Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3187 0 пікір 21 Шілде, 2009 сағат 08:28

Берік ӘБДІҒАЛИ. Қазақ ұлтын қалай қалыптастырамыз?

Ұлт мықты болмай, ұлттық тәрбие оңалмай, намыс оянбай ол ой орындала қоя ма?

Осы күні жаһандану туралы әралуан пікірлер бар. Біреу келді дейді, біреу келе жатыр дейді. Біз келгелі қашан дейміз. Өйткені, үлкеніміз де, кішіміз де еуропаландық. Енді жұдырығымызды жұмған бойда "ұрандап", жұтылып кетпейміз бе - жоқ, рухсыз ұлт, бейшара жұрт емес едік қой дейсің. Дейсің де қазақтың қайсарлығы бәрінен алып шығатынына сенесің. Өзгелердің ұлтымызды ұлылар қатарына қосқанын ойға түсіріп, қанаттанасың. "Бір фриц маған мынадай бір әңгіме айтты: "Сұмдық бір қорқынышты солдаттар бізге қарсы шабуылға шықты, олар бораған оқты елемей, бізді басып-жаншып өтетіндей атой салып келе жатты. Олардың қазақтар екенін кейін барып есіттім. Әлемде мұндай халықтың бар екенін бұрын білмеуші едім..." Олар көп нәрсені білмеген. Оларға Ресей үлкен ел деп айтқан, ал бірақ, сол үлкен елде үлкен адамдардың тұратынын айтпаған.

Ұлт мықты болмай, ұлттық тәрбие оңалмай, намыс оянбай ол ой орындала қоя ма?

Осы күні жаһандану туралы әралуан пікірлер бар. Біреу келді дейді, біреу келе жатыр дейді. Біз келгелі қашан дейміз. Өйткені, үлкеніміз де, кішіміз де еуропаландық. Енді жұдырығымызды жұмған бойда "ұрандап", жұтылып кетпейміз бе - жоқ, рухсыз ұлт, бейшара жұрт емес едік қой дейсің. Дейсің де қазақтың қайсарлығы бәрінен алып шығатынына сенесің. Өзгелердің ұлтымызды ұлылар қатарына қосқанын ойға түсіріп, қанаттанасың. "Бір фриц маған мынадай бір әңгіме айтты: "Сұмдық бір қорқынышты солдаттар бізге қарсы шабуылға шықты, олар бораған оқты елемей, бізді басып-жаншып өтетіндей атой салып келе жатты. Олардың қазақтар екенін кейін барып есіттім. Әлемде мұндай халықтың бар екенін бұрын білмеуші едім..." Олар көп нәрсені білмеген. Оларға Ресей үлкен ел деп айтқан, ал бірақ, сол үлкен елде үлкен адамдардың тұратынын айтпаған.

Шығыс сахарасын ежелден-ақ қайнаған ыстық пен ызғарлы суыққа бойы үйренген ержүрек адамдар мекен еткен. Бағзы заманның ақындары Қазақстанның қаһармандарын, даңқты батырларын жырға қосқан. Ел батырына ар-намыстан ардақты ештеңе де жоқ. Жер қайысқан қолға қарсы Ер Тарғын жалғыз шапқан алты аршын алдаспаны найзағайдай жарқылдап: "Арымнан - жаным садақа" деп айқай салған ғой... Қорқақпен серік болуға қоян да ұялады... "Иә, қазақтардың кім екенін фрицтер енді ғана білді" - деген атақты қаламгер Илья Эренбургтің "Қазақтар" атты мақаласын оқығаннан кейін рухың көтеріліп, ұлт, сол ұлттың бораған оқты елемеген ұлдары  мақтаныш сезіміңді оятып, үкілеген үмітің жарқылдап шыға келеді. Артынан ел болғанда жайма-шуақ күнде ұлт рухын сол дәрежеге жеткізе алмай, 20 жыл ішінде тіліміздің тірегі болуға қауқар танытпай, заңда көрсетілген мәртебесін орнықтыруға табандылық көрсетпей жүргенімізге жол болсын деп ойланып қалады екенсің.

Жақында Үкімет қазақша сөйлеп, ел екенімізді танытқандай болды. "Түзелу үшін "әуелі - бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек", деп Абай меңзегендей, бұған ақсарбас деп алақайламасақ та бәрекелді дегеніміз анық. Талаптылар іштей сүйсініп жатса, былдыр-шүлдүрлер бұл қанша уақытқа созылар екен, әй, ертең-ақ таз кепешімізді киіп шыға келерміз дескен. Пәрмен жоғарыдан келсе, төмендегілер өлдім-талдым жүгіретіні де аңғарылған. Осы жерде тағы бір оқиға ойға оралады. Түсіп қалған Түсімов (республикалық МАИ-дың бұрынғы бастығы) шопырларды тәубесіне келтіретін заң қабылдауға ұйытқы болғанда, былайғы халық бәрекелді деген-ді, ал шенеуніктер мен еркетотайлар елемеген сыңай танытты. Ескі сүрлеуге салып, одан салса, бұдан шығып жүрді. Бірақ қайысқаным қайысқан, кім болсаң ол бол, заң алдында пендесің деген Түсімовтің түсі суық талабы шендіні де, шенеунікті де, еркетотайларды да тәубесіне келтіріп, иықтарына қауіпсіздік белдігін ілдірді. Жалмауызға да жан керек екен. Шектен шетке шыққандары қалтасы қанша қалың болса да "адам" бола бастады. Тәртіпті қоя білсе, одан табылмайтын ығай мен сығайдың болмайтынын осыдан көрдік.

20 жылға таяу уақыттан бері қайтсек екен, қалай ілгері жылжытуға болады деп күнде кеңес құрып, түрлі ұсыныстар айтып, небір ұйымдар, кезінде халықаралық деген аты дардай қоғам құрып, оған мүше болып, қатырма куәлігін алып, қатырамыз деп келген тіл - тіл болғанда - мемлекеттік тіл екі ортада сенделіп келеді. Көсегесін көгертпек болды ма, жоғарыда айтқанымыздай, Премьер-Министр табандап тұрып қазақша мәжіліс өткізіп еді, ол кісінің айналасындағы "ауыр салмақтылар" жеңілдеп, тіпті бұрын тілдері мүлде мүкістер сөйлеп кетуге талпынып жатыр. Бұл енді Абай айтқандай, "...Бір қуаныш, бір жұбаныш" болып тұр. Тіфә, тіл-көзден, сүйкімсіз сөзден аулақ дейік.

Сол мемлекеттік тілдің мәртебесін үстем етіп, үстел басындағылардың сөйлеу тіліне айналдырсақ, ізгі ниет жандардың қимыл-қарекетіне қуат берсек деп өткен жылы тағы бір қоғамдық ұйым құрылған болатын. Ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Мемлекеттік тілді дамыту қоры еді. Осы күні қор немесе бір қоғамдық ұйым тұсауын кесіпті десе, жұрт онша назар аудара қоймайды. Кезекті бір жалт-жұлт шығар деп топшылайды. Ал мына қордың мақсаты қандай, міндеті нендей, атқаратын ісінің, тындыратын жұмысының ерекшелігі қайсы деген сұрақты сол қор директоры Берік ӘБДІҒАЛИ мырзаға қойған едік.

 

- Қор қызметінің басым бағыты тіл саясатын жүргізуші өкілетті органдардың жұмысын қайталамай, елімізде тіл сая­сатының қағидаларын қалыптастыру және қоғамдық жобаларды қаржылан­дыру арқылы азаматтар арасында мем­лекеттік тілге деген көзқарасты өзгерту мен қазақ тіліне деген сұраныс туғыза­тын жағдайларға жеткізу болып табы­лады. Осыған байланысты қор қызме­тінің тұжырымдамасы дайындалды. Биылғы жылы атқаратын жұмыс жос­пары да әзірленді. Мемлекеттік тілдің деңгейін көтеруге бағытталған жобаларға жарты жыл сайын берілетін гранттар тілдің ең үздік жарнамасына, орыс тілді басылымдар арасында мемлекеттік тілді насихаттайтын ең үздік мақалаға, қазақ тілін үйретудің ең озық әдістемесіне қор сыйлығын беру қарастырылды. "Қоғам­дық тіл инспекциясы" байқауларын өткізу шаралары және бар, - деген Берік Әбдіғалиға төмендегі сұрақты көлденең тарттық.

- Тіл саясатымен айналысатын құрылымдар аз емес қой. Бұл да сондай кезекті іс-шараның бірі болып жүрмей ме?

- Иә, тіл тағдырына қатысты ұйым­дардың аз емес екені рас. Дегенмен, әр­кімнің өз міндеті болады. Бірден айта­йын, біз үкіметтік ұйымдардың қатары­нан саналмаймыз. Мемлекет есебінен көк тиын да бөлінбейді. Елбасы қор жұмысын бастау үшін 24 млн. теңге бөлдірген. Бірақ жоғарыда айтқан жоба­ларға әлі ақша бөліне қойған жоқ. Біз жиын, конференция, семинар, фести­валь өткізіп, ғылыми зерттеулер жасап, әдістеме шығаруды мақсат етпейміз. Мойнымызға міндет етіп көтергеніміз -  билік пен қоғамды мемлекеттік тілді да­мытуға біріктіру, қолданысқа енгізуге жұмылдыру, азаматтардың ынта-ықыла­сын ояту, ұрпақтың патриоттық сезіміне иненің жасуындай болса да дем беру. Біз осы кезге дейін түрлі сылтауларды айт­тық. Қаржы жоқ дедік. Қаржы бөлініп еді, тағы бір ұзын арқан, кең тұсауды айтып жалт бердік. Соған қарағанда, тіл мәселесін қаржымен шеше алмайтын секілдіміз.

- Енді не істеу керек?

- Ұлттың рухы оянуы керек. Ұлттың рухы оянса, ұлттық намыс оянады. Көн­гіштікке, айтса жүріп, айтпаса тұратын жағымсыз  қасиетке тосқауыл қойылады. Ұлт мықты, мығым болмай, тілдің бағы жанбайды. Алдымен қазақ мықты ұлт болуы тиіс. Сонда басқа  диаспора өкіл­дері оның айналасына топтасады.

- Онсыз ұлттар бірлігінің ертеңі күмәнді дейсіз ғой.

- Ең алдымен қазақ өзінің дамуына көбірек көңіл бөлсе, өзгеге үлгі көрсетіп, сапасы артар еді. Рухымыздың құлдырап кеткені сондай, кейде ұлт намысы тап­талып жатса да көне саламыз. Бұрынғы әдемі қасиетіміз қонақжайлылық еді. Ен­ді оның орнын немқұрайдылық, көн­гіштік басып барады. Шынайы күш тілге деген күш-жігерде жатыр. Сол күш-жігерді кім жарыққа шығара алады? Бірінші - билік, екінші - қоғам ішін­дегі үрдістер: ол саяси партиялар ма, ұйымдар ма, зиялы қауым ба - бәрі бір, елдік істе, ұлттық тірлікте бар екенімізді білдіруіміз керек. Бізде айтылады, аяғы­на шықпай орта жолда қалады. Ол үшін өзгені кінәлап қажеті жоқ. Тілге өгей­лікті өзге емес, өзіміз жасап отырмыз. Е, анау не қарап отыр, мынау не тынды­рып жүр деп балпаң-балпаң басамыз. Мемлекеті, сол мемлекетінің Тілі, Туы, Әнұраны, Елтаңбасы бар, Азат қазақ ұлты бәріне "ядро" болса, көп түйткіл шешілер еді. Азаттық деген сөзді көбіміз бір партияның, не радионың атымен шатастырамыз. Шындығына келсек, Азаттық қазақтың ғасырлар бойы аңса­ған арманы, қол жеткізуге ұмтылған мәресі емес пе еді! Тіпті ұлттық идея­мыз­дың өзі сол Азаттықтың аясында жатушы еді ғой. Әлемде  "Азаттық" де­ген категория - демокра­тиялық қағи­даттың негізі болып табылады. Біз сол Азаттықтың қадір-қасиетіне жетпей жүр­міз. Осы Азаттық туралы басқаны қой­ып, өз қандастары­мыздан сұрасаң - Азаттық "азаттық" деген сөз ғой дейді. Мен мұны Азаттық үшін күреспеген, қанына бодандық сана сіңіп қалған, ол туралы ойлаудан қалып қойғандық деп білемін.

- Бодандықтан бостандыққа шық­қалы да біраз жылдың жүзі болып қалды емес пе? Әлде ассимиляциялау аяқты әбден тұсап тастаған ба?

- Бодандық рухыңнан жұрдай етеді екен. Одан тез құтқаратын ұлттық намыс қана. Намысыңды қамшыламасаң, аз күндік тоқшылықты місе тұтып, ертеңгі күннің бір жайы болар деп жүре бересің. Ұлттық даңқ, ұлттық намыс, абырой туралы басқаны қойып, өз қандасыңнан сұрасаң мандытып ештеңе айта алмайды. Екі жүз жылдан астам бодандық біздің мемлекеттік инстинкті жойып жіберді. Өзбектің мемлекетшілдігі неге жақсы сақ­талған? Себебі, олардың Хиуа, Бұқа­ра, Қоқан хандықтары бертінде ғана дербестігін жоғалтты. Біз Қабанбай, Бөгенбай, тағы басқа ұлттың даңқты ұлдарын ғана білеміз. Олардың тек жоң­ғармен ғана соғысқанын айтып жүрміз. Сол батырларды тізбелей айтып келеміз де Кенесарымен шектелеміз. Ал Кене­сарының қасындағы батырларды тіпті білмейміз. Қаншама ержүрек батырлар өмірін ел үшін қиды. Тек Ағыбай ба­тырға ғана Балқаш қаласында үлкен ес­керткіш қойды. Ал қалғанда­рына ше? Ес­керткіш түгіл көшеге де олардың атта­рын бере алмай отырмыз.

- Ұлт даңқы нағыз даңқты ұлдарымен танылады дейсіз ғой.

- Әрине, ұлттық даңқ осындай құн­дылықтардан көрінеді. Қазақ халқының құрып кетпеуі үшін ата-бабаларымыз өт­кен тар жол, тайғақ кешу аз болған жоқ. Жер үшін, ел үшін, бүгінгі тәуел­сіздік үшін қаншама ұрпақтың қабыр­ғасы қайысып, омыртқасы майысты десеңізші. Біздің тарихымыз кешелі-беріден бастал­майды. Тарих тамыры тереңде. Керей, Жәнібек заманы, одан кейінгі тарихи кезеңдер, Алаш арыстары, жүздеген ұлт-азаттық көтерілістер, КСРО-ның тас қа­бырғасын қақырату­дың басы болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі - осылай жалғасып кете береді. Мұның бәрі зерттеп, зерделеуді қажет етеді. Көңіл­ге медет бо­латыны - соны іске асы­ра­ды деген ниет­пен құрылған Мемле­кет тарихы институты­ның жұмыс істей бастағаны дер едік. Жасы­ратыны жоқ, біз мемлекет тарихын зерт­тейтін институтты кешеуілде­тіп аштық. Өкінішке қарай, мемлекеттік нышандарды дамыту, тілдік, ұлттық идея кейінге ысы­рылып қалды. Тәуелсіздіктің басты мақ­саты, осыларды жаңғырта отырып, Отан іргесін бекіту болатын.

- Мемлекеттік нышан дегеннен шығады, қазақтың ен таңбасы дами келіп, мемлекетті біріктіретін, танытатын Елтаң­баға, тілі мемлекеттік тілге, яғни Отан нышанына айналып отыр. Заңмен бекі­ген мемлекеттің сол бет-бейнесі: Ел­таңба, Әнұран, Ту, Мемлекеттік тіл берік сақта­луы тиіс қой. Талдап-талқылауға жатпайды емес пе?

- Сұрағыңыздың астарын түсіндім, айтпағыңыз мемлекеттік дәрежеге ие тіл жайы ғой. Бұл туралы елдің бәрі түсініп, біліп отыр. Болмайды, қарсымын деген бір пендені кездестірмейсің. Бұл қалай, мемлекеттік тілге неге батыл қадам жасал­майды десең, жарытып ешкім де жауап бермейді. Тіпті мемлекеттік мекеме іс-қағаздарын түгелдей дерлік қазақ тіліне көшіріп, 2010 жылды жаңа серпіліспен бастайтынымыз де белгілі. Табан­дылық танытсақ, Отанымыздағы бүкіл құжат алмасу мемлекеттік тілде жүргі­зіледі. Осыны көбіміз естен шығарып алып жүрміз бе, әлде сағыздай созатын тағы бір бағдарлама қабылдана­тынына мемлекеттік тілге селқос қарайтындар үміт артып отыр ма екен?

Біз тіл дамуы - ұлт дамуына тікелей байланысты деген байламға келгенімізді жоғарыда аңғарттық. Ұлт дамымай - тіл дамымайды. Осы жағын қолға алсақ, талай түйін мен түйткіл шешілер еді. Ұлт­ты оятудың қандай тетіктері бар: бірінші - мемлекетшілдік нышандарды дамыту, оны ұлттық тәрбиемен ұштас­тыру, сөйтіп ұрпақтың отаншылдық ру­хын ояту. Неге бұлай деп отырмын, себе­бі көп жастар ештеңеге мән бермейтін болып барады. Ұлттық құндылықтарға қызықпайды, неге бұлай, неге олай емес демейді.

- Мұндай енжарлық ертең ұлтқа қауіп-қатер төндіріп жүрмей ме?

- Бұл күдікті үмітке жеңдіру - өз қолымыздағы нәрсе. Алдыңғы ойымды жалғастырар болсам, ай­талық, кейбір об­лыстық му­зей­лерге  барсаңыз, баяғы отар­лаушы патша және коммунистік заман,  яғни бо­дандық тари­хы аңқып тұр. Ұлт­тық күрес­тің, тәуелсіздіктің та­рихы жоқтың қасы. Кейбір музей­лерде тек бір жүздің ты­ныс-тіршілігі көрініс береді. Бұл кейде мені қазақтың басы бұрын бірікпегендей әсер­де қалдырады. Бұрын бірікпесе, қазір қалай бірігеді? Неге ұлтқа ортақ хан­дарды дәріп­темейміз? Бұл біз үшін емес, келер ұрпақ­тың береке-бірлігі үшін керек еді ғой. Қазір атын ардақтап, үлгісін пір тұтып жүрген Абылай хан орта жүздің ғана ханы, Әбіл­қайыр­ды кіші жүздің ханы деп, оларға ескерткіштер қоя­мыз. Ал олардың аталары - қа­зақтың ресми тұңғыш ханы Ке­рей хан, қазақ жерін кеңейткен Қасым хан, Хақназар­ларға неге ескерт­кіштер жоқ?  Бұл өзімізді өзіміз кемсіту емес пе? Тәуке хан атындағы кө­ше неге тек Шым­­кентте ғана бар? Бол­маса, ұлттық нышандарымызды берік бекіте алмаған соң, тіл қазір­гідей күй кешіп отыр ма? Әлде ұлттық құнды­лық­тары­мыз­ға ағар­тушылық жұмысты дұрыс жүргізе алмай жүрміз бе? Осы арада маған мы­нан­дай бір ой келіп отыр. Қазақтың басын біріктіретін, бір идеяға ұйытатын бізге емес, жас ұрпаққа "Ұлттық рух" пәні керек шығар. Мен осыны қолға алсам деп жүрмін. Біз шынайы ұлттық болмысы­мызды көрсете алмай келеміз. Біз ұлттық дегенді ұранға айналдырмауымыз керек.

- Ұранға айналған істің аяғы құрдымға кетеді.

- Солай. Оны сөз емес, іспен дәлел­деуіміз керек. Ұлттық идеяны кім жасай­ды, кім жүзеге асырады? Міне, осы жағы анықталса, ұлт мүддесі көлеңкеге ысы­рыл­­майды. Несін жасырамыз, ұлт деген ұлы ұғымды біз ат үстінен айтып, жалған ұран­ға айналдырып жібердік. Ұлттық инфрақұрылым, ұлтты құру технологиясы - әр елдің тарихы осыдан бастау алады. Мұның алтын арқауын қа­лай жасаймыз, қалай қалыптастырамыз? Мен маман­дармен кеңесе отырып, соны жасауға бел байладым. Мұндай жолдан Жапония да, Франция да, 100 жылға таяу уақыт ал­дында Ататүрік бастаған Түркия да өткен. Біз осылардан үйрене отырып, қазақ ұл­тының дамуына байланысты бір доктрина жасасақ, ұлттық ағартушылық жұмысын бастасақ дейміз. Мұны алдымен ресми демей-ақ зиялы қауым бірігіп орындап шықсақ, ол кейін мемлекеттік дәрежеде шешімін табатынына сенім­дімін. Бірімізге біріміз айтамыз: анау жоқ, мынау жоқ, анау керек еді, мынау керек еді деп. Дү­ние қашан түгенделіп еді. Артымызда жаңа буын өсіп келеді. Оларға ұлттық бағыт-бағдар бойынша тәрбие бермесек, бүгін болмаса да ертең адасуы, тіпті көзқаман болып кетуі мүмкін ғой. Егер олар сондай теріс жолға түсіп кетсе, ұлт рухы дегенді кімнің бойынан іздейміз? Үкіметтен бе, үлкендерден бе? Олар не істей алады? Ойлана келіп, Президенттік қор аясында осындай ұлттық рухты сақ­тайтын жұмысты жандандырып, ұлттық тұжырымдама жасасақ деген ниеттеміз.

- Ұлт рухын тірілтсек, жастардың патриоттық ой-санасын оятсақ, ұлттың бренд болар құндылықтарын, тарихи дүниелерді "тірілтсек", әңгімеге арқау болып отырған мемлекеттік нышандардың бірі - тіл түйткілі де шешіледі емес пе?

- Түпкі ойымды түсіндіңіз. Онсыз болмай жатыр. Тіл-тіл деумен табандатқан жиырма жылды артқа тастадық. Өзіміз тірлік жасамай бәрін анаған-мынаған, қоғамға жаба бергеннен еш пайда болмай тұр. Жалпы, ұлт, ұлттық жауапкершілік деген кең қанат жайса, қоғамның өзі ұлт­қа айналып кетеді. Мәселен, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін бастағандар сол қоғамда өмір сүріп жатқан адамдар бола­тын. Қоғам ұлт дамуына ұйытқы болса, ұлт­тың ұлттық жауапкершілігі артады. Қоғамға ұлт жетекші болуы керек. Ондай кезде ұлттық мұрат, ұлттық ұят, мүдде, намыс, парыз, қарыз, өзгеге жасар қам­қорлық, жауапкершілік алға озады. Тілі­міз, барлық ұлттық болмысымыз жарқы­рап алға шығады.

- Ұлт та мұсылмандық сияқты емес пе?

- Ол не дегеніңіз. Сол ұлттық сезім кім­дердің қанында ойнап тұруы тиіс? Егер қазақы таным-түйсік, ұлттық болмыс жоғалса, ұлт та жоғалады. Ондай қадірлі, қасиетті жаны таза зиялы қауымның, оның ішінде ақын-жазушылардың, өнер адамдарының, журналистердің, қара­пайым жұртшылыққа ұйытқы болып жүр­ген, оқымаса да тоқығаны мол бір шоғыр адамдардың бойында бұл бар. Егер елі­мізге, жерімізге, тілімізге, дінімізге, ділі­мізге біреу нақақтан тиіссе, олар бір­ден мінез көрсетеді. Қоғам абстрактілік­тен ұлттық белсенділікке ауысып шыға келуі де ғажап емес. Ұлттың оянуы, түйсіктің түлеуі осындайда байқалады. Иә, қоғамда бейтараптықтар бола береді. Бірақ бұл мемлекет құрушы ұлттың бойын билеп, ойына көлеңке түсірсе - сор. Бұған ұлт көнбеуі керек, көнсе енжарлық желкеңе шығады. Ол бірте-бірте немқұрайдылыққа апарады. Нем­құрайдылық тарихыңды танудан қалды­рып, тіліңді тәрк етеді. Ұлттық түйсік бәрін сезіп отыруы тиіс. Сонда ғана тілің, тарихың "қисаймайды", түзу жолға түседі. Бұған ұйытқы болатын мемлекеттің иесі болып есептелетін ұлт екенін естен шығармауымыз керек.

- Сіз айтқан ұлттық түйсік тәуелсіз­діктен кейін тоқмейілсуге ұласып кеткен жоқ па?

- Мұны да жоққа шығаруға болмай­ды. Өткен ғасырдың 70-80-ші жылда­рдың соңына қарай, қазақ ұлтының ты­нысы ашылды. Ата тіліне бет бұрушылар, сол тілдің тірегі болатын мектептер ашуға жаппай ұмтылушылар шыға бастады. Ол бірте-бірте киелі жеріміздің тас талқанын шығарып, ұлтты, ұрпақты улаған ядролық қару деп аталатын тажалды қалай жоя­мызға ұласып, "Семей-Невада" қозғалы­сы­ның жарыққа шығуына негіз қалады. Ақыры идея іс жүзіне асты. Алапат қару­дың үні Елбасының Жарлы­ғымен өші­рілді. 1991 жылы желтоқсан айында  тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бірақ, бұрын­ғы ұлттық серпілістің бәрін, оның ішінде ұлттық жауапкершілікті де мемлекет "мен­шігіне" ысырып тастадық. Тұрақ­ты­лық дейміз бе, экономикалық даму дейміз бе, ұлт пен этнос арасындағы береке-бірлік дейміз бе - бәрін мемлекеттің мойнына жүктедік. Ал өзіміз болсақ, ер­кін­дік алдық, өз жер, өз елімізде отырмыз - бұдан артық бізге не керек, ойдағымыз бірте-бірте орындалады деп жағамыз жайылып, етегіміз ен даладай болып жүре бердік. Басқа ұлт өкілдері ондай бейқам­дыққа бой алдыр­мады. Біз қанша жерден жағдай жасап, доспыз десек те олар ішкі қаупін сыртқа шығармай, ақырындап тірлік жасады, өздерін сақтап қалудың жо­лын іздеді. Кейде аз-кем мінез көрсет­кенмен этностар қазақ мемлекетінің негізі - қазақ екенін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ сезінді. Бұл жағынан кел­генде біздің елде ұлт пен этностың ара­сында әдемі түсіністік қалыптасты.

Дәл қазір еліктеп, солықтаған қазақ өзін сақтаудың орнына, жоғалтып бара жатқандай болып көрінеді. Мен мұны ұлттың бойын билеп алған бойкүйездіктен көремін.

- Сонда сіз қазақты Қазақстандағы көп этностың бірі емес демексіз ғой?

- Әрине, олай десек намысқа тимей ме. Қазақ - мемлекеттің алтын тұғыры, мықты діңгегі, үзілмес күміс арқауы. Мем­ле­кет құрушы, тұрақтылықты сақтап, оны дамытушы, ұйытқысы, ұйымдасты­рушысы - қазақ ұлты. Қазақ ұлты этнос­тарға қолдан келген барлық жағдайын жасап отыр. Соның бір көрінісі - Қазақ­стан халқы Ассамблеясы. Бұл да қазақтың басқаларға көрсеткен қамқорлығы деп қабылдау керек. Құдайға шүкір, осындай да дәрежеге жеттік.

- Сіздің сөзіңізді жандандыру үшін бір дерек келтіре кетсем деймін...

- Қарсылық жоқ. Дәлелді сөзге арсыз ғана уәж айтады.

- Орыс тілді мектептерді былай қой­ғанда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тарында 79426 оқушы 65 өзбек, 75 аралас тілді білім ұяларында білім алып жатса, Алматы облысы мен Алматы қала­сында 14955 ұл мен қыз ұйғыр тілінде оқытатын 14 мектепте, 3503 оқушы екі тәжік тіліндегі, бұған қоса 10 аралас мектепте оқиды екен.

- Біздің Отанымыз қазір ұлт пен этнос арасындағы осындай игілікті іске ұйытқы болуымен төрткүл дүниеге таны­лып отыр. Президент Нұрсұлтан Назар­баев қазақ ұлты - мемлекетті құрушы, ұйыстырушы ұлт деген сөзді тегін айтып жүрген жоқ. Біз кейде осы сөздің тереңіне бойлай алмай жататыны­мыз өкінішті-ақ. Мен сондай қамқорлық­ты сезіп, түсініп отырған бүгінгі қазақ жеріндегі этнос өкілдеріне ризамын. Олар қазақ халқына ешқашан да бәсекелес бол­майды және солай өмір көші жалғаса береді деген үміттемін. Егер ондай пиғыл төбе көр­сетсе, арты қауіпті болмақ. Өзге ұлттың құқығын қорғаған, қолдап отырған қазақ­тың да мүддесі бұзылмауы керек. Оның алғышарты - ұлттық қасиетті сақтай отырып, ұлттық сананы біртіндеп көтере беру. Қазақ болып қазақ тілінде сөйлеу, қазақ болып білім алып, ұлт денсаулығын сақтау. Егер біз осы үдеден шықпасақ, түп­тің-түбінде ұлттық рухтан, тілден айы­рыларымыз хақ. Тәуелсіздігіміз 20 жылға жуықтады. Бірақ тіл туралы жанайқай азаяр емес. Бұл тегін болмаса керек. Оны айтасыз, осының себебі не деп, кінәліні іздей бастадық. Артынан тығырықтан шығудың жолы қайсы дейміз. Дегенмен мұны мен соңғы кезде жақсы ырымға балай бастадым. Мысалы, Кенесарының басын іздеу туралы әңгімені естігенде қуанамын. Себебі, сол арқылы қазақ өзін-өзі танып жатқан сияқты. Ханның басы табылуы екіталай. Мен тек осы әрекетке ризамын. Бұл ұлттың тазаруын, түзелуін қамтитын психологиялық құбылыс. Несін жасыра­мыз, хан Кененің алдында біздің кінәміз бар. Кезінде оны біріміз саттық, біріміз қарсы шықтық, енді біріміз қолда­мадық. Ақыры жабылып көзін құртуға мүдделі болдық. Ал бүгін Кенесарының арманына жетіп, оны жоқтап жүрміз. Астананың төрінен ескерткіш қойдық. Осыған қарап: "Ұлт оянып келер жатыр-ау!" деген бір ой ұшқыны жүрек түбінен тұяқ серпігендей болады.

- Осыны ұлтымыздың күні ертең шаң қауып қаламыз ба, ес жимасақ болмас  деп өзін-өзі іздей бастауы десек, сіз бұған қосылар ма едіңіз?

- Иә, іздену - жаңа заманға жол іздеу. Тіл иесі біз деу, аз да болса  ояна бастаудың басы. Тіпті біреулер тіл деп "жылайды", шын жыласа жақсы, әрине. Бұл іздеудің соңы ұлт кіндігін өз қазы­ғына байлауға, тарихын түгендеп, жоғын табуға, оны кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсыруға ұласып жатса, нұр үстіне нұр. Елдік істі ананың еншісіне, мынаның ен­ші­сіне жатқызбай, бүкіл ұлттың ұл-қызы, жас-кәрісі болат шынжырдай қол ұстасып тұрып орындап шығуға талпынса, қане.

- Үкіметіміз аз-кем болса да қазақша сөйлей бастады. Бұған қуану керек пе, әлде бір тамшы  қаны қалғанша күресіп, осынша жерді, телегей теңіз байлықты қалдырған ата-баба тілін, мемлекеттік тілді онсыз да меңгеру парыз, кешпес қарыз деп білген жөн бе? Бір әттегенайы, Премьер-Ми­нистрдің ұмтылысына үрке қарап, талабына таңданыс танытқан өзге емес, өз қандас­тарымыз төбе көрсетіп, ескі сүрлеуге ат басын бұра беретіні қалай?

- Бір күнде қазақша сөйлеу қайда деп арқаларын кеңге салып жүрген азамат­тарға бұл төбеден жай түскендей әсер еткені анық. Шынында, біз таяуда дәл осындай қадам жасала қояды демеген едік. Мұны, басқаны қайдам, қазақпын деген қазақ қолдауы керек. Неге дейсіз ғой, Үкімет өзіне міндеттеме алды. Ал оны орындамау, оған адалдық танытпау ұятқа апарып тірейді. Сенімге селкеу түсcе, бұдан кейінгі уәдеге жұрт "әй, қой­шы" дейтін болады. Тіл тірегі - қазақ қауымының, бүкіл елдің абыройына нұқ­сан келеді. Ендеше, Үкімет бұл қада­мы­нан шегінбейді деген үміт бар.

- Әттең, осыны алдымен қазақтар, әсі­ресе Парламентте отырған қандаста­ры­­мыз іліп әкетіп, қазақ тілі шынында мем­лекеттік тіл екенін өздері ғана мойын­дап қоймай, өзгелерге де мойындатқанда олардың абыройы биіктен көрінер еді-ау!

- Оған дау бар ма! Мемлекеттік тілді білмесең, министр не әкім бол­майсың десе, "талапкерлердің" шетінен сөйлеп кететініне менің иманым кәміл. Е, бұл да амалсыз айтылған сөз, күлкілі нәрсе.

Біз мемлекеттік тілді білудің бұлтарт­пайтын тетігін жасамай, қазақ тілінде сөйлеу мүмкін емес. Ол тетік қандай дей­сіз ғой - әр қазақтың ұлттық намы­сы, ұлттық жауапкершілігі, ұлттық рухы сөз­ден іске көшуі тиіс. "Мың өліп, мың ті­рілген" халқымыздың бұралаң бұл­тарысы жоқ шынайы жан дүниесі таза ұрпағы осы көштің басынан көрініп ақ сөйлесе, "ар­ман" орындалар еді. Егер осындай тірлік басталса, тірі қазақ қолдап кетуі керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев прези­денттік сайлауға түскенде тілден тест тапсырады. Неге мемлекеттік қызметке ұмтылғандарға ондай талап қойылмай­ды? Үміткерлерден емтихан алатын Қазтест орталығы жұмыс істеп жатыр. Мем­лекеттің азаматымын, деп мемле­кет­тік қызметке "жүгіретіндер" енді сол мемлекеттің тілінде сөйлемеуіне еш құқығы жоқ. Әсіресе, бұл өз бауыр­ларымызға сын болып тұр. Қайталап айтамын, қазақша сөйлегісі келмейтін жұрт Үкімет қазақша қашан сөйлейді деп жақтары талғанша "зарлап" жүр еді. Ал сөйледі, қолда, қазақ!

- Бір-ақ күнде өздерінен-өздері қазақша сөйлеп, "тіл" шығып кетті дейсіз ғой.

- Дәл солай. Кім не десе о десін, бұл саяси қадам. Алға бір қадам емес, бірнеше қадам жылжудың белгісі. Үрдіс деуге де болады. Мұны қазақ тілділердің ішінде баяғыдан аңсап жүргендер шын ниетпен  қолдады. Енді орыс тілділер де шегіншектей бермей, бәйгеге ат қосқан­дай қосылуы керек.

- Бұған сенім бар ма?

- Мемлекетіміздің унитарлы ел еке­нін әркім түсінуі қажет. Түсінбегенге түсіндірудің еш артықтығы жоқ. Халық қалаулысымыз деп жүрген азаматтар бұған батыл үн қатады ғой деп едік. Бірақ ол үміт қазірше толық ақталмай жүр. Мемлекеттік тілді білмегендер де­путат бола алмайды деген қағиданы қа­лыптастыратын уақыт жетті. Ол талапты халық қалаулысы болғысы келген әр адам есіне сақтауы керек. Оларға дауыс беретін жұрт осы кезге дейін, е, деп кел­се, енді ондай жеңілдікке бара қой­май­тын шығар.

- Шынында, мемлекеттік тілдің туын көтеретін алдымен сол халықтың жоқшы­лары болуы керек еді ғой.

- Жоғарыда айттым, мемлекеттік қызметкер "ҚАЗТЕСТ" бойынша сынақ тапсыруы керек деп. Бұл талапты депу­таттықтан үміткерлерге де қоюымыз қажет. Қазтесте сынақ тапсыру бәлендей қиын емес. Бес деңгейлі ғана, ең қара­пайым деңгейін тапсыру үшін мың сөз білсеңіз болды. Мұны әлем елде­рінде мектеп деңгейі деп біледі. Мектеп бітір­меген мемлекеттік қызметкер бар ма? Ендеше, мың сөз білу онша қиын емес шығар. Қызмет үшін мың сөз емес, он мың сөз жаттайтындар табылады.

- Сондай қадамды ел болып, қоғам болып неге іліп әкетпейтіні ойландыра беретіні бар. Бұл да ертең қалады, уақыт­ша көзалдау болуы мүмкін ғой дегендіктен бе, әлде етіміз өліп кеткен бе? Елеусіз қалдыруға тырысып жүргендер де жоқ емес. Қазақ дәл қазір серпілетін, сергек күн кешетін, ұлт, тіл дегенде ұйқысы шай­дай ашылатын кезеңде өмір сүріп жа­тыр емес пе десек, сіз бұған не дер едіңіз?

- Ұлттық тіл, ұлттық категория - символға айналғанда ғана ондай қасі­реттен құтылуға болады. Елбасы мем­лекеттік тіл қазақ тілі, қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деп айтудай айтып келеді. Оны орындамау - артықтау естіл­се де айтайық - ұлттық қауіпсіз­дігімізге төнген қауіп. Мемлекеттік тілді құрметтемеу, соның қатарында тұрған Елтаңбаны, Туды, Әнұранды сыйламау - қатердің үлкені. Мен осы нышан­дарымызға жүрдім-бардым қарайтын­дар­дың бар екенін білген соң айтып отырмын. Тіпті, ондайларды елді мен­сін­беу, Отанды сату десе де болар. Ел­таңбаның, Тудың тарихы кеше, ресми бекіткен күннен басталмайды. Бұл біздің мемлекетіміздің, тәуелсіздік үшін күрес­тің тарихы. Қазақ даңқы мен ерлігінің тарихы, біздің жеңісіміз бен қайғы-қасіретіміздің тарихы. Мемле­кеттік рә­міз­дерімізді осылай қабылдау қажет. Ата заңдарын жыртып, жалау­ларымен еден жуып жатқан жұрттарды теледидардан көріп қалып жүреміз. Құдай сақтасын, бізде ондай жоқ. Ондай сұмдыққа ұлт­сыздық, рухсыздық, дінсіз­дік апарады. Менің қатаң сөздерімнің астарында содан сақтандыру жатқанын қалың қауым түсінер деп ойлаймын. Сондық­тан, қазақ тілін де ресми түрде мемле­кеттік рәміз ретінде бекітіп, тілді мен­сін­бей, тілге тіл тигізгендерді жауапқа тартуымыз керек. Тіл де - мемлекеттік нышанның бірі.

- Мемлекеттік рәміздер талқылауға жатпайды емес пе?

- Әрине. Ата заңымызда бекіген мем­лекеттік тіл сол дәрежеде екенін ал­дымен сіз бен біз түсініп, тек түсініп қа­на қоймай,  іске асыруымыз керек. Өзі­міз үлгі санайтын өркениетті елдер де солай.

- Ел нышандарының алдында, қа­зақы тілмен айтсақ, хан да, қара да бірдей. Жауапкершілік те ортақ, бес батпан екені де даусыз шындық. Ал осы жауапкершілікті жай басып жүргендерге қалай сездіруге болады?

- Егер мемлекеттік тіл керегі жоқ деп бір министр емеурін танытса, не білуге ынта қоймаса, оны халықтың көзінше жұмыстан алып тастайтын болса, кеуде кергендердің біразы мемле­кеттік тілдің құдіреттілігіне басын иер еді. Әлем мемлекеттерінде мемлекеттік тілді білмейтіндерге жауапты жұмысты сеніп тапсырмайтын тәжірибе бар. Мұн­дай батыл қадамды тек Елбасы ғана жасай алады.

- Сол жоғарыдан дүмпу болмаса, төмендегілер "сен тимесең, мен тименге" әбден үйреніп алған жаман әдет және бар...

- Мемлекеттік тілді білмеу - ұлтты менсінбеу. Бұл ащы сөз - бірақ ақиқат сөз. Кім болса да қызметінен айрыла­тынын, жауапкершілікке тартылатынын сезсе, тіл түйткілі сөзсіз шешіледі. Алды­мен мұны өз бауырларымыздан қатаң түрде талап етуіміз керек. Біз қазір оны талап ете  алмаймыз. Өйткені, мем­ле­кет­тік мекеме емеспіз. Ондай құқық біз­ге берілмеген. Сараптама жасаймыз, ұсы­ныс айтамыз. Дамыту жолын мең­зейміз, пікірталас ұйымдастырамыз.

- Осы ел менің мәңгілік мекенім, ендігі бұлтағым ұят демей, сөзді сөз үшін айта салатын "ауруға" шалдыққан жоқ­пыз ба?

(Жалғасы)

«Егемен Қазақстан» газеті, 21.07.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2073
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2500
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2117
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1609