Жұма, 3 Мамыр 2024
1663 0 пікір 22 Сәуір, 2021 сағат 18:19

Тоқаев: Қазақ тілін үйренуге ынта керек

Елімізде күн тәртібінен түспейтін маңызды тақырыптардың бірі – мемлекеттік тіл мәселесі. Кез-келген ұлттың басты белгісі тілі десек, бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы да өзінің мемлекеттік мәртебесін айқындау үшін мемлекеттік тілді – қазақ тілі деп бекіткен болатын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар айында “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған  “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында айқын, анық айтылған болатын.

Президент аталған мақаласында мемлекеттік тілдің маңызы мен мәртебесі жөнінде айта келіп, Тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекеттік тілдегі орта және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны артқаны жөнінде тілге тиек етті.

-Еліміздің айрықша белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл. Сонау 90 жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені айқын көрсетілген. Мемлекет Тәуелсіздіктің осы отыз жылында қазақ тілін дамыту үшін барлық жағдай жасады. Азаттық алған отыз жыл ішінде мемлекеттік тілдегі балабақша мен мектептердің, оқу орындарының саны еселеп артты,- деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазақ тілін үйрену мәселесіне Үкімет те бей-жай қарамауы тиіс екенін алға тартты.

-Қазіргі таңда қазақ тілін білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де саны біршама артты. Мемлекеттік тілді шын мәнінде барша халқымызды біріктіретін факторға айналдырудың барлық кепілдіктері мен құқықтық тәсілдері бар. Тек, ниет болса болғаны. Ал, ниеттің дұрыс болуы мемлекеттік тілді меңгергісі келетін ел тұрғындарына да, осы жолда жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты,- деген болатын.

Әрине мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі балабақшадан басталуы тиіс. Ол үшін балалар әдебиетінің маңызы зор. Мемлекет басшысы “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында бұл мәселенің түйінін шешу үшін қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларымен бірге, балаларға арналған шетел қаламгерлерінің де үздік шығармаларын аударып, басып, таратуды қолға алу керектігін айтқан болатын. Президенттің айтуынша, оған қоғам тарапынан сұраныс жоғары.

Жалпы, Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білу арқылы сол елге деген құрметін көрсетеді. Мемлекет басшысы аталған мақаласында қазақ тілін әлі білмейтін ел азаматтарына үндеу тастап, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін оны қолдануға деген ынта болуы керектігін баса айтты. Ол өз мақаласында:

-Қазақстанның әрбір азаматының парызы – мемлекеттік тілді білу. Мұны міндеті деп айтуға да болады. Осы тұрғыда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде әлі де мемлекеттік тілді меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді.

Біз қазіргі жастардың ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз уақытта жетік меңгеретініне көзіміз жетіп отыр. Ал, тұтас буын алмасқан осы кезеңде мемлекеттік тілді меңгергісі келген адам оны әлдеқашан үйреніп алар еді. Алайда, қазақта “Ештен кеш жақсы” деген сөз бар. Демек, ең бастысы ынта мен ықылас болуы керек, - деді Мемлект басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша,қазақ тілін кеңінен қолдану мен насихаттау – қазақстандағы басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қою деген сөз емес. Бұл тұрғыда еліміздегі барлық этнос өкілдерінің өз тілдерін, салт-дәстүрін дамытуына жағдай жасала бермек. Әрине, қазіргі жастарымыз бірнеше тіл білу арқылы көкірек көзін оятып, өз таным-көкжиектерін кеңейтетінін жете түсінгені дұрыс.

Айта кетейік, бүгінде қазақ тілін дамыту үшін мемлекет тарапынан іргелі істер атқарылуда. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аяқталған болатын. Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толыққанды қамтамасыз ету, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін дамытуға және тіл мәдениетін одан әрі арттыруға жалпы, тіл саясатын үйлесімді жүргізу болып табылады.

Бүгінде Қазақстанда әрбір азаматтың қазақ тілін оқып, үйренуіне толық жағдай жасалған. Бұл үшін мемлекет тарапынан қаржат та бөлінеді.

Мәселен, бүгінгі таңда барлық республика бойынша 99 мемлекеттік орталық қазақ тілін тегін оқыту бойынша жұмыс істейді. Аталған орталықта бюджеттік ұйым және мемлекеттік қызметкерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен жұмыссыздар, зейнеткерлер сондай-ақ, Қазақстан Республикасында тұрақты түрде тұруға көшкен азаматтар тіл үйрене алады. Ал, мұндағы курстар негізінен халықтың ересек топтарына арналған.

2019 жылы мұндай тілдерді оқыту орталықтарында 80 мыңға жуық адам қазақ тілін үйрену курстарынан өтті. Оқыту бағдарламасына жаңа ақпараттық технологияларды кіріктіру үшін мұндай орталықтардың басым бөлігі курстарды онлайн форматқа ауыстырды. Сонымен қатар қазақ тілін өз бетінше үйренгісі келетіндер үшін “Тіл құрал” деп аталатын веб сервис құрылды. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында  бүгінгі таңда дәл осындай 20 портал жұмыс істеп жатыр.

Мұндай орталықтарда азаматтардың қазақ тілін білу деңгейі ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша белгілі болады. 2013-2019 жылдар аралығында бұл жүйе бойынша 364 290 адам қазақ тілін білу деңгейін анықтаған.

Одан бөлек мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі іс-шаралар аясында Қазақстанда жыл сайын “Тіл шебері”, Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, “Мемлекеттік тіл және БАҚ”, “Тілдарын” сияқты немесе түркі, славян жазбалары мен мәдениеті күндері секілді түрлі форматтағы шаралар өткізіліп тұрады.

Ал, қазақ тілін қашықтан оқыту бойынша бірнеше ономастикалық, орфографиялық базалары құрылған. Сондай-ақ, үш тілді сайт, ал, балаларға арналған "Balatili.kz" атты веб сервистер құрылған.

Алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін мемлекет тарапынан қарқынды қолдаулар болары сөзсіз. Алайда, тіл үйрену үшін әрбір азамат мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін өзі сезінсе, тіл мәселесінің күрмеуі өзінен өзі шешілетіні ақиқат.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 791
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 605
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 495
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 506