Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2124 0 пікір 11 Мамыр, 2012 сағат 10:01

Жат пиғыл араласқан өнер мәңгілік емес

Айдос БЕКТЕМІРОВ, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

Сахна өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы айқын талантты актер, ҚР еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектеміровті театрсүйер қауым әуел бастан Абай бейнесінде қабылдаса, қалың көпшілік «Ағайынды» телехикаясындағы Ерсайын рөлі арқылы кеңінен танып-біле түсті. Киноға түсуге кезінде талай рет бақ сынап көргенімен, өзі айтпақшы, «жолы болмай-ақ қойған» ол «Ағайындыға» ойламаған жерден тап болыпты. Осы және басқа да жайттар жөнінде актердің өзі былайша әңгімелейді...

Айдос БЕКТЕМІРОВ, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

Сахна өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы айқын талантты актер, ҚР еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектеміровті театрсүйер қауым әуел бастан Абай бейнесінде қабылдаса, қалың көпшілік «Ағайынды» телехикаясындағы Ерсайын рөлі арқылы кеңінен танып-біле түсті. Киноға түсуге кезінде талай рет бақ сынап көргенімен, өзі айтпақшы, «жолы болмай-ақ қойған» ол «Ағайындыға» ойламаған жерден тап болыпты. Осы және басқа да жайттар жөнінде актердің өзі былайша әңгімелейді...

Сюжеттің жайма-шуақтығы жаныма жақын болды

Жалпы, актер атаулы бала сияқты, кей­де сәл нәрсеге көңілі босап, көзіне жас ал­са, кейде болмашы нәрсеге жүрегі жарыла қуанады. Бұрындары киноға түсуге талай рет талпынып көргеніммен, еш сәті келмей-ақ қойған-ды. Содан кейін тіпті «әй, қой­шы» деп, қолды бір-ақ сілтейтін болғам. Бір­де марқұм Бикен Римова апам екеуміз бір фильмге киносынаққа бардық. Мен тыныш тұрмай: «Ой, апа, қазір көресіз, мен бәрібір өтпеймін», - дедім. Сонда Бикен апаның: «Айналайын, Айдос, олай деме. Мен де жас кезімде түскім келмеді дейсің бе? Өнер адамының бағының жануы бір пәсте», - дегені әлі есімде. Негізі, «кинода жолым болмады» деген­нің бәрі - әншейін далбаса. Айналып келгенде, бәрі - пендешілік. Бірақ «Ағайын­дыға», шынында да, түсемін деп ойламаппын. Жұмысқа келе жат­қанмын. Театрдың алдында «Са­тай-фильм» студиясының бір топ қыз-жігіт­тері фотобайқау жасап жатыр екен. Бір кезде: «Аға, тұра қалыңыз, сізді де тү­сіріп алайық», - деді. Орыстың қыз­дары екен, үздігіп тұрып алған соң, түсе сал­дым. Кейін­нен кинобайқауға шақыр­ды, оған да құлықсыздау барып түстім. Арада пәлен күн өткен соң хабарласып: «Сіз әкенің рөліне өттіңіз! Құттықтаймыз!» - деді. Сөй­тіп, ойла­маған жерден өттім де кеттім.

Кино Алматы облысы Қарасай ауда­ны­ның «Еңбекші» ауылында­. Сон­дағы бір жігіттің үйін жалға алдық та, екі ай бойы сонда тұрдық. Шынымды айтсам, сюжеттің жайма-шуақтығы жаныма жақын болды. Телехикаядағы жағдай­дың бар­лығы - әр отбасында болатын жайт. Кейде тас қаланың күйкі тірлігінен шаршап кет­кенде ауылдың тыныш өмірін аңсай­тынымыз рас қой.

«Ағайындының» арқасы шығар, көше­де, әр жерде танып қалған адамдар сондай бір жылы шыраймен сөйлеседі. Кей­де бағдаршамда тұрсам, көліктерінің тере­зесінен бастарын шығарып: «Аға, қалай­сыз?» - деп құрақ ұшады. Мен аң-таң боп: «Мұны қайдан көрдім? Кімнің баласы еді?» - деп тұрғанымда: «Сіз те­ле­хикаяда өте жақсы ойнағансыз, жарайсыз!» - деп ықыластарын білдіріп жатады. Риза боп қаласың. «Жақсы сөз жан семіртеді» деген­дей, көңілің көтеріліп, құлшына түсесің.

Кемеңгер әкенің бейнесін көрсеткім келді

«Ағайындыда» актерлікке салып, еш нәрсені «ойнағым» келген жоқ, бар бол­ғаны өзімді ойнап шықтым, бітті. Өйткені жасанды әрекет бәрібір байқа­лып тұрады. Телехикаядағы «бала­ларыммен» сөй­лесуім, жүріс-тұрысым, мұңайғаным, қу­ан­­ғаным - бәрі өзімнің табиғатым. Әдейі солай жасадым. Яғни сол бейнем кейбір әкелерге үлгі болсын деп, ақсақал деуге тұрар­лықтай, жүзі - жаз, көңілі - көктем, пейі­лі - кең, ке­мең­гер әкенің бейнесін көр­сеткім келді. Әйтпесе қазақта баласының алдында қадірі түсіп жүрген әкелер де бар ғой. Адам баласы сезімсіз болмайды, бірде ашуланасың, бірде қуанасың, бірде күй­гелектеніп кетесің. Бірақ табиғи мінез­ден алшақтай алмайсың. Актер ақылды болуы керек. Айталық, өнер адамының әсершіл келетіні рас, жүрегің лап етіп бір аруға ғашық болып қалдың делік. Сезімге бой ұрып, білместік жасасаң, оны қалпына келтіру қиын болады. Сосын актер кімді ойнаса да, санамен ұғып, түйсікпен түсініп ойнаса екен деп тұрамын. Бұл да мінезге байланысты. Жалпы, Әбіш Кекіл­баевша айтсам, өткенінен тағылым алып, ертеңі­нен үміт күтетін адаммын. Ал алдағы өмі­рім - Алланың ықтиярын­дағы іс.

Өмірлік үлгіні әкемнен алдым

Әкем Төлеубай көргені мол, текті адам еді. Ол кісі маған өмірлік үлгі бола білді. Бүгінде не істесем де, «осыған әкем не дер еді» деп, әуелі өз-өзіме есеп беріп алып бастаймын. Мен Қарағанды облысы Шет ауданындағы тау бөктерінде орналасқан Қарғалы ауылында 1950 жылдың 26 мамы­рында дүниеге келдім. Таулы жер болған соң, қар қалың түседі де, қыс бойы сырғанақ тебеміз, шыбық­тан таяқша жасап алып, хоккей ойнай­мыз. Соның ар­қа­сында шығар, ауылдың бүкіл балалары дені сау, ірі-ірі болып өсті. Қалай болғанда да, табиғаттың адамға әсері мол ғой. От­басында сегіз бала: төрт ұл, төрт қыз болдық. Әкем соғысқа қатысқан, ұста, дом­­быра тартып, өлең шығаратын да өне­рі бар-тын. Анам - отбасы, балалар деп қана өмір сүрген қазақы кісі. Ас дайын­­даудың шебері еді. Шешем пісірген та­ғам­дардың дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Жұбайым Жібектің ма­мандығы - актриса. Отас­қанымызға 27 жыл бол­ды. Тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр­мыз. Үш қызымыз бар. Үлкеніміз Гүл­зираның мамандығы - заңгер, екінші қы­зымыз Гау­һардың мамандығы - экономист, кенжеміз Іңкәр политехникалық инс­титутты бітірген. Үшеуі де өз қалауы бойынша білім алып, кәсіп таңдады.

Өнерге ғашықтық бәрін жеңеді

Бірде итальян теноры Лучано Пава­роттидің сұхбатын оқыдым. Ол сахнаға әбден берілген, әр әнін зор толғаныспен, үлкен жауапкершілікпен орындайтын нағыз өнер иесі ғой. Сахнаға шығуға шамалы ғана уақыт қалғанда ол толқып, шыж-быж болып, жүрген жүрісіне налып: «Әнші болып нем бар еді? Осынша жасқа келіп сах­нада салпақ­тауыма не жорық? Қазір қалай болар екен деп қобалжып, өзімді-өзім жегідей жегенше, неге өзге жұртқа ұқсап тыныш отырмадым екен», - деп күйі­нетін көрінеді. Сөйтіп, ой құшағында тұр­ғанда кеш басталып, сахна ашылады да, жүр­гізушілер мұның шығатынын хабарлап кеп жібереді. Ғажап! Сол сәтте-ақ әлгі өкі­ніш­тің бәрі сап тыйылып, «Сахнаның ішін­де, сахнаның сыртында менен бақытты адам жоқ!» - деп, Лучано зор бақытқа ке­не­леді екен. Көр­діңіз бе? Міне, бұл - өнердің құдіреті! Сол сияқты, кейде «жын­данған бақсы­дай не істеп жүрмін осы» деп, өзіңді-өзің жек көріп кететін сәттерің де бо­лады. Бірақ соның бәрінен құтқарып қалатын - сахна, өнерге ғашықтық. Осы іңкәрлік барлық қиналысыңды жуып-шайып кетеді. Өкінішке қарай, өнерді мансап, атақ үшін пайдаланатындар да бар. Олар өнерді жағдай жасап, тұрмыс дұрыстаудың құралы деп ұғады. Алайда жат пиғыл, былғаныш нәрсе араласқан өнер мәңгілік емес.

Құралай ҚОҢЫР

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 846
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 696
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 545
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 550