Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 4579 25 пікір 1 Қазан, 2021 сағат 16:52

Қазақстан халқы АЭС-ке қарсы... (сауалнама)

Күні кеше өткен Қазақстан-Ресей өңіраралық форумында Ресей президенті Владимир Путин АЭС салу үшін Қазақстанға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

«Бейбіт атом саласына келсек. Менің қазақстандық әріптесім және досым бұл туралы айтқан еді. Біз көршілес елдердің, біздің одақтастарымыздың жоспарларына мұқият қарап отырамыз. Ресей біздің серіктестерге (оның ішінде Қазақстанға да) атом элетр станцияларын салуға шешім қабылдап жатса, оны салуға қолдау көрсетуге дайын», – деді Путин.

Рас, осыған дейін Ресейде өткен «Шығыс экономикалық форумында» Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Қазақстанға АЭС керек», - деп сөйлеген.

Жуырда DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі» тақырыбында сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде, Қазақстан азаматтарының 55%-ы атом электр станциясының салынуына қарсы, ал, 36%-ы үзілді-кесілді қарсы болған. Олардың пікірінше, Қазақстан АЭС секілді объектілерді салуға дайын емес. Ал, АЭС қоршаған орта мен адамға қауіпті екендігін ескерген 19% респондент те мұндай шешімді құп көрмейтінін айтыпты.

«Жалпы алғанда 40% қазақстандық президенттің бастамасын қолдайды. Олардың 30%-ы: «қандай қауіп-қатер бар екенін жақсылап зерттеу керек және өзге елдердің тәжірбиесіне талдау жасау керек, содан кейін ғана бастауға болады», - дейді. АЭС құрылысы мен қауіпсіз атом энергетикасын пайдалану туралы бастаманы толықтай қолдайтындар – 10%»,- делінген бюро ақпаратында.

Сонымен қатар, сауалнама қатысушыларына «АЭС-тен нақты қандай қауіп бар?» деген сауал қойған. Нәтижесінде, респонденттердің 39%-ы: «АЭС салынса - радиоактивті қалдықтарды сақтау мен жоюдан туындайтын экологиялық қатерлер болады», - дейді. 37% қатысушы сыбайлас жемқорлық пен адами факторлармен байланысты апаттар болуы мүмкін екенін айтқан. Ал сауалнамаға қатысқан 6% азамат: «АЭС-тен келіп-кетер ешқандай да қауіп-қатер жоқ», - деп жауап беріпті.

Сондай-ақ, DEMOSCOPE сауалнамасында қатысушылардың  41%-і АЭС салу мәселесі бойынша Бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынса, 22% қатысушы дұрыс шешім қабылдау үшін ең үздік халықаралық сарапшылардың көмегіне жүгінуге кеңес берген. 16%-ы: «ашық қоғамдық талқыға салғаннан соң ғана шешім шығару керек», - десе, 12% респондент: «бұл мәселенің шешімі - Үкіметтің құзырында қалғаны дұрыс», - депті. Ал, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 9%-ы Қазақстанда АЭС құрылысына бірден мораторий жариялау керек деп санайды екен.

Айта кетейік, Ресей Президенті Қазақстанда АЭС салу мәселесін бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Мәселен, 2019 жылдың сәуір айында Қазақстан Президентімен кездескен ол: «Бірлесе отырып жұмыс жүргізудің жаңа формасына көшуді ұсынамын. Қазақстанда Ресей технологиясы бойынша АЭС салудың мүмкіндігі туралы меңзеп отырмын», - деген болатын.

Сөйтіп, Қазақстанның сол кездегі энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев АЭС Алматы облысының маңында салынуы мүмкін екенін айтқан. Алайда, қоғам наразылығынан соң, бұл мәселе кейінге қалдырылған.

Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Шығыс экономикалық форумына» онлайн қатысып: «Қазақстанға АЭС қажет», - деп қайта мәлімдеді.  Алайда, халықтың басым көпшілігі АЭС-ке қарсы екендерін айтып отыр.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

25 пікір