Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2213 0 пікір 11 Мамыр, 2012 сағат 10:09

Кім келуі мүмкін?

«Рейтинг.KZ» зерттеу агенттігі сәуір айының алғашқы жартысында сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, саяси элитада жақын уақытта кімнің қызметінде қалып немесе лауазымын өсіруі мүмкін екендігін анықтаған.Соңғы күндері бұл болжам қайта жандана бастағандай.

«Рейтинг.KZ» зерттеу агенттігі сәуір айының алғашқы жартысында сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, саяси элитада жақын уақытта кімнің қызметінде қалып немесе лауазымын өсіруі мүмкін екендігін анықтаған.Соңғы күндері бұл болжам қайта жандана бастағандай.

Жақын уақытта қызмет ауыстыруы мүмкін алғашқы бестікке Премьер-министр Кәрім Мәсімов енген. «Бір жағынан оның 2011 жылғы президент сайлауынан, 2007 және 2012 жылғы парламент сайлауынан кейін де қызметінде қалуы бұрын-соңды болмаған жайт, оған қоса ол Премьер-министр лауазымында қызмет ету мерзімі жағынан бұрынғылардан асып түскен. Осының барлығы оған деген Мемлекет басшысының жоғары сенімін көрсетеді» деп жазылған агенттіктің баяндамасында. Екінші жағынан, зерттеушілер Президенттің биыл 27 қаңтарда Үкіметті кейбір мәселелер бойынша сынағанын еске түсіре отырып, бұл келешекте Үкімет басшысының ауысуына түрткі болуы мүмкін деп есептейді. Бұдан өзге, сарапшылардың ойынша, биліктегі жаңа саяси тепе-теңдік қалыптастыру үшін осындай шешім қабылдануы ықтимал. Оған қоса «Қазақстандағы кадр саясаты тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мемлекеттік аппараттағы шешуші қызметті бір адамдардың бес жылдан артық атқаруы - сирек жағдай».
Рейтинг агенттігінің зерттеу нәтижелері бойынша тұрақты әрі перспективасы мол саясаткер ретінде рейтингтегі алғашқы орынға бірінші вице-премьер Серік Ахметов шыққан. «Кәрім Мәсімовтің Үкімет басшылығынан кету ықтималдығын ескерсек, Ахметов бұл қызметке ең лайықты болып көрінеді», - деп жазылған агенттік баяндамасында. Алайда сарапшылардың топшылауынша, Кәрім Мәсімовтің де билік олимпіндегі орны аласармайды, ол өзін «жетекші-технократтан ішкі басқарушы элитаның шешуші «ойыншыларының» біріне айналдыратын» лауазымға келуі ықтимал.
Зерттеу агенттігі қазіргіден де жоғары жетекші қызметтерге баруға ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың және Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтің мүмкіндігі бар екендігін жазады. «Сарапшылар бағалауы бойынша, Есімов Әбіқаевқа қарағанда өзінің қазіргі позициясын сақтап қалу мүмкіндігі аздау көрінгенімен, келешек қызметінің ықпалдылық деңгейі жағынан асып түсуі мүмкін».
Жалпы, сауалнамаға 35 сарапшы қатысқан. Олар мемлекеттік жүйеде шешуші позициялардағы жиырма саясаткер бойынша екі сұраққа 7 балдық жүйемен жауап берген: 1) жоғары лауазымды тұлғалардың қазіргі қызметтерін жақын перспективада сақтап қалу мүмкіндігі (1-3 ай); 2) бұл адамдардың позицияларын (ықпалдырақ/ықпалдылығы азырақ) жаңарту ықтималдылық деңгейін бағалау.
Сауалнама интернет арқылы өткізілгендіктен, сарапшылардың сұрақтарға жауап берудегі мотивтерінің анық еместігін әрі агенттік тұжырымдары субъективті пікірлерге негізделгенін ескертті «РейтингKZ» зерттеу агенттігі атқарушы директоры Жандарбек СҰЛТАНОВ.
- Сарапшылар бұған дейін де Мәсімовтің "отставкасын" талай болжап келген. Онда неге дәл қазір Үкімет ауысуы керек?
- Шын мәнісінде, Мәсімовтің отставкасы туралы ол бұл қызметті атқарғаннан бері болжам жасалып келеді. Сонымен бірге соңғы жылдардағы ең жоғарғы саяси элитадағы ауыс-түйістерді әрдайым тек жұмыстағы табыс немесе олқылықтармен түсіндіруге келмейді. Ең жоғары мемлекеттік қызметке барғысы келетіндер үшін Президенттің сенімді факторы аса маңызды. Оны бағалау кей жағдайда қиын да. Соңғы уақытта Кәрім Мәсімовтің жұмысында елеулі олқылықтар байқалмайды. Оның отставкасын күту осы қызметті ұзақ атқаруымен байланыстырылады. Сарапшылар «ол бұл қызметті неғұрлым көп атқарса, соғұрлым оның одан кету ықтималдығы жоғары» деген принцип бойынша пайымдамаса керек. Осындай тұжырымның қарабайырлығына қарамастан, оның объективті негізі бар.
- Сарапшылар ең бір тұрақты әрі келешегі зор саясаткер ретінде бірінші вице-премьер Серік Ахметовке жоғары баға беріпті. Неліктен дәл осы саясаткер рейтингте алға шығып, ол премьерлікке ұмсына алады?
- Ахметовтің бұл қызметтегі тұрақтылығын оның осы жұмысты атқару мерзімінің аздығымен және бұрынғы вице-премьерлік тәжірибесінің бар екендігімен түсіндіруге болады. Бұл саясаткердің кәсіби тәжірибесінің молдығы оның келешектегі қызметінің өсуіне мүмкіндік береді. Ахметовтің тағы бір артықшылығы - оның ықпал етуші топтармен байланысының жоқтығы. Бұл оған мәмілеге келтіруші тұлға ретінде әрекет етуіне жол ашады. Оған қоса Премьер-министр лауазымына оның орынбасарларының бірінің тағайындалуы қисынды.
- Сарапшылар лауазым иелерінің өз орнын сақтап қалу мүмкіндігі туралы бірінші сұраққа жауап берген кезде нақты мерзімді, яғни, алдағы 1-3 айды есепке алыпты. Ал екінші сұрақ бойынша олардың қызметтерін алмастыру кезеңі қандай уақытты қамтиды? Яғни, бұл өзгерістер қашан болуы ықтимал?
- Екінші сұрақ та сарапшылардың осы кезеңдегі болжамдарына баға береді. Бірақ бұл жерде айта кететін бір маңызды мәселе бар: сарапшылар екінші сауал бойынша тек бірінші сұрақ бойынша отставкаға кету ықтималдығы ортадан жоғары саналған саясаткерлерге ғана баға берді. Сарапшыларға қызметтен кету мүмкін деп есептемейтін саясаткердің келешек қызметін болжауды ұсыну орынсыз болар еді.

Тақырыпқа орай:
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:

- Талай рет осындай сараптамалар жасалған. Сарапшылардың көпшілігі Үкіметтің ішінде болып жатқан жағдайдан хабарсыз болып келеді. Кейде өздерінің танытқысы келетін адамдарының рейтингісін ұйымдастырады. Ал Үкіметті тарату туралы мәселеге қарсымын. Себебі бір министр жұмысын бастаса, оның орнына басқасы келіп, бұрынғы бағдарлама сол күйі аяқсыз қалады. Соңғы он жылда қаншама министр ауысты?! Министрліктер құрылымдық өзгерістерге ұшырап, атауларын өзгертеді, жаңа мекемелер болып қайта құрылады. Министрліктерде тұрақтылық жоқ. Онда қызмет ететіндердің шаштары ағарып, жүйкелері жұқарған. Әрбір министр өздерінің бағдарламаларын толықтай жүзеге асыру бойынша біздің алдымызда есеп беруі керек. Әйтпесе бір министрден 4-5 жыл бұрынғы бір бағдарламаның жағдайын сұрасаң: «Ол менің кезімде емес!» деп шығады. Адамдар қорықпай, алаңсыз жұмыс істей алуы керек. Ол үшін Үкіметке жөнсіз өзгерістер керек емес.
Айжан КӨШКЕНОВА

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1634
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1558
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1300
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1255