Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3332 0 пікір 4 Маусым, 2012 сағат 11:46

Мектеп бағдарламасында бала құқығын қорғау пәні жетпей тұр

 

 

Апта бойы саясаттың көрігін қыздырып, (қайсыбір елдің парламенті секілді жаға жыртыспаса да) елдің дамуы үшін дамыл таппайтын Мәжілістің отырыс залы кеше мерекелік көңіл күймен әрленіпті. Балаларды қорғау күніне орайластырылған халықаралық конференция барысында елдің  болашағы жайлы сөз қозғалып қана қоймай, сол балғындардың өнерін тамашалауға да уақыт берілді. Сондықтан да мұны Мәжілістің тарихындағы ерекше күнге баласа да болады.

Бұл күні Мәжіліс қабырғасында «Заң­на­ма және тәжірибедегі қазақстандық бала­ларды жан-жақты қорғау жолында» тақырыбымен халықаралық конференция ұйымдастырылып, бүгінгі Қазақстандағы бала құқықтарының қорғалу жайы талқыға түсті. 1 маусым, бір жағынан, балалар ме­ре­­­кесі болғандықтан болар, конфе­рен­цияда сөз алған Парламент Мәжілісінің Әлеу­­мет­тік-мәдени даму комитетінің төрайы­мы Да­риға Назарбаева әңгімесін жағымды жайт­тан бастады. «Қазақстан - жастардың мемлекеті» дегенді жиі естимін. Дегенмен мұны «Қазақстан - балалар мен жас­өс­пі­рім­дердің елі» деп атағанымыз дұрыс. Бүгінгі таңда біздің елімізде 2 млн 254 мыңнан ас­там мектепке дейінгі жас­тағы бала және шамамен 2 млн 517 мың­нан астам мектеп жасындағы бала бар», - дейді өз пікірін нақты сандармен дәйек­теген де­пу­тат Д.Назарбаева. Оның айтуын­ша, ағым­дағы жылдың қаңтар-наурыз айла­рында ғана республикамызда 902 400 бала өмірге келді. Бұл - 2011 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары әрі қазірдің өзінде Қазақстандағы балалар саны күн сайын өсіп отырғандығын көрсететін қуанышты көрсеткіш.

Әлбетте, мұның бәрі мемлекет тара­пы­нан атқарылып жатқан шаралардың жемісі болса керек. Өйткені бала құқығын қорғау тұрғысынан еліміздің бірқатар табыстарға қол жеткізгенін өзгелер де айтып отыр. Мысалы, «сырт көз - сыншы» деген қазақ­тың мәтеліне салып, ел дамуын бақылап отырған шетелдіктердің бірі - ЮНИСЕФ өкілі Джун Кукитаның пікіріне құлақ түрсек, біздің еліміздің соңғы 20 жылда әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамумен қатар, балалар құқығына қатысты қоғамдық таным мен білім бағы­тын­да да айтарлықтай ілгерілегенін алға тартады. Бұл бала­ларға жағымды жағ­дай қалып­тас­ты­ру­дағы мемлекеттік практикалар мен стан­дарт­тарды айтар­лық­тай жақсартуға септігін тигізген. «Қазақ­стан балалар құқығын қорғауда айтар­лықтай табыстарға қол жеткізді. Мәсе­лен, мен мұндай аса маңызды жетістіктің тек 10 бағытына ғана тоқталсам, жеткілікті. Бірін­шіден, Балалар құқығын қорғау кон­вен­ция­сына сәйкес, олар­дың құқығын барынша тиімді қорғау бойынша Қазақстан 100-ден астам норма­тивтік-құқықтық құжатты қайта қарап, қабылдады. Балалар құқығын өңірлік деңгейде кеңейту үшін Қазақ­стан­ның 17 қаласы «Балалар үшін дос қа­ла» бас­та­ма­сына қосылды. Бұдан бөлек бала­лар­дың ойлау қабілетін жоғары дамытуға қа­тыс­­ты игі қадамдарды да жүзеге асырды. Қазақстан балаларды мүгедектіктен қор­ғау­ға баса назар аударды. 2006-2011 жыл­дар ара­сын­дағы мектепке дейінгі білім­мен қамту екі есеге артып, қазір 40 пайызды құрап отыр», - дейді Джун Кукита бала­лардың игі­лі­гі үшін атқарылып жатқан игі істерді сана­ма­лап.

Джун Кукита сондай-ақ Қазақстанда соттар барысында балалардың құқығын қорғау бойынша ювениалды жүйе енгізіліп, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданғанын, сол арқылы мүгедек балалар ұдайы мемлекет назарына алынғанын да атап өтті.

Дейтұрғанмен балалар құқығын қорғау, оларды түрлі әлеуметтік қатер­лерден сақтау ісін мүлде кемшіліксіз деуге тағы ауыз бармайды. Мұны ЮНЕСКО өкілі ғана емес, Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров те айтып отыр. Мәселен, А.Шәкіров елімізде бала­ларға қатысты зорлық-зомбылық деректері әлі де кездесетініне, өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының көбейгеніне де қынжылыс білдіреді. Оның айтуынша, еліміздің білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесіндегі бірқатар мекемелерге арнайы жүргізілген зерттеулер барысында балаларға зорлық көрсету фактілері анық­талған. Осындай жайттарға назар аудар­ған ол мектеп бағдарламасына арнайы пән енгізуді ұсынады.

«Республикада балаларды қорғаудың берік әрі ілкімді тетіктері құрылған. Алайда өскелең ұрпақты патриоттық дәстүр, отба­сы мәртебесін нығайту, мектеп пен отбасы және қоғамның өзара әрекеттестігі бағ­да­рын­да тәрбиелемейінше бұл міндетті іске асыру қиын. Сондықтан мектеп бағдар­ла­ма­сына арнайы бала құқығын қорғау пәнін енгізу мәселесі назар аударуға тұрарлық деп ойлаймын», - дейді Қазақ­станның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Ас­қар Шәкіров.

Автор: Қанат ҚАЗЫ

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1949
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2215
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1824
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1543