Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 10981 76 пікір 2 Наурыз, 2022 сағат 16:04

Дабыл: Ресейліктер Қазақстан азаматтығын сұрап жүр

Желіде: «Ресейліктер жапатармағай Қазақстан азаматтығын алуға тырысып жатыр», деген сөз тарады. Себеп те жоқ емес. Әлем елдері (Батыс пен АҚШ және бұл алянсқа кірмейтін өзге мемлекеттер) Ресейді жойқын санкциялардың төпесіне алуда. Ресейдің Орталық банкінен бастап, ірі-ірі банктері түгел дерлік санкция астында. Есепшоттар бғатталған. Әлемдік ірі бренд иелері Ресей нарығынан лег-легімен кетіп жатыр. Санкциялар тек экономикалық салаларды емес, мәдениет, спорт, ғылым-білім, аэро-ғарыш, өнеркәсіп т.б. барлық салаларды қамтуда. Қарапайым тілмен айтсақ, Ресей бірте-бірте «оқшаудағы елге» айналып келеді.

Енді жоғарыдағы ақпаратқа оралайық. «Google Trends» және «Яндекс Wordstat» іздеу жүйелерінде «Қазақстан азаматтығын қалай алуға болады» деген сұрақ көп ізделген. Іздеуші аудитория – Ресейліктер.

Егер «Google Trendsтің» «Ресей» бөлімін таңдап,  «Қазақстан азаматтығын қалай алуға болады» деп іздесеңіз, бұл сұраудың соңғы күндері тұрақты өсіп, 27 ақпан кешінде 100 баллға жеткенін көресіз. Бұл сұраныстың ең жоғары шегі болып саналады. Іздеу салғандардың ең көбі Мәскеу және Санкт-Петербург қаласының тұрғындары екен. Қазақстанға қызығушылық биыл қаңтар айында басталып, 3,8 мыңнан астам сұраныс жасалған. Бұл соңғы екі жылдағы ең үлкен көрсеткіш.

Ресей азаматтарының жаппай Қазақстанға қызығушылық білдіруін көпшілік Батыстың Ресейге салған санкцияларымен байланыстырады.

Ақпараттың анығын тексерген  Factcheck.kz:  «Бір аптаның ішін алып қарасақ, әрине «Қазақстан азаматтығын қалай алуға болады» деген сұрақ шынымен жоғары деңгейге жеткен. Бірақ, бір аптадан көп уақытты алып қарайтын болсақ, Қазақстанға деген мұндай қызығушылық бұрында да болған. Анда-санда осындай жоғары деңгейге жетіп отырған, яғни, дәл қазір ғана адамдар осы сұрақты жаппай қойып жатыр деу қателік. Бұл мәлімденің негіздері жеткіліксіз. Авторлар сандар тұзағына түсіп қалған сияқты», - деп жауап берген.

Дегенмен автор берілген ақпараттың шынайы екенін айтады. Тек мұндай сұраулар ара-тұра болып тұратынын ескерткен. Ресей Украинаға басып кіргеннен соң, ресейліктердің өз ішінде дүрбелең басталды. Ресейде мыңдаған адам соғысқа қарсы екенін айтып, көшеге шыққан болатын. Кремль наразылық білдіргендерді жаппай қамауға алды. Осыдан кейін Ресей тұрғындарының басқа елдерге кетуге әрекет жасауы таңғаларлық жағдай емес.

«Google Trendsте» Қазақстан азаматтығы туралы ресейліктердің сұрауы 2021 жылғы қараша, желтоқсан айында және 2022 жылдың 15 ақпан айында қазіргідей ең жоғары деңгейге жетіп отырған.

Алайда, дәл қазір болып жатқан оқиғаларға байланысты соңғы 12 айда Ресейде ЕО елдеріне азаматтық алу туралы сұраулардан гөрі Қазақстан азаматтығын алу туралы сұраныс өскен.

Біз саясаткер Мұхтар Тайжан мен саясаттанушы Самат Нұртазаның пікірлерінн талқыға ұсынамыз...

Мұхтар Тайжан:

- Әлем елдерінің қатал санкциясына ұшырағаннан кейін, көптеген Ресейлік Қазақстан азаматтығын алуға тырысады, мен оған сенімдімін. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Бұл біздің еліміздің ішіндегі «бесінші баған» болары анық. Қазір бізден кетіп қалғандардың өзі қайтып келгісі келеді. Бірақ, кешіріңіз, олар өз таңдауын әлдеқашан жасаған. Енді өз билеушілері Путинмен бірге жауап бері тиіс. «Біз қайталай аламыз», - деп шулағандар қайда? Ал, қайталаңыздар, ерік сіздерде. Қазақстан азаматтығы қазір «тартымды» болып тұрғанының себебі бар. Бізде көптеген қымбат медициналық операциялар тегін жасалады. Біздің азаматтар сол үшін салық төлейді. Мұндай операцияларға тек өз азаматтарымыз қол жеткізуі керек, келімсектер емес.

Қысқасы  қазақ тілінен емтихан тапсырып, қазақ тарихын білу керек. Елімізде бірнеше жылдар бойы тұрып, толық адалдығын көрсетуі керек. Қазақстан азаматтығын алу үшін осы айтылғандар негізгі шарт болуы керек. Әрине, қандастар үшін азаматтық жеңілдетілген схема бойынша қалуы тиіс. Сондай-ақ, қос азаматтыққа бақылауды күшейту керек. Басқа елдің азаматтығы барлар бірден Қазақстан азаматтығынан айырылуы керек.

Самат Нұртаза:

- Енді Ресей азаматтары Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға тырысады. Беларусь қауіпті. Қырғызстан тұрақсыз. Өзбек, Тәжік, Әзірбайжан, Түркменстан, Армения, Грузия, Молдова елдерінде орыс тілі өлді деуге болады. Ресей азаматтары 250 жыл құрамында болған елдердің тілін үйренуге тәкәппарлығы жібермейді. Сондықтан бұл елдерді Ресей азаматтары қарастырмайды. Балтық елдері туралы ауыз ашпай-ақ, қояйын. Еуропаның түрі белгілі. Қытайдың тілі ауыр.

Таңдау тек Қазақстанға түседі. Неге? Қазақстанда қазақ тілін білмей өмір сүруге болады.  Қазақстанда қазақ тілін білмейтін облыс, қала, аудан әкімдері бар. Қазақстанда қазақ тілін білмейтін министрлер бар. Қазақстанда қазақ тілін білмей бизнес ашып, баюға болады.

Сондықтан қысылған Ресей азаматтары Қазақстан азаматтығын алуға тырысады.

Айжан Темірхан

Abai.kz

76 пікір