Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Деп жатыр 4454 6 пікір 25 Қаңтар, 2022 сағат 16:45

«Еділ елі»: Татарлар жаңа мемлекет құра ма?

«Татарстан Республикасы агломерацияларының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері мен перспективалары» стратегиялық сессиясында Ресей есеп палатасының басшысы Алексей Кудрин орталығы Татарстан болатын Еділ агломерациясын құру туралы ойын жеткізді.

Ол Татарстан халқы 4 миллион адамды құрайтынын айтып, «Татарстан өзінің тиімділігі, қуаттылығы мен алға ұмтылуына қарамастан әлі де саяси салмағы аз. Біздің бағалауымызша, бұл 8, 9 және 12 миллион адамды біріктіретін аймақ болуы мүмкін деп санаймыз. Бұл қазірдің өзінде тиісті өмір сүру сапасы бар, халықаралық деңгейдегі орталық бола алады. Еділ агломерациясы болсын, Мега-агломерация немесе метрополия болсын, Татарстанның мүддесіне қайшы келмейді»,- деді Кудрин.

Есеп палатасының басшысы Еділ аймағының географиялық тұрғыдан жақсы орналасқанын атап өтті. Агломерацияны дамыту кадрлар тапшылығы мәселесін, оның ішінде Татарстанның да мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Оған Татарстан президенті Рустам Минниханов «айтылған ойдың жалпы жаман емес екенін» айтып, агломерация құрамынан «Нижний Новгород, Самара, әсіресе, Башқұртстан, Ульяновск, Чувашия, Удмуртия » жерлерін көргісі келетінін жеткізді.

Аталған аймақтар бұрыннан Еділ ұлтжандылары көтеріп жүрген Ұлттық Республикаларды біріктіру арқылы құрғысы келетін Еділ-Оралдың бастамасына сәйкес келеді.

Сонымен қатар, Минниханов атап өткен барлық аймақтарда татар халқының айтарлықтай үлесі бар. Башқұртстанда 2010 жылғы санақ бойынша 1 миллион 9,2 мың татар (халықтың 24,78%) өмір сүреді. Ульяновск (149,9 мың немесе 11,59%) және Самара (126,1 мың немесе 3,92%) облыстары, Удмуртия (98,8 мың немесе 6,50%), Нижний Новгород облысы (44,1 мың немесе 1,33%) және Чувашия (34,2 мың немесе 2,73%). Осылайша, 2 млн 12,5 мың татарды біріктірген кезде Татарстанның өзінде агломерацияға кірген басқа өңірлерде 1 млн 462,3 мың татар қосылады.

Кудрин сөз барысында: «Бұл агломерациялардың ішіндегі ең мықты орталық – сіздер боласыздар. Ресейде қазір Мәскеу ғана халықаралық деңгейдегі орталық, тіпті Петербургтің өзі 5 млн халқымен жете алмайды», - депті.

«Татар ұлтжандылары мұндай үлкен Татарстанды көптен бері армандап келеді. Талқылау барысында Кудрин «агломерациялар халықаралық деңгейде болады», - деді. Яғни бұл - жаңа мемлекеттің іргетасы қаланып келе жатқанынан хабар береді»,- деп жазды Readovka телеграм арнасы.

Айжан Темірхан

Abai.kz

6 пікір