Жұма, 26 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 6455 29 пікір 16 Желтоқсан, 2021 сағат 19:13

Алматы әкімдігі Тәуелсіздік күнінен неге қорқады?

Алматы азаттықтың куәгері, боздақтардың қанын көрген қасиетті қала. Желтоқсан десе есімізге бірден Алматының алаңы түсетіні де содан. Тәуелсіздік күнін атап өтуде Алматы алда болуы тиіс еді, алайда олай болмады. Бүгін «Желтоқсан оқиғасының» 35 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қала әкімдігі Тәуелсіздікке арналған шараны алаңда ым-жымсыз, тез өткеруді жөн көрді. 

Іс-шара басталмай тұрып, алаңды әкімдік қоршап тастады. Бас алаңға жол жабылды, ал оған бару үшін көлікті кемі жарты шақырым жерге қойып кетуіңізге тура келеді. Алаңға барар жолдың барлығында полиция қызметкерлері тұрды.

Алаңдағы бас шара биыл ерекше салтанатпен өтеді деп күтілген болатын. Олай болмады. Әдеттегідей, анығы жетім қыздың тойындай өтті. Желтоқсан құрбандарын еске алып, монументке гүл шоғын қою рәсіміне қала тұрғындары аз келді. Алаңда үкіметтік емес ұйым мүшелері, мемлекеттік орган қызметкерлері мен ауған соғысына қатысқандар және әрине, желтоқсаншылар болды. Барлығы 200-250 адам. Одан бөлек бұрыш-бұрышта сарбаздар тобы мен көліктерде арнайы қызмет өкілдері отырды. Олардың саны алаңға жиналған қауымнан көп болмаса, аз емес.

Гүл шоқтарын қою рәсіміне қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Ол тез арада гүл шоқтарын қойып, алаңнан кетіп қалды. Ең басты мерекеде, ең басты алаңда  халықпен бірге неге көбірек болмағаны түсініксіз. Жалпы мемлекеттік орган қызметкерлері бұл күнді белгісіз «үрей» сезімімен қарсы алады. Қалада қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, студенттерді жатақханадан шықпауға шақырады, ал бас алаңдарда интернет өшіріледі. Тура бір Тәуелсіздік күні емес, төңкеріске дайындалып жатқандай болады.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін, алаңдағы салтанатты шара тез аяқталды. Әкімдік қызметкерлері халық кетпесе да, арнайы шығарылған баннерлерді жинап жатты. Ал алаңның арғы бетінде «Жаңа Жылға мені қашан безендіресің» дегендей шырша оралып тұрды.

Артынша алаңда Жанболат Мамай бастаған белсенділер мен «Оян, Қазақстан» жастары митинг өткізіп, «Желтоқсан мен Жаңаөзен» құрбандарын еске алды. Осылайша Тәуелсіздік күні өте шықты. Әкімдік тарапынан не ән, не күй, не мерекелік концерт болған жоқ. Алаңдағы халықпен бірлесіп отты жырлар да оқылмады. Әкімдік тілімен айтсақ «для галочки» жасалған шарадай болды да қалды...

Abai.kz

29 пікір