Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Дидар-ғайып 3341 4 пікір 15 Шілде, 2021 сағат 12:24

Қазақ руханиятының қазынасы еді...

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасын ұзақ жылдар басқарған, белгілі шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлі дүниеден өтті. Бұл туралы ҚМДБ хабарлады.

Әбсаттар Бағысбайұлы 1947 жылы 15 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында туған.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген. КСРО Ғылым академиясы Мәскеу Шығыстану институтында аспирантураны аяқтап, Марокко Корольдігі, Тунис Араб Республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілік арттырудан өткен. 1986-1988 жылдары КСРО ҒА Мәскеу Шығыстану институтының докторанты болған.

Әбсаттар Дербісәлі – республикамыздағы жас арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы құлыптастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді.

Abai.kz ұжымы - марқұмның отбасы мен жақын-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.


Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти:

- Әбсаттар қажы Дербісәлі дүниеден озды. Осындай қайғылы хабар жанымызға қатты батып отыр. Әбсаттар қажы Дербісәлінің қазасы – барша мұсылман қауымының ортақ қайғысы.

Ғалымның ауыр хәлде жансақтау бөліміне түскенін естіген сәтте Діни басқарма қызметкерлерімен дұға еткен едік. Алланың әміріне амал бар ма?! Жалған дүниемен қош айтысатын уақыты жеткен екен. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, барша мұсылман қауымына қайғыра көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқасын. Иманы саламат болғай.

Ғұмырын ғылым мен білімге, діни ағарту саласына арнаған Әбсаттар қажы Бағысбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын басқарған 10 жылдан астам уақыт аралығында мүфтияттың оқу-ағарту саласын жаңа деңгейге көтерді. Оның қаламынан туған ғылыми еңбектер мен ғибратты шығармалар өз оқырмандарын ізгілік пен ізденіске, имандылық пен адамгершілікке үндей беретіні сөзсіз.

Бас мүфти лауазымына сайланған сәтте батасын беріп, Діни басқарма жұмысын жандандыру бойынша ақыл-кеңесін айтып, жанашырлық ниетін білдіріп еді. Мүфтияттың құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияға да келіп, мазмұнды баяндама жасады. Діни басқарманы әр жылдары басқарған Бас мүфтилердің елорда төрінде басқосуы тарихи сәттердің біріне айналды.

Әбсаттар қажы Дербісәлі Бас мүфти болған кезде қызметке деген ұқыптылығымен, іс-қағаздарды жүргізу барысында тиянақтылығымен, басқару ісінде ақылгөй басшы қасиетімен, адамдармен тіл табысуда зиялы болмысымен, ғылыми ізденісте табандылығымен, т.б. үлгі болар сипаттарымен есте қалды.

Мұндайда ол кісі туралы өткен шақпен естелік жазу қандай ауыр десеңші?! Алла Тағала қадірлі ағамызды панасына алғай. «Достан – дұға» дегендей, ендігі қолдан келер іс – марқұмға Алладан жарылқау тілеу, Құран бағыштау. Жаның жәннатта болсын, Хазірет!

Мұхан Исахан, дінтанушы, Ph.D докторы, Ғұламалар кеңесінің мүшесі:

- Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің бақилыққа аттанғанын естіп, көңілім құлазып отыр. Марқұмның қазаққа бергені мол еді. Қазақстандағы Шығыстану ғылымын қалыптастырған ғұлама болатын. Қаншама тарихи ғұламаларды халқымен қайта қауыштырды. Бозбала шағымда Мұхаммед Хайдар Дулатидің ізін қуып, Гималай асып, Кашмир барғандағы жанкешті зерттеулерін оқып, «Не деген жанқиярлық?!» деп тәнті болып едім.

Хазіретіміз менің 2009 жылы Имам Матуриди туралы жазған мақаламды оқып, ҚМДБ-ға жұмысқа шақырған еді. Бара алмадым. Кейін 2010 жылы «Дінбасыға жат!» атты мақалам жарияланғанда, тағы да қасына шақырды. Тағы да бас тарттым. Докторлық диссертациямды қорғағанда, Ғылыми кеңестің төрағасы болды. Қолымды қысып, ерекше ілтипат көрсетіп, құттықтады. Марқұм, ішкі мәдениеті өте жоғары азамат еді. Тәңір-Тағала алдынан жарылқап, амал дәптері оңынан болғай!

Серікбол Хасан, «Мұнара» газетінің редакторы:

- Белгілі шығыстанушы ғалым, Діни басқарманың бұрынғы бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыздың дәм-тұзы таусылған екен. Әбсаттар қажы нағыз ғалым еді. Қазақ ғылымына, шығыстану ғылымына зор үлес қосты. Мұхаммед Хайдар Дулатиді қазаққа таныстырып, қабірін тапқан да осы кісі болатын.

Мүфтиятты басқарған тұста Діни басқарманың аяғынан тік тұруы үшін тер төкті. Мешіттер саны ұлғайды. Діни кітаптар шыға бастады. Мешіттердің, жалпы мүфтияттың құжаттары ретке келтірілді.

Дін мен білім-ғылымды қатар ұштастырды. Діни университеттің қазығы қағылды, медреселер саны ұлғайды. Мыңдаған шығыстанушы, дінтанушы мамандар қалыптастырды. Имамдардың біліктілігіне баса мән берді. Бүгінде имамдар киіп жүрген біркелкі ақ шапан үлгісін де жолға қойған осы Әбсаттар қажы болатын.

«Мұнара» газетінің жанашыры болды. Газетте бірнеше тың мақалалары жарияланды. Басылымға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Алла ол кісіні панасына алсын! Әбсаттар атамыздың ақыреттік жайы жәннаттан болсын!

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1634
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1558
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1297
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1254