Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 6078 17 пікір 10 Қыркүйек, 2021 сағат 10:11

Ғарифолла Әнес: Қоғамды жайлаған көзбояушылық...

5 қыркүйек ­­– Ұлт ұстазы атанған Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні әрі Тілдер мерекесі. Осыған орай Фейсбук желісінде тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, «Арыс» қорының (баспасының) директоры, белгілі алаштанушы Ғарифолла ӘНЕС тікелей хабар жүргізіп, мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің қазіргі жағдайы, алдағы жылы ЮНЕСКО аясында тойланатын арысымыздың 150 жылдық мерейтойына қандай дайындықтармен келуіміз керектігі жөнінде әңгіме өрбітті. Біз ғалыммен шұғыл түрде хабарласып, сұхбат беруін өтіндік.

- Ғарифолла Қабдолқайырұлы, қазақтың тарихында халқымызға адал қызмет еткен айтулы тұлғалар аз емес, солардың арасында Ахмет Байтұрсынұлының есімі ерекше аталады. Мұның сыры неде?

- Өйткені, қазақтың ХХ ғасырдың басындағы тарихында ол ­араласпаған сала жоқтың қасы. Оның ең үлкен еңбегі – ағартушылығы!

1913 жылы ақпан айынан бастап ол «Қазақ» газетін шығару арқылы сол кездегі қазақ қоғамының деңгейін жаңа бір дәрежеге, жоғары сатыға көтерді. «Алаш» партиясы құрылды. Қазақ зиялыларының ояну, бас біріктіру кезеңі сонау 1905 жылғы «Қарқаралы петициясынан» бастау алған болатын. Тарихтан белгілі, сол жылы Ресей қоғамында бірінші орыс революциясы болды, соның нәтижесінде халыққа кеңшілік жасалып, сөз бостандығы, рақымшылық жариялау сияқты бұрын-соңды болмаған үлкен саяси оқиғалар орын алды. Қашанда жоғары биліктегі «жылымық» тыныш жатқан қоғамды дүрліктіріп, күрт есейтіп, түрлі қозғалыстар туғызатыны белгілі. Қазақ оқығандары да осы тұста бас қосып, ақ патшаға арыз-шағымдарын жеткізді. Аталмыш петицияда қазақ балалары үшін мектеп ашу, газет шығару, өзін өзі билеу, заңды сайлау өткізу сияқты көптеген саяси талаптар қойылды. Заңғар жазушымыз Әуезов айтқандай, «Қазақ» газетінің дүниеге келуі «шырт ұйқыда жатқан қалың қазақты оятты». Қазақтың басындағы барша жағдай, өзекті мәселелер сол газет бетінде талқыланды.

Ғасыр басында қазағын «Маса» боп шағып, «Қырық мысалдап» үлгі-өнеге көрсеткен ақын Ахмет, ондаған жылын оқу-ағарту саласына арнаған ұлы педагог, енді ғалымдық арнаға ауысуға мәжбүр болды. 1911 жылы өзінің «Оқу құралы» деген кітабын шығарды. Бұл – қазақтың тұңғыш Әліппесі болатын. Қарап отырсақ, тұп-тура 110 жылдан соң біз сол жағдайға қайта келіп, балаларымызға Әліппе оқулығын қайтарып, мәз-мәйрам болып жатырмыз.

- Сонда, біз алға жүрмей, кері кеткеніміз демекшісіз бе?

- Бүгінгі бізді қайдам, ғалым-ұстаз сауат ашар Әліппемен тоқталып қалмады. Үш кітаптан тұратын классикалық оқу құралы – қазақ тілінің грамматикасы – «Тіл – құралын» жазып шықты. Яғни, 1) Дыбыс және оның жүйесі (фонетика); 2) Сөз және оның жүйесі (морфология); 3) Сөйлем және оның жүйесі (синтаксис). Сөйтіп қазақ өз тілінің төл оқулығына ие болды, осылайша қазақ руханиятында төңкеріс жасалды.

Ал біз бүгінде «Ахаң салған тілтаным теориясына оралуымыз керек», «Ұлы ұстаздың методика-әдістемесін алуымыз керек», «Ахаңның ұлы жаңалығы...», «Ахаңның жолы...» деп оңды-солды ұрандатып жатқанымыз маған түсініксіздеу, құлағыма түрпідей тиеді. Ахаңның жолашар, ізашар алғашқы еңбектері тап бір Құран сөзіндей... Жарайды, қайтып оралмастай артта қалған кеңестік дәуірді айтпай-ақ қоялық, сонда Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылымызда не бітірдік?!. Бір орнымызда қалшиып, қимылсыз тұрып қалдық па?!. 100 жыл ғұмырымыз босқа өткен бе? Көз алдыңызға елестетіңізші, Ахаң осы кітаптарды жазбаса, оның ұшан-теңіз еңбегі болмаса біз бір ғасырдан соң бәрін нөлден бастар ма едік...

- Бұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Бұның ондаған, жүздеген себебі бар шығар... Бірақ ең бастысы ­– біздегі іс пен сөздің арасындағы алшақтық, өтірік мақтаншылық, науқаншылдық, шындықты айта алмай көлгірсуіміз дер едім. Мәселен, бірнеше жылдан бері сағызша созылып келе жатқан латын қарпіне ауысу мәселесін алалық. Құдайым-ау, Ахаңның жолына қалайша қайтып ораламыз?!. Ол классикалық араб жазуын түрлендірді, әлемдік дәрежедегі ұлы жаңалығы – дәйекшіні ойлап тапты. Міне, инновация, модернизация, ұлы төңкеріс!   Ал латын текті жазу..., оның тұқым-зәузаты мүлде басқа емес пе? Мен тілші-ғалым ретінде екі қол, екі аяғымды көтеріп латын қарпіне тезірек (бір түнде!) көшуді қолдаймын. Бірақ біздің қолдан не келеді?.. Не есектің, не пайғамбардың өлуін күтеміз де...

Отыз жыл мемлекеттік тілді дамытып жатырмыз деп есеп береміз, «пәлен жерде пәлен пайызға қазақшаландық» дейміз... Соның маған, сізге қандай пайдасы бар, қоғамға, туған тілімізге әсер, ықпалы қандай?!. Кеңестік кезеңді (бақандай 70 жыл!) айтпай-ақ қойдық, 30 жылда еліміздегі орыс мектебін бітіріп шыққан балалардың бірде-біреуі «екі» алып, мектеп бітіре алмай, болмаса «көше алмай» қалған емес. Бәрінікі – «төрт» пен «бес». Бұл да көзбояушылық, қазақша айтсақ абсурд емес пе? Тіл сындырмақ түгіл, қазақ тілінің «біссімілдасын» үйрете алмаған мұғалімдер қаншама миллион айлық алды, қаншама аттестат, табельдер толтырылды. Осылардың ең болмаса біреуінің жолы кесіліп, «істі» болды ма?.. Қайран желге ұшқан миллиондар, құшақ-құшақ өтірік ақпарлар, қоғамды жайлаған көз бояушылық...

- Бұған да бір ем бар шығар?

- Басқасын қайдам, тіл майданында 30 жыл жүрген мен бәрінен түңілдім.

- Сонда не істемек керек?

- Мына тірлікте шындығы тұмшаланған, айқайлап айтуға болмайтын дүние көп ғой. Өткен ғасырдың басында әлемде 6000-6500-дей тіл бар еді. Қазір 2000-2500-дейі сақталып отыр делінеді. Бірақ БҰҰ қабырғасында туы көтерілген мемлекеттер саны – 198 ғана (оның екеуі Кореяға тиесілі). Сонда ұлан-байтақ жеріміз бар, тәуелсіз елміз дейміз, мемлекеттік тілді босағадан сығалатып қоятындай басымызға не күн туды?!. Парламентіміз заңды орысша қабылдаса, сотымыз өзге тілде соттаса, әскеріміз басқа тілде шүлдірлесе – қайтпекпіз?!.

Әлі күнге біліп-білмей қазақ тілі мен мемлекеттік тілді шатастыруымыздан. Ағайындар, екеуі екі басқа дүние ғой. Екі мың ұлттың ішінен суырылып шыққан бар-жоғы екі жүз мемлекеттің қатарындағы мемлекеттік тілді өзіміз төбемізге көтермесек, Парламент мүшелері, соттар, генералдар тәрк қылып жатса, не істемек керек! Міне, қазақша айтқанда, артымыздың ашылатын жері осы. Егер біз жылда қазақшамызды 80-90 пайызға дамыттық, өркендеттік деп жалған ақпар бермей, шындығын айтып, бар-жоғы жылма-жыл тұрақты түрде 2-3 пайыз нәтижеге қол жеткізіп отырғанымызда, 30 жылда 60-90 пайызға қол жеткізер едік-ау...

Тілінің бағын байлап, жолын кесіп, оны тұқырту құралының біріне айналдырып отырған «аралас мектеп» екенін де айта алмай, күбіжектеп, сылап-сипап келе жатқан жайымыз бар. Ащы да болса айталық, бұл – әлем алдындағы өте ұятты іс. Бұл отаршылдықтың нақты көрінісі, маңдамайымызға басылған таңба. Патша өкіметі Қазақ Даласына дендеп еніп, екі тізгін, бір шылбырды қолына алған кезде өзіне қолбала ғып жұмсар атқамінер, тілмәштарды дайындау үшін «Русско-киргизская туземная школа» дегенді ойлап тапқан еді. Міне, ақ патшаның осы «жақсылығын» әлі күнге көріп келеміз, азабын тартып келеміз... Тағы да қайталап айтқып келеді (оны дәлелдеп жату артық шаруа!) «аралас мектеп» дегеннен құтылмай, қазақ тілінің бағы ашылмайды!

«Қазақ тілі» қоғамының атынан жыл сайын бірінші қыркүйек қарсаңында «Қазақ мектептері жабылсын!» деген ұранды көтеремін. Ешбір елде, мәселен, Ресейде «русская школа», Өзбекстанда «узбек мактаби» дегендер жоқ. Болмаса, Сіз Парижде «француз мектебін», Лонданда «ағылшын мектебін» кездестіресіз бе?.. Халықаралық стандарт, конвенцияларға сүйенер болсақ, бізде де бір-ақ «мектеп» болу керек. Мемлекеттің мемлекеттік тілде оқытатын мектебі!. Қалғаны іретіне қарай (ақылы, жексенбілік, факультетивті, т.б.) бола жатар...

Бір апам бір апамнан сорақы демекші, қазір Алматы мен Нұр-Сұлтанда ақылы, элиталы мектептер саңырауқұлақша қаптай бастады. Ақысы аспандаған бұл мектептер кімдерге арналған. Әрине, жоғарғы билік пен бизнестегі тасы өрге өрмелеп тұрған орысқолдылардың немере-шөберелері оқиды. Күні ертең олардың басымызға әңгіртаяқ орнатпасына кім кепіл?!.

- Сонда Сіз осы шаруаларды шұғыл қолға алу керек дейсіз бе?

- Әрине. Біз онсыз да бақандай 30 жылға кешіктік. Өзіңіз ойлап көріңізші, 2022 жылы барша мектептеріміз ғайыптан тайып мемлекеттік (қазақша емес!) тілге көшсе, оның жемісін 12 жылдан кейін ғана, яғни 2034 жылы көреді екенбіз. Ал тағы 10 жыл, 30 жыл кешіксек не болмақ?!. Сонда тіл маманы, тіл жанашыры ретінде мен күйінбегенде кім күйінеді, мен түңілмегенде кім түңіледі.

Әрине, ақиқат-шындық қашанда ащы, оның жолы да ауыр. Бірақ әр нәрсенің бір шегі болса керек. Ақиқаттан қашанғы аттай бермекпіз? 2009 жылы жалпыұлттық санағымыз болуы керек еді. Оның кешігуін де  мемлекеттік тілдің қайтсем шәужайынан тартсам, уақыт ұтсам деген арам пиғылдан туындап жатыр ма деп қауіптенемін. 2009 жылғы жалпыұлттық санақты еске алалықшы. Қазақтың саны 67 пайыз деген ресми мәлімет барша жұртқа жария етілді. Бөркімізді аспанға аттық. Бұл (көпұлтты!) Қазақстан халқының үштен екісі қазақ деген сөз еді. Артынан жаздық, жаңылдық деп, үштен екіден азайтып, 63 пайыз қылдық. Талай азаматтар істі болды... Хоп, мәйлі! Енді, екі жыл кешігіп өткізіліп жатқан кезекті халық санағында ешкім қазақтың санын 75 пайыздан төмендете алмас деп үміттенеміз. Кемінде 75 пайыз! Бұл ойыншық сан емес ғой, барша жұрттың төрттен үші! Оған сыртта жүрген қаны бір, жаны бір 5 миллион қазағымызды қосыңыз. Оған тілі бір, тілегі бір қалың түрікті, өзбекті, татарды... қосығыз.  Таң атпаймын десе, күн қоймайды. Құдай сол сәтін салса, қазақтың да күні туар, бағы ашылар...

- Демек, Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына дейін ең болмағанда осы айтылған ойлар орындалатындай бағытқа түсуіміз керек дейсіз ғой?

- Мемлекеттік тіл туралы жаңа Заң қабылданып, кириллицаға ұқсамайтын жаңа жазуға көшсек, оқу-ағарту, іс жүргізу, тағысын тағылар жеке-дара мемлекеттік тілге көшсе, қанеки. Бір жол бар, жақын да болса, алыс. 150 жылдан соң ұлттық межеге қол жетіп, Ұлы ұстаздың өсиетін орындап жатсақ, бізде не арман бар?!.

- Іләйім, айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан Құтмағамбет Қонысбай

Abai.kz 

17 пікір