Сенбі, 27 Сәуір 2024
Пандора құжаттары: 4093 13 пікір 8 Қазан, 2021 сағат 14:42

Назарбаев туралы кітап жазған Джонатан Айткен кім?

Қазақстан үкіметі бұрынғы британдық саясаткер, жазушы Джонатан Айткенге Нұрсұлтан Назарбаев Республика Президенті болып тұрған кезде ол туралы кітап жазу үшін 166 мың фунт стерлинг төледі, деп жазады халықаралық жобаға қатысушы Guardian газеті.

Бұған дейін Джордж Сорос қорларының бірі қаржыландырған журналист-зерттеушілердің халықаралық консорциумы (ICIJ) бірқатар әлемдік көшбасшылардың оффшорлық схемаларға қатысуы туралы «Пандора құжаттарын» жариялаған еді. Онда 35-тен астам қазіргі және бұрынғы саясаткер, сондай-ақ 100-ге жуық елдің 300-ден астам шенеунігі бар. Журналистер консорциумының жүргізген зерттеулері АҚШ-ты ең үлкен салықтық баспана деп атады.

Айткен – Ұлыбритания Парламенті мен Министрлер Кабинетінің бұрынғы мүшесі. Оның саяси мансабы 1996 жылы Париждегі Ritz Hotel қонақүйінде тұрған ақысын кім төлегені туралы сотта өтірік айтқан кезде күрт аяқталды (расында бұл Сауд Арабиясы королінің ұлы болатын). Мұны жариялағаны үшін Айткен Guardian газетін сотқа берді, бірақ жалған куәгерлігі себепті түрмеге қамалды. Осыған қарамастан, Айткен ықпалды қоғам қайраткері болып қала береді. Үлкен саясаттан кеткеннен кейін ол әлемдік тарихтағы әйгілі тұлғалардың өмірбаянын зерттей бастады.

«2010 жылдың сәуірінде Джонатан Айткен Вашингтонға өзінің жаңа кітабының – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақтаулы өмірбаянының тұсаукесеріне ұшып барды... Алайда ол өз сөзінде бір маңызды мәселені – Қазақстан үкіметіне жұмыс істеген PR-компанияның жасырын түрде кітапқа тапсырыс беріп, ақысын төлегенін айтуды ұмытып кетті. «Пандора құжаттары» бойынша Айткен өзінің әдеби шығармалары үшін 166 мың фунт алды», - деп жазады газет.

Зерттеу авторлары Гонконгта орналасқан әрі Панамада тіркелген World PR компаниясы Гонконг және Британдық Виргин аралдары арқылы Айткеннің Aitken Consultancy & Research Services Limited компаниясына ақша аударған деп мәлімдейді. «Пандора құжаттарының» деректеріне сүйенсек, компания Айткеннің кітаптың тұсаукесеріне барған Вашингтон сапарына ақы төлеген. Онда саясаткер Ақ үйге жақын жердегі Capital Hilton қонақ үйіне аялдаған.

Бұған дейін Айткен Қазақстан үкіметінен кітап жазғаны үшін ақша алмағанын мәлімдеген болатын.

Назерке Алтайқызы

Abai.kz

13 пікір