Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Ақиқатқа қиянат 8480 15 пікір 25 Мамыр, 2021 сағат 13:39

Қарапайым қаһарман

Естелік

Кешірім түскі үзіліске шығар алдында көзін жұмыңқырап сәл-пәл отырды да, телефонына қол созды:

- Аркадий Данилович, сәлеметсіз бе? Бозтаевпын.

- О, Кешірім Бозтаевич! Өзіңіз де есен-саусыз ба? Сіздің телефон шалуыңыз – мен үшін қуаныш!

- Көңіл  күйіңіз  жақсы  ғой?

- Жақсы, Кешірім Бозтаевич.

-Ендеше, жақсы  екенін  пайдаланып, сізге  бір өтініш  жасайын.

- Айтыңыз, қолымнан келсе орындаймын, аянбаймын!

- Облыстың жаңа басшысы болған соң...  «жаңа» деймін-ау, бір жыл толып та қалды, уақыт шіркінде тоқтау жоқ.  Аркадий Данилович, полигон жұмыстарымен танысу менің міндеттерімнің бірі екенін сіз жақсы білесіз, солай  ғой?

- Әрине!

- Олай болса, сіздердің ұжымдарыңыз, сынау алаңдарыңыз, шахталарыңыз, зертханаларыңыз, алдағы жоспарларыңыз дегендей, бәрімен толық танысуым керек. Осы  аптада  үлгірсеңіздер  жөн  болар  еді, бүгін  дүйсенбі ғой, ал мен  алдағы дүйсенбіде Мәскеуге аттанамын.

- «Мәскеуге» дейсіз бе? Онда, Кешірім Бозтаевич, бұл мәселені өзіңіз сонда  шешкеніңіз жөн болар еді.

- Аркадий Данилович, сіздің басыңыздан секіріп кеткім келмейді, өзіңіз  реттеңіз.

- Мәскеудің рұхсатынсыз...

- Жолдас генерал, рұхсат алу - сіздің міндетіңіз. Сау болыңыз! – Телефон  тұтқасын  орнына  қоя  салды:  - Бұлталақтауын!..

Полигон бастығы ертеңінде телефон шалып, КСРО Қорғаныс министрлігі  ресми рұхсат  бергенін мәлімдеді.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы заңды құқын толық    пайдаланды, атомнан сутегі бомбасына дейінгі жойқын қарулардың ауада және жер астында сыналған түр-түрінің қалдырған іздерін, автомәшінмен, ұшақпен барып, бәрін де көзінен өткізді. Сапары «Өте құпия. Бірінші  сутегі бомбасын сынау. 1955 жыл» деген деректі фильмді көрумен аяқталды. Полигонның не екенін өзгеден есту өзің көргеннің жанында құр  елес  екен.

Фильм аяқталған соң Ильенко Кешірімді қолтығынан демей  түрегеліп,  жымия  сөйлеп:

- Кешірім Бозтаевич, сізге  фильм  ұнады  ма? – деді.

- Рахмет, жолдас генерал, сау болыңыз! – Кешірім әлдебір шаруасына  асыққан  кісіше  аяғын  жебей  баса шығып кетті...

Кешірім 1989-жыл туа Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Т. Тоқтаровқа полигонның зардаптары туралы мәлімет-түсінік дайындауды тапсырған. Ертіс өңірінің тұрғындары, алдымен: дәрігерлер, мұғалімдер, шахтерлер полигонның зардабы туралы ауызша дабыл қағып, облыстық партия және совет атқару комитеттеріне  хатты да жиілеткен екен...

Денсаулық сақтау бөлімі әзірлеген  мағлұматтың әрбір сөз-сөйлемі Кешірімнің жанын түршіктірді: қанның бұзылуынан қайтыс болғандар, мүгедектікке ұшырағандар, қан азаю (анемия) тауқыметін тартушы жүкті әйелдер, дене бітімі бұзылып туған балалар саны 1954-жылдан беріде екі есе, Семей қаласында екіжарым есе өскен.

Өңірде жыл сайын 200-300 адам көз жұмуда. Семейліктердің  түрлі ауруға табиғи қарсылығы (иммунитет) төмендеген.

Онкологиялық ауруға шалдыққан жұртты дәрігерлік зерттеуден өткізу, емдеу мақсатымен 1954-жылы Өскемен және Семей қалаларында арнаулы  емхана  ашылған еді, оның Өскемендегісі бір жарым жылдан кейін жауып тасталған. Семейдегі емхана ықшамдалып, «Бруцеллезге қарсы диспансер» делінген. Ол ол ма, КСРО Денсаулық сақтау министрлігі 1966-жылдан бастап Семей қаласында онкология сырқаттарын зерттеуді тоқтату туралы шешім  қабылдаған, -  одан өткен сұмдық болар ма?!

Семей полигоны зардаптарын 1957-жылдан бастап алғаш зерттеп, дабыл қағуға кіріскен адам көрнекті ғалым Бахия Атшабаров болды. Бахаң Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың кеңесімен арнаулы ғылыми экспедиция құрып, полигонның кеселдерін жан-жақты анықтап,   оның нәтижесін Академия республика басшылығына жазбаша мәлімдеген, бірақ біздің басшылар Кремльдің қабағын бағып, ол игі істі ескерусіз қалдырып, экспедицияның жолын кесіпті. Кәдімгі  безбүйректік!

Атом бомбасын алғаш сынау бұдан 40 жыл бұрын – 1949-жылғы тамыздың 29-ы күні сағат 7-де жүзеге асқан-ды. «Саңырауқұлағының»  биіктігі 7 шақырым болған. Жерді таңдап алған, сынау жұмыстарына ғылыми басшылық жасаған – атақты атомшы  ғалым И. Курчатов.

Полигонда жылына ондап сыналатын бомба - ғылым жасаған дүлей  күш. Радиоактивті тозаң жерге мол жауып, сіңіп жатыр. КСРО Қорғаныс министрлігінің, оның Әскери-өнеркәсіптік кешенінің шенеуніктері: «Сынау тұрғындарға, жерге зияны тимейтін ғылыми-сақтық шараларын қолдану бойынша жүргізілуде» деп сарнаудан жаңылмайды.

Құпия фильмдегі сұмдық, полигоншылардың екіжүзділік қасарысуы Кешірім Бозтаевтың  жүйкесін жұқартты. Ол ақпанның 19-ында түні бойы ой сапырып, көзі бір әредік те ілінбеді. Таңертең қызметке келе обкомның бюро мүшелерін жинап алды да:

- Жолдастар, достар! Қазақта: «Пышаққа ілінерінде ешкі де бақырып үлгіреді» деген мәтел бар, мен сол ешкінің кебін кисем деймін. Зұлмат  полигон семейліктерге запыран құстыруын үдетті. Бұл озбырлыққа енді шыдауға болмайды! Михаил Сергеевич Горбачев жолдасқа хат жазамын. Жеке өз атымнан.

- Оныңыз қалай, ұжым болып жазайық!

- Иә, ұжым болып қимылдайық!

- Сізге, әрине, алғыс айтпайды, ал жазалаулары мүмкін, сонда біз шет қалуымыз керек пе? Кешірім Бозтайұлы, бәріміз қол қоямыз!

Кешірім орнынан оң қолын сәл көтере тұрып, жымиып:

- Жолдастар, пейілдеріңізге рахмет! Алайда, егер кінәлайтын болса, бәрімізді емес, біреуімізді ғана кінәлағандары  жеңіл тиер.  Не  болса  да,  өзім ғана  көріп  аламын! Қазір Пигаваев жолдасты шақырып, нені, қалай жазуды айтамын, журналистің тілі жатық қой. Содан кейін осында сіздерге оқып береміз, алып-қосарларыңызды айтасыздар, - деді.

...Обкомның Үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, журналшы Владимир Пигаваев жазып, Кешірім мұқият оқып толықтырған   хат ертеңінде Жалпы бөлімнің құпия секторындағы шифрлаушы Владимир Игнатьевтің қолынан өткізілді де, бөлім меңгерушісі Анатолий Чернышев Кремльге жөнелтті. Мына хатты:

 

                                                              «Өте құпия. 1-данасы.
                                                               Мәскеу, Кремль
                                                               СОКП  ОК  Бас хатшысы
                                                               М.С.ГОРБАЧЕВ жолдасқа

Қазақстан Компартиясының Семей облыстық комитеті СОКП Орталық Комитетіне мынаны мәлімдейді: 340 мың халқы бар Семей  қаласы аймағында 1949-жылдан бері ядролық сынаулар жүргізіліп келеді. Әуелі әуеде, ал 1963-жылдан бастап - жер астында... Арада өткен 40 жылда жағдай өзгерді: халық саны үш есе өскені, малдың көбейгені, полигонның маңы елді мекен екені де ескерілмеген. Жылына 14-18 жарылыс жасалады. Бұл ғимараттар мен инженерлік тораптарға зиян келтіруде, өйткені жердің сейсмикалық жағдайына назар аударылмаған. Поселкелер мен ауылдарды сумен қамтамасыз етуге арнап салынған құдықтар істен шығып жатыр. 25 жыл  бойғы жерасты жарылысы салдарынан жер қыртысы бұзылды. Әрбір үшінші сынауда радиоактивті  газдың ауаға шығып, айналаға тарайтыны анықталды. 1987-жылы Семейді басып өткен газ легі сағатына 350-450 микрорентген болды. Биылғы 12 ақпанда полигоннан тысқары жерлерде радиоактивтілік сағатына 4000 микрорентгентке жетіп, желдің бағыты бұрынғысынан кенет өзгеруі салдарынан Семей-21, Шаған, басқа да елді мекендерге тарады...

Ядролық сынаулар жұртшылықтың ой-пікірін шиеленістіріп, мінез-құлқына әрқилы кері әсер етуде, олардың денсаулығында  пайда  болған ақау  полигонның  зардабы  екені  анық.

Облыстық партия комитеті халық арасында түсінік жұмыстарын  жүргізуде.

Облыстық партия комитеті бұл жағдайға алаңдап, СОКП Орталық Комитетінен тиісті министрліктер мен мекемелерге жарылыстарды уақытша тоқтату, одан арыда ядролық сынауларды қолайлы басқа жерге көшіру  жөнінде  тапсырма  беруді  өтінеді.

                                                                  К. БОЗТАЕВ,
                                                                  Қазақстан Компартиясы
                                                                  Семей облыстық  комитетінің
                                                                  бірінші  хатшысы.
20.02. 1989 ж.»

Хатты жазар күн алдындағы мазасыз түнде Кешірім астаң-кестең  ойын жинақтап, былайша түйін жасаған: «Мәскеуге, Компартияның бас штабына қарсылық хат жазуым керек. Тәуекел! Ата-бабамыздың аруағы қолдасын!

Ар-ұятымды саудаға салған емеспін, салмаймын да! Бұл әрекетімнің тым қауіпті болатынын, небір қатерлі өткелектерден өткізілетінімді білемін.  Мейлі. Ақиқат менің жағымда, жеңіле қоймаспын. Ал жеңілген жағдайда... еңбек жолымды бастаған Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына қайтып барсам, қатардағы   металлург жұмысына алатын шығар...  Иә, мейлі. Халқым үшін, жерім үшін жанпида!.. Партиялық талап-тәртіп бойынша мен ойымды өзіміздің партиялық басшылыққа, бірінші хатшы Колбинге білдіруім, ақылдасуым керек... бірақ ол қарсы болады... жолымды кеседі. Әлде  Министрлер кеңесіміздің төрағасы Назарбаевқа... ол  Колбинге айтып... жоқ, айтпаймын... бірақ...  тәуекел, Назарбаевқа мәлімдейін, Колбинге айтпауды  өтінейін...  ал  хатты  бәрібір  жіберемін!  Иә, жіберемін!».

Кешірім Н.Назарбаевқа телефон шалып, «шегінер жері жоқты» ашып  айтыпты. Үкімет басшысы бірер минөт үнсіз отырыпты да: «Бастасаң...          баста, біз қолдайтын боламыз!» депті.

Өзіне қарсы сөз құйыны, шоқпар сілтеу аз болмасын о баста ойлаған Кешірім Горбачевқа жеделхат жөнелткен күннің ертеңінде: КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А. Лукьяновқа, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы           Н. Рыжковқа, КСРО Ғылым академиясының вице-президенті, физика саласының әйдік маманы академик Е. Велиховқа, КСРО Бейбітшілікті қорғау комитетінің төрағасы журналшы-жазушы Г. Боровикке, КСРО Жоғарғы Кеңесі Денсаулық сақтау комитетінің төрайымы депутат З. Пуховаға, ақын жерлесіміз, депутат О. Сүлейменовке бірмәтінді хат жазып, Горбачевқа жіберген жеделхатындағы мәселелерді оларға да толық баян еткен.

О. Сүлейменов сол хат бойынша Жоғарғы Кеңеске 24-ақпанда депутаттық сауал жолдапты («Сборник документов. «Ядерные испытания СССР: современное радио-экологическое состояние полигона». Кол. авторов под рук. проф. В. А. Логачева. М. Изд. АТ. 2002. 639 стр.).

Иә, «түйе сойылды, қуырдақтың көкесі» болды. Ақпанның 28-і күні Семейге Мәскеуден үкіметтік арнайы комиссия келді. Одан алдын ала хабардар болған республика басшылығы полигонға қарсы қимыл жасау үшін қоғамдық «Невада – Семипалатинск» қозғалысын құруды ұйғарған. Не бір күн ерте, не бір күн кеш емес, дәл сол күні. Ол әрекет туралы үкімет мүшесі Әкежан Қажыгелдин былай деген (түпнұсқасы): «...движению решено было придать некую управляемость, назначив его лидерами известных людей. Так там появился поэт Олжас Сулейменов» («ДАТ-ОП» гәзеті, 01. 12. 2016 ж. және 13. 05. 2021 ж.).

Олжасты қозғалыс жетекшілігіне ұсынған да, оған сол күні Жазушылар одағында жиын жасауды ескерткен де, сірә, оның досы Н.Назарбаев шығар!..

Кремль комиссиясы сынау аймақтарын аралады, жұртшылықпен кездесу өткізді. Облыс басшылары тарапынан кедергі кезіккен жоқ. Сөйтіп, наурыздың 3-і күні облыстық партия  комитетінде қатты айтыс-тартысты мәжіліс өтті. Сол мәжілістің стенографиялық есебінен үзінді:

«Букатов. ...Біздің комиссия Совет Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысының тікелей тапсыруы бойынша, обкомның жеделхатының ізімен келді... Әрбір жарылыстың қалай өткені жайында    құжат сақтаулы. Ильенко ережені ешқашан бұзбаған... 12-нші ақпанда да ереже бұзылмаған. Біздің мақсатымыз – сынаудың саны мен күшін  азайту. Сынау ережелеріне біраз түзету жасаймыз... Радиация мөлшері «Б»  категориялы Семей  аймағына  шақ  болуы  мәселесін қарауымыз керек.

Бозтаев. Семей облысы «Б» категориясы қатарында жоқ. Солай болғандықтан да сынау аймағындағы  жұртшылыққа, міне, 40 жыл бойы ешқандай  жеңілдік  жасалған, өтемақы  берілген емес.

Ильенко. Мен полигон бастығы ретінде сынауға қатысушылардың, халықтың қауіпсіздігі үшін ғана жауап беремін. Газдың сыртқа шығып кеткеніне  мені  кінәлау  дұрыс  емес.

Бозтаев. Газ ауаға тарайды, радиация мөлшері қалыптағысынан  мың  есе  асып  кетеді, ал  оған  кінәлі  ешкім жоқ, солай ғой? Олай болмайды! Кінәлі  кісілер  бар, олар  жауап  беруге  тиіс!

Ильенко. Маған 12-нші ақпандағы сынау үшін айып таға алмайсыздар және  беталды  айыптаудың  уақыты  өткен.

Бозтаев. 1987-жылдың мамырындағы жәйтті есіңізге түсіріңіз. Газ  ауаға тарап кетіп, оған наразылық  айтылғанда сіз, генерал Ильенко, «тиісті шара қолданылады, ол  қателік  қайталанбайтын  болады»  дегенсіз.  Біз сізге  сенгенбіз. Енді  басқаша  сөйлеп  отырсыз.

Ильенко. 12-нші  ақпан  үшін  айыпты  бола  алмаймын.

Бозтаев. Сіз  полигонмен  байланысты  істің  бәрі  үшін  жауаптысыз!..

Михайлов. Семей полигонындағы жарылыстың бәрі Орталық Комитет пен Үкіметтің қаулысы бойынша жүргізіледі, онда қауіпсіздікті сақтау және 1963-жылғы келісімді бұзбау үшін радиоактивті газ-тозаңды елімізден  тысқары  аумаққа  таратпау көзделген.

Бозтаев. Ол шара шекараға жақын жерлер үшін қажет, ал біз болсақ, шекарадан  мың  шақырым  аулақтамыз...

Герасимов. Менің Ильенконы қорғап сөйлегім келеді. Аркадий Данилович  дұрыс айтты, оның кінәсі жоқ... Ильенконы даттай бермейік. Оған қысым жасамайық... 40 жылғы сынау, радиация туралы әңгімеге  осыншама  уақыт  жұмсау Ильенкоға  қатысты  мәселе  емес...

Бозтаев. Владимир Иванович, сіз Ильенконы табандап қорғап отырсыз. Иә, генерал ретінде ол – сіздің адамыңыз, ал коммунист ретінде  ол – біздің  кадр. Коммунисімізден жауапкершілікті талап етуімізге мүмкіндік беретін  шығарсыз?!.

Еременко. Бүгінгі әңгіме мені қанағаттандырған жоқ. Сіздер, мемлекеттік комиссия мүшелері, тек өз мүдделеріңізді қорғап, жұмыс ережелеріңізді  сылтау  етіп  отырсыздар. Жылына 14-18 сынау аз емес. 12-нші ақпанда қаланы сумен, жылумен қамтамасыз етіп тұрған коммуникациялық жүйемізде 14 апат болды. Дұрыс қорытынды жасайық. Халыққа да, жерге де тыныштық беру керек. Полигонды жабу қажет, оны басқа   жаққа көшіру мәселесін  шешетін  болайық...

(А.Еременко – облыстық совет атқару комитетінің төрағасы, Ғ.Қ.)

Бозтаев. Егер генерал Бредихин дабыл қақпаса, 12-нші ақпанда не пәле болғанын біз анық білмес те едік... Ведомостік мүдделердің халыққа қамқорлықтан жоғары қойылып келе жатқаны өкінішті... Ал Ильенко десек,   ол енді біраз уақыт істеп, генералдық зейнетке шығады да, тайып тұрады. Семейде бір күн де аялдамайды... Орталық Комитетке жолданған жеделхатта баяндағандарымыз – ақиқат. Ол – біздің жұртшылығымыздың талабы. Біз   одан  айнымаймыз!..».

(Ильенко көп ұзамай, Бозтаевтың талап етуімен орнынан босатылды да, Семейден дереу тайып тұрды, - Ғ.Қ.

Генерал Бредихиннің әскери бөлімінде (Шағандағы) полигон әуесін үздіксіз бақылаушы арнаулы топ болған. Сол топтың дерегі негізінде дабыл қағылдғаны сөзсіз. О.Сүлейменовтің кейінде: газдың шыққанын маған бір ұшқыш хабарлады, мен генерал Бредихинге телефон соғып айттым, дегеніне сенбеймін. Көп ұшқыштың біреуі кабина терезесінен улы газды көріп қалып, оны полигонды әлі маңайламаған ақынға дереу хабарлай қойғаны қисынсыз.

(Комиссияның құрамы: Букатов В.А. – КСРО Министрлер Кеңесі құзырындағы Әскери-өнеркәсіп комиссиясы төрағасының орынбасары һәм  комиссияның төрағасы.  Герасимов В.И. – КСРО Қорғаныс министрлігі   12-басқармасының бастығы, ядролық қаруларды жасау мен сынауды қадағалаушы, генерал-полковник.  Михайлов В.Н. – КСРО Атом қуаты және өнеркәсіп министрінің ядролық қаруларды жасау, сынау жұмыстары жөніндегі орынбасары. Булгаков Л.А. – КСРО Медицина ғылымы академиясының академигі.)

Комиссия нақты шешім жасай алмай қайтты. Келген бетінде: - Ядролық қару жасаушылардың есімдерін тарихқа алтын әріппен жазуға тиіспіз, ал қаруды жойғысы келетіндердің аттарын қара әріппен жазу керек! - деп кергіген Герасимов кетерінде Кешірімнің бетіне тура  қарай да алмады.

Горбачев жауап қатпады. Полигонды жабуға қарсылар өршелене түссе де, Кешірімнің командасы шегінбеді. Кешірім көтерген туын түсірмеді. Полигонды жабу бүкілхалықтық талап-күреске айналды. Жекелеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұжымдар, «Азат» және «Невада-Семей» қоғамдық қозғалыстары күш біріктірді.

К.Бозтаевтың жанпидалық жасағанын сүйіне қолдаушылар көбейді. Мысалы: әлемге әйгілі физик, академик Евгений Павлович Велихов Кешіріммен хабарласып, Семейге әдейілеп екі рет келіп, сынау жүргізілген жерлерді аралап, тұрғындармен әңгімелесіп қайтты да, халық депутаттары алдында, ғалымдар ортасында нық сөйлеп: «Семей полигонын жабу жөніндегі талап дұрыс!» деп тұжырды. Солай деп Горбачевке хат тапсырды. Әйгілі халықаралық журналшы Генрих Аверьянович Боровик КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында, Телерадио орталығында батыл сөйлеп, Семейдегі ядролық  сынауларды дереу тоқтатуды талап ету орынды екенін батыл айтты, оның пікірі шет елдердің  ақпарат  құралдары  арқылы  барлық  құрлыққа  тарады. Украина жазушысы, дәрігер, КСРО халық депутаты Ю.Щербак, СОКП  ОК  хатшысы Л.Зайков, КСРО Қарулы күштері Бас штабының бастығы армия генералы М.Моисеев және басқа көптеген қайраткерлер қолдады.

Қазақстанның Кремльдегі өкілі Серікболсын Әбділдин, КСРО Жоғарғы Кеңесі Экология және табиғат комиссиясының төрағасы, танымал ақынымыз Кәкімбек Салықов  халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтасты. Халықаралық деңгейдегі беделді жазушымыз Әнуар Әлімжанов Англия парламентінің Қауымдар палатасында сөз сөйлеп,  бүкіл дүние жүзінде, оның ішінде Қазақстанда ядролық сынауларды тоқтатуды талап етті.

Кешірімнің полигонды жабу күресін шет елдердің атом-ядролық       қару-жарақты жоюды талап етуші ғалымдарының ресми қозғалыстары, топтары бірден жақтады. Кешірімді Жапонияда өткізілмек халықаралық конференцияға шақырып, пікірлесіп, шынайы құрметтеді.

Міне, осындай кең көлемді қуаттаудың нәтижесінде Семей полигоны 1991-жылы тамыз айының 29-ы күні жабылды. Бұл тарихи оң оқиға сөз болған сайын  академик Е.П.Велиховтың мына түсінік-тұжырымы ойыма оралады:

«...Главная идея контроля над прекращением ядерных испытаний заключалась в допуске советских специалистов в Неваду, а штатовских в Семипалатинск. Каждый устанавливает свою специальную аппаратуру и держит друг у друга руку на ядерном пульсе... все переговоры с Госдепартаментом, Конгрессом, Пентагоном вел я и высшие офицеры КГБ и ГРУ... То есть всё решалось на оси Москва – Вашингтон...» (Ресей Орталық телевидениесінің «Култура» бағдарлмасында жұртшылықпен кездесудегі сұраққа жауабынан үзінді. 2007 ж.

...Семей өңіріндегі жүздеген мың адамның тағдырын тәлкек еткен, Абай,

Шәкәрім, Мұхтар, Қайым... елінің жерін тоздырған полигонға қарсы күрес ашып, ақырында жеңіске жеткен Кешірім Бозтаевқа жасы 60-қа толғанында (1993 ж.) айтылған екі алғысқа назар аударалық (түпнұсқаларынан үзінді):

«...Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия... Н.Назарбаев».

«Уважаемый Кешрим Бозтаевич! Мы знаем Вас как крупного общественного и государственного деятеля... Вся Ваша жизнь – это  добрый и назидательный пример для молодого   поколения... В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера... В день Вашего шестидесятилетия, дорогой Кешрим Бозтаевич, мы выражаем Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо! Олжас  Сулейменов».

Назарбаевтың: «...с созданием системы социальной защиты населения» дегені Бозтаевтың екінші ерлігін мойындағаны деп білем. Бозтаев полигоннан 40 жыл бойы зардап шеккен жұртқа 1 тиын да өтемақы берілмегенін білген соң облыстың сол мәселені зерттеп шешуге тиіс мекемелеріне зардаптың мөлшерін анықтауды міндеттеген. Қажетті құжат дайын болысымен Мәскеуге ұшып, Горбачевтың қабылдауында болып, келген мақсатын баян еткен. Судырлақ «көсем» көзін ойнатып: «Жақсы. Көрейік», деп қалған да, үндемей қойған. Бір ай өтеді. Төзімі таусылған Кешірім Мәскеуге тағы да барады. «Уақыты жоқ» Горбачев қабылдамайды. Кешірім КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Рыжковқа барады, ол қабылдап, не шаруамен келгенін сұрайды. Кешірім құжаттарының көшірмесін ұсынып, сапарының себебін айтады. Рыжков: «Түсіндім. Қазір тапсырма беремін», деп жылы сөйлеп, сыпайы шығарып салады. Бұдан арғыны Кешірім айтып берсін:

«...5-нші қазан күні Таскескен ауданында іссапарда жүргенмін. Ол ауданның  экономикасы  тұрақты  дамып  келе жатқан.

Аудан басшыларымен бірге егістіктер мен мал фермаларын аралап       шыққан соң  «КПСС  ХХҮ сьезі атындағы совхоздың» кеңсесіне кірдік.

Директор Б. Мұстафин – ауыл шаруашылығының іскер, инициативалы басшыларының бірі. Жаңаша ойлай білетін, уақыт тамырын әрқашан дәл басып отыратын адам... Әңгімемізді бір кезде телефон қоңырауы бөліп жіберді. Мұстафин трубканы маған ұсынды, Н. Назарбаевтың дауысын естідім: «Жақсы хабар бар, қаулыға қол қойылыпты, құттықтаймын!» деді.

Бірнеше күннен соң біздің облысымыз үшін бірегей құжат – КСРО Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР-ы Семей облысының экономикалық және әлеуметтік дамуын жеделдету шаралары туралы» қаулысын алдық. Ол шараларды орындау үшін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі өзіндік тиісті қаулы қабылдады».

Николай Рыжковтың адамгершілігіне, іскерлігіне кім сүйінбесін! Кешірімді қазақ айының 2-күні қабылдады да, аса қажет қаулыны үш күннен соң шығарып берді!

Енді екі құттықтауға қатысты айтқанымды жалғастырып, ақынның екінші пікіріне тоқталайын. Кешірім қайтыс болғаннан кейін,  6 жылдан соң, ол «Казахстанская правда» гәзетінің тілшісімен сұхбатында Кешірім туралы:  «…Да, он  был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае среди первых борцов за закрытие полигона его не видели…», - деді. Жағамды еріксіз ұстадым. Аруақтан аттап кету – мұсылмандыққа ғана емес, жалпы адамгершілікке жат сорақылық емес пе?!.

1999-жылы бақилық болған Кешірімнің тарихи ерлігін жария етуді қолға кешірек алсам да (күнделікті оны-мұны шаруалар киіп кете береді ғой), оны көпшілікке толық айтып беруді ниет етіп, «Жас алаш», халықаралық «Централ Азия Монитор» (орыстілді)  гәзеттеріне  мақала шығардым. 2005-жылы. Көп жәйттен бейхабар оқырмандардан қарапайым қаһарман болған К.Бозтаевтың азаматтық тұлғасын сипаттап, аруағын силағаныма алғыс айтқан ауызша, жазбаша сәлем келе бастады. Әсіресе  Семей өңірінен: «Ақиқатты ашып бергеніңізге рахмет!» деп телефон шалғандар көп болды (Кешірім 1933-жылы Семей облысының Аягөз ауданындағы Ақшатау ауылында туған). Ал қарсы шыққан бір ғана кісі –  Олжас Сүлейменов. Онысы несі?..  Анау тілшімен сұхбатынан анық байқалғандай, онысы – «Семей полигонын Бозтаев жапқан жоқ, мен жаптым, біз жаптық!» деуі.

Егер К.Бозтаевтың жанкештілік қимылы болмаса, «Невада-Семей» қозғалысы құрылмас та еді.

Ақын сол сұхбатында: Ондай хатты жазғандар ертеңінде-ақ  орынын босататын, деп, Кешірімнің Горбачевқа хат жазанын жоққа шығарып бақты. Ол «білгіштігі»  де жайына қалды.

Олжастың Семейге кімнің жол нұсқауымен, қашан, қалай барғанын, Кешірімге қаншалықты «көмектескенін»  бұрында жазғанмын, қайталау керек болмас. Тек ақынның К.Бозтаевтың аруағымен алысу себебін ғана есімізге түсірелік. «Семей полигоны» кітабында Кешірім ақиқатқа жүгіне былай деген:

“...Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды. Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кіріскен едім. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен текетіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын сездім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий  Цезарьша: «Бардым, көрдім, жеңдім!» деп шыға келді...  «Бұл кімнің  еңбегі?» деген сұрақ сампылдай бастады. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда: - Еңбек  «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі! - делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті мейлінше кең насихатталды. Өздерін  дәріптеу сияқты сыңаржақтылық өршіді... Жиі-жиі  жиын жасау, жалаң  ұрандау  әдетке  айналдырылды...». Ақынның «армиясына», міне, осы шындық шаншу болды.

Аз таралыммен шыққан, қайталай басылмаған кітап сөзі көпшілікке жеткен жоқ.  Ал Олжастың мақалалары, сұхбаттары, оны шашбаушылардың шала жазбалары сықиып тұрған интернет желілерінде «Семей полигоны» мен «Олжас Сүлейменов» деген егіз сөздер ғана бар. «Кешірім Бозтаев» -- жоқ.

Полигонның жабылғанына 10 жыл, 20 жыл толуы ресми атап өтілді, ара-арасында ол тақырыпқа естелік, өзге себепті мақалар жазылды, телефильм шығарылды. Солардың бәрінің авторы  құдды бір кісі секілді, Кешірім туралы ештеңе айтылмады. Сол безбүйректікке күйініп, полигон мәселелерін жатқа білетіні анық президент Н.Назарбаевқа 2009-жылы «Кешірімнің кінәсе не?» деп және 2011-жылы «Сізге аян» деп хат жолдадым. Ләм-мимсіз қалды. Біздің билік жақта достықтың ақиқаттан қымбат екеніне көзім жетті.

Полигонның түтіні өшірілгеніне биыл 30 жыл толады. Жаңа ескі билік не дер екен?

***

Атом бомбасын алғаш сынау 1949-жылы тамыз айының 29-ы күні болғанын белгілі. 1997-жылы зейнетке шыққан К.Бозтаев полигонның ашылуы мен жабылуына ортақ цифрды «ескерткіш» ретінде қалап алып, «29-тамыз» деген Қайырымдылық қор ұйымдастырды. Ол қор бүгін де бар. Жетекшісі – Нұрлан Кешірімұлы Бозтаев. Әке аманатын ақтап, хал-қадари жұмыс істеуде. Қор туралы «ХХІ век. Устойчивое развитие Семипалатинского региона» атты кітапта (2006-жыл) былай делінген: «...Фонд получил  реестровый консультативный статус при  Экономическом и Социальном Совете ООН (ЭКО-СОС) в знак признания заслуг Фонда».

***

...Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының дипломды жас металлургы Кешірімхан Бозтаевпен 1961-жылы таныстым. Иә, Кешірімхан болатын. Есіміндегі «ханды» бертінде «жоқ қылды». Облыстық «Коммунизм туы» гәзетінің (қазіргі «Дидар») редакциясында әдебиет үйірмесі бар-ды. Бір күні қоңырқай өңді, орта бойлы жігіт келіп, сыпайы сәлемдесіп: «Сіздердің әдебиет үйірмелеріңізге әңгіме әкеліп едім» деді, имене ақырын сөйлеп. Үйірме жетекшісі Мәдениет және тұрмыс бөліміміздің меңгеруші, жас журналшы Уаһап Қыдырханов еді, Кешірімді ертіп апарып, екеуін таныстырдым. Уаһап – бүгінде ақсақал қаламгер, Алматыда. Белгілі жазушы-публицист, тарихшы, араб тілінің маманы,  «Құран Кәрімді» Қазақстанда бірінші болып қазақ тіліне аударды.

Кешірім қиял-ғажайып (фантастикалық) әңгіме жазады екен. Екі әңгімесі гәзетте жарияланды да... өзі көрінбей кетті. Телефонмен іздеп тауып: «Оу, фантаст, қайдасың?» десем, ол: «Ә, иә... - деп, кінәлі кісіше кібіртіктей сөйлеп:  - Жұмысып өзгеріп... смена бастағы етіп... жазуға уақытым болмай  жүр, ренжімеңдер, жарай ма?» деді. «Қызметіңнің жоғарылауымен қуана құттықтаймын! Өрлей бер! Бірақ қалмыңды суытпағайсың!» дедім.

Қабілетті, қарымды жігіт екен. Өрлеу жолы басталды. 1987-жылы Семей облысына ауыстырылар алдындағы қызметі Шығыс Қазақстан облысы совет атқару комитетінің төрағасы  болатын.

Қаламын шынында суытпаған Кешірім оны ғылым жолына бұрып жіберіпті. «Алғашқы оттан атомға дейін» (1956 ж.), «Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында шикізатты  пайдаланудың  тәжірибесі» (1972 ж.),  «Семей  полигоны» (1992 ж.), «Қайнар қасіреті» (1995 ж.), «29-тамыз» (1998 ж.) атты бес кітап жазды. Бұлардың  соңғы үшеуі - Семей полигонының  шежіресі.

«29-тамыз» кітабы Кешірімнің  нагасакилік танысы, пікірлесі, жазушы К.Ишиданың қалауымен  1998-жылы жапон тілінде шықты.

Ғалым Кешірім: «Халықтық «Экология»   академиясының  (Мәскеу қаласы) академигі; Семей Медицина  академиясының Құрметті профессоры; «Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттейтін академияның академигі; «Қазақ КСР-на еңбек сіңірген   жаңалықтапқыш» болды.

Нұрлан Бозтаевтың құзырындағы Қор  Кешірімнің «Семей полигоны», «29-тамыз» кітаптарын, арнаулы видеофильмді ағылшын тілінде шығаруға әзірлеп, бірақ билік тарпынан қолдау таба алмай бөгелуде...

...Кешірімнің қабірі басындағы құлпытаста: «Семей елі саған риза!» деген төрт сөз бар. Халқымыздың сөзі! «Халық қалт айтпайды»!

Ғаббас Қабышұлы 

Abai.kz

15 пікір