Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 1887 0 пікір 18 Наурыз, 2021 сағат 13:55

Қазақстан әскері дрондармен жарақтануда

Мемлекет тәуелсіздігінің кепілі ол айбынды әскер мен қуатты жауынгер екені айтпаса да түсінікті. Қазақстан қарулы күштері 1991 жылдан бастап еліміздің әр тасы мен тауын күзетіп келеді. Мақсат айқын. «Жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз» ғой. Халықтың күндіз езуінен күлкі, түнде ұйқысынан тыныштық қашпауы үшін қарулы күштеріміз қашанда қырағы. Әскердің айбынды болуы жаңа әскери техникалардың қуатты болуымен тығыз байланысты. Әскери техниканы жетілдірмеу үлкен қателік екенін Қарабақ шайқасы көрсетіп берді.

Батыс сарапшылары Қарабақ соғысында Армения әскерінің тас-талқан болуы ескі әскери техникаларды қолдануы, жаңа техникаларға назар аудармауы, заманауи шындықты қабылдамауы және стратегиялық дайындықтарды аз жасауы деп атап көрсетті. Бұл туралы «СИПРИ» әскери журналы арнайы талдау жасады. Қарабақ шайқасының тағы бір бізге сабақ алар тұсы жойғыш дрондардың көп қолданылуы болатын. Түркиялық дрондарды қолдану арқылы соғысты тез әрі жеңіспен аяқтаған Әзербайжан әскерінің тәжірибесін Қазақстан да ескеруде. Оны келесі қадамдардан байқай аламыз.

Қазақстан әскерінде соққы жасаушы дрондар бар. Қытайлық соққы жасаушы дрондарды сатып алған біздің еліміз, оны ұдайы дайындықта қолданып келеді. «WingLoong» дрондары Таяу Шығыста өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді. Ливия мен Сирияда кеңінен қолданылатын бұл дрондарды біздің әскерилеріміз жаттығу барысында кеңінен меңгерген.

Дрондарды жасау ісін де қолға алу маңызды. Алғашқы жетістіктер де жоқ емес. Ақпан айында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің әскери ғалымдары жасап шыққан «Шағала» барлау дроны сынақтан өткізілді. Дрон 30 шақырымға дейін ұшып, әуеде 2.5 сағат уақыт бойы барлау жүргізе алады. Жел екпініне тұрақты. Қазақстан барлау дронын сәтті сынақтан өткізгеннен кейін, оны барлық әскери бөлімшелерге шығаруды жоспарлап отыр. Қорғаныс саласында барлаудың аса маңызды екенін ескере отырып, бұл қадамның өте дұрыс екенін аңғарамыз.

«Ұшқышсыз ұшу аппараты ауқымында әскерлерді отандық туындылармен қамтамасыз етуге деген ұмтылыс қуантады. Дегенмен, қазақстандық құоылғының өзге мемлекеттердің аппараттарынан айырмашылығы болуы керек. Басқаша айтқанда біздің аппаратымыз тактикалық-техникалық сипаттамалары жағынан қазақстандық армияның барлық қажеттіліктерін, еліміздің географиялық ерекшеліктеріг ескере отырып дайындалуы керек», - деп атап өткен еді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев.

Қазақстан бұл саланы дамытуды ойлап отыр. Қазірдің өзінде қорғаныс саламызда отандық «Шағала» барлау дроны, 40 шақырым қашықтыққа ұшып, барлау жасайтын «SkyLark» барлау дроны, 4 мың шақарымға дейін ұшып, 20 сағат бойы ұша алатын қабілетке ие соққы жасаушы қытайлық «WingLoong» дрондары бар. Израильдік барлау дрондары мен Түркияның соққы жасаушы дрондарын жасау бойынша да жұмыстар атқарылуда. Ендігі таңда «камикадзе» жүйесі бойынша жұмыс істейтін, нысанға соғылғанда жарылатын дрондарды алуды мақсат етіп отыр. Дрондарды игеру заман талабы екенін әлем елдерінің әр бұрышында өтіп жатқан әскери қақтығыстар көрсетіп берді. Қаншалықты тез әрі мығым игереміз, соншалықты де мықты болмақ.

Қазақстан авиацияны да дамыту үстінде. Мысалы жақында ғана біздің жауынгерлеріміз оқу-жаттығуды ұйымдастыру үшін L-39 ұшақтарымен қамтамасыз етілді. Aero L-39 Albatros – ұшқыштар құрамын даярлауға арналған реактивті оқу-жауынгерлік ұшағы болып табылады. Бұл ұщақты тұрлі мақсатқа пайдалануға болады. Тіпті ұрыс жағдайында жойғыш және соққы жасаушы ұшақ ретінде де пайдалануға болады.
Қазақстан әуе күштерін дамытып, басты басымдықты да осы бағытқа беріп отыр. Көк тудың мәңгі желбіреуі көк аспанымыздың ашық болуы, көктегі ұшақтарымыздың жаңалығы мен ұшқыштарымыздың мықтылығына да тікелей байланысты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 752
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 571
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 467
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 481