Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2511 0 пікір 1 Маусым, 2012 сағат 10:03

Ақтөбені алаңдатқан ақпарат

 

 

Ақтөбеде мектепте оқитын қыздар жаппай жезөкшелікке тартылып жатыр-мыс деген ақпараттың тарағанына біраз болды. Бірақ оны құзырлы органдар растаған жоқ. Әйтсе де, ел арасында тараған сөздің анық-қанығын білмекке тырысқанбыз. Бірақ тұрғындардың өзінен сыр суыртпақтау қиынға түсті.

Қыздың мінезі қатты өзгерді

- Оқиғадан хабардар боларсыздар. Біздерге болған жайды ешкімге тіс жарып айтпаңыздар деген еді. Әрі балалардың қылықтарын басылымға жариялау да ыңғайсыз. Мен білгенімді ғана айтып берейін, - деп бастады әңгімесін Клара (аты өзгертілген - авт.) есімді кейіпкеріміз. - Ағамның қызы Айым (аты өзгертілген - авт.) биыл 10-сыныпты бітірді. Әжесінің қолында өскендіктен, тым ерке екені рас. Бірақ ол - ақылды тентек. Сабағын үздік бітірді. Алайда соңғы кезде Айымның мінезі қатты өзгерді. Үйден «мектепке кеттім» деп шығып кеткенімен, кей күндері сабаққа да қатыспайтын болған. Мұны бізге мұғалімдері хабарлап жүрді. Өтпелі кезең болған соң шығар деп біз елемеп едік, алайда оның қылығы шектен шығып кетті. Анасы киімдерін жуар кезде қалтасынан қомақты ақшалар та тауып жүрген. Сұраса, түрлі сылтаулар айтады екен.
Клараның айтуынша, Айымның бөгде адамдармен араласып, жол бағытын мектептен басқа арнаға бұрып жүргенін бауырлары байқапты. Олар дереу ата-анасына хабарлап, болған жайды ескерткен. Айымнан қанша ұрсып сұрағанымен, ол басынан өткізген жайларын тіс жарып айтпайды. Баласының келешегінен қорыққан ата-анасы оны мектепке апарып, алып келіп жүрген. Сонымен қатар әлдебіреулердің арбауына еріп, бір қателікке ұрынып қалуы мүмкін деген оймен полиция қызметкерлеріне шағымданыпты.

«Жеңгетай» Шолпан

Осы тұста Ақтөбе облысы ішкі істер департаментінің мамандары кәмелет жасына толмаған қыздарды да жезөкше болуға мәжбүрлеген 33 жастағы Шолпан есімді азаматшаны қолға түсірді. Полиция қызметкерлері күдіктіні 19 жастағы бойжеткенді 30 мың теңгеге «сату» үстінде ұстапты. Жедел тергеу нәтижесінде Шолпанның соңғы үш айда 16-20 жас аралығындағы қыздарды жезөкшелікпен айналысуға итермелеп келгені анықталды.
Осы уақытқа дейін өңірдегі ішкі істер департаментіне жәбірленген қыздардан 14 арыз келіп түскен. Жинақталған барлық деректер бойынша іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері Шолпанның үш сыбайласы бар екенін анықтапты. Екі әйел мен бір жігіттен тұратын көмекшілері бұрын полиция есебінде болмаған. Қазіргі күні күдікті «жеңгетайдың» үстінен қылмыстық іс қозғалып, ешқайда шықпау туралы қолхатпен үйіне жіберілді.
Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев бұл оқиға турасында былай дейді: «Полиция қызметкерлеріне кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың жезөкшелікпен айналысатыны туралы ақпараттың түскені рас. Бірақ кейбір басылымдар бұл мәселені тым ушықтырып жазыпты. «Тән саудасына 5 мың оқушы қыздың сатылғандығы» туралы ақпарат жалған. Іс әлі де тергеліп жатыр. Сонымен қатар қаламызда алматылық және қарағандылық қылмыстық топ іс-әрекет етуде деген ақпарат та шындыққа сәйкес келмейді».
Дерекке сүйенсек, аталмыш департамент қызметкерлері бұл істен бөлек, биыл кәмелеттік жасқа толмаған 13 қызды іздестіру жұмыстарымен айналысқан. Бірақ бұл бойжеткендердің «жаман іспен» айналыспағандығы анықталып, үйлеріне жеткізіліпті.
Жергілікті және республикалық басылымдарда жарияланып кеткен кәмелет жасына толмаған мыңдаған қыздың жезөкшелік жолға тартылғаны, тіпті солардың арасында өлгендер, із-түссіз жоғалғандар да бар екені туралы мәліметті еліміздің Ішкі істер министрлігі де теріске шығарды.

Айгүл БӘЙТІБИҚЫЗЫ,
Ақтөбе

«Жас қазақ» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1955
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2232
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1836
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1544