Жұма, 3 Мамыр 2024
Ақмылтық 7020 42 пікір 31 Қаңтар, 2022 сағат 12:00

Тоқаевтың «Сүлеймен шешімі»

Саяси өмірде радикалды және реалистік сценарий деген болады. Жасыратыны жоқ, «Нұр Отан» съезінің қарсаңында әшейінде билік партиясының жиындарына немқұрайлы қарайтын жұрт шынайы қызығушылық танытып, бірінен-бірі асып түсетін жорамалдар жасап жатты.

Солардың ішінде: «Президент Тоқаев бұл партияны басқармау керек, керек десе, тіпті қатарынан шықсын! Бұл өте «токсичный» ресурс. Реформа жасағысы келсе, бұл партиядан тыс болғаны абзал!», - деген ешбір компромиске жатпайтын ой тарап жатты.

Өз басым осыдан бір апта бұрын «QANA QAZAQSTAN» Ютуб арнасының эфирінде мынадай «сәуегейлік» жасап едім: «Қазіргі заңнама бойынша «партия» деген – ең қажет құрал. Президенттің кандидатурасын ұсынатын сол, Мәжіліс те тек қана партиялық тізім бойынша сайланады. Оның үстіне барлық министрлер мен әкімдер партияның құрамында. Сенат пен Мәжіліс те осы партияның қолында. Билік транзиті әлі де аяқталмай жатып, Тоқаевтың осынау мықты ресурстан өз еркімен бас тартқаны қалай болар екен?».

Болжамым дұрыс болған сияқты. Тоқаев партия төрағасы боп сайланды. Өз басым мұны «Тоқаевтың «Сүлеймен шешімі» деп санаймын. Және де «партияға жаңалану (модернизация) қажет», деп баса айтты.

Енді партия съезінің видеоесебі мен қабылданған шешімдері туралы бірер сөз.

Съезде видеобайланыс арқылы елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөйледі. Тоқаевты төрағалыққа өзі ұсынды. Бірақ, Нұрекеңнің көңіл-күйі жоқ екені сезіліп-ақ, тұрды. Бәлкім, соңғы кезде президент Тоқаевтың оның отбасы мүшелеріне қатысты қабылдап жатқан қатқыл шешімдері ұнамай жатқан болар.

Не дегенмен, Тоқаев пен Назарбаев арасы онша емес сықылды. Олай болмаса, осындай жауапты жиынды ағайынды қоңыр қаз боп, бірге отырып, бір-бірін арқасынан қағып, қолдап, ел ішіндегі алып-қашпа әңгімелерді сап тыйғыза салар еді ғой. Олай болмады.

Ол аз десеңіз, жиында Президент тұңғыш рет Елбасының ел тарихындағы роліне сыпайы болса да, сыни көзқарас білдірді (Назарбаев өзіне берілген бағаны тікелей эфирде тыңдап отырғанын да ескерейік): «Тұңғыш Президенттің тарихи рөліне тиісінше баға берейік, оның сөзсіз жетістіктері мен табыстарын алға шығарып, жаңылысқан жерлері болса, болашақ басшыларға тағылым ретінде үлесіне қалдырайық». Не деген дипломатия! Не деген сөз эквилибристикасы! «Бәрі мақтап жүрген Ли Куан Ю-дың өзі отбасылық-кландық жүйе құрды» деген сөзі не тұрады?! Неткен ирония! Неткен сарказм!

Сондықтан «жоғары жақта әлі де екеуінің саудаласуы біткен жоқ» деген пікір әлі де гулеп тұр.

Билік партиясының басшылығына қол жеткізген Тоқаевтың алдында бір мықты таңдау тұр: осындай орасан зор мүмкіншілікті ол өзінің жекебас билігін одан сайын нығайтып, «екінші Назарбаевқа» айналу үшін пайдалана ма, әлде қоғам өмірін шын мәнінде демократияландыру үшін жарата ма? Оны уақыт көрсетеді.

Жаңа төраға билік партиясын реформалау туралы біраз ұсыныс айтты. Оның бәрі ішкіпартиялық жаңару ниеті деп қабылдайық. Ол партияның өз ісі.

Бірақ, меніңше, бізді партиялық өмірді жандандыру үшін кем дегенде, төрт нәрсе қажет.

Біріншіден, «Нұр Отан» 30 жыл ішінде жүргізген саясатының ең сорақы тұстары үшін (халық байлығын таран-таражға салуы, қарапайым халықтың өмір сүру жағдайы кұрт төмендетуі, жеке басқа табыну жүйесін орнықтыруы, жемқорлыққа салынуы, қоғамдық өмірде монополия орнатуы, саяси оппозицияны қудалауы, Жаңаөзен мен Қаңтар қанды қырғыны және тағы басқа кінәлары) кешірім сұрап, өткеннің ауыр жүгінен құлан таза арылуы тиіс. Оны «катарсис» дейді.

Екіншіден, осы күннен бастап елде шынайы партияаралық бәсекеге жол ашылуы тиіс. «Нұр Отанның» саяси сателлиті боп келген партиялар жабылып, орнына идеялық және ұйымдық бәсекеге қауқарлы балама партиялар тіркелуі тиіс. Олардың бастамашылары елде бар!

Үшіншіден, бізде партияда жоқ тұтас бір қауым бар, қазіргі заңдарға сәйкес оның бәрі не Президент, не депутат бола алмайды. Сондықтан, сайлауларда өз-өзін ұсыну мен бір мандаттық округтерден депутат сайлау секілді механизмдерді қайта іске қосу керек. Ондай заңдар бізде бұрын болған.

Төртіншіден, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына (учаскелік комиссиядан Орталық сайлау комиссиясына дейін) елде тіркелетін барлық партиялардың өкілдері енуі шарт!

Осы және басқа да түпкілікті реформалық қадамдар жасалмаса, ел ішіндегі жағдай одан сайын ушығып кетуі әбден мүмкін!

Әміржан Қосан

Abai.kz

42 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 700
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 506
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 426
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 440