Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 2617 6 пікір 28 Желтоқсан, 2023 сағат 14:23

ГҮЛ-АҒА

Негізі Гүлнар туралы әңгімені кез-келген жерден бастап кете беруге болар еді... Біз оған ғашық болдық! Гүлнардың өзінен үлкен ағалары мен замандастарын білмеймін. Біз деп отырғаным Гүлнардан бес-алты жас кіші мен құралпы ақын жігіттер. Біздің ортамызда Гүлнар туралы жиі әңгіме болатын. Бір күні сондай әңгіменің арасында Жарас Сәрсек досым «Осы Гүлнар тамақ іше ме екен..?» дегені есімде. Біз Гүлнарды періште сипатында қабылдап, ақындықтың эталоны ретінде қадір тұттық. Гүлнар мақтағанды ұнатпайды. Ел алдына орынсыз шығуды қолай көрмейді. Гүлнардың принципі:

«Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Іштегі дертін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден».

Гүлнардың адамзаттық поэзия палитрасындағы бояуы мейірім колоритіне бағындырылған. Адам баласына нәсіп болған жеті бояудан жетпіс миллион реңді таныған, жарқ-жұрқ еткен найзағай болмысты емес, поляр шұғыласындай тылсым сырды меңгерген Жан. «Күннің түсі қызыл емес көк түсті, Қызылынан жүрегіме шоқ түсті..!» дейтіні де сондықтан. Гүлнар өлең арасындағы «өгей» сөзді жаратпайды. Кей ақындардың былапыт сөздерді поэзияға сүйреп әкеп қосқанын көргенде нала болады. «Неге оқырманды аямайсың?!» деп ренжігенін талай көрдік.

Елең де, алаң ел тұрмаған шақ
Тұп-тұнық ауа, жел тұрмаған шақ.
Сұңқар бұлақ мен саған келдім,
Күміс шабақтар шолпылдаған сәт.
Еміреңдің сонда балық тектім деп,
Көрінбей сонша нағып кеттің деп.
Бейнеңе қарап ұзақ отырғам,
Балық боп сол сәт ағып кеткім кеп.
Менің жанымдай айқайлағың кеп,
Күрсінемісің қайда лағам деп.
Жабырқау ғана жағаңда отырмын,
Жаға боп сені аймалағым кеп...

Ауылда жүрген кезде жаттап алған өлеңім еді. Ол кезде өлең ұнаса болды, авторы маңызды емес. Осы өлеңде тылсым бір нәрсе бар. Қайталап оқи беретінмін. Не нәрсе екенін әлі күнге дейін білмеймін. Бәлкім, білудің де қажеті жоқ шығар. Ең бастысы нағыз өлең ғой! Кейін Гүлнардың жинағынан көргенде бірақ білдім. Бұл Гүлнар Салықбаеваның жыры екен!

Мен Алматыға алғаш келген кезде Гүлнар жетелеп жүріп мені екі рет жұмысқа кіргізді. Гүлнар мені бірден «Астана дауысы» газетінің редакциясына ертіп апарды. Газеттің редакторы кәдімгі Қажытай аға екен. Қажытай Ілиясов! Қажытай аға менен емтихан ала бастады. «Бұрын газетте істеп пе едің, мақала жаза аласың ба?» деді Қажытай аға. Гүлнар жауап берді. «Қажыаға, бұл суретші ғой. Сурет салып, өлең жазған адам мақаланы да қатырады ғой» деді. «Домбыра тартпайтын қазақ жоқ, гитара тарта аласың ба?» деді Қажытай аға. Мен күмілжіп қалдым. Содан соң ең басты сұрақты қойды. «Арақ ішесің ба?» деді. Бір күн бұрын түнде «ЖенПИ-дің» ауласында Жарас, Әмірхан мен Мурка бастаған «Жеті бірдей боздағым» бозда ойнағанбыз ғой. Соның уыты әлі тармай бұрқырап тұрған қалпымда пәк едім десем Құдайдан ұят-ты. «Әй, ішетініңді көріп тұрмын ғой! «Іше аласың ба?!» деп тұрмын» деді. «Қандай құжаттарың бар?» деді бір уақытта. Құжат менің ең жанды жерім. Құжат баяғыда бір сыраханада қалған ғой. Ол кезде менен құжатты тек милициялар ғана сұрайтын. Сол кезде Гүлнар «Қажыаға, бұл ақын ғой, өлең оқытсаңызшы» деді. Қажытай ағаның сұрауын күтпестен екі-үш өлеңді бұрқыратып жібердім. Мен өлең оқып біткен бетте Қажытай аға жедел орнынан тұрып қасыма келді де білегімнен жетелеп әкеп бір бос орынға отырғызды. Отырғызды да «Қазірден бастап жұмыстасың, бүгінен бастап осы орында отырып қызмет жасайсың» деді. Гүлнар «уһ!» деді ма, демеді ма есімде қалмады. Өзім «уһ»» дедім... Сол газетте қазақтың не бір марқасқаларымен бірге қызметтес болдым. Бұл күнде солардың бірі де жоқ. Қажытай аға, Нәрбин апа, Бейбіт Құсанбеков, Қайрат Әлімбек, Есжан Айнабеков... Сөйтіп Гүлнар Салықбаеваның арқасында журналист ретінде «Астана дауысы» газетінде бір жылдай қызмет жасадым. Бұл газет жабылған соң «Жас қазақ» газетіне де Гүлнардың ықпалымен қызметке тұрғанымды айтқым келеді.

Мен Алматыға біржола келген кезімде Гүлнар Жазушылар одағында қызмет жасайды екен. Жазушылар одағының фоэсінде ара-кідік көріп қалам. Әубәкір Смаилов айтқандай «Бұйра шашты, бура мінезді» кезім. Гүлнарға жақындап бір нәрсе айтқым келеді. Бірақ бата алмаймын. Не айтатынымды өзім де білмеймін. Бір күні Жазушылар одағының фоэсінде ұстап алып ұрысты. Басқа біреу болса «әрі ойна» дей салар едім, бұл Гүлнар ғой! Сол Гүлнар бізге әлі жанашыр. Бұл күнде Гүлнарды «Гүл-аға» деймін. Гүлнарды Жұматай (Жұмағұл-Шора Сағадиұлы) қағанның өзі «Гүл-аға» деген көрінеді. Жұматай демекші, Гүлнарға қазақтың талай жігіттері өлең арнаған. Солардың шоқтығы биігі де осы Жұматай қағандікі. Мейірхан (Мейірхан Ақдәулетов. Жұматай қағанатының елханы) аға айтады «Жұмаға, ертең Гүлнар нояныңыздың туған күні, сыйлық алуға қанша ақша қосасыз?» деп қалжындап едім «Менің сыйлығым ақшамен өлшенбейді, ертең көресіңдер» деді, дейді». Ертесіне Жұматай аға Гүлнардың туған күнінде осынау «Гүл. Қасида» деп аталатын атақты өлеңін оқиды. Мынау сол өлең:

Шықтай жаннан шықпайды бір кекесің.
Шықты бітті шыңырауға кетесің.
Аламандай атқа мінер тап қазір,
Байлап-таңып жүреді Ол шекесін.
Ер сайыны бола алсаңыз мына сіз,
Мен айтпай-ақ, бір көргеннен ұғасыз.
Ол бір шыны сүтке салған суреттей,
Ол бір құшақ музыкадай күнәсіз.
Топты ұйытып: «Тоқиық, деп, қардан бөз»
Киімсізге жаны ашымас жаннан без.
Күн көзіндей жыланды да жылытқан,
Тап осындай мөлдір бейіл, аңғал көз.
Адамнан тек шығады әсем диуана,
Диуанаға жетпейтін мал-күй ғана.
Жынды дейтін ондай жанды Арқада,
Шәйір дейтін ондай жанды Хиуана.
Той болса деп жүрген жері, тұрағы,
Ойланғанмын, оқсатпалдым бір әлі.
...Байлық жоқта балаларға шашатын.
Қобыз тартқым келеді де тұрады.

Гүлнардың шығармашылық кеші сондай бір биік талғаммен, ешкімнің кешіне ұқсамайтын өзгешелігімен ерекшеленеді. Гүлнардың кеші болады дегеннен «қандай жаңалықпен қауышар екенбіз» деп ойлаймыз. Гүлнардың кешінен ләззат алып, пәкизат рахатқа бөленіп шығамыз. Мен Гүлнардың шығармашылық кешін алғаш рет 1993 жылы көрдім. Ол кезде бүгінгідей әлеуметтік желі болмаса да жақсы жаңалықты әуеден жұпар аулаған бөлтіріктей танауымызбен сеземіз. Гүлнардың со жолғы кешін Бейбіт Құсанбеков ағамыз жүргізді. Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры көрермендерге лық толды. Кеш өте керемет боп жатты. Бір кезде маған сөз берілді. Мен мұны мүлде күтпегем. Сасқалақтап қалдым. Орнымнан тұра берген сәтте алдымдағы орындықтың шегесі іліп кетіп шалбарым тіземнің үстінгі жағынан дар айырылды. Қас пен көздің арасында сахнаға шығу керек пе, әлде осы бетіммен далаға шығып кетуім керек пе деген ой санамда ит-жығыс түсіп жатты. Мен сахнаға қарай беттедім. Сәлден кейін шалбарымның жыртылған жерін қолыммен басқан қалпымда Гүлнарға жазған өлеңімді жұртшылықтың алдында алғаш рет шабыттана оқып тұрдым.

Санамды сезім улағандай-ау,
Ажарың тілді байлап бір.
Маңдайың нұрға булағандай-ау,
Гауһардай көзің жайнап тұр.
Жүргенің қудың жүзгеніндей ме,
Құмыра белің нәзік тым.
Ақ тісің ақ жыр тізгенімдей ме,
Тауысар көркің жазып кім?
Жүрек пе жүрек, үбектемесе
Ғашықтың ғасыл кей түнін.
Сендей-ақ шығар Жібек те кеше,
Періште тектес дей-тұғын...

Маралтай

Abai.kz

6 пікір