Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2705 0 пікір 17 Қыркүйек, 2012 сағат 10:23

Атыраудағы аласапыран

12 қыркүйекте Атырау облысы қатты дүрлiктi. Таңсәрiден Жылой ауданы орталығы Құлсары қаласында 300-ден астам арнайы жасақ әлдебiр лаңкестермен алысса, түстен кейiн Атыраудың ортасындағы Насиха базарындағыларды «бомба бар» деп дүрлiктiрiп, сыртқа қуды.

ҚҰЛСАРЫДАҒЫ  ТЕРАКТ

12 қыркүйекте Атырау облысы қатты дүрлiктi. Таңсәрiден Жылой ауданы орталығы Құлсары қаласында 300-ден астам арнайы жасақ әлдебiр лаңкестермен алысса, түстен кейiн Атыраудың ортасындағы Насиха базарындағыларды «бомба бар» деп дүрлiктiрiп, сыртқа қуды.

ҚҰЛСАРЫДАҒЫ  ТЕРАКТ

Құлсары қаласындағы тұр­ғындардың бiрiнiң айтуынша, мұндағы дүрбелең 11 қыркүйек күнi кешке басталған. Қалада­ғы №22, 29, 34, 35, 37 үйлер­дiң тұрғындары басқа жаққа көшiрiлiп, арнайы жасақ қоршауға алған. Қаладағы ток, газ атаулы ажыратылып, ұялы байланыстар да ауық-ауық үзiлiп тастал­ған. «Сол маңайдағы үйлердiң шатырына жайғасқан мергендер атал­ған үйлердi нысанаға алып отырды» деп баяндады әлгi дерек көзiмiз. «Мектептерде сабақ тоқтатылып, балабақшалар жабылған. Бiр сөзбен айтқанда, тура соғыс уақы­тын­дағыдай алмағайып сәттердi бастан кештiк».  Ел бiр-бiрiнен естiп, сандаған ақпарат сан-саққа тарап үлгергенде бас прокуратура осы iске қатысты ресми тұжырымын айтты. "Арнайы құрылымдардың қыз­меткерлерi қандай да бiр әрекеттер жасауды бастағанға дейiн оқшауланған тұлғалар бiрнеше жарылғыш құрылғыны жарып, оқ ату қаруларымен арнайы бөлiмше қызметкерлерiне қарай оқ жаудыра бастады. Бiр қызметкер жарақат алды. Арнайы операциядан соң оқиға болған жерден 5 мәйiт және ауыр жарақат алған бiр адам табылды. Бейбiт тұрғындар арасында құрбандар мен жәбiрленгендер жоқ. Қазiргi уақытта оқиға болған жердi қарау және басқа да кезек күттiрмейтiн тергеу және жедел-iздестiру iс-шаралары жүргiзiлу­де", - деп мәлiмдедi ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметi.

ЖЕРЛЕУ

Ел Құлсарыдағы лаңкестермен сабылысып жатқанда Атырау қаласындағы жер үйлердiң бiрiнде қыркүйектiң 5-ci күнi жарылғыш заттың жарылуы салдарынан қаза болған Нұрлыбек Сақауовтың жаназасы шығарылды. Еске сала кетсек, ол өткен сәрсенбiде Атыраудағы Молдағұлова көшесiндегi жер үйдiң ауласында пәтер жалдап тұратын адаммен кездесуге барғанда аяқ асты жарылған заттың әсерiнен мерт болған едi. Пәтерде тұратын ер адам тұтқынға алынған болатын. Ал 9 қыркүйекте осы iске қатысы бар деген 4 адам қамауға алынған. Оның екеуi Құлсары қаласының тұрғыны болса, қалған екеуi Атырау мен Маңғыстау облысының азаматтары екенi хабарланған.  Бұл оқиғаға қатысты да ел «жауырын ашып» өз болжамын айтып жүргенде Бас прокуратура өз шешiмiн жария еттi. "Жарылыс нәтижесiнде ал­ған жарақаттарынан оқиға болған жерде 1991 жылы туылған Нұрлыбек Сақауов қаза болды. Тексеру кезiнде қолдан жасалған 3 жарылғыш құрыл­ғы, сондай-ақ осындай құрылғыларға компоненттер алынды. Сақауов күштiк құрылымдардың қызметкерлерiне қатысты күш қолдану әрекеттерiн жасау идеяларын ұстанып жүргенi анықталды. Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 24 және 233-баптарымен (Терроризмге дайындалу) қылмыстық iс қозғалып, тергелуде", - делiнген Бас прокуратураның баспасөз баянында.  

Сәния ТОЙКЕН, Атырау облысы

"Жас Алаш" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 696
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 498
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 424
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 436