Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 4341 4 пікір 18 Тамыз, 2021 сағат 14:03

Сәлафизм талибанның діни ұстанымына қаншалықты әсер етті?

Кейбір әріптестерімнің талибандар туралы айтқан пікірлерін естіп не күлерімді, не жыларымды білмей отырмын. Пәкістандағы Ауған босқындарының балалары 1980-шы жылдардан кейін Хаккани медреселерінде оқыған. Бұл оқу орнын ақидада Матуриди, фиқһта Ханафи мәзһабын ұстанатын Деобенд түлектері ашқан. Хаккани медресесінде діни білім алған Ауған тәліптері 90-шы жылдардан кейін еліне оралып, саяси мәселелерге араласты. Талибандар 1996 жылы Ауған билігін қолына алды. Олар билікті қолға алғаннан кейін қоғамдық қатынастарды шариғат үкімдерімен реттеуді жүзеге асырды. Талибандардың шариғаты қай шариғат дегенде, олар Ханафи мәзһабының үкімдеріне жүгінді. Зинақорға тас боран жасау, ұрының қолын кесу, қарақшыны дарға асу жазалары Ханафи фиқһында бұрыннан бар үкімдер. Тәліптер мұндай жаза түрлерін салафиттерден алған емес. Жалпы, сәлафиттер талибанның ақидасына да, фиқһына да әсер еткен емес. Себебі, деобандия мектебінде ақида мен фиқһ ілімі қатты дамыған. Яғни, сәлафиттер бұл мәселеде талибандарға ақыл айтатындай деңгейде емес.

Кеңес үкіметі 1979 жылы Ауғанстанға басып кіргенде, мұсылман елдерінде ғазауат ұрандары көтерілді. Йемендік Усама бен Ладен құрған "Әл-Кайда" ұйымының өкілдері Ауғанстанға жихад жасауға келді. Ауған мұсылмандары мен сырттан келген жихадшылар атеизмді насихаттаушы ортақ жауға бірлесіп күресті. Оларды біріктірген саяси мүдде-тін. Яғни, ауғандықтарға шариғатпен жазалауды салафиттер үйреткен жоқ. Шариғат жазаларын қазіргі демократиялық принциптер мен азаматтық қоғам құндылықтары көтере алмайды. Тіпті, қазақтың дүниетанымының өзіне шариғат жазалары ауыр келеді.

Біз Әбу Ханифа мәзһабын ұстанғанымызбен тек ғибадат мәселесінде ғана Ханафилікке жүгінгенбіз. Қасқа жол, Ескі жол, Жеті-Жарғыны зерттеген маман ретінде айтайын, біз қоғамдық қатынастарды реттеу, отбасылық мәселелер, қылмыстық жазаларды тағайындауда көбінесе салт-дәстүрге басымдық бергенбіз. Қазақтың осы сара жолын ұқпаған адам ұлтымызға қатысты мәселелерге дұрыс сараптама жасай алмайды. Оған талай көзім жеткен. Бүгін тағы да куә болдым...

Мұхан Исахан

Abai.kz

4 пікір