Жұма, 3 Мамыр 2024
Арылу 7354 27 пікір 31 Қаңтар, 2022 сағат 11:12

Ерболат Досаев - қырсық жолды «джентельмен»

Қазақстанның ең ірі мегаполисі – Алматының әкімі ауысады екен деген алып-қашпа әңгіме осыдан біраз бұрын айтыла бастады. Ал «қаңтар оқиғасынан» кейін әкім Бақытжан Сағынтаевтың Алматыдағы карьерасына нүкте қойылатыны туралы болжам сөздер жиіледі.

Оған себеп те жоқ емес. Әуелі қаладағы жұрт дүр көтеріліп, бейбіт митигке шыққанда да, оның ізін ала жаппай тәртіпсіздіктер мен қанды қақтығыс болған кезде де қала әкімі ел алдына шыққан жоқ. Кешеуілдеп жүріп, бірлі-жарым бейне үндеу жасаған болды. Бітті. Кейінірек, Сағынтаевтың өзі сұхбат беріп, жұртпен сөйлесуге келе жатқанда қарулы топтың шабуылына ұрынғанын, жүргізушісіне оқ тиіп, жараланғанын айтып, ақталғандай болды. Бірақ, бұл Сағынтаевтың «креслосын» сақтап қалуға жеткіліксіз аргумент болған секілді.

Кешелі-бері, әлеуметтік желілер мен БАҚ Алматы әкімінің ауысатынын айтып жатыр. Ал бүгін шыққан деректерге сенсек, Алматының су жаңа әкімі болып ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы Ерболат Досаев тағайындалыпты.

Саясаткер Ербол Еділов өзінің Telegram-дағы парақшасында: «Алматы қаласының әкімі болып Ұлттық банктің экс-төрағасы Ерболат Досаев тағындалды. Кейбір дереккөздердің мәліметінше, бүгін сағат 10:30-ға белгіленген қалалық Мәслихаттың отырысында қаланың жаңа әкімін тантыстыру жоспарланған. Нұр-Сұлтаннан Алматыға ұшатын әуе рейстерінің ауа-райының қолайсыздығына байланысты кешіктірілуі себепті аталған жиын кейінге шегерілген», - деп жазды.

Досаев биліктегі су жаңа кадр емес. 20 жылға жуық түрлі басшылық қызметтерде келе жатыр. Ел-жұртқа сүйкімді дей алмаймыз. Мәскеуде білім алған. Қаржы саласында біраз қызметтер атқарған. «ТұранӘлемБанк», «АТФ Банк», «Қазақстанның даму Банкі», «ЕРДБ», «ҚазИнвестБанк», «Даму қоры», «Бәйтерек холдингі» секілді жердерде басшылық жасаған. Әр жылдары Премьер-министрдің кеңесшісі де, орынбасары да болып көрген. Онан соң, ҚР Энергетика, Индустрия және сауда министрлігі мен ҚР Қаржы министрліктерінде вице-министр болған. Кейін бірқатар министрлікті өзі басқарды. Атап айтқанда, ҚР Қаржы министрлігінде, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде, ҚР Экономикалық даму митнистрлігінде, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде, ҚР Ұлттық экономика министрлігінде бірінші адам, яғни министр болған.

Ерболат Досаев осы айтылған қызметтердің барлығын мінсіз атқарды дей алмаймыз. Керісінше, оның басшылық қызметтеріне қатысты әттеген-айлар көп болды. Сөзіміз сұйық болмасын, бірлі-жарым мысал келтірейік.

2006 жыл: Шымкенттегі ВИЧ инфекциясы

2004-2006 жылдар аралығында біздің әмбебап министр - Досаев ҚР Денсаулық сақтау министрлігін тізгіндеді. 2006 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғаш рет ВИЧ-инфекциясын (АҚТҚ) жаппай жұқтыру фактісі тіркелді. Бұл елішілік үлкен дау болды. 2006 жылғы тексерулерден кейін Шымкент ауруханаларында 150 баланың ВИЧ жұқтырғаны анықталған. Онға жуық бала көз жұмған. Олардың аты жаман індетті қан құю операциясы кезінде жұқтырғаны анықталған. Кейін осы іс бойынша 20-ға жуық лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Кейбір деректер бойынша, 16 дәрігер жемқорлық пен қызметіне салғырт қарағын үшін түрмеге жабылған.

Сот үкімінде: «Барлық балалар дәрігерлердің тиісті міндеттерін дұрыс атқармағандығынан және Денсаулық сақтау департаменті тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан індет жұқтырғаны, ауруханаларда парақорлық, заңсыз қан саудасы және мемлекеттің кепілді медициналық көмегінің тізіміне енген дәрі-дәрмектерді саудалау кең етек жайғандығы», тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.

21 адам сотқа тартылып, сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев қызметінен алынған.

2016 жыл: Жер дауы

2014 жылдың тамызында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Ерболат Досаев ҚР Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Ал 2015 жылдың сәуірінде Досаевты аталған қызметке қайта тағайындау туралы бұйрық шықты.

2016 жылдың сәуірі мен мамыры аралығында ел тарихындағы ең ірі наразылық болды. Еліміздің батыс аймақтары бастап, бүкіл ел көлемінде наразылық митингтері өтті. Бұл 2011 жылғы Жаңаөзен толқуынан кейінгі елде болған ең ірі наразылық еді. Мәселе – Жер дауы. Халық Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсы болды.

Сол жылы 30 наурызда жаңағы Ерболат Досаев басқаратын министрлік (Ұлттық экономика министрлігі) 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 миллион гектар жерді аукцион арқылы сатылымға шығаратынын хабарлады. Халықтың өре-түрегеліп, қарсылық білдіруіне басты себеп – осы еді. Жалпы халықтық наразылықтар кезінде Макс Боқаев, Талғат Аяндар бастаған қаншама адам темір торға тоғытылды. Тағы қаншасы айыппұл арқалады. Бірақ, билік ақырында айтқанынан айныды. Айнуға мәжбүр болды. Жер кодексіне өзгеріс енгізуге 5 жылдық мораторий жарияланды. Жер комиссиясы құрылды. Ал министр Ерболат Досаев отставкаға кетті. Досаевпен бірге вице-министр Қайырбек Өскенбаев та отставкаға кеткен.

«Қаңтар оқиғасынан» кейін Қайрекең де қайтып министрлікке келді. Әлгіндегі ауыс-түйістер кезінде Қайырбек Өскенбаев Үкімет құрамына қосылып, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін тізгіндеді. Ал бүгін Ерболат Досаев Алматы дейтін алып шаһарға басшы болып ауысқаны айтылып жатыр.

Айта кетейік, 1997 жылдан бастап іске араласа бастаған Ерболат Досаев осы уақытқа дейін бірде-бір мәрте әкімдік басқарып көрген жоқ. Жиырма жылдан астам уақыт бойы министр дәрежесіндегі басшылық қызметтерде жүр десе де, 3-3,5 миллион халқы бар (ресми 2-2,5 млн адам), халқының дені ішкі және сыртқы еңбек мигранттары саналатын Алматыны басқаруға Досаевтың ақылы һәм әлі жеті ме? Күмәнді! Қазақта «жүрген жерінен шөп шықпайтын адам» деген бар. Біздің Досаев міне, тура сол санаттағы адам десек, қателеспейміз. Экономикалық сауаттылығына дау келтіре алмаймыз. Ал ұлттық мәселелерге келгенде Досаевтың персонажы кісі қызығарлық емес. Досаев деген орысша айтқанда, «Джентельмен неудачи».Оған басқа-басқа жоғарыдағы екі мысалдың өзі-ақ жеткілікті...

Айтпақшы, Ақорданың ресми сайтындағы Құқықтық актілер бөлімінде Ерболат Досаевтың тағайындалуына қатысты ешбір мәлімет жарияланған жоқ!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 685
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 481
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 417
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 419