Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3058 0 пікір 2 Шілде, 2009 сағат 20:57

Шалқар ЕСТЕН. Тағы да Бразилия

ФИНАЛ.

АҚШ - Бразилия - 2:3
Голдар: Демпси 10, Донован 27 - Луис Фабиано 46, 74, Лусио 84

АҚШ: Ховард, Спектор, Демерит, Оньеву, Боканегра, Кларк (Кейси, 88), Фейлхабер (Клестан, 75), Демпси, Донован, Дэвис, Алтидор (Борнстейн, 75).

Бразилия: Жулио Сезар, Майкон, Луизао, Лусио, Андре Сантос (Даниэль Алвес, 66), Жилберто Силва, Фелипе Мело, Рамирес (Элано, 67), Кака, Луис Фабиано, Робиньо.

Қара құрлықтағы айтулы жарыстың ақтық кездесуі де, үшінші орын жолындағы бәсекесі де өте тартысты өрбіп, көрерменнің көзайымына айналды. Әлем кубогын бес рет ұтқан Бразилия өзінің мықтылығын кезекті рет дәлелдеп, үшінші рет Конфедерация кубогын жеңіп алды. Қолда тұрған жеңістен қапелімде көз жазып қалған АҚШ екінші орынға тұрақтаса, үздік үштікті Испания түйіндеді.

ФИНАЛ.

АҚШ - Бразилия - 2:3
Голдар: Демпси 10, Донован 27 - Луис Фабиано 46, 74, Лусио 84

АҚШ: Ховард, Спектор, Демерит, Оньеву, Боканегра, Кларк (Кейси, 88), Фейлхабер (Клестан, 75), Демпси, Донован, Дэвис, Алтидор (Борнстейн, 75).

Бразилия: Жулио Сезар, Майкон, Луизао, Лусио, Андре Сантос (Даниэль Алвес, 66), Жилберто Силва, Фелипе Мело, Рамирес (Элано, 67), Кака, Луис Фабиано, Робиньо.

Қара құрлықтағы айтулы жарыстың ақтық кездесуі де, үшінші орын жолындағы бәсекесі де өте тартысты өрбіп, көрерменнің көзайымына айналды. Әлем кубогын бес рет ұтқан Бразилия өзінің мықтылығын кезекті рет дәлелдеп, үшінші рет Конфедерация кубогын жеңіп алды. Қолда тұрған жеңістен қапелімде көз жазып қалған АҚШ екінші орынға тұрақтаса, үздік үштікті Испания түйіндеді.

Жанкүйер қауымның бастапқыда екі, кейінірек төрт жылда бір мәрте ұйымдастырылып тұратын бұл жарыстың ақтық бәсекесінде Испания мен Бразилияның теке тіресін көргілері келгені анық. Бірақ тартысты ойындар барысында не түрлі сенсациялардың тіркелгенін жақсы білеміз. Әсіресе АҚШ құрамасы оның басты қаһарманына айналды. Жалпы бұл жарысқа америкалықтар осымен үшінші мәрте қатысты және үш ретте де сәтті өнер көрсетті. Алдымен 1992 жылы алғаш ұйымдастырылған бұл жарыстың үшінші орынына таласқан АҚШ азулы Кот-д'Ивуарды 3:2 нәтижесімен ұтса, 1999 жылы Мексикада өткен Конфедерация кубогында Сауд Арабиясын 2:0 есебімен тізе бүктіріп, үздік үштікті қорытындылады.

Сондықтан да америкалықтар Бразилиямен арада өтетін финалдық матчқа тыңғылықты дайындықпен келді. Өйткені бұдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда дәл қазір АҚШ құрамасының футболшылар құрамы өте күшті еді. Негізінен Еуропа мен Оңтүстік Американың алдыңғы қатарлы клубтарында өнер көрсететін ойыншылардан жасақаталған ұжым сәті түссе Бразилияның өзін аттан аударып тастауға құлықты еді. Алаңдағы жағдайды көре білетін бапкер Боб Брэдлидің де мұндай мүмкіндіктің бола бермейтінін жақсы ұққаны анық. Кездесудің барысында «америкалық арман» расымен де орындалатындай болып көрінді.  Матчтың 10- минутында күтпеген жерден есеп ашқан АҚШ құрамасы арада 15 минуттай уақыт өткенде нәтижені еселеген шақта сенім тіптен күшейе түсті. Бірақ «Сендер бізге қолдан келгенінше гол соқсаңдар, біз сендерге қалауымызша соғамыз» дейтін бразилиялықтар өздері қалыптастырған осы қағиданы бұлжытпай орындады. Кездесудің екінші бөлігі басталысымен Дунга жаттықтыратын команда әлгі ұстанымды еске түсіргендей болды. Бірден шабуылға бет алған олар көп ұзамай-ақ мақсаттарына қол жеткізді. Әріптесі Майконнан әдемі пас алған Фабиано қорғаушының тасасынан бұрыла бере теуіп, ала допты Ховард қорғаған қақпаның торында тулатты. Бұған дейінгі сәттердің бәрінде шебер қорғана білген Тим Ховард қапы қалды. Соғылған гол америкалықтардың зәресін ұшыра қоймады. Салқынқандылық танытқан Брэдлидің командасы ойын тактикасына өзгеріс енгізуді қаламады. Бразилия қақпасын торуылдауға тиіс қос бірдей шабуылшы - Дэвис пен Алтидор өз орындарында қала берді. Бірақ бірінші таймда көп тер төккен олардың аздап шаршап қалғандары байқалды. Ал оңтүстікамерикалықтар керісінше кездесуге жаңа шыққандай жұлқына қимылдады. «Келе сала төрге озуға» ниетті қарсыластарын өз орнына тезірек қоюға асыққан олар тағы бірнеше рет гол соғатын керемет мүмкіндіктерді бос жіберіп алды. Ал енді бір сәтте Ховард қорғаған қақпаға енген доп төрешінің қателігінен есепке алынбай қалды. Каканың баспен соққан добын Ховард қақпа сызығының ар жағынан қайтарды, бірақ ұрымтал эпизодты дұрыс көре алмай қалған швед Ханссон қателесіп, есеп өзгеріссіз қала берді. Дегенмен ойын жағдайына қарап, таразы басының теңесетінін аңғаруға болатын еді. Бразилия құрамасының толассыз шабуылы АҚШ қорғанысын ақыры талқандады. Бұл жолы да Луис Фабиано мергендік танытты. Сөйтіп испаниялық «Севильяның» сапында өнер көрсететін шабуылшы биылғы Конфедерация кубогындағы бесінші голын соқты. Матч соңынан ол турнирдің үздік мергеніне арналған бағалы сыйлыққа ие болды. Кездесудің негізгі уақытының аяқталуына әлі 15 минуттай уақыт бар болатын. Бұл нәтиже АҚШ футболшыларын әлі де қанағаттандыратын еді, бірақ бразилиялықтардың көңіліне қонбайтын. «Қайдағы бір АҚШ- пен» қосымша уақытта тәжікелесіп, пенальти тебісуді ар санаса керек, әлемнің бес дүркін чемпиондары 84- минутта тағы бір гол соғып, жанкүйерлерін дүр сілкіндірді. Бұл - осы ойындағы соңғы гол болып тіркелді. Осылайша Конфедерация кубогында жалпы саны үш рет жеңіске жетіп үлгерген Бразилия әлемнің мықтысы кім екенін тағы да әйгілеп берді.

Жарыс несімен есте қалады?

Әрине ол бірінші кезекте жоғарыда айтқанымыздай тосын оқиғалардың көбірек орын алуымен жанкүйер жадында ұзағырақ сақталады. Әлемнің төрт дүркін чемпионы - Италияның топтық кезеңнен ұзай алмауы және қара құрлықтың алты дүркін чемпионы Мысырдың азулы Бразилияға қарсы тегеурінді қарсылық көрсетіп, шешуші матчта АҚШ- қа жол беріп қоюы қандай қызық әрі адам нанғысыз жайттар. Италияның бас бапкері Марчелло Липпидің жарыс басталардан сәл бұрын өз командасының жеңімпаз атанарына сенімсіз екенін жайып салғанын білеміз. Сөзін дәйекті етуге тырысқан маман осы саланың білгірлері көбірек жүгінетін деректерге сүйенген еді. Оның пікірінше, әлем чемпионатында топ жарған ұжым араға үш жыл салып өтетін Конфедерация кубогында топ жара алмайды. Өткенге көз жүгіртсек расында да солай. Бірақ бұл жерде бас бапкер тарихтың заңдылығынан гөрі өз командасының дәрменсіздігіне көбірек күйінішті екенін бүркемелеуге тырысқандай. Аппенин түбегінде қатаң сынға ұшыраған Липпи илікпей-ақ қойды. Жастарға сенбей, ардагер ойыншыларға үміт артқан бапкердің «әскері» қара құрлықтан күйреп қайтты. Ал Африка кубогында Камерун, Кот-д'Ивуар, Сенегал т.б. сияқты мықты командалардың арасынан үнемі озық шығып жүрген Мысырға не болды? Топтық кезеңнің алғашқы турында атағы дардай Бразилияның «Екі аяғын бір етікке тыққан» «перғауындар» жартылай финалға да іліге алмай қалды. Неміс бундеслигасында доп тебетін мысырлық Зиданның жарақат алып қалуы да ұжымдық ойынға кері әсерін тигізді ме? Мысыр құрамасының жартылай финалға шығуына АҚШ- тан екі доп айырмасымен ұтылудың өзі жеткілікті еді. Тіпті сол матчтың қарсаңында болжам жасағандар тең ойынды былай қоялық, Мысырдың жеңіп шығарына нық сенімді болды. Ал жасыл алаңдағы ойын мүлдем басқаша өрбіді. «Жаурыншылардың» дегеніне көне бермейтін ала доп өзінікін істеді. АҚШ 3:0 есебімен сенсациялық жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда Боб Брэдлидің командасы тіптен сұмдық сенсация тіркеп, Еуропа чемпионы - Испанияны 2:0 есебімен қапы қалдырды.

Міне бірінен соң бірі тіркелген тосын оқиғалар тізбегі бұл жарыстың көркін кіргізе түсті. Конфедерация кубогы жанкүйер қауымның келер жылы өтетін әлем чемпионатына дейін талғажу ете тұрар азығы болмақ.


Мергендер:


Луис Фабиано (Бразилия, «Севилья») - 5

Клинт Демпси (АҚШ, «Фулхэм») - 3

Давид Вилья (Испания, «Валенсия») - 3

Фернандо Торрес (Испания, «Ливерпуль») - 3

Конфедерация кубогының әр жылдардағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері:


1992 ж. Сауд Арабиясы.

1. Аргентина

2. Сауд Арабиясы

3. АҚШ

4. Кот-д'Ивуар

 

1995 ж. Сауд Арабиясы.

1. Дания

2. Аргентина

3. Мексика

4. Нигерия


1997 ж. Сауд Арабиясы.

1. Бразилия

2. Австралия

3. Чехия

4. Уругвай


1999 ж. Мексика.

1. Мексика

2. Бразилия

3. АҚШ

4. Сауд Арабиясы


2001 ж. Оңтүстік Корея, Жапония.

1. Франция

2. Жапония

3. Австралия

4. Бразилия


2003 ж. Франция.

1. Франция

2. Камерун

3. Түркия

4. Колумбия


2005 ж. Германия.

1. Бразилия

2. Аргентина

3. Германия

4. Мексика


2009 ж. ОАР.

1. Бразилия

2. АҚШ

3. Испания

4. ОАР

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1940
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2146
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1775
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1533