Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2889 0 пікір 25 Сәуір, 2012 сағат 05:35

Әмірхан Балқыбек.Тағдыры тарпаң тәкаппар жырлар иесі (жалғасы)

Ақын ба, ақын емес пе?

Бұл сауалға провинциядан Парижге келген он алты жасар Артюр Рембоны алғаш көргенде Поль Верленнiң, Мәскеуден Петерборға асыға жеткен бозбала Есенинмен жүздескенде Александр Блоктың iштей жауап табуға тырысқандары анық. Алғашқы жыр жазбаларын оқысымен-ақ Верлен Рембоны өзiнен де өрелi талантты ақын ретiнде мойындап, оның Париждi өз үйiндей көруiне мүмкiндiк жасауға ұмтылса, Блок Есенинге жыр әлемiне кiруге әбден қақыңыз бар деп сәт-сапар тiледi. Бiрақ кез келген талантты жас талаптың аға буыннан бата сұрауы дәл мұндай ақжарқын қауышулармен бастала бермейдi. Кексе қыранның әлi қанаты қата қоймаған мұзбалақты кеудесiнен керi итеретiн кездерi де болады. Иә, талантты тап басып бiрден тани қою - өте қиын шаруа. Тек тектi талғам иелерiнiң ғана қолынан келетiн iс.

... 1907 жылдың қаңтарының басында Дмитрий Мережовский мен Зинаида Гиппиустардың отбасына жасы жиырмалардағы жiгiт қонаққа келдi. Оның қолында сол кездегi беделдi ақындардың бiрi Валерий Брюсовтан алған кепiлдеме хаты бар едi. Хатта Мережковскийлер отбасынан жас ақынға қамқорлық қолын созып, шығармаларын жариялатуға көмектесу сұралған болатын. (Тұп-тура Есенин жүрiп өткен жол дерсiз. Брюсов бейнесiндегi Блоктан кейiн ол да тiп-тiке осы Мережковскийлердiң отбасына келетiн-дi. Бiрақ тек кейiнiрек, тағы да 7-8 жылдан кейiн).

Ақын ба, ақын емес пе?

Бұл сауалға провинциядан Парижге келген он алты жасар Артюр Рембоны алғаш көргенде Поль Верленнiң, Мәскеуден Петерборға асыға жеткен бозбала Есенинмен жүздескенде Александр Блоктың iштей жауап табуға тырысқандары анық. Алғашқы жыр жазбаларын оқысымен-ақ Верлен Рембоны өзiнен де өрелi талантты ақын ретiнде мойындап, оның Париждi өз үйiндей көруiне мүмкiндiк жасауға ұмтылса, Блок Есенинге жыр әлемiне кiруге әбден қақыңыз бар деп сәт-сапар тiледi. Бiрақ кез келген талантты жас талаптың аға буыннан бата сұрауы дәл мұндай ақжарқын қауышулармен бастала бермейдi. Кексе қыранның әлi қанаты қата қоймаған мұзбалақты кеудесiнен керi итеретiн кездерi де болады. Иә, талантты тап басып бiрден тани қою - өте қиын шаруа. Тек тектi талғам иелерiнiң ғана қолынан келетiн iс.

... 1907 жылдың қаңтарының басында Дмитрий Мережовский мен Зинаида Гиппиустардың отбасына жасы жиырмалардағы жiгiт қонаққа келдi. Оның қолында сол кездегi беделдi ақындардың бiрi Валерий Брюсовтан алған кепiлдеме хаты бар едi. Хатта Мережковскийлер отбасынан жас ақынға қамқорлық қолын созып, шығармаларын жариялатуға көмектесу сұралған болатын. (Тұп-тура Есенин жүрiп өткен жол дерсiз. Брюсов бейнесiндегi Блоктан кейiн ол да тiп-тiке осы Мережковскийлердiң отбасына келетiн-дi. Бiрақ тек кейiнiрек, тағы да 7-8 жылдан кейiн).

Үйде, үй иелерiнен бөлек, еңбектерi танылып қалған пәласафашы Философов және есiмi осы кездерi Блокпен қатар атала бастаған ақын Андрей Белый бар болып шықты. Оларға жас ақынның сықпыты, сөз саптасы еш ұнамағаны анық. Гиппиус әлi белгiсiз iзбасарын кекетiп-мұқата бастаса, өзгелерi де оған қосылып бiраз күлiп алады. Дастарқан басындағы жалпы әңгiме ауанының қалай өрбiгенiн дәл қазiр тап басып айта қою қиын, дегенмен бұл үйден жас талапкердiң көңiлi орта, жарымжан күйде шыққаны анық-ты.

Егер сенiп келген Мережковскийiңiз: «Сiз, көгершiнiм, адасып кетiпсiз! Сiзге мұнда орын жоқ»,- десе, ал ақын әйелi есiкке сiлтесе, одан кейiнгi көңiл-күйiңiз қандай болмақ! Әрине, мұндай кептi басқа түсiре көрмесiн деңiз. Кейiн Андрей Белый осы кеш туралы былай деп жазды: «Ақымақтау көрiнiс болды. Байғұсты әжуалап-ақ бақты... Ал ол оларға ақындар ғой деп шын жүрегiмен қуана келген жоқ па едi». Бiрақ Белыйдың өзi де күнәсiз қалмаған секiлдi. Өйткенi, Брюсовпен Гиппиустың сол тұста өзара жазысқан хаттары осыны айғақтайды.

Брюсовтың «сiздерге мен жол сiлтеген жас ақын барды ма, қалай қабылдадыңыздар?» деген сауалына Зинаида Гиппиус былай деп жауап қатады: «Қайран Валерий Яковлевич! Қай албасты онымен сiздi байланыстырып жүрген? Сiз өзi оны көрдiңiз бе? Бiз күлкiден құлап қалдық. Боряның (Андрей Белый - Ә.Б.) оны бiраз кекетiп-мұқатуға күшi жеттi, ал менiң ештеңеге икемiм келмей қалғаны. Жасы жиырмаларда, бетi iрiңдi жара қаптағандай боп-боз. Сөз саптасы алқам-салқам. Бейнебiр Драгомилов базарына бара жатқан жесiр қатынның кiр-қожалақ орамалы секiлдi. Өзi әтiрден иiскеп қояды. Сосын бүкiл әлемдi мен ғана өзгерте аламын дейдi: «Маған дейiн де талпы­ныс­тар болған... Будда, Христос... Бiрақ бәрi сәтсiз». Ол тел­пегiн алып шығып кеткесiн мен қолыма бiрден оның өлеңдерi жарияланған «Весы» журналын алдым. Кемең­гер­лiгiне араша түсетiн ең болмаса бiр жолын тапсам ба деп армандадым. Бiрақ түк те таппадым. Бәрi далбаса. Қазiргi таланты жоқ, бiрақ төселген машығы бар екiнiң бiрi одан тәуiр жазады. Нағыз далбаса. Ол сiздi несiмен, ойпыр-ай, несiмен баурады екен?»

Бiрақ Зинаида Гиппиус осылай дедi екен деп Брюсов жас талапкерден терiс айналған жоқ. Қайта оны ендiгi әдебиет майданында Мережковскийлер мен Гиппиустардың шабуылдарынан қорғап жүрдi. Ал Гиппиус жоғарыдағыдай жағымсыз пiкiр айтқан жас перi - ХХ ғасырдағы орыс поэзиясының белдi өкiлдерiнiң бiрi, әрине, Есенин емес, жауынгер, саяхатшы, серi ақын Николай Гумилев едi. Оның әдебиетте алатын ұлы орнына бүгiнгi күнi он Мережковский мен жүз Гиппиусыңыздың жабылып таласа алмайтыны да шындық.

 

Ол кiм едi?

Бүгiнгi қазақ оқырманына Николай Гумилевтiң есiмi көп ештеңе айта қоймауы да мүмкiн. Әрине, өкiнiштi-ақ. Сосын тiптi орыс оқырманының өзi де ақын шығармашылығымен тек бертiнде, қайта құру кезiнде ғана кеңiнен таныса бастағанын ескерсек, амал қанша, бұлай болуы заңды да. Өйткенi, есiмi Блок, Анна Ахматова, Есенин есiмдерiмен қатар аталуға тиiс ақын шығармашылығы жетпiс жылдай уақыт бойы оқырман назарынан қалтарыста қалып келдi. Тоталитарлық жүйе оның шығармашылығын дәрiптеуге қатаң тыйым салды.

Есенинге 50-жылдары жасалған «кешiрiм» оған 80-жылдардың орта тұсында әрең iлбiп жеттi. Неге кештеу?

Бұл сауалға ақын тағдыры жауап беретiн секiлдi.

Николай Степанович Гумилев 1886 жылдың 3 сәуiрiнде Кронштадта дүниеге келдi. Әкесi Степан Яковлевич теңiзшi дәрiгер болатын және бiрнеше рет мұхиттар арқылы дүние жүзiн аралау сапарына қатысқан-ды. Оның осы сапарларда көрген-бiлгенiн баяндап отыратын әңгiмелерi болашақ ақынның бала қиялына қатты әсер еткенi анық. Ал анасы Анна Ивановна болса дiндар адам едi. Балаларына әр түрлi хикая-әңгiмелердi оқып берудi ұнататын. Олардың көбiсi дiн тақырыбына қатысты болып жататын. Николай Гумилевтiң «Бала тәрбиесiне өте абай болу керек! Бала кезде алған әсер-күй өте керемет және өшпестей берiк болмақ! Құтқарушы Иса мәсiх туралы әңгiменi алғаш естiгенде бүкiл жандүнием тебiренiп, толқығаным әлi күнге дейiн есiмде» деп келетiн естелiгi осы анасына, оның қасында өткiзген күндерiне қатысты екенiне еш күмән жоқ.

Егер ақынның балалық шағы тек шуақты, ашық көгiлдiр түстi болды десек, қатты қателесемiз. Ақын өзiнiң анау айтқандай көрiкке ие емес екенiн бала кезiнен түйсiнетiн. Бұл туралы, ақынның өз келбетiнiң көрiксiздiгiне қысылатыны жайлы, замандастарының естелiктерiнде өте көп айтылады. Құдайдың оны керемет денсаулықпен жарылқай қоймағаны да шындық-ты. Қысқасы, болашақ ұлы ақынның өзiнiң «көп қара қарғаның iшiнде жалғыз ала қарға екенiн сезiнуi» сол сәби кезiнен бастау алады десек те болады. Ал мұндай сезiну-түйсiнулер сәбидiң психологиясында өзгеше қалыптасу процестерi басталуына түрткi болуы әбден мүмкiн.

Иә, Гумилев өзгелер әдемi көзiмен оп-оңай ала салатын нәрсенi тек мiнезiмен, тек iс-әрекетiмен ғана иемдене алатынын ерте сезiнген. Осы жолда, күрес майданында жеңiске бастар жол тек қажыр-қайрат пен ерiк-жiгер болса, оны өз бойымнан молынан табылуы керек деп шешкен. Өзiн-өзi үзбей, үнемi тәрбиелеп отырған, темiр тәртiпте ұстауға тырысқан. Өзiн-өзi талай сын тезiне салған. Ондай кедергi-сындарды жоқ болса өзi iздеп тауып отырған.

Бiз Гумилевтi тек ақын емес, шаршамас саяхатшы және жаужүрек жауынгер ретiнде де жақсы бiлемiз. Оның қиыншылығы көп, қатерi мол алыс сапарларға құмар болуында, соғыс стихиясын өз стихиясындай сезiнуiнде - мiне, осы өзiн-өзi iштей тәрбиелеудiң, өзiн-өзi темiрдей тәртiпке бағындыруға тырысудың әсер-ықпалы жатқаны анық.

Николай Гумилев бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс басталғанда өзi сұранып алдыңғы майдан шебiне кетедi. Екi рет қаһармандығы үшiн IҮ және III дәрежелi Георгий крес­терiмен марапатталады. Соғыста бiрге болған майдандас жолдастарының оның көзсiз батырлығы туралы естелiктерi де сақталған. Ол бiрде тiптi жау пулеметiнiң жауып тұрған оғына қарамай, окоптан дұшпан беттегi ашық алаңқайға шығып бiршама уақыт темекiнiң түтiнiн сораптаған да көрiнедi. Иә, көзсiз батырлық. Бәлкiм, ақымақтық. Дегенмен, мұндай көзсiз батырлық, бәлкiм, фатализмнiң арғы жағында өзiн-өзi, тағдырын сынап көру iспеттi iшкi сұраныстың жатқаны да жасырын емес. «Өзiңдi өзiң жеңсең ғана өзгенi жеңе аласың». Қысқасы, ақын Гумилевтiң, жауынгер Гумилевтiң рухан ұстанымы осыған келiп саятындай.

«Өзiңдi-өзiң тәрбиелей алсаң, тыңғылықты дайындай алсаң, алынбайтын қамал жоқ». Ақынның осы тiршiлiк философиясы оның шығармашылығынан да көрiнiс тапты. Ол кейiнiрек, белгiлi ақындар санатына қосылғанда «қолынан еш өлең жазу келмейтiн адамнан да, тынбай iзденiстер жасаса, ақын шығаруға болады» деп мәлiмдедi. Өзiнiң ақындар шеберханасын ашты. Онда ақын болғысы келетiн кез келгенге дәрiс оқыды. Әрине, мұндай бiрбеткейлiкке сол кездегi шығармашылық ортаның күле қарағаны да рас. Олар «Гумилев те ақымақ екен, есектен ақын, қарғадан әншi жасау мүмкiн бе?» деп мәз болысатын.

Бiздiңше, бұлай болуы мүмкiн емес екенiн Гумилевтiң өзi де жақсы түйсiнген. Ал мұндай шәлкестеу мәлiмдеме жасауына өз шығармашылық жандүниесiнен бастау алып жатқан күдiк пен күмән, ымырасыз арпалыс себеп болған сыңайлы. Жоғарыдағы Мережковский һәм Зинаида Гиппиус секiлдi ақынның талантына сенiмсiздiк бiлдiрушiлер бұл кездерi де жетiп артылатын. Олар «Блок өлеңдi табиғи тудырады, Гумилев кiрпiштерден қалап жасайды» десетiн. Гумилев өлеңдерi олардың тарапынан жасанды дүниелер ретiнде ғана бағаланатын-ды. Бұл кездерi ақынның шынайы дарын иесi екенiн сезiнетiн Брюсов секiлдiлер, амал қанша, өте сирек болатын.

Иә, Гумилев бұл кездерi Блок отырған поэзия тағына өзiнiң де отыруға қақылы екенiн iштей жақсы бiлетiн-дi. Бiрақ тақ бос емес-тi. Тақ бос емес кезде, шын ақын ойнауға лайық рөл тек сайқымазақтың рөлi болмақ. Мiне, Николай Гумилев еш тайсалмай осы сайқымазақтың рөлiн өзiне таңдап алды деуiмiзге болады.

Поэзиядағы Гумилев пен Блок бәсекесi өз алдына бөлек әңгiме қылуға әбден лайық. Егер жауынгер Гумилев интеллигент Блок поэзиясын жоғары бағаласа, Блоктың Гумилев өлеңдерiне «тек екi өлшеммен ғана жазылған өлеңдер» деп тыжырына қарағаны белгiлi. Бұл, әрине, Гумилев ешқандай ақын емес деген сөз едi. Блоктың өзiне осындай көзқараста екенiн бiле тұра Гумилевтiң оның жеке басы мен шығармашылығына тiл тигiзуге ешқашан тырыспағаны да мәлiм.

Бiрде Блокпен болған екеуара пiкiрталастан кейiн оңаша қалған Гумилевке замандастарының бiрi:

- Сiз мерген офицерсiз ғой, неге жекпе-жекке шақырып Блоктың сазайын тартқызбайсыз? - деп қалады.

Сонда Гумилев:

- Менiң не iстей алуым мүмкiн? Тiрi Лермонтовпен әңгiмелесiп тұрғаныңызды көз алдыңызға елестетiңiзшi, оған қандай сын айта аласыз, не төңiрегiнде дауласа аласыз?- деп жауап бередi.

Байқайсыз ба, Гумилев бiтiспес жауы Блокты Лермонтовқа теңейдi. Ғажап. Ал бүгiнгi поэзия бiлгiрлерi, керiсiнше, Лермонтовқа жандүниесi, шығармашылығы жағынан Блоктан гөрi Гумилев анағұрлым жақын деп бағалайды. Байқайсыз ба, нағыз поэзия парадоксы.

Тоталитарлық жүйенiң Гумилевке кештеу кешiрiм жасауында, мiне, ақынның мiнезiнен өрбитiн осындай себептер жатыр ғой деп ойлаймыз. Бүкiл елдiң сүт бетiне шығар қаймағын қуғын-сүргiн, ажал оғымен қорқытып келген жүйеге өлiмнен қорықпайтын, өз iшкi менiн, түйсiнген ақиқатын дәлелдеу үшiн қандай да бiр ерлiкке бара алатын, бара алатын ғана емес, барған ақынды қайта тiрiлту өте қорқынышты едi. Олар, жүйе басында отырғандар, ендiгi ақын-жазушыларға, мiне, осындай Гумилев тағдырын, Гумилев шығармашылығын сәл де болса ертерек сабақ қылудан қашты.

Қабiрi белгiсiз көрiпкел жыршы

Заманында Гумилевтi «батысшыл, төл топырағына тамыр байламаған ақын» деп сынағандардың өте көп болғаны белгiлi. Мұндай әңгiмелердiң тууына, әрине, ақынның алғашқы жыр жинақтарының себепшi болғаны анық. 1905 жылы шыққан «Конкистадорлар жолы» және одан кейiнгi «Романтикалық гүлдер» жинақтары экзотикалық көрiнiстер мен бояу-өрнектерге толы едi. Оларда алыстағы Африка, көне заман аңыздарына көбiрек орын берiлген болатын. Мұндай өлеңдердiң бұл кездерi ақын шығармашылығында көптеу болуына оның сол тұстары алыс елдерге жасаған саяхаттары әсер еткен болуы әбден мүмкiн. 1910 жылы шыққан «Iнжулер» және 1912 жылы басылған «Жат аспан» жыр жинақтары да осы бағыттағы iзденiстерiмен ерекшеленетiн-дi. 1915 жылы шыққан «Қорамсақ» жыр жинағынан бастап бiз шын мәнiсiндегi ұлы ақын Николай Гумилевтiң өз қолтаңбасы қалыптасты деп айта аламыз. Ал бұдан кейiнгi «Алау», «Шатыр», «Отты бағана» жыр жинақтары, дау жоқ, тек iрi ақынның ғана шығармашылық iзденiстерiнен туындайтын үздiк жыр жинақтары саналады. Бұл жинақтардың қай-қайсысында да орыс мiнезiнiң, орыс жандүниесiнiң табиғатынан сыр шертетiн жауһар дүниелер жеткiлiктi. Олардың қайсыбiрi бүгiнде Николай Гумилевтiң шын мәнiндегi келер уақытты болжай алатын көрiпкел ақын екенiне де дәлелшi бола алады.

Иә, бүгiнгi оқырманның Лермонтов пен Гумилев шығармалары және тағдырлары арасында балама жүргiзуi жайдан-жай емес. Мысалы, Гумилев соғыс даласынан Петерборға жазған хаттарының бiрiнде «өзiнiң бұл соғыста өлмейтiнiн, ажалы алда, әлдебiр қараңғылау жерде болатынын» жазады. Бәлкiм, ақынның себелеген жау оғына қарамай ашық майдан даласында емiн-еркiн алшаң басып жүруiне осындай сенiмi себепшi болған болар. Оның тағы бiр көрiпкелдiгi туралы жары, орыстың ұлы ақындарының бiрi Анна Ахматова былай деп сыр шертедi: «Бiрде Коля маған түс көргенiн, түсiнде 5 және 3 сандары көз алдынан өткенiн, мұны өзiнiң 53 жаста қайтыс болам-ау деп болжағанын әңгiмеледi. Амал қанша, ол сандардың орны ауысып кеткен болып шықты. Тәңiрiм Коляға қысқа ғана ғұмыр бердi. Ол 35 жасында қаза тапты».

Ақын өзiнiң аурудан емес, оқтан қазақ табатынын да дәл айтқан. Әлдебiр жұмысшы құйып жатқан оқтан. Ал ол жұмысшы бұл оқтың ақын ажалы болатынынан еш хабарсыз. Оқ құю ол үшiн, бар болғаны, күнкөрiстiң қамы ғана («Жұмысшы» өлеңi).

Өзiнiң Кавказда өлетiнiн болжаған Лермонтов мистикасынан бұл көрiпкелдiктердiң несi кем?

Николай Гумилев 1921 жылы тамыздың басында контрреволюциялық бүлiк жасамақшы болды деген жала айыппен тұтқындалып, сол айдың соңында басқа да тұтқындармен бiрге атылды. Ақынның соңғы сәтiне куә болғандардың оны ажалды байсалды, жымиып тұрып қарсы алды деп әңгiме таратқандары мәлiм. Амал қанша, бүгiнге дейiн ақынның мәйiтi қай жерде жатқаны белгiсiз. Бiр таңғаларлығы, дәл осы жылы осы айда оның поэзияда бiтiспес бәсекелесi болған Александр Блок та жынданып жатып дүниеден өттi. Бәлкiм, екi ақын ана дүниеге де бiрге баруды қалаған болар.

Рас, сөз арасында айттық, бiзге Гумилев поэзиясы әлi жете қойған жоқ. Бiрақ түбi Гумилев поэзиясының қазақ оқырманымен де молынан қауышатындығына еш күмәнданбаймыз. Өйткенi, ол - Байрон, Пушкин, Лермонтов поэзияларының дәстүрлi заңды жалғастырушысы бола алған санаулы ғана ақындардың бiрi. Сөзiмiзге дәлел ретiнде Байронда поэма, Пушкинде драма кейiпкерi болған Дон Гуанның тағдыры Гумилевте өлең көлемiнде қаншалықты сығымдалғанын мысал ретiнде келтiре кетсек деймiз.

Дон Жуан

Қарапайым, асқақ әрi арманым,

Ат үстiнде өтсе деп ем өмiрiм.

Сәлем жырды қанша аруға арнадым,

Қанша арудың таптым екен көңiлiн.

Қартайғанда еске ап Иса iлiмiн,

Күн кешермiн қоңырқайлау, бiрқалып.

Балын сорып сұлулардың тiлiнiң

Ал әзiрге қалу керек жырғалып.

Ойсыз басым тойсыз күндi жек көрер,

Қылыштаймын менсiнбейтiн қынабын.

Көмейiме бiр кектi айқай кептелер,

Хәм зарыңды естiмейдi құлағым.

Осы ғана қалған белгi көп күннен,

Кетер күнiм, кеудемдегi сөнгенде от.,

Бар айтарым пенделерге көрден кеп:

Жер бетiнде үнсiз азап шектiм мен,

Еш әйелден бала сүйiп көргем жоқ,

Еш еркектi бауыр деген жоқпын мен.

 

Қысық көз ғұнның ұрпағы

Ақын тағы бiр өлеңiнде:

Алжастым ба,

Адастым ба бiлмеймiн,

Қызық емес әңгiме де, ән кеш те...

Түсiме енер патшалардың байлығы

Және де бiр қанға бөккен наркескен.

 

Елестейдi қысық көздi жан бабам -

Қаһарлы ғұн...

(Шындығы осы шынында)

Және де бiр салтанатты қалың қол,

Күн бесiнде бет түзеген Рұмға... -

деп жырлаған едi.

Иә, ол өзiн қаһарлы ғұндардың ұрпағы санады. Ал өткен замандардан осы бiр түйсiк арқылы жеткен сәулелi ой ұшқыны бүгiнде қазақ даласынан да көрiнiс табулы. Астанадағы Еуразия университетi атақты ақынның ұлы Лев Гумилевтiң есiмiмен аталады. Ал Лев Гумилев - ғұндардың түркi екенiн ашық мәлiмдеген, өзiнiң де түбi түркiмен туыстасатынын еш жасырмаған ғалым. Ғұмырын ғұндар мен түркiлердiң тарихын зерделеуге сарп еткен ерен ұл. Бәлкiм, бұл оның бойында Николай Гумилев секiлдi қайсар ақынның қаны тулап жатқанынан болар.

Иә, баласының iзденiстерi секiлдi Николай Гумилев поэзиясы да қазақ баласына жат болмауы керек.

Ғажап. Iштей Николай Гумилевпен қай атадан барып туысар екенмiн деген қиялға берiлесiң.

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 819
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 653
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 518
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 530