Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 30928 0 пікір 25 Мамыр, 2012 сағат 11:49

АШАРШЫЛЫҚ – АЗАЛЫ ЖЫЛДАРДЫҢ АТАСЫ

 

 

Қазақ халқының басынан өткен ең қиын-қыстау күндердiң бiрi - ашаршылық жылдары екенi белгiлi. Ашаршылықтың туу салдарының да түрлi себебi болады. Ол көбiне саяси-әлеуметтiк үрдiстерден, табиғаттың қолайсыз ахуалдарынан туындайды екен. Аш жүрудiң де екi түрi бар. Бiрi - ас-сусыз қалу да, екiншiсi - үнемi шала құрсақ болып жүру. Халық үшiн ең қауiптiсi де осы - үнемсiз қалып, ауруға, iндетке, қырғынға ұшырауы. Ал қолдан жасалған аштықтан қырылу ше? Бұл аштықтың қандай түрiне жатады?!
Қазақ қалай қырғынға ұшырады? Қазақтың басынан қаншама нәубет өтті? 31 мамыр - қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күн. Ал биыл алапат аштықтың болғанына 80 жыл толады. Біз сол бір зұлмат кезеңнің ащы шындығын қаншалықты аша алдық? Кеңестік режим өзіне қараған халықтарды атып-асып, қуғындап қана қойған жоқ, сонымен бірге қолдан жасалған аштықпен де ауыр зұлматтар жасады.
Бұл қырғын Ресейдің Поволжье аймағын, Украина мен Қазақстан халқын жайлады. Осы бір зұлмат кезеңдердің ащы шындығын ашық айтып, Ұлы аштық қырғынын халықаралық деңгейге дейін көтерген, аштық құрбандарына арнап, кесене тұрғызып, оны жыл сайын Азалы күн ретінде атап өтіп жүрген украин халқы екен. Бұл да болса, украин халқының өткен тарихқа, өз халқының басынан өткен зұлматты кезеңге жасаған ерекше тағзымы болса керек. Сол украиндықтар 2010 жылы өздерінде шығатын «Наше слово» газетінде қазақстандық саясаттанушы Данила Бектұрғановтың «Ұлы жұт немесе қазақ даласындағы Ұлы аштық қырғыны жайлы» мақаласын жариялайды. Әрі бұл мақала украин тілінде жарық көреді. Ол мақаласында автор қазақ даласында болған Ұлы жұттың, яғни Ұлы аштық қырғынының себебі мен салдарын анықтауға тырысқан. Автор: «Қазақстандағы Ұлы аштық қырғыны жайлы әңгімені екі өте маңызды ескертуден бастаған жөн болар: кеңес заманында Қазақстанда екі рет аштық қырғыны болғанын айтуға тиіспіз. Әрине, ең үлкен аштық қырғыны өткен ғасырдың 30-шы жылдары орын алды. Ол тарихта Ұлы жұт Ашаршылық жылдары деген атпен аталады. Бірақ сонымен бірге 1919-1922 жылдары орын алған ашаршылықты да ұмытпаған жөн болар. Осы кездері Қазақстанда миллионнан астам адам аштан өлген» деген деректерді алға тартады.
Алғашқы аштық кезінде қазақтың көбі аштан қырылды. Деректерге сүйенсек, 1919-1922 жылдардағы аштық кездерінде бір миллионнан астам қазақ аштан өлген. Бұл сол кездегі қазақтың санының шамамен 20-22 пайызын құрайды деген сөз. Алаш арыстарының көсемі Ахмет Байтұрсынов 20 жылдардағы аштық жөнінде 1922 жылғы «Қазақ календарына» жазған «Тәні саудың - жаны сау» атты мақаласында: «...Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...» деп жазған екен.
Ал нағыз қасапты қырғын қазақтың басына 30 жылдары келгені белгілі. Бұл жылдардағы нәубет қазақ халқының тең жарымын қырып кетті. Аш-жалаңаш, үй-күйсіз қырылған қазақтың жартысы жер ауды, қашты, босып кетті. Сол жылдардағы Ұлы аштық жайында жазылған шығармаларды оқып көрсеңіз, жан түршігеді. Мәселен көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметовтың балалық шағы аштық жылдарымен тұспа-тұс келіпті. Анасы туралы жазылған естелігінде Мекемтас аға: «...Ашаршылық жылы сен үш жаста едің. Емшекте нәресте қызым бар. Аштықтан өлетін болған соң түс кезінде Кемербаcтаудағы жездем Құрманбектің үйіне қарай жолға шықтық. Сені қолыңнан жетелеп, қызымды бауырыма алып, аштықтан бұралып, әрең жүріп келемін. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Сарттар еккен қауындыққа жеткенде ұялы қасқыр қамап, топырақ шашып, қаумалай бастады. Таяғымды көтеріп, айбат шеге айғайласам да қаймығар емес. Есім шыға, не істерімді білмей ораулы қызымды жерге қойып, сені арқалап сытылып шықтым. Сол-ақ екен, топ қасқыр қызға қарай бас салды. Шар еткен нәрестенің даусын естідім... Тура осылай болғандығын шешемнің аузынан естігем. Біз атадан 17 едік. Кейін ашаршылық басталып, бірі cоғыста өліп, бірі «халық жауы» боп айдалып, ақырында үшеу-ақ қалдық. Егер соның он жетісі де тірі болғанда бүгін санымыздың қанша болатынын Құдай білсін. Кейін бала боп үйдің бетін көрмей, ұзап кеткенімде анам қатты қиналса керек. Бір сөзінде «сол кезде қасқырға қызымды тастағанша, сені бермеппін...» дегені бар» дейді. («Ана тілі» газеті...)
Ал марқұм академик Салық Зимановтың балалық шағы туралы жазылған деректерді оқысаңыз жаныңыз ауырады. «Азаттық» радиосына берген аштық жылдары туралы айтқан пікірінде академик: «Аштан қырылғандарды арбамен тасып, қазылған шұңқырларға апарып тастап жататын. Олардың арасында тірілер де бар болатын. Әлі құрып, орнынан тұра алмай қалғандарды да өлілермен бірге шұңқырға тоғытатын. Үлкендер жұмыстан қайтып келісімен, әлгі шұңқырға барып, ашық-шашық шыбын үймелеп жатқан өліктердің бетін жауып қайтатын. Кемпір, шалдар әр жерде қалатын. Ол кезде негізінен 35-40 жастағылар қырылып жататын. Тіпті, Атырауға Арқадан бала әкеліп сатып жатыр екен деп те еститінбіз. Қаладағы біреулер астыққа айырбастап алатын болуы керек. Базарда тышқанның, иттің етін сатқандар да болды. Жергілікті қазақтар өздері әрең күн көріп отырса да, аштарды қолдан келгенше паналатуға тырысатын» деген екен балалық шақтағы қиын күндер туралы.
Ұлы аштық қырғыны туралы жазылған шығармалардың кез келгенiн қарасаңыз да, жан түршігерлік оқиғалардың тізбегі көз алдыңыздан шығатыны даусыз. Бұл біздің білетініміз ғана, ал білмейтініміз қаншама. Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева өзінің ой толғамдарының бірінде еліміздің батыс өңіріндегі әрбір үйіліп жатқан дөңбектердің астында қандай белгісіз зираттардың жатқанын жазады. Біз табанымызбен басып жүрген төбешіктердің астында қаншама боздақтардың сүйегі жатқанын кім білсін?!
Жоғарыда өзіміз мысалға келтірген Данила Бектұрғановтың мақаласында жазылған деректерге тағы назар аударып көрелік. «Мал жоқ жерде, тамақ жоқ, тіршілік жоқ. Қазақтар тұратын ауылдар жаппай қырыла бастады. Тарихшы А.Н.Алексеенконың айтуынша «...әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1 млн. 840 мың адам немесе жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды. Бәрінен ең көп қырылған республиканың шығысының қазақтары болды. Бұл жақта 379,4 мың адам немесе 1930 жылғы халықтың 64,5 пайызын құрады. Бұл аймақтың халқы көрші елдерге Ресей мен Қытайға жаппай ауып көше бастады. Солтүстік Қазақстан аймағы қазақтардың жартысының көбінен - 410,1 мыңнан немесе 52,3 пайызынан айрылды. Батыс Қазақстан 394,7 мың немесе 45,0 пайыз, Оңтүстік - 632,7 немесе 42,9 пайыз қазақтан айрылды. Аздау өлім Орталық Қазақстанда - 22,5 мың немесе осы аймақтың 15,6 пайызы орын алды. Басқа халықтарда да шығын аз болған жоқ: украиндер - 200 мың (23 пайыз), өзбектер - 125 мың (54 пайыз), ұйғырлар - 27 мың (43 пайыз). Тек қана 1931 жылда 1 млн. 30 мың адап көшіп кетті, оның 616 мыңы қайтқан жоқ. Жүздеген мың қазақ Қытай жағына қашты. Олардың көп көшкендігі сонша Қытайда 1954 жылы Іле-Қазақ автономиялық округі құрылып, орталығы болып Құлжа қаласы белгіленді», - деп жазады саясаттанушы.
1 миллионнан астам халық аштан қырылды. Кеңестік режимнің қолдан жасалған саясатының құрбаны болды. Қазақ халқының елу пайызға жуығы көмусіз қалыпты. Көмусіз қалған мәйіттер қаншама?! Қаншама бала мен ананың сүйегі далада шашылып қалды. Ерте кезде әжем бізге аштық жылдарына қатысты мына бір аңызды жиі айтатын еді. Ерлі-зайыпты екі адам балаларын арқасына асып, азық іздеп жолға шығады. Аш-жалаңаш бұратылған еркек пен әйел аш құрсақ күйде қаншама жолды жүріп өтеді. Жол-жөнекей кездескен мәйіттерден аяқ алып жүргісіз. Тіпті, жан-жақта шашылған балалардың сүйегіне бет қарау да мүмкін емес. Аштықтан әбден қалжыраған ерлі-зайыпты ақырында өлуге айналған балаларын сойып жеуге мәжбүр болады. Іштен шыққан шұбар жылан. Баласын өз қолдарымен союға қай ата-ананың дәті шыдасын. Баласының өлімін көзбен көруге шыдамаған Ана бет албаты айдалаға жүгіре жөнеледі. Жүгіріп келе жатса, алдарынан екі бұғы кездесіпті. Бір-бірімен мүйіздері айқасып қалған арқарларды көргенде, Ананың көзі шырадай жаныпты. Жалма-жан екі өкпесін қолына алып, күйеуіне жанұшыра жүгіреді. Қайта келсе, баласын алдына алып, әкесі тізерлеп, жылап отыр екен. Осылайша, ерлі-зайыпты жандарды Алла Тағаланың қасіреттен қалай аман алып қалғанын аңыз қып айтатын әжеміз.
Әдебиет оқулықтарынан Бейімбет Майлиннің «Күлпашын» жиі оқитынбыз. Сол Күлпаш та ұлы аштық құрбандарының бірі емес пе еді. Қалған-құтқан тамақ іздеп, сүйретіліп үйге жеткенінде, баласы мен күйеуінің мәйітінің үстінен түсетін Күлпаш бейнесі көп құрбанның бірінің тағдырынан хабар бергендей.
Отызыншы жылдардағы қолдан жасалған аштықтың салдарынан қазақтардың үштен бірі ғана аман қалды. Үштен бірі. Сол зұлматты кезеңде бірде-бір қазақ қырылмаған болса, бүгінгі қазақтың саны қанша боларын көз алдыңызға келтіре беріңіз...
Украин халқы жыл сайын Аза тұтып, аштық күнін еске алады екен. Біз ше? Біз аштыққа ұрынып, жазықсыз құрбан болғандарды, 1,5 миллионнан астам қырылған қазақты қалай еске тұтып жүрміз?
Жыл сайын 31 мамырда Алматы облысы, Жаңалық елді мекенінде репрессия құрбандарына арнап тұрғызылған мемориалға тағзым етеміз. Одан бөлек, қайда барып жүрміз десек, ойға ештеңе оралмайтыны белгілі. Тау-тасқа аза тұтып, аштық құрбандарын еске алудың қажеті болмас! Тым құрыса, сол жазықсыз құрбандарды еске алып, құрмет тұтудың жаңа бір жобасын ойлап табу қажет сияқты. Аштық құрбандарына қара тас қойып, мемориалды тақта ілу аздық етеді. Жазықсыз құрбандарға арналып, еліміздің әрбір аймағында ескерткіш тақталар бой көтеруі қажет. Деректі фильмдерден бөлек, көркем фильмдер де түсірілгені абзал. Ақиқат шындықты көрсететін нақты деректерге құрылған фильмдер жарық көрсе, қазақ өзінің басынан қандай зұлматтардың өткенін түсінген болар еді. Сонда ғана келешек ұрпақ Тәуелсіздіктің біздің халыққа оңай жетпегенін, сол жолда қаншама халықтың шейіт болғанын сезінер еді. Аштыққа ұрынып қырылғандардың рухына тағзым етер еді.
«...Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...

Гүлзина Бектасова

«Түркістан» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 600
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 348
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 347
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 352