болады.

Ресейдің Украинаға соғыс ашып, әлемге агрессор ретінде танылып отырған кезде пайда болған бұл хабарлама көпшіліктің ойын сан-саққа жүгіртті. Алдағы өткізілетін ҰҚШҰ аясындағы оқу-жаттығу ісі тіпті алаңдатары сөзсіз.

Abai.kz

10 пікір