Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4495 0 пікір 27 Маусым, 2012 сағат 12:28

Болат Мүрсәлім. Нақақ

Аса аяулы Ахаңның «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?!» деген бір сөзі бар еді. Қазақтың көгіне өрмелеп шығып күн болған ердің бірі әрі бірегейі - Жаһанша Досмұхамедов еді. Бүгін, 27 маусым - ғазиз Жақаңның - Жаһанша Досмұхамедовтің туған күні. Биыл - 125 жылдығы.

ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының бәрі елім деген ерлер еді. Оларды елі де ерім деп таныды. Сенді. Соңынан ерді. Мұқым Алаш баласын Азаттыққа жетелеген жал толқын, жасындай топтың ішінде Жаһаншаның орны ерекше еді. Алаштың өткір тілі атанған Жақаң туған халқына нақақтан нақақ қызыл қаны төгілгенше қызмет етті.

27 маусым - Тәуелсіз Қазақстанда тып-тыныш әдепкі күндердің бірі болып өтіп бара жатыр. Үкіметтің мерейтойларды атап өтуге қатысты жарлығында 125 жылдық ел көлемінде аталып өтуі тиіс. Амал не, Азаттықтың арқасында асығы алшысынан түсіп отырған бүгінгі үкіметке Алаш та, Жаһанша да жат. Құдды, «Соқыр, мылқау, танымыс тірі жанды». Жарайды, үкіметке өкпе жоқ. Өгейдің аты - өгей.

Қоғамға да сын жоқ. Тарихи танымынан, елдік ерлік жырынан жырылып, я жүйесі, я арнасы жоқ жайдақ су болып кеткелі қашан. Кім көрінгеннің иті сарып, «аң-құсы» емін-еркін тайраңдап жүрген қоғамнан Алашты, Жақаңды білмедің деп өкпелеу орынсыз болар еді.

Аса аяулы Ахаңның «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?!» деген бір сөзі бар еді. Қазақтың көгіне өрмелеп шығып күн болған ердің бірі әрі бірегейі - Жаһанша Досмұхамедов еді. Бүгін, 27 маусым - ғазиз Жақаңның - Жаһанша Досмұхамедовтің туған күні. Биыл - 125 жылдығы.

ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының бәрі елім деген ерлер еді. Оларды елі де ерім деп таныды. Сенді. Соңынан ерді. Мұқым Алаш баласын Азаттыққа жетелеген жал толқын, жасындай топтың ішінде Жаһаншаның орны ерекше еді. Алаштың өткір тілі атанған Жақаң туған халқына нақақтан нақақ қызыл қаны төгілгенше қызмет етті.

27 маусым - Тәуелсіз Қазақстанда тып-тыныш әдепкі күндердің бірі болып өтіп бара жатыр. Үкіметтің мерейтойларды атап өтуге қатысты жарлығында 125 жылдық ел көлемінде аталып өтуі тиіс. Амал не, Азаттықтың арқасында асығы алшысынан түсіп отырған бүгінгі үкіметке Алаш та, Жаһанша да жат. Құдды, «Соқыр, мылқау, танымыс тірі жанды». Жарайды, үкіметке өкпе жоқ. Өгейдің аты - өгей.

Қоғамға да сын жоқ. Тарихи танымынан, елдік ерлік жырынан жырылып, я жүйесі, я арнасы жоқ жайдақ су болып кеткелі қашан. Кім көрінгеннің иті сарып, «аң-құсы» емін-еркін тайраңдап жүрген қоғамнан Алашты, Жақаңды білмедің деп өкпелеу орынсыз болар еді.

Ұлттың, сол ұлт құрған мемлекеттің мүддесін қорғаймыз деп ұлардай шулаған көп ұйымға да реніш жоқ. Тапсырыспен болмаса атақ пен даңқ әкелетін дүниеге ғана жалаулатып, жан дәрмен кірісетін қоғадай жапырылған көп ұйымның көздегені - елдің, мемлекеттің шынайы тарихы және Жақаң секілді тарихи тұлғалары емес.

Тек өкініш бар: Алашты, Жақаңды ұлтына қызмет еткені үшін жазықсыз, нақақ атқан, бүткіл Алаш жұртын тарихи жадынан айырып, бүгінгідей мүшкіл халге жеткізген қаныпезер, қандықол коммунисттердің заңды мұрагері - Қазақстан Коммунистерінің биліктің аса маңызды бұтағы - парламенттің төріне шығып, тағы да Алаш жұртының мойнына мініп, қарқ-қарқ күліп, қазаққа қарсы қызметке кіріскені.

Жақаңды, Алаштың асқақ рухын сезініп, соның жолын ұстанып, тамыры терең мемлекеттік тарих мен ұлттың таудай тұлғалары Тәуелсіз елдің тағаны мықты тұғыры екенін білетін, дәл осы тұғыр келешектің санасында мөрдей болып таңбаланбаса, ел болып көгеріп, көктеп, көктемейтінін терең сезінетін, білетін ат төбеліндей топ қана бүгін еске алып, еміренді.

Ал, Алаштың, Жақаңның жолы жарқырап жатыр. Түбі сол жолда бәріміз шұрқырасып табысармыз.

«Жасасын, Алаш, жасасын!»

«Абай-ақпарат»

 

- Сіздің Октябрь Социалистік революциясына көзқарасыңыз қандай болды?

- Менің жеке өзім Октябрь революциясының жауы болдым. Біз Американың Біріккен Штаттарының қоғамдық-саяси құрылысын идеал деп санадық.

- 37 жылы Бөкейхановпен ең соңғы кездесулеріңізде не айттыңыздар?

- Бөкейханов менің көңілімді көтерейін деп, әртүрлі күлдіргі әңгімелер ғана айтты.

- Халел Досмұхамедовке не дедіңіз?

- Егер ГПУ бізді тұтқындаған жағдайда, әркім ары қарай не істеу керектігін өзі шешсін дедім.

Жаһанша Досмұхамедовтің

тергеуге берген жауабынан

4 маусым, 1938 жыл

Бұл Жаһанша Досмұхамедовтің НКВД тергеушілеріне берген ең соңғы жауаптары еді. Өмірінің ең ақырғы, ең қимас сәттері өтіп бара жатқанын сезгендей, Жаһанша әр сұраққа шегелей, бірақ шыбында жаны шырқырай жауап береді. Инсульттен енді ғана бас көтерген, тілі күрмелген, сол қол - сол аяғы істемейтін Жаһаншаны Мәскеу тергеушілері мүлде аяған жоқ. Тергеу небәрі төрт күнге ғана созылды.

Жаһанша 1887 жылдың 27 маусымында дүниеге келген. Ол Досмұхамедтің  Ғаббастан кейінгі екінші ұлы. Жаһаншаның анасы Мыжық - атақты Сырым батырдың елінен. Досмұхамед оны алты жасынан Жымпитыдағы Приходская школада оқытады. Жаһанша онда арабша және орысша екі жыл оқиды.

Бұл шақта Орал қазақтары арасында балаларын орысша оқыту жаппай үрдіске айнала бастаған. 1841 жылы Ордада Жәңгір хан өз қаражатына қазақ балалары оқитын мектеп ашуды бастаса, арада елу жыл өткенде, Жайық өңіріндегі мектеп-медреселердің саны жүзге жуықтайды. Солардың ішінде шоқтығы биік оқу орны - Оралдағы әскери реалдық училище болатын. Жаһанша бір жылдық дайындық курсынан соң, он екі жасында осы училищеге оқуға түседі. Училищедегі 300 курсанттың 18-і қазақ баласы еді. Осы оқушылардың ішінде Халел, Жаһанша, Нұржан, Нұрғали, Бақтығали, Сабыржан және Молданияз есімді балаларға Соналы болысының управителі Ақшолақ Сарықожаұлы арнайы стипендия төлеп тұрады.

 

Анықтама: Ақшолақ Сарықожаұлы - «Ресей империясының мирасқор Құрметті азаматы» атағын алған, Орал өңірінің оқу-ағарту ісіне ерекше үлес қосқан адам. Жаһанша мен Халелдің алты жыл училищедегі, кейіннен Мәскеу мен Петербургтегі оқуларына қаржылай көп көмек көрсеткен.

 

Әкелері аттас Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтердің достығы осы Орал училищесінен басталған. Жаһанша Халелден үш сынып төмен оқыса да, қоғамдық істерде үнемі ағаларының қасынан табылады.

Жаһанша училищенің төртінші сыныбында оқып жүргенде тарихтан беретін статс-кеңесші Александр Звябинге: «қазақ халқының тарихы туралы айтыңызшы» деген сұрақ қояды. Сонда Звябин: «Досмұхамедов, сен Ресей азаматысың. Ұлы орыс халқы мен Ресейдің барлық болашағы орыс тілі мен мәдениетінде» деп жауап береді. Жаһанша бұл шақта он төрт жаста еді. Сол кезден ол қазақтың болашағы үшін заңгер болуға бет бұрып, 1906 жылы Мәскеудегі Император университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Мұнда ол Рим құқығы тарихы, Құқық философиясы, Халықаралық құқық, Азаматтық құқық, Еуропа елдерінің мемлекеттік құқығы сияқты пәндерден кәсіби заңгерге тән базалық білімді алып шығады. Ал, Халел Досмұхамедов бұл уақытта Петербордағы Әскери-Медицина академиясында оқиды.

Жиған біліміммен халқыма арнасам деп армандайтын Жаһанша заңгерлік жұмысын еліне қызмет етумен бастай алмайды. Өйткені, Патша өкіметі бодандықтағы ұлт оқығандарын еліне жұмыс істеуге тыйым салған. Сол себепті ол 1911 жылдан бастап Переселен мекемесінде статист болып жұмыс істейді. Алайда, 1911 жылы «Уральский листок» газетінде «Қазақ халқының әдет құқығы және халық соты жөнінде бірер сөз» деген үш мақаласы үшін жұмыстан қуылады. Бұл мақалада ол қазақтың құқықтары туралы терең теориялық зерттеулер жазған еді.

Туған жерден қуылған соң, Жаһанша 1912-13 жылдары Омбы сот палатасында, Барнауыл және Змеиногор уездерінде сот қызметтерін атқарады. Ал, 1914 жылдың наурызында Том округтік сотының Каин уезі бойынша прокурор көмекшісі болып тағайындалады. Прокурор көмекшісі қызметінде ол саяси себептермен жер аударылғандар мен түрмедегілерді қадағалайды. Бұл кезде оның атқарған қызметі Әділет генералы деңгейіндегі қызмет болатын. Жаһанша осы жұмыста 1917 жылдың көктеміне шейін істейді.

Томскінің жанындағы Каинск қаласында Жаһанша Ольга Пушкарева есімді орыс қызымен танысады. Жаһанша мен Ольга осы Томскіде үйленіп, 17-жылға шейін сонда тұрады. Мұнда олардың үйі, жеке күймелері болған.

 

Анықтама: Ольга Константиновна (1896-1986 ж.ж.) Ресейдің Том облысында туған. Жаһаншамен неке қидырған соң, Ислам дінін қабылдап, есімін «Зайра» деп өзгертеді. Мамандығы - сценографист. Әкесі Константин Пушкарев теміржолшы. Пушкаревтің Ольгадан өзге Татьяна және Надежда есімді қыздары болған.

 

1917 жылдың көктемінде, Ресей астанасынан қазақ даласына «Мекалай патша тақтан түсіпті» деген хабар жеткенде, дүн-дүниенің астан-кестеңі шыққандай болады. Барар бағыты белгісіз, кімнің сөзіне сенерін білмей аңырған халыққа «көргені мен білгені жүзге келген шалдан көп» ұлт көсемдері жөн сілтеуі керек еді. Міне, сондай күндерде Томскіде жатқан Жаһанша Оралдан жеделхат алады. Онда 4 наурызда ғана құрылған Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков Жаһаншаны ел басқару ісіне көмекке шақырады.

 

«Құрметті Жаһанша!

Өз халқыңның мұқтаждығына еңбек ету үшін Оралға шұғыл келуіңді өтінеміз!»

Ғұбайдолла Әлібеков, наурыз, 1917 жыл

 

Жаһанша Оралға келген соң, қоғамдық-саяси жағдайларға шұғыл араласып, бірден аса жауапты жұмыстарға кірісе бастайды. Оның кәсіби білігінің, азаматтық тұлғасының жарқырай көрінер тұсы да осы шақ. Қазақ комитеттерінің жұмысына белсене араласқан ол, 1917 жылдың 19-22 сәуірі аралығында Орал қазақтарының І съезіне қатысады. Съезд қалалық циркте өтеді. Оған қатысқан 800 делегат Жаһанша Досмұхамедовті бірауыздан съезд төрағасы етіп сайлайды. Бұл - Жаһаншаның Орал қазақтары арасындағы аса үлкен беделінің көрінісі.

«Съезд төрағасы Алаш ұранды халықты құттықтап, бостандықтың бекуін тілеп, елді бостандық әперген ерлермен таныстырды» деп жазады «Қазақ» газеті.

Жаһанша жиынды 16-жылғы азаттық күресінде құрбан болған ерлерді еске алып, олардың әруақтарына Құран бағыштаумен бастауды ұсынады.

Төрт күнге созылған съезд қазақ халқының ғасырға жуық, тіпті ғасырдан да ұзақ шешілмей келе жатқан көптеген мәселелеріне тереңірек тоқталып, әр бап бойынша қарар қабылдап отырды. Бұл ұстанымдардың барлығында съезге арнап «Орал облысының далалық аймағын басқару» жөніндегі 100 баптан тұратын уақытша ережені дайындаған Жаһаншаның қолтаңбасы байқалып тұрды.

 

- Қазақ халқы демократиялық республика идеясын қолдайды, бірақ ұлттық-территориялы федерация мәселесін әзірге ашық қалдырады;

- Соғыс неміс миллитаризмін жеңгенше жалғаса беруге тиіс;

- Қазақтың жеріне қазақ қана ие болуға тиіс, қарашекпенділердің көші тоқтатылып, монастрь, архиерей, шіркеу, дворян жерлері қазаққа қайтарылсын;

-          облыстағы рухани істер уақытша Орынбор мүфтилігіне қарасын;

- қазақша кітап, газеттер шығарылып, білім мәселесін талқылау үшін мұғалімдер съезін шақыру керек.

Орал облысы қазақтарының І съезінің қарарынан

Орал, 19-22 сәуір, 1917 жыл.

Съезд үшінші күнгі отырысында Мәскеуде өтетін Ресей Мұсылмандары съезіне Жаһанша және Халел Досмұхамедовтерді, Ғұбайдолла Әлібековті делегат етіп сайлайды. 1917 жылдың 1-11 мамыры аралығында Мәскеуде өткен Ресей мұсылмандары съезінде Жаһанша Досмұхамедов Ресей Мұсылмандары комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады. Жоғарғы билік алдында Ресейдегі барша мұсылман халықтарының мүдделерін қорғайтын Комитет мамырдан Қазан революциясына дейін жұмыс істейді. Мәскеу съезінде Ресей мұсылмандарының 900 делегаты мемлекеттік құрылыс мәселесінде екі үлкен топқа бөлінді. Бірінші топ жетекшісі - осетин журналисі, Ресей мұсылмандары комитетінің төрағасы Ахметбек Цаликов «Ресей бөлінбесін» деген ұстанымда болады. Оны Еділ татарлары қолдайды. Ал, Цаликовтың орынбасары Жаһанша бастаған топ «қазақ, өзбек, башқұрт, әзірбайжан, Қырым халықтары территориялы автономия алсын» дейді. Екі пікірді дауысқа сала келгенде, «автономия алсын» деген Жаһанша тобы жеңіске жетеді.

ІІ мұсылман съезі Осман халифтың Құранын тарихи отанына қайтару туралы Совет билігіне өтініш жазады. Бұл шешімді Ленинге жеткізу міндетін олар Жаһаншаға тапсырады.

 

Анықтама: Осман халифтың өз қолымен жазылған Құранды 1869 жылы Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы фон Кауфман Петербургтің Қоғамдық кітапханасына тапсырған. Ресей мұсылмандары атынан Жаһанша Ленинге жолыққан соң, 1917 жылдың 9 желтоқсанында Ленин Халық ағарту комиссары А.Луначарскийге хат жазып, Құранды қайтартады. Шора-и-Ислам әуелі Құранды Уфаға жіберіп, кейіннен оны Ташкенттің Тарихи мұражайына тапсырады. Бұл Құран Ташкентте әлі сақтаулы.

 

«Сөзінің ақырында Жанша:

-                        Дін мұсылманның қасиетті шамшырағы Осман қалипаның өз қолымен жазған исламның ең әуелгі құраны орыстың қолында, Петербордағы музейде сақтаулы болатын. Көшеде жан-жақтан зуылдаған оқтың арасымен ұшып музейге келдім. Айт-үйтке қарамай барып, неше бөгеттерден өтіп барып, Османның жүрегінің қанымен жазған қара құранын құшақтап алып шықтым... - деді.

Съезд тегіс қол көтерді.

 

Сәкен Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу» романынан

 

 

1917 жылдың шілдесінде Орынборда І жалпықазақ съезі өтеді. Съезд Жаһаншаны Орал облысы атынан Құрылтай мәжілісіне депутат, Шура-и-Исламға Орал облысынан мүше, Киевте өтетін Федералистер съезіне Әлихан Бөкейханов, Уәлитхан Танашевпен бірге делегат етіп сайлайды. Ал, Шура-и-Исламға мүше ретінде Жаһаншаға Мұстафа Шоқай, Әбікей Сәтбаев, Айдархан Тұрлыбаевтармен бірге «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасын дайындауды тапсырды. Мұсылман съезі жұмысының ұзаққа созылуына орай, Жаһанша «Алаш» партиясы бағдарламасын жаза алмайтындығын айтып, хат жазады.

«Петербордағы Шура-и-Исламға Жаһанша мен Уәлитханнан басқа ешкім бармады. Уәлитхан да бірде бар, бірде жоқ болып, жұрт жұмысымен Петерборда үнемі тұра алмады. Жаһанша мекемелерде, комитеттерде, уездерде қазақтан жалғыз өкіл, жүгірінді болып, бәріне бірдей үлгере алмады. Сондықтан жалғыздықта Шура-и-Ислам ағзалары қазақ партиясының жобасын жасай алмады.»

«Қазақ» газеті, 21 қараша 1917 жыл.

17-жылдың қазанында Уақытша үкіметтің орнына Ленин бастаған большевиктер партиясы билікке келген соң, Орынборда қазақтың ІІ съезі өтеді. Съезд қазақтың ұлттық автономия алу, әскер құру, Советтермен қарым-қатынас мәселесін талқыға салады.

 

-                        Сіздің Октябрь Социалистік революциясына көзқарасыңыз қандай болды?

-                        Менің жеке өзім Октябрь революциясының жауы болдым. Біз Американың Біріккен Штаттарының қоғамдық-саяси құрылысын идеал деп санадық.

Ж.Досмұхамедовтің тергеушілерге берген жауабынан

Съезде Жаһанша Досмұхамедов принципті түрде Әлихан Бөкейханов тобына қарсы шығып, Алаш автономиясын бірден жариялауды ұсынады. Алайда, 42/33 болып, 9 дауыс артықшылығымен Бөкейханов тобының «автономияны Қазақ жеріндегі өзге халықтармен келіссөзден соң жариялайық» деген ұсынысы басымдыққа ие болады. Бұл жерде айта кететін мәселе: Жаһанша кейіннен тергеуде айтқандай, Америка Штаттары сияқты, әр облыс «явочный порядокпен» жеке-жеке автономия жарияласын деген ұстанымда болған. Бөкейханов қазақтың 6 облысы мен бірнеше уезін бір-бірінен бөлмей-жармай, территориялы автономияны тұтас жариялайық деген пікірді ұстанды.

Алашорда үкіметі Семейге орныққан соң, 1918 жылғы наурыздың басында Сталиннен «өз өкілдеріңді Мәскеуге жіберіңдер» деген жеделхат алады. Алашорда өкілдікке Досмұхамедовтерді ұйғарады. Ал, 15 наурызда Орал шіркеуінде Казак үкіметі мен Алашордашылар арасында басқосу өтіп, казактар Жаһанша мен Халел Досмұхамедов, Кәрім Жәленовтерге Попов есімді өкілдерін Мәскеуге қоса аттандырады. Олар Мәскеуде Ленин және Сталинмен жолығады.

1918 жыл. 2 сәуірге дейін

Ленин мен ұлт істері наркомы И.Сталин Қазақ халқына буржуазиялық негіздегі автономия алуға күресіп жүрген ұлттық-буржуазиялық Алашорда үкіметінің өкілдері Х.Досмұхамедов пен Ж.Досмұхамедовті қабылдады. Сталин тікелей байланыс арқылы Семейдегі Әлихан Бөкейханов пен Халел Ғаббасовпен сөйлесті.

В.И.Лениннің биографиялық хроникасынан

Тағы бір түйткіл. Ленин хроникасындағы мәлімет «Сарыарқа» газетінен алынған. Ал, Жаһанша мен Халелдің Ленинмен тікелей кездескені жөнінде өзге айғақ жоқ. Газеттегі мақалаларда алашордашылардың Сталинмен келіссөзі туралы толық жазылса да, Ленинмен жолықты ма, жоқ па - ашық жазбайды.

Сталинмен келіссөздерден соң, Алашорда Досмұхамедовтерді Мәскеудегі Халық комиссариаты жанынан құрылатын Қазақ өкілдігінің мүшесі етіп тағайындайды. Алайда, Досмұхамедовтер Алаш автономиясы мәселесінің Большевиктер үкіметінде талқылануын күтпей, Оралға кетуге мәжбүр болады. Өйткені, Фомичев бастаған Орал казактары ондағы большевиктер мен земство қазақтарына қарумен қысым жасай бастайды. Сталин Алаш қайраткерлеріне елге қайтуды ұсынады.

Мәскеуден қайтар жолда Халел мен Жаһанша Саратов қаласында тұтқындалады. Оларды Орал большевиктерінің көсемі Яковлев Саратовқа арнайы келіп ұстап, Саратов Советтеріне: «казактармен ауыз жаласқан» «Алаш» қайраткерлеріне сенбеу керектігін айтады. Яковлев өздерінің тыңшылары арқылы Досмұхамедовтердің Доссор мұнай кенін кепілдікке қойып, Ленин үкіметінен 12 миллион рубль ақша алғанын білген. Большевиктер отряды ақшаны бірден тәркілеп алады.

Тағдырлары бір шүріппенің басылуы арқылы шешілгелі тұрғанын сезгендіктен, Жаһанша Досмұхамедов «Совет өкіметін қолдау» туралы үндеу жариялауға мәжбүр болады. Үндеу аэропланмен бүкіл Орал өңіріне шашылады.

Саратовтағы большевиктерден аман-есен құтылып, Оралға жеткенде, Жаһаншаны Орал казактары тұтқынға алып, ол тағы да өлім жазасына кесіледі. Жаһаншаға тағылған айып: ол большевиктерді қолдаған әрі казактармен тең бөлінуге тиіс 12 миллион сомнан айырылған. Бірақ, Орал облыстық земство төрағасы Халел Досмұхамедов пен Уақытша үкімет комиссары Бизяновтың талап етуімен Жаһанша қамаудан босатылады.

Бұл уақытта Орал казактары қаладағы мемлекеттік банк, азық-түлік қоймасынан бастап, ауруханаларға дейін түгел қарумен басып алған болатын. Сондықтан, Жаһанша бастаған қазақ зиялылары мен ел ағалары таза қазақ ортасы Жымпитыда бас қосады. Орынбор-Ташкент теміржолын большевиктер басып алып, Алашорданың Семейдегі орталық үкіметімен байланыстың үзілуіне орай, олар Орал облысы қазақтарының автономиясын жариялайды.

Анықтама: Ойыл уәлаяты - 1918 жылдың 18 мамырында Жаһанша Досмұхамедовтің жетекшілігімен дүниеге келген мемлекеттілік құрылым. Уәлаятқа Орал облысының Жымпиты, Ойыл, Сағыз, Ілбішін уездері кірді.

Орал қазақтарының ІV съезінің қаулысы

 

1) Қазақ өлкесі Россия республикасында ерікті штат болсын;

2) Оралдан бастап 5 облыс, бір губернияның қазағы явочный порядокпен автономияны жарияласын;

3) Қазақ халқы Совет үкіметін танымасқа және бой сұнбасқа тиісті;

4) Орал ұлысы Алаш автономиясы жарияланған соң, бар хакімшілікті «Алашордаға» тапсырсын.

Жымпиты, 18 мамыр, 1918 жыл

 

«Ойыл уәлаяты» үкіметінің құрамына 7 адам кіреді. Олар:

Жаһанша Досмұхамедов - Ойыл үкіметінің төрағасы;

Халел Досмұхамедов - төраға орынбасары;

Дәулетше Күсепқалиев - үкімет кеңесінің басшысы;

Салық Омарұлы - Жер министрі, Сырым батырдың шөбересі;

Жанғожа Мергенов - Ішкі істер министрі;

Қазірет Сағидолла Ізтілеуов - Рухани істер министрі;

Иса Қанжасаров - Қаржы министрі.

 

(Тағы бір деректерде Қуанай хазіреттің баласы Ғабдол Қосдәулетов пен Қалдыбай Асанов мүше болды делінген).

Дегенмен, Ойыл уәлаяты Орал казактарымен большевиктерге қарсы Одақ болуға келісім-шарт жасайды. Бірақ, қазақ жеріне большевик басып кірмейінше, қазақ әскерін майдан шебіне аттандырмайтын болып келіседі.

Съезде атты әскер құру, түтін басынан жүз сомнан салық жинау мәселесі қозғалады. Халық наразылық танытқан тұста, Жаһанша Петербордан Құранды қалай алып шыққанын әңгімелейді. Сол уақытта Жаһаншаның ерлігі мен шешендігіне тәнті болған халық ел ісіне бір кісідей жұмылуға ант етеді.

«Алашорда» көсемдерінің ішінде жұртты сөзбен ерітіп әкететін айрықша екі кісі бар. Бірі - Міржақып Дулатұлы; Бірі - Жанша Досмұқамбетұлы. Міржақып - жазу сөздің шебері. Жанша - ауызша сөздің шебері. Міржақыптың сөз әдістері жатық, майда шығады. Жаншанікі ірі, оғаштау шығады.

Сәкен Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу» романынан

 

Алайда, ІІ жалпықазақ съезінің біртұтас Алаш автономиясын құру туралы шешімі бола тұра, ат төбеліндей топтың үкімет құруына қазақ зиялылары наразылық танытады.

«Бір облыстың жеріндей біраз елінен әкімшілікке сусаған бір үйір ишанын бөліп алып үкіметті жасау - баланың ойынындай бір іс. Сондықтан бетеге кетіп, бет қалғанда зиялы ишан мен фуражкалы милиция өз-өзінен құлар. Алаш бірлігіне сусаған шын ұлтшыл қазақтар Орал облысының ісін өз қолдарына алар. Келешек жағына халық сыншы».

«Қазақ» газеті, 30 шілде, 1918 жыл

 

Дегенмен, 1918 жылдың 11 қыркүйегінде Уфада Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханов «Ойыл уәлаятын» таратып, оның орнына Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлім құрылғанын жариялайды. Жаһанша Батыс бөлімнің төрағасы болып тағайындалады.

Ойыл уәлаятымен басталып, Алаштың Батыс бөлігі ретінде саяси қызметін жалғастырған әкімшілік құрылым земствоны нығайту, екі мың сарбаздан тұратын атты әскер полкін құру, оларды қаруландырып, офицерлер даярлау сияқты істер атқарады. Бұл уақыт аралығында Казактар большевиктерге қарсы үш рет майданға әскер сұрайды. Бірақ, Жаһанша үш ретінде де түрлі тактикалық қадамдар арқылы қазақ сарбаздарын майданға жібермей алып қалады. Тарихшы Д.Сүлейменоваға көнекөз қариялар айтқан әңгімеге қарағанда, осындай қиын-қыстау кезеңде Жаһанша мінген ескі үлгідегі «Мерседес» автокөлігі Жымпиты маңындағы төбелердің бірінде көмулі қалған.

Ал, 1919 жылы Қазақ жерінде Әскери Революциялық Комитеттің жұмысы күшейіп, күннен күнге жер-жерде Советтер жеңіске жете бастайды. Сол себепті Алашорда Ахмет Байтұрсыновты Ленинмен келіссөзге жіберіп, ол Советтерге қарсы күрескен алашордашылар үшін рақымшылық жариялау жөніндегі мәселе көтереді. Большевиктер Байтұрсыновты Революциялық комитет төрағасының орынбасары етіп алып, ол Батыс Алашордамен Кеңестерге қосылу туралы келіссөз жүргізеді.

Осы кезеңде Жаһанша мен Халелдің ауылы арқылы Мұстафа Шоқай шетелге асқан еді. Халел де Жаһаншаға шетелдік эмиграцияны ұсынады. Жаһаншаның тергеуге берген жауаптарына қарағанда, ол эмиграциядан бас тартқан.

1920 жылдың 5 наурызы күні Жаһанша басқарған Алаштың Батыс бөлімі ресми түрде өзінің қызметін аяқтайды. Бұл қазақ жерінде Алаштың ашық саяси күресінің аяқталу мерзімі болатын. Ары қарайғы ұлтшылдық майдан астыртын күреске ауысады.

Ревком Батыс Алашорданың бес мүшесін тағы да Мәскеуге аттандырады. Мәскеуде олар бір жарым айға жуық уақыт болып, Ленин, Сталин және Троцскийге түсініктеме хат жазады. Хатта Алаштың автономияға ұмтылуының себептері туралы айта келіп, Совет билігінен қазақ жеріне оң көзқараспен қарауды талап етеді.

 

«Мы не можем не протестовать всеми фибрами нашей души против установления опять лишь «наизнанку» господства великодержавной нации, установления экономического рабства и обращения казахов в политических приспешников и прислужников великодержавной нации.

Ж.Досмұхамедов

К.Жәленов

И.Қашқынбаев

Х.Досмұхамедов.

 

Совет өкіметі Батыс Алашордаға рақымшылық жариялайды. Сол шақтарда Мәскеуге Түркістан делегациясын бастап келген Түркістан Орталық Атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов Досмұхамедовтерді Ташкентке қызметке шақырады.

«Бұл мандат Түркістан Республикасы өкілетті делегациясы Ташкентке аттандырған жолдас Досмұхамедовке берілді. Делегация жолдас Досмұхамедовке Орынбор мен Ақтөбе бекеттері арасында бес адамнан тұратын өз отбасын іздестіріп, оларды өзімен бірге ала кетуге құқық береді».

Т.Рысқұлов, Түркістан ОАК төрағасы

Мәскеу, 11 маусым, 1920 жыл.

Жаһанша 1920 жылғы қазан айының соңында Ташкентке көшіп келіп, Түркістан Орталық Атқару комитеті қазақ бөлімінің хатшысы болады. Өзімен бірге әйелі Ольганы, оның шешесі мен Ольганың кенже сіңлісі Надежданы ала келеді.

Ташкентте бұл уақытта Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов сияқты Советтік биліктегі қызметкерлермен қатар, Тынышпаев, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов сияқты Алаш қайраткерлері де еңбек етіп жатқан. Ташкенттегі алашшылар Совет өкіметі қазаққа автономияны уақытша беріп отыр, сондықтан башқұрт Зәки Уәлиди мен түрік Әнуар пашамен бірігіп, билікке қарсы астыртын ұйым ашу керек деген ұйғарым жасайды.

 

«1921 жылдың көктемінде пәтеріме Мырзағазы Есполов келіп, мені Ташкенттегі қазақ зиялыларының бас қосуына шақырды. Олар мәжілісте «жасырын ұйым құрайық, «Алаш» партиясының бағдарламасын қайта жазайық» деді. Тек мен қарсы болдым. «Еріккен сарт енегін уқалайды» дедім. Олар мені «бұрын нағыз алашордашы едің, енді жеке басыңның пайдасымен кетіпсің» деп кінәлады. Содан мен ұйымның бағдарламасын екі күнде жазып шықтым»

Ж.Досмұхамедовтің 1938 жылғы тергеуінен

 

Ташкенттіктер астыртын ұйым туралы Семейдегі Бөкейхановтың, Орынбордағы Байтұрсыновтың пікірін білмек болады. Жаһанша Түркістан атқару комитеті тапсырмасы мен ұйымның астыртын насихат жұмысын ұштастырып, Шымкент, Әулиеата, Фрунзе, Қарақол, Алматы қалаларында болып, 1922 жылдың жазында Ташкентке оралады.

«- Рысқұлов деген кім және Сіз онымен қалай таныссыз?

- Рысқұлов менің бажам. Мен 1922 жылы Жетісуды аралап келсем, менің балдызыма үйленіпті. Сол жылы ол Түркістан Халық комиссариаты төрағалығынан алынып, Мәскеуге кетті. Кеткенде, менің үйімде Қабылбек Сарымолдаевқа деген хат қалдырған».

Ж.Досмұхамедовтің 1938 жылғы тергеуінен.

 

Анықтама: Қабылбек Сарымолдаев - коммунист, Әулиеата жерінде Совет өкіметін құрушылардың бірі. 1920-23 жылдары Орынборда Қазақ АКСР Ішкі істер халық комиссарының орынбасары қызметін атқарған. Тұрар Рысқұловтың жақын досы.

 

Тұрар Қабылбекке жазған хатының соңында өзінің Түркістан өлкесінде Советтік билікті нығайту туралы ойларын айта келіп, оған 28 пункттен тұратын өтініш-тапсырма жазады.

Қабылбек!

Енді саған мынандай өтініш:

3. Қожановтың маңындағы адамдардың тізімін мінездемесімен бірге жіберіңдер.

13. «Ақжолдың» 1921-22 жылдардағы сандарын табыңдар.

18. Қожанов пен оның адамдары ендігі біліп, Алашордашыларды ескертіп, құжаттарын тығып, құртып тастаған шығар... Ең бастысы ГПУ арқылы қызмет етіңдер.

Өзіңнің Тұрарың.

1922 жылы бір тойдан Жаһанша мен Мұхаметжан Тынышпаев бірге қайтады. Жаһанша Мұхаметжанды үйге бір-екі рюмкаға шақырады. Жаһаншаның жазуынша, Мұхаметжан үйден шыққан соң, Қабылбекке жазылған хат табылмай қалды.

«Мұхаметжан, Халел, Сұлтанбек үшеуі бірге отыр екен. Олар «Рысқұловтың хаты бізде» деді. Қожанов хатты ертең ГПУ арқылы хаттамамен аламыз деді. Келесі күні хатты алды. Мен Мұхаметжан мен Халелдің осы қылықтары үшін ат кекілін үзісіп, олармен мүлде араласпай кеттім. Оған қоса, Бірімжанов пен Әбілевті маған ескертпестен, астыртын ұйым тапсырмаларымен шет жаққа жіберіпті. Мен оған да ренжідім».

Ж.Досмұхамедовтің 1938 жылғы тергеуінен.

Осылайша Жаһанша бір кездері Алаш жолында бастарын бәйгеге бірге тіккен өзінің серіктерімен араласуды доғарады. Өзінің жазуынша, бұдан соң, ұлттық мәселеге мүлде кірісуді де қойған. Бірақ, тағдыр оны төтеден салып, тағы да Алашордамен бір мекемеге бас қостырады. Бұл жолғы мекеме - түзету орны, түрме болатын. 1928-29 жылдары Ахмет Байтұрсынов бастаған 47 адамды тұтқындаған НКВД Алаш қайраткерлерін ұстаудың екінші айналымына кіріседі. 1930 жылдың 1 қазаны күні Алматыда Жаһанша Досмұхамедов те тұтқындалады. Тергеу екі жылға жуық уақытқа созылады. Олардың бірнешеуі «ешқандай қылмыстық құрамы болмағандықтан» ақталуға тиіс еді. Бірақ, Голщекин Мәскеуге: «Алашордашылар ақталса, Қазақстанда ұлтшылдық қайта тұтанады. Оларды қалайда жер аудару керек» деген өтініш жасайды. Сот Ахмет Байтұрсынов бастаған 10 адамды әуелі өлім жазасына бұйырып, кейін ол үкімді 10 жылдық мерзіммен алмастырады. Ал, Жаһанша, Халел, Мұхаметжан бастаған Алаш қозғалысының екінші тобы Воронеждің қара топырақты ауданына 5 жылға жер аударылады.

Қайда екі дос?

Орал боп-бос.

Қайда олар?

«Алла - хақ» деп,

«Біз - нақақ» деп

Жүр бұлар.

Мағжан.

Екі дос - Халел мен Жаһанша Воронежде қайтадан сыйласып, араласа бастайды. Халел өкпе ауруына шалдығып, Жаһанша оған күміс саптыаяқ сыйлайды. Айдауда жүрсе де, бұл кезеңді кейіннен арыстардың ұрпақтары асқан сағынышпен еске алады.

«Жаһаншаһ аға ұзын бойлы, қара торы, кең иықты, мінезі өте жұмсақ, дауысы өте қатты, күлгенде де, сөйлегенде де өте қатты рахаттана күлетін жан еді. Ол кісі кіріп келгенде, барлық адамды өзіне қаратып, баурап алатын, сондай көңілді адам болатын.

Қарашаш Халелқызының

Воронеж жылдары туралы естелігінен»

 

Воронежден соң, Жаһанша Мәскеуге сұранады. Өзінің денсаулығы да нашарлап, Рысқұлов берген пәтерде бірыңғай әдеби қызметпен айналысады. Осы уақытта ол Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романын орыс тіліне аударады.

Бірақ, НКВД 1937 жылы Рысқұловты «Халық жауы» ретінде ату жазасына кеседі. Содан көп өтпей, Рысқұловпен байланысы бар деген айыппен Жаһаншаны да Мәскеу облыстық НКВД қызметкерлері 1938 жылы қайтадан қамауға алады. Инсульттен енді ғана оңалған Жаһаншаны төрт күн тергеп, Жоғарғы сот оны ату жазасына кеседі. Үкім 1938 жылдың 3 тамызы күні іске асқан.

Жаһанша өмірден әке болып, әкелік қызық көрмей өтті. Тағдыр оған бала сүюді жазбапты. Немере ағайынының баласы Хадисті бауырына басып, оны өзі «Мұхаммед пайғамбар» деп еркелеткен екен. Жары Ольга Константиновна Досмұхамедова Жаһаншадан қалған әрбір жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап, 1986 жылы дүниеден өтті. Ольга қалдырған жәдігерлердің ішінде Жаһаншаның ерекше қуанышқа толы бір суреті де бүгінге жетті. Бұл суреттегі Жаһаншаның көзі соншалықты үмітке толып тұр.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 968
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 829
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 635
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 697