Сенбі, 4 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 20521 67 пікір 19 Наурыз, 2021 сағат 13:23

Путин мен Байденнің айтысы. Әрі қарай не болмақ?

Ресей мен АҚШ арасындағы қырғи-қабақ қарым-қатынас жаңа кезеңге шықты. АҚШ басшысы Джо Байден «АВС» арнасына берген сұхбатында Путин АҚШ-тағы сайлауға араласқаны анықталса, жауап беретінін нақты айтқан еді. Артынша журналистің: «Сіз оны кісі өлтіруші деп санайсыз ба» деген сұрағына «Иә» деп жауап қатқан болатын. Бұл онсызда күрделі Мәскеу-Вашингтон қатынасын тіпті ушықтырып жіберді. 

Ресейлік депутаттар Байденнің бұл сөзін нағыз арандату және «есі ауысқан адамның сандырағы» деп бағаласа, Мемлекеттік Думаның төрағасы Володин: «Ресей басшысын айыптау - барлық Ресей азаматтарын қорлау. Президент Путинге жасалған мұндай шабуылдар, барлығымызға жасалған шабуылдар деп түсінемін»,- деген болатын.

Путин өзі де көп ұзамай Байденнің мәлімдемесіне жауап қатты. «Кім өзгені сөксе, айыптаса, демек өзі сондай болғаны», - деп жауап ретінде ел арасында танымал сөзді келтірді. «Біз АҚШ-пен жұмыс істеуге дайынбыз, бірақ біздің мүддемізге сай арналарда ғана. АҚШ қаласа да, қаламаса да бізбен санасуы тиіс», - деп өз сөзін аяқтады. Сөз арасында ол Байденге денсаулық тіледі. Мұнысы «Байден қарт адам, оны күту керек» немесе «ол есінен ауысқан, емделуі қажет» деген саяси сарказм іспеттес көрінді.

Путин тіпті Байденді пікірталасты жандандыруға шақырып, оның тікелкей эфир форматында өтуіне қарсы еместігін жеткізді. Онысы ішкі аудиторияға бағытталған сөз екені көрініп тұр. Яғни халық арасында «басшымыз АҚШ басшысын сөз сайысқа шақырды» деген көңіл-күй туындату мақсатында, ал егер Байдан шықпаса онда «Путиннің ашық дебатынан Байден қашты» деген сылтау келтіреді. Байденнің сөз сайысқа шығуы екіталай. Джен Псаки бұл туралы жауап қайтарып та үлгерді. «Олар онсыз да сөйлесті ғой. Бұл ұсыныс жайлы нақты ештеңе айта алмаймын, ертең президенттің қолы бос емес», - деген сөздері Байденнің Путин тарапынан айтылған ұсынысты ескермейтінін, қабыл алмайтынын аңғартады.

Қырғи-қабақтық артып келеді. 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған Ресей жыл сайын оны мереке ретінде атап өтетіні бар. Кеше де солай болды. Мәскеудегі Лужник кешенінде мыңдаған адам жиналған концертте Путин сөз сөйледі. Ол: «Қырымды тартып алуды тарихи әділеттілік орнады», - деп атады. Алайда тікелей айтылмаса да жанама тұрғыдан бізге әсері болатын сөздерді де айтты.

«Өткен ғасырдың 20-жылдары большевиктер Кеңес Одағын құру кезінде түсініксіз себептермен көптеген территорияларды енді құрылған квазимемлекеттерге бере салды. Ал кейін өздері құлдырап, өз партияларын ішінен құлатып, Кеңес Одағын таратып тынған сәтте, Ресей ауқымды территориялары мен геосаяси кеңістіктерінен айырылып қалды. Біз ешкімге де еш уақытта Ресей берген қисапсыз сыйлықты пайдаланып, Ресей Федерациясына зиян келтіруіне жол бермейміз. Ұғатындар ұқты деп ойлаймын», - деді Путин. Бұл тура 2020 жылы Путиннің «Кеңес Одағы құлаған сәтте қисапсыз жер өзге елдерге өтіп кетті», - деген мәлімдемесін қайталау болатын.

Соңғы уақытта Ресей тарапынан «Ресейдің жерін өзгелер сыйға алды» деген сарындағы мәлімдемелер көбейіп келеді. Путин бірнеше мәрте осындай мағынадағы сөздерді айтса, депутат Никонов пен Федоровтар «солтүстік Қазақстан Ресейдің жері, қазақтар оны сыйға алған» дегенді шегелеп айтып, екі ел арасында дау туындағаны есімізде.

Путиннің рейтингі құлдырап, Ресейдегі әлеуметтік жағдай нашарлап барады. Толқулар мен наразы халықтың саны артты. 2014 жылы Қырымды басып алған кездегі Путиннің рейтингі қазір жоқ. Оның үстіне АҚШ билігі салған санкция Мәскеуді қыспаққа алуда. «Солтүстік ағым-2» газ құбыры аяқталмай қалуы мүмкін. Байден келгелі бері Мәскеудің тынысы тарыла бастады. 18 наурызда ресми санкциялар тізімі кеңейді. Байден президентіміз Қ.К.Тоқаевқа арнайы телеграмма жіберіп, «С5+1» форматында кеңінен жұмыс жасағысы келетінін жеткізді. Мұның бәрі Мәскеуді ойландырмай қоймайды. Олар Орталық Азияда әскери базалары мен институттары тұрғанына қарамастан, Қазақстан, Қырғызстан мүше ортақ экономикалық одақта бар екенін есте сақтай отыра, бұл аймақта ықпалының азаюынан сақтанады. Сақтық түрлі әрекеттерге әкелуі мүмкін.

Abai.kz

67 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1109
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1007
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 744
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 856