Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5283 0 пікір 12 Қыркүйек, 2012 сағат 08:23

Қуандық Шамахайұлы. БАҚ: ықпалды әрі қозғаушы күш

Жыл сайын қыркүйек айының сегізін әлем журналистері өздерінің халықаралық ынтымақтастық күні ретінде атап өтеді. Осы күні бүгінгі таңда қоғам өмірінде елеулі орын иеленіп үлгерген халықаралық журналистика атты ерекше әлеуметтік институттың даму жолдарына бір сәт көз жүгіртіп, ой бөлісуді жөн көрдік.

Өткен жүзжылдық қоғам өмірінде бұқаралық ақпараттық қарым-қатынастың атқаратын міндетінің барған сайын арта түскендігін айқындап берді. Әлеуметтік түбегейлі бетбұрыстар, бұрын-соңды болмаған техникалық прогрестердің ғасыры ақпарат саласында бірнеше тың қадамдар жасады. Оның өзі адам баласының өзара қарым-қатынасына жаңаша леп әкеліп, күнделікті тіршілік тынысында өзгеше байланыстың қалыптасуына ықпал етті. Ақпараттық қарым-қатынастың дамуы әлеуметтік өмірге үнемі жаңаша сапалық өзгерістерді әкеліп,  қоғамдағы ақпарат ағынының аясын кеңейтті. Алайда, аталмыш үрдіс біркелкі жүрілмегендігімен ерекшеленеді.

Жыл сайын қыркүйек айының сегізін әлем журналистері өздерінің халықаралық ынтымақтастық күні ретінде атап өтеді. Осы күні бүгінгі таңда қоғам өмірінде елеулі орын иеленіп үлгерген халықаралық журналистика атты ерекше әлеуметтік институттың даму жолдарына бір сәт көз жүгіртіп, ой бөлісуді жөн көрдік.

Өткен жүзжылдық қоғам өмірінде бұқаралық ақпараттық қарым-қатынастың атқаратын міндетінің барған сайын арта түскендігін айқындап берді. Әлеуметтік түбегейлі бетбұрыстар, бұрын-соңды болмаған техникалық прогрестердің ғасыры ақпарат саласында бірнеше тың қадамдар жасады. Оның өзі адам баласының өзара қарым-қатынасына жаңаша леп әкеліп, күнделікті тіршілік тынысында өзгеше байланыстың қалыптасуына ықпал етті. Ақпараттық қарым-қатынастың дамуы әлеуметтік өмірге үнемі жаңаша сапалық өзгерістерді әкеліп,  қоғамдағы ақпарат ағынының аясын кеңейтті. Алайда, аталмыш үрдіс біркелкі жүрілмегендігімен ерекшеленеді.

ХХ ғасырдағы ақпараттық қарым-қатынастың алғашқы қадамы жоғары дамыған елдерде ХІХ ғасырдың соңында мерзімді баспасөз өмірінде жасалған шұғыл бетбұрыс арқылы көрініс тапты. Ат төбеліндей азғана оқырманға ғана қызмет еткен, таралу аумағы тым тар болған мерзімді баспасөз өзінің 300 жылдық тарихында тұңғыш рет бұқараны жаулап алды да, ғасырлар тоғысында ақпараттың маңызды құралына айналды. Әлеуметтік, технологиялық, экономикалық кешенді фактордың ықпалымен мерзімді баспасөзде жаңа сапалық өзгеріс пайда болды. Осылайша журналистиканың әлеуметтік институт ретіндегі маңыздылығының күрт артуына жол ашылды. Қалың бұқара жаппай сауат ашып, бүкілхалықтық сайлау жүйесінің енгізілуі өзге қоғамдық институттармен салыстырғанда журналистиканың қоғамдық-саяси үрдіске ықпал ету қабілетін арттырды.

Ақпараттық қарым-қатынастың екінші қадамы ретінде радионың өмірге келуін атап айтуға болады. ХХ ғасырдың басында дауыс, дыбыспен ауызша ақпарат жеткізетін «сымсыз хабаршы» радионың байланыс саласындағы жаңа құралға айналуы журналистика тарихындағы жаңа құбылыс болды. 1920-30 жылдары радиохабар кең тарап, миллиондаған тыңдаушыны қамтыған көпке ықпалы зор жаңа арна қалыптасты. Жүре келе мерзімді баспасөз бен радиохабар арасында бірлескен іс қимыл мен бәсекеге негізделген теңдік ұстанымы туды.

Ақпараттық қарым-қатынастың үшінші қадамына келсек, бейнелі ақпарат жеткізуге арналған тәжірибелік істің алыс қашықтықтағы кеңістікке тұрақты түрде телехабар тарата алатын жағдайға ауысуы еді. Нәтижесінде телевизия атты техника бұқаралық ақпарат құралына айналып шыға келді. Елуінші жылдары телевизияның БАҚ  болып қалыптасуы - мерзімді баспасөз бен радиохабар арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеліп соғып, жағдайды өзгертіп жіберді. Телевизия өзінің қалыптасуының соңғы сатысында әлемнің көптеген елдерінде ең көп аудиторияға ие болды. Сонымен қатар дыбыс пен дауыстың, мәтіннің, қимыл-қозғалыс пен бейненің көмегі арқылы ықпал ету қабілеті зор ақпараттың басты құралына айналды. Телевизияның қарқынды зор секірістері мерзімді баспасөз бен радионы белгілі деңгейде болса да дағдарысқа ұшыратып, телехабарлармен бәсекелестіктің жаңа жағдайына бейімделуіне, тың ізденістермен басқаша тәсілмен жұмыс істеулеріне итермеледі.

Ақпараттық қарым-қатынастың төртінші қадамы ХХ ғасырдың соңғы 25 жылында басталды. Осы тұста телевизия ақпаратының қамту аясы түбірімен өзгергендігімен ерекшеленеді. Ғарыштық және кабелдік телевизия күшті дамып, аса көп мөлшерде ақпарат жинауға, сақтауға және бүкіл дүниежүзіне жедел таратуға толық мүмкіндігі бар компьютерлік жүйенің пайда болуы журналистиканың дамуын жаңа сатыға көтерді. Аталмыш жүйенің мүмкіндігі - мәтіннің, дауыс пен дыбыстың және бейнелі ақпараттың сол сәтте жедел тарайтындығында еді. Осы сипатымен ол дәстүрлі БАҚ-та болмаған ақпараттық қарым-қатынастың тың әрі жан-жақты, белсенді тұрпатын қоғам өміріне әкелген болатын.

Сексенінші жылдардың алғашқы жартысында «әлемді жайлаған ғаламтор» - компьютерлік жүйенің әлеуетті дамуы 90-жылдардың орта тұсында миллиондаған адамдар үшін бұрын-соңды өмірде болмаған аса ірі ақпараттық базаларға енулеріне мүмкіндік берді. 2000 жылдың басында әлемнің екіжүз миллион тұрғыны онлайн ақпараттық жүйеге енсе, келесі алты жылда олардың саны 800 миллионға жеткен. Қысқа мерзім ішінде мыңдаған жүйедегі онлайн баспасөз әлемнің қай бұрышында екендігіне қарамастан жүйені пайдаланушыларға қалаған сәтінде жеткізіліп тұруы бұрынғы кезбен салыстырғанда ірі жетістік екені рас.

1996 жылдан бастап электрондық журналистика қарқынды дамып, айналасы бір ғана жылдың ішінде АҚШ-та осы жүйеде 1300 онлайн газет, журнал өз ісін жүргізе бастаған. Сонымен 400 күнделікті газеттің және жүздеген журналдардың электрондық нұсқасы пайда болған және оннан астам күнделікті электрондық басылым жаңадан шыға бастаған. 2000 жылдың басында АҚШ-та күнделікті шығатын 1500 газет, 18 мың журнал өздерінің жеке Web сайттарын ашқан. Жүздеген ақпараттық агенттіктер, телекомпаниялар, радиостанциялар Web-тораптарға ие болды.

Компьютерлік жүйенің жылдамдықпен дамуы ХХ ғасырдағы ақпарат құралдарынан мүлде өзгеше сандық технологияға көшкен, жаңа құралға негізделген жаһандану заманының ақпарттық кеңістігін құрып отыр.  Бүгінде Интернетте кең масштабтағы ақпараттық базасы бар, дауыс-дыбысымен сақталған, кері байланыс орнатылған мультимедианың барлық сипатын өн бойына сіңірген «онлайн - газеттер» мен «онлайн - журналдар» пайда болды. Зерттеушілердің алдағыны болжауларынша, компьютерлік ақпараттық қатынас жүйесінің көмегі арқылы мерзімді баспасөз, радио, телевизия үшеуінің өзара бірігіп, бір-біріне сіңісу үрдісі жүрілмек.

Сексенінші жылдары Америка ғалымы А.Тоффлер өндірістік прогрестің нәтижесінде пайда болған кең арнадағы ақпарат қабылдаушыларға арналған дәстүрлі БАҚ-тың дәурені бітті, енді өндірістен кейінгі әлеуметтік ақпарат қабылдаушылардың әртүрлі топтарына арналған «микро оқырман-тыңдаушы-көрермендерге» ұсынылатын ақпараттық қарым-қатынастың жаңа құралдарының күні туды деген тұжырым жасаған. БАҚ-тың топтастырылуын тежеу яғни, ақпарат қабылдаушылардың қажеттіліктері мен сұраныстарына сай белгілі бір салалар мен топтарға бөліну үрдісі әлеуметтік себептердің, технологиялық прогрестің, жарнама бизнесінің ерекшеліктеріне байланысты туындайды. Белгілі бір бағыт бойынша салаларға бөлінген ондаған арналары бар ғарыштық және кабелдік телевизияның кең өріс алуы ақпарат қабылдаушылардың топтарға бөлінулеріне елеулі ықпал етіп отыр. Сонымен бірге тағы бір әсер етуші фактор - тұтынушылар нарықтың әртүрлі әртүрлі салаларына қызығатыны, түрлі бағыттағы қажеттіліктер мен сұраныстар және социологиялық зерттеулерге негізделген салалық жарнама технологияларының өмірге дендеп енуі. Аталмыш үрдіс әлемді торлаған компьютерлік жүйе дамыған сайын күш алу бағыты байқалып отыр.

Ақпарат қабылдаушылардың белгілі бір үлгісінің қалыптасуына ықпал еткен журналистиканың коммерциялық сипаты барған сайын тереңдеп, электрондық ақпарат құралы атты мерзімді баспасөздің аса күшті бәсекелесінің тууы Батыс Еуропа мен АҚШ медиа саласының дамуына дағдарыстың ұшқынын тастады. Бәсекелестік барысында алға шыққан баспасөздің жетекшілік орынға жайғасуы дағдырыстың туындауына себеп болды. Айталық, Нью-Йорк мерзімді баспасөзі мен жарнама нарығында бір кезде оншақты күнделікті газет бәсекелесіп келген болса, 90-жылдардың басында небары төрт-ақ газет қалған. Шын мәнінде, Нью-Йорктің нарығында күнделікті «The New York Times» газеті ғана билеп-төстеп, коммерциялық қызмет пен жарнама табысының көп бөлігін иемденіп отыр. Мұндай көріністер Еуропаның ірі қаларының барлығына дерлік тән. Әсіріесе, саяси партиялардың басылымдары Еуропада өте ауыр жағдайға тап болып, оқырмандарының саны күннен күнге азая түсуде. Германияда бұрын көп тиражбен жарық көретін жүзге тарта газет болса, 90-жылдары жалғыз газет, яғни, Демократиялық социализм партиясының «Meues Deutshland»-сы ғана қалғаны жоғарыда айтқанымызға дәлел болса керек.

1978 жылы Еуропа кеңесі парламентінің ассамблеясы осы аумақтағы мерзімді баспасөздің дамуында дағдарыстың пайда болғанын мойындай отырып,  газет, журналдарға мемлекет тарапынан қолдау қажет деген қорытындыға келген. Ассамблея баспасөз редакцияларына, оны шығарушыларға дотация берілуін, почта, байланыс, салық, кеден және өзге де жеңілдіктердің жасалуын ұсыныс еткен. Осы саясатты жүзеге асырған елдер бүгінде белгілі нәтижелерге жетіп отыр. Голландия, Норвегия, Австрия секілді елдерде барлық күнделікті газеттерге қаржылық қолдау көрсетіледі. Швецияда мемлекеттің көмегінің арқасында социал-демократтардың «Arbetet» (еңбек), консервативтердің «Svenska Dagbiadet» (Швецияның күндізгі газеті) деген екі ірі саяси газетті сақтап қалудың мүмкіндігі туған. Швецияда жергілікті газеттерді қолдаудың арнайы бағдарламасы жүзеге асырылса, Голландияда 1974 жылдан газет, журналдарға көмек көрсетуді көздейтін Баспасөз, ақпарат қоры жұмыс істейді.  Австрия, Англия, Голландия, Норвегия, Франция елдерінде БАҚ-ға почта мен байланыс қызметтері арқылы жеңілдік жасалатындықтан экономикалық жағынан пайдалы жұмыс істеуге қолғабыс тигізеді. Үкімет орнынан көрсетілетін қаржылық қолдаулар мен әртүрлі жеңілдіктер редакцияның дербестігін қамтамасыз етуге, баспасөздегі пікіралуандықты сақтауға және БАҚ-тың орталықтандырылуынан туындайтын кері жайларды шектеуге көмектеседі.

Көз алдымызда кең өріс алып, қарыштап дамып келе жатқан компьютерлік ақпарат қатынасы жүйесі, хабарлардың сандық технологиясы мен ақпараттың топтастырылуы баспасөз құралдарының дәстүрлі келбетін түбірімен өзгертті. Алайда, ХХ ғасыр журналистикасының дамуында кездесіп отырған кейбір қайшылықтар мен өзекті мәселелер толықтай шешімін тапқан жоқ. ХХ ғасырдың соңында әлемнің көптеген елдерінде БАҚ-тың коммерциялық құрал ретінде көрініс табуы біршама күш алды. Газет, журнал басу, бағдарлама дайындау үрдісі ақпараттық өндірістің саласына айналып, тұтынушылардың нарықтық талаптарына бой ұрған іскерлік сипат, тиімді жұмыс істеуге бағытталған менеджмент, маркетинг стандарттары енгізілуде. АҚШ ақпарат саласы қызметкерлерінің  «Американың ақпараттық өндірісі - бизнес» деп мәлімдеулері кездейсоқтық болмаса керек. Батыс Еуропаның өзінде БАҚ-ты - «медиа-өндіріс», журналистердің туындыларын нарықтағы өзге тауарлармен бірдей «медиа-өнім» деп атайтын болды.

Коммерциялық бағыттағы журналистикада (profilt seeking) журналист пен баспасөз, ақпарат құралы белгілі бір нарыққа қызмет етуге тиіс деген дүниетаным орнықса, дәстүрлі журналистикада ең алдымен азаматтарға, қоғамдық санаға немесе жеке тұлғалар болып табылатын оқырмандарға жол тартуға тиіс делінеді.

Журналистиканың коммерциялық сипаты басымдық танытып отырған кезеңде нарық механизмдері арқылы жүзеге асырылатын БАҚ пен журналистің қызметін экономикалық тұрғыдан үйлестіру маңызды міндет атқарады. Нарық қысымының өзі бәсекелестік аясында қызметін жүргізіп отырған БАҚ пен журналистің артықшылығын және «ойын ережесін» анықтап беретіндігімен ерекшеленеді. Коммерциялық фактордың қазіргі БАҚ-тың қызметіне қалай әсер етіп отырғанын Америка журналистикасынан анық көруге болады. Тоқсаныншы жылдардың ортасында аталмыш елдің газеттері өз бюджетінің 80 пайызын жарнамадан, 20 пайызын жазылушылар мен сатудан түскен ақшадан құраған. Яғни, жарнама берушілер мен оқырмандардың газет қаржы көзін құраудағы ара  салмағы 4:1 болып өзгерген. Жарнаманың осыншама зор ықпалы баспасөздің мазмұнына да әсер етіп, мейілінше оқырман қауымның назарын аударатындай материалдар жариялауды көздейтін болды. Айталық, 90-жылдардың басында АҚШ газеті тілшілерінің  19 пайызы спорт, 8 пайызы қылмыс және сот ісі жайындағы мәселелер, 7 пайызы бизнес тақырыбы бойынша арнайы маманданған. Олай болса, қоғамдық, әлеуметтік және білім мәселелері бойынша маманданушылар небары төрт-ақ пайызды құраған.

ХХ ғасырдың соңғы 25 жылында коммерциялық телевизия біршама қарыштап дамумен қатар ақылы хабарлар, бағдарламалар әзірлеу көптеп қолға алынған. Дәл осы үрдіс бүгінде Еуропа одағы елдері қауымының бас ауруына айналды. Мемлекет, үкімет тарапынан қоғамдық телевизияны дамыту, қолдауда нақты қадамдар жасалып та жатыр. Алайда, қаласа да, қаламаса да коммерциялық телевизиямен бәсекелесуге мәжбүр қоғамдық телекомпаниялар жарнама мен коммерциялық қызметтің жабық формаларын кеңінен пайдалануға көшті.

Соңғы 20 жылда ірі телекомпаниялар бұқараның назарын  ерекше аударатын шоу бағдарламалар, спорттық сайыстар секілді оқиғаларды бірыңғай көрсетумен айналысатын құқыққа ие болулары жиі байқалуда. Мұндай құқықтарды көбінесе қаржы, экономикалық мүмкіндіктері мықты коммерциялық телекомпаниялардың иеленіп жатуы қоғамдық телевизияның қызметіне кері әсерін тигізіп отыр.

Журналистикатанушылардың тұжырымдауларынша, БАҚ-тың коммерциялық сипаты барған сайын тереңдеп, компьютерлік жүйені кеңінен пайдалануы ХХ ғасырдың соңында бай мен кедейдің қайшылығы арасында ақпаратпен қамтамасыз ету деген тағы бір ірі өлшемнің келіп қосылуына түрткі болды. Оқырмандардың бір бөлігі интернеттен бастап, барлық ақпарат көздері мен арналарды пайдаланса, келесі тобы ақша-қаражаттың тапшылығынан ақпарат қабылдау мүмкіндіктері өте шектеулі болып отыр.

ХХ ғасырда әлемнің өнеркәсібі жоғары дамыған елдерінің БАҚ-ының дамуындағы елеулі бір көрініс - олардың санаулы ірі концерндердің иелігіне шоғырлануы болып отыр. ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында АҚШ-та, Англияда, Германияда, Францияда пайда болған монополиялық бірлестіктер өткен ғасырдың бастапқы жартысында өз елдерінің медиа нарығында жетекші орындарға шыққан.

Дүниежүзілік екінші соғыстан кейін Батыс елдерінде медиа-корпорациялар ақпараттық емес ірі компаниялармен қызметтік байланыстар құруы ірі медиа-корпорациялардың пайда болуына түрткі болған. Олар әлемдік ақпарат нарығына ену мақсатымен іс қызметтерін еларалық бағытқа бұрған. Бүгінде ақпараттық қарым-қатынастың ең соңғы үлгідегі технологиясын пайдаланатын қаржы, экономикалық ірі базалы корпорациялар халықаралық ақпарат нарығында алдыңғы қатарда жүр. Олардың іс қызметінің бүкіләлемді қамти бастауы ақпарат өндірісінің жаһандануы болса керек.

Ірі медиа-корпорацияларға қарасты АҚШ-тың «International Gerald Tribune», «USA Today», «Wall Street Journal», Англияның «Financial Times», Францияның «Le Monde», Германияның «Frankfurter Allgemeine Zeitung» газеттері және «Time», «Newsweek», «Readers Digest» (АҚШ) журналдары сынды мерзімді баспасөз әлемнің көп елдеріне ірі тиражбен таратылуда. Олардың көбінің шет елдерге арналған нұсқалары бар. Ішінара оқырмандардың ерекшеліктеріне сай жергілікті ұлттардың тілдерінде де жарық көреді. Осы сипаттағы газет, журналдардың әлемде көптеп тарала бастауы «халықаралық» немесе «жаһандану» бағытындағы мерзімді баспасөздің жаңа үлгісінің қалыптасып келе жатқандығы жайында тұжырым жасауға зерттеушілерді итермелеп отыр.

Қазіргі таңда бәсекелестіктің жағдайы аса күрделі сипатқа еніп, жаңа замандағы ақпараттық бизнестің халықаралық тұрпатқа көшуі алдағы уақытта медиа-концерндердің бірігіп, ұлғая түсу бағытын аңғартады. Америка журналистикатанушыларының мәліметтеріне қарағанда, 80-жылдардың басында әлемдік масс-медиа саласында 50 ірі корпорация алға шыққан болса, бұл сан 1989 жылы - 29, 1990 жылы - 23, 1992 жылы - 14, 1997 жылы - 10 болып азайған екен.

2000 жылдың бастапқы жартысында әлемнің ақпарат нарығында бар-жоғы алты-ақ концерн жетекші орында болған. Сол алтаудың бесінің орталығы АҚШ-та, біреуі ғана Германияда еді. Бұл 1998 жылы әлемнің ең ірі баспасөз орындарының бірі «Рэндом Хаус»-ты сатып алғаннан кейін жаһандық медиа жүйеге айналған «Бертельсман» концерні болатын.

Тоқсаныншы жылдардың соңында әлем ақпарат нарығында алға шыққан еларалық корпорация - «Тайм-Уорнер» болды. Оның аясында Тернердің «CNN News Group», көңіл көтеруге арналған телевизияның кабелдік жүйесі, НВО-ның ақпараттық және әдеби-көркем бағдарламалар арнасы, сазды әуендік «Warner Musik Group», «New Line Cinema» кино компаниясы, көптеген баспалар, кітап дүкендері, кітапқұмарлардың клубы, Интернеттегі жүздеген онлайн басылымдар, Web сайттар қызмет жүргізеді. 2000 жылы қаңтарда «Тайм-Уорнер» мен «Американ Онлайн»  корпорациясының бірігуі ірі мега-концернге айналуға жол  ашты. Олар бірден ХХІ ғасырды «Интернет дәуірі» болады деп жариялаған. Жаңа концерннің қатарына 33 ірі журнал, НВО, CNN, TBS, TNT, Cartoon Network және өзге ондаған БАҚ, кино компаниялар, «Compuserve», «Netscape» секілді компьютерлік ақпарат қатынас жүйесі кіреді.

Екінші басты медиа-концерн - «Уолт-Дисней». Оның қатарына жүздеген ақпарат құралдарымен қатар әлемнің ең ірі телекомпаниясы американдық АВС кіреді. Жоғарыда аталған ірі алтаудың қатарына «Ғох» тележүйесі, «Fox News Channel»-дің иесі Р.Мэрдоктың «Ньюз корпорзйшн», NBC тележүйесі, CNBC кабелдік жүйенің меншік иесі «Женерал Электрик» концерні, тәулік бойы хабар тарататын кабелдік телевизияның MSNBC арнаны меншіктейтін «Майкрософт» корпорациялары жатқызылады.

Журналистика «инфо-ноо» аясындағы көрініске айналды деген сөз жиі естілетін болды. Ақпараттық қатынас жүйесінің жаһандануы бүкіләлем халықтары мәдениетінің өзара ықпал етуіне, байытылып дамуына, ақпаратты дүниенің қай бұрышына да жедел жеткізуге лайықталған ашық қоғамның қалыптасуына қолайлы жағдай тудырып отыр. Сонымен қатар елдер мен халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін, өзіндік ерекшеліктерін жоғалтуына, санасын бір қалыпқа салып теңестіруіне ықпал етуі де ғажап емес.

Бұқаралық ақпарат қарым-қатынасының тарихи дамуы қайшылыққа толы, күрделі болса да қазіргі  өркениет үшін оның алар орны, маңыздылығы  ерекше екендігі дау тудырмаса керек. Журналистика адамзат тағдырына маңызды ықпал жасаумен қатар оның ақпаратының жаһандық кеңістігі қалыптасып келеді.

Ақпараттық қарым-қатынастың жаһандық жүйесі пайда болып, іс қимылының қарқын алуы адам қолымен жасалған жаһандық аумақтың белгілі бөлігі дербестеніп «ноо сфера»-ны, оның ақпараттық аясын тудырып отыр. Бұл жайында ресейлік ғалым Е.А.Корниловтың «Ақпараттық ноо-сфера - адам баласының жасаған білімі, танымы секілді руханияттың, өркениеттік дамудың, жаңа технологияның жетістігі, қоғамдық мәдени дамудың нәтижесі әрі журналистика теориясының мен кейбір нақты ғылыми зерттеудің кешенді нысандарының бірі болуға тиіс» - деп ерекше атап көрсеткені бар.

Осылайша, бүкіләлемде журналистика ақпараты ықпалды әрі ірі қозғаушы күшке айналып отыр.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2023
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2438
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2026
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1587