Жұма, 10 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3272 0 пікір 2 Шілде, 2009 сағат 19:28

Майнұр Жанақова. ҚАЙДАСЫҢ, ҚАЗАҚ МУЛЬТФИЛЬМI?

Жадыраған жаз мезгiлiнiң алғашқы айы да аяқталып, оқушылар үшiн жазғы демалыстың ендiгi еншiсi тамыз бен шiлде айларына қалды. Жаздың үш айын, қызықты демалыс күндерiн бiрi - ауылда ата-әжесiнiң жанында тайға мiнiп, ат шауып асыр салып өткiзсе, ендi бiрi - лагерьлерде жаңа достар тауып, демалыстарының әр күнiн өзiнше қызықты өткiзуге тырысуда. Ал, кейбiрi түрлi телеарналардан бiрiнен соң бiрi көрсетiлетiн мультфильмдердi сүйсiне көрiп, көгiлдiр экранды жаз бойы жанына "азық" етуде.

Жадыраған жаз мезгiлiнiң алғашқы айы да аяқталып, оқушылар үшiн жазғы демалыстың ендiгi еншiсi тамыз бен шiлде айларына қалды. Жаздың үш айын, қызықты демалыс күндерiн бiрi - ауылда ата-әжесiнiң жанында тайға мiнiп, ат шауып асыр салып өткiзсе, ендi бiрi - лагерьлерде жаңа достар тауып, демалыстарының әр күнiн өзiнше қызықты өткiзуге тырысуда. Ал, кейбiрi түрлi телеарналардан бiрiнен соң бiрi көрсетiлетiн мультфильмдердi сүйсiне көрiп, көгiлдiр экранды жаз бойы жанына "азық" етуде.

Осы орайда, қазақ бүлдiршiндерi отандық телеарналардан не көредi деген сауал туады. Бұл сауалға, әрине, жауабымыз да әзiр: Батыстың мәнсiз мультфильмдерi, бiр "жылт етсе" оңайлықпен аяқтала қоймайтын сансыз көп сериялы мультисериалдары, одан қалса, Ресей телеарналарының балаларға арналған "қызықты" бағдарламалары. Ал, ұлттық төлтуындымыз, қазақ мультфильмдерiн қанша iздесең де таппайсың. Елiмiзде жылына 2-3, әрi кетсе 5 мультфильм жасалады деп жоспарланса да, эфирге "жолдама" алған бiр мультфильмдi көрмеймiз. Тек Қайырғали Қасымовтың "Құйыршық" (2001 жыл) атты мультфильмiн көзiмiз шалады. Сондай-ақ, Шымкенттегi "Жебе" киностудиясының бiрлi-екiлi мультфильмдерiн ("Алдар Көсе", "Аңқау қасқыр", "Қанатты Барыс") атауымызға болады. 1967-1991 жылдар аралығында барлығы 130-дан астам мультфильм балалар назарына ұсынылғанын ескерсек, бұл көрсеткiш, әрине, тым төмен. Бес миллион балаларымыз бар бiздiң елiмiзге ол аздық етедi. Қазiр, отандық мультфильм жайлы сөз қозғасақ, сонау 1967 жылы түсiрiлген, қазақ мультфильмiнiң атасы Әмен Қайдардың "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" немесе "Ақсақ құлан" туындылары ойыңа оралады. Сонда, жалтақтап Ресейге, мөлтиiп Мәскеуге қараған күннiң өзiнде анимациялық мультфильм жасай алсақ, ал етек-жеңiмiздi жиып, еңселi егемендiгiмiздi алған шағымызда, қазақ жеткiншектерiнiң сұранысын қанағаттандыратын мультфильм тудыра алмауымызға не кедергi? Әлде, осы саланың "ыстығына күйiп, суығына тоңа" бiлетiн аниматор мамандар аз ба? Қашанға дейiн балғын бөбектерiмiздi батыстың мағынасыз мультфильмдерi мен "үрейлi" кейiпкерлерiне толы "атыс-шабыс" мультисериалдарына телмiрте бермекпiз? Ал, жас жеткiншектiң бойына жастайынан сiңiретiн ұлттық мәдениетiмiз, әдет-ғұрпымыз, тiлiмiз, дiнiмiз қайда қалмақ? Осылайша сауалдарды тiзе берсек, сiрә, бүгiн тауыспаспыз. Қалай десек те, әйтеуiр қазақ мультфильмiнiң жай-күйi бүгiнде көңiл қуантарлық жағдайда емес екендiгi айдан анық. Бұл кемшiлiктердiң себебiн бiлу мақсатында, мамандар пiкiрiне жүгiнудi жөн көрдiк.

Әмен ҚАЙДАР, қазақ анимациясының атасы:

БӘРIН ҚАРЖЫ ШЕШЕДI

- Бүгiнгi негiзгi күрделi мәселе болып саналатын - қазақ мәдениетi, ұлттық рух, ұлттық өнер, соның iшiнде, қазақ мультфильмiнiң бүгiнi мен ертеңiне байланысты сауалдар менi қашан да толғандырған, әлi де толғандыруда. Бiз ұлт болып, егемендi ел болып, өзiмiздiң мәдениетiмiз бен салт-дәстүрiмiздi дамытамыз десек, ең алдымен, тәрбиенi титтей бүлдiршiндерiмiзден бастауымыз қажет. Өз ұлтының патриот азаматы, елiн, жерiн, тiлiн, дiнiн сүйетiн адам етiп қалыптастыру үшiн балаларды кiшкентайынан тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарымызды бойына сiңiре бiлуiмiз керек. Ал, ол құндылықтармен бөбектердi сусындатудың бiрден бiр құралы - қазақ мультфильмдерi. Осыған дейiн, қазақ мультипликациясы өткен ғасырдың аяғында пайда болса да, кейiн Кеңес Одағы ыдыраған тұста, күйреуге ұшырады да, қазiр қайтадан қолға алына бастады. Әуелi, өзiмiздiң Өнер Академиясынан бастасақ. Мұнда мультфильм мамандарын дайындайтын материалдық жағдай жаңа-жаңа жасала бастады. Қазiр бiзде он алты жыл болды, мультипликатор мамандар дайындап, өткен тәжiрибемiзге сүйенiп жас толқын, жас мамандарды даярлауға еңбек етудемiз. Алайда бұл кезеңге жетудiң өзiнде талай қиындықтарға душар болдық. Бiрiншiден, бар мамандар заман өзгерген кезде тарап кеттi де, олардың басын қосып, осы жерде оқу жоспарын жасап, шәкiрттердi тәрбиелеуге материалдық жағдай болмады. Бұрын Кеңес Одағы кезiнде мамандарға толық қанды жағдай жасалды. Бiздегi аниматорлар Мәскеуден оқып келдi, келген соң, осы жерде бiлiмдерiн жалғастырды. Бiлiмдерi шыңдалған соң, оларды жұмысқа тартты, пәтер берiп, тұрақты жалақыларын төледi. Яғни, мамандарға әлеуметтiк жағдай жасалды. Ал, қазiр ондай жоқ. Жағдай болмаған соң, бұл мамандыққа кiм келедi? Жарайды, бес жыл оқыды, бiтiрдi, аниматор дипломын алды делiк. Сосын, ары қарай, олардың тағдыры не болмақ? Ал, мықты аниматор болу үшiн бар ғұмырыңды осы өнерге сарп етуiң керек. Өзiмiзден бiтiрген шәкiрттердi уақытында жұмыспен қамти алмаймыз. Жұмыспен қамту бiздiң құзырымыздағы мәселе емес. Бiз мұнда бес жыл оқытамыз, оқу жоспарында бар тапсырмаларды оқытуға тырысамыз. Компьютермен қысқа мультфильмдер жасатамыз. Шүкiр, шаңырағымыз бар, аниматор мамандар даярлайтын арнайы кафедра да бар. Бiрақ осы шаңырақты бiтiрген шәкiрттерге жағдай жасалса, оларды ынталандыратын конкурстар ұйымдастырып, бәсеке тудырса бiз нағыз жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпарды таңдар едiк. Мысалы, биыл осы мамандық бойынша бiзден сегiз шәкiрт бiтiрдi. Олардың iшiнде, екi-үшеуiн осы саланың нағыз маманы болады деп үмiттенемiн. Мамандар аз да болса бар, бiрақ соларға жағдай жасай бiлуiмiз керек. Екiншiден, үкiмет тарапынан да көп көңiл бөлiну қажет. Яғни, қаражат мәселесiн шешу керек. Мұның бәрiне аз уақытта қол жеткiзуге болмайды. Қазiр Қазақфильмде директор Аманшаев бастаған бiраз жұмыстар атқаруда. Ректор Арыстанбек Мұхамедиұлы да қазақ мультфильмiн қайтсек те жандандырамыз деп қолынан келер шараларды атқарып-ақ жүр. Академияда шағын мультфильмдер жасаймыз деген де жоспарлар бар.Бiзде тақырыптар да, дайын сценарийлер де бар. Iстеймiн дейтiн, аз да болса мамандар бар.Ол үшiн тағы да қаражат керек. Сондықтан, мәселенiң бәрi сол баяғы ақшаға келiп тiреледi.

Әшiбек СЫҒАЙ, театр сыншысы

БАЛА ҮЛКЕНДЕР ҚАУЫМЫНА ӨКПЕЛI

- Қазақ мультфильмi туралы ой қозғасақ, бүгiнгi "өлместiң күнiн" кешiп жатқанын көрiп жаның ашиды. Бiзде өзiмiзде бар дүниенi көрсете алмауымызға қиналасың. Алпамыс, Қамбар, Қобыландыны қаһарман кейiпркерлер етiп, көп сериялы мультфильм жасауымызға болушы едi. Сонда патриотизм, елiн, жерiн сүю жөнiнде бiздiң бүлдiршiндерге ешкiм ере алмас едi. Түсiнiгi, талғамы, тәрбиесi бойынша да өзгелерден көш iлгерi тұрар едiк. Қол-аяғымызды ендi жинап жатырмыз деймiз. Жоғарыға жалтақтап, Мәскеуге, Ресейге бiр қарайтын кез әлдеқайда кеткен. Бiрақ, өкiнiшке қарай, әлi оңалып кетiп жатқан ештеңе жоқ. Баяғыда Үкiмет қазақ мультфильмiн өркендету, дамыту мақсатында бұған арнайы қаулы шығаратын. Қазiр ол жоқ. Тығырықтан шығу үшiн, менiңше, осы мамандықтың студенттерiн тартып, олардың қызығушылығын таныту үшiн ынталандырып, конкурс ұйымдастырып, жазған сценарийлерiне ақшалай сыйлық беруiмiз керек. Бiзде сол ынталындыру жеткiлiксiз. "Мұстафа Шоқай", "Бiржан сал", "Көшпендiлер" деп кино да шығарып жатырмыз. Ал, ендi болашақта сондай кино түсiретiн, оған шығаратын баспалдақ, жас өскiндердiң жағдайын бiз жасай алмай отырмыз. Сондықтан, қазақ мультфильмiнiң жайы қазiргi таңда нашар. "Шрэк" секiлдi Батыс мультфилмдерiн бүлдiршiндерге көрсетуге әуеспiз. Өзiнiң тiлiн, әдебиетiн, әдет-ғұрпын бiлмейдi, өзiнiң менталитетiн мойындамайды деп мультфильмдердi тамашалаған жасөспiрiмдерге кiнә тағамыз. Оның көзiн ашып көретiнi батпақта жүрген, басы қазандай, құлағы қалқандай «Шрэк» болса, әрине солай болады да. Дүниежүзiндегi әсемдiктiң үлгiсi, әдемiлiктiң өнегелiсi сол екен деп ойлап, соған елiктейдi. Одан басқа да өзiмiздiң қазақ кейiпкерлерi өрiп жүргенiн бала қайдан бiлсiн? Сондықтан, бар кiнә үлкендер, өзiмiзден. Жас өскiн бiзге, үлкендер қауымына өкпелi. Бұл жерде бәрi мүмкiншiлiктерге байланысты ғой. Қолдағы барымыз бен шама-шарқымызға қарау керек. Шүкiр, қазiр мамандар бар. Тек соларды жұмылдырып, ұйымдастыратын шаралар жоқ. Өз балаларымыздың қамын жасай алмай отырған бiзден не сұрайсың? Қолға алынса болмайтын нәрсе жоқ. Ал, сол қолға алу, қаражат бөлу мәселесiне келгенде селсоқ, жүрдiм-бардым қараймыз. Бұл дегенiң - елiмiздiң ертеңi балаларға, ұлттың болашағына салғырт қарауымыздың айғағы.

Аман ҚҰЛБАЕВ, театр, өнер факультетiнiң деканы, профессор:

ШЕТЕЛ МУЛЬТФИЛЬМДЕРIН ҚАЗАҚШАҒА АУДАРҒАНДА НЕ ҰТАМЫЗ?

- Кезiнде Қазақфильмде Әмен Қайдар ағамыздың өзiнiң шеберханасы да бар едi. Қазiр ол жоқ. Сол жоқтың орнын толтырамыз, қайтадан құрамыз деп әлек болып жатыр. Естуiмiзше, қазiр бiраз қаражат бөлiнген де. Қаражат бөлiнгеннен кейiн құнды мультфильмдер де шығу керек. Отандық мультфильм жасаудың орнына, шетелдiң мән-мағынасыз мультфильмдерiн де қазақшаға аударудан тайынбаймыз. Сонда жас жеткiншекке "бұл қылығымызбен" не үйретпекпiз? Оны қазақшаға аударғанда не ұтамыз? Мультфильмдi ұғыну үшiн бе, әлде, айтайын деген дәстүрлерiн бүлдiршiнге сiңiру үшiн бе? Сол аудармамен бөбектерiмiздi тәрбиелемекпiз бе? Сондықтан орыстың, шетелдiң болсын мультфильмдерiн аудару дұрыс дүние емес.

Аманжол ӘБIЛҚАСЫМОВ, режиссер-аниматор.

ШЕТЕЛДЕ БIР МУЛЬТФИЛЬМ 50 МИЛЛИОН ДОЛЛАР, БIЗДЕ 10 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

- Отандық мультипликацияның жүдеу тартуы мамандар тапшылығынан. Аниматорлар суретке жан бiтiрушiлер. Кезiнде, мультфильм өз алдына дамып, көп сериялы мультфильмдердi шығару жұмыстары ендi қолға алына бастаған кезде, Кеңес Одағы ыдырап, бұл сала зор тоқырауға ұшырады. Сол кездерi жұмыс жасап жатқан аниматор мамандар өнердiң басқа саласына ауысуға мәжбүр болды. Яғни, қазақ мультфильмi үшiн ауыр кезең туды. Сосын бертiн, шамамен 2004 жылдан бастап, мультфильмдердi шығару жағы қайта жандана бастады. Өнер академиясында осы мамандық бойынша студенттер даярланып, бiраз алға жылжушылық байқалады. Дегенмен әлi де кемшiлiктерiмiз баршылық. Мәселен, мультипликацияға қаржының аз бөлiнуi. Шетелде бiр мультфильм жасап шығару үшiн 50 миллион АҚШ доллары құйылса, бiзде бiр мультфильмге жұмсалатын қаражат көлемi 10 миллион теңге. Егер осы салада жүрген мамандарға жағдай жасалып, көп сериялы мультфильм жасаймыз десек, ең алдымен қаражат мәселесiн шешу керек. Мамандардың басын қосып, осындай қаражат бөлiнедi, тартымды жоба жасайық десе неге қазақ мультфильмiнiң жағдайын көтермеске? Сондай-ақ, мультфильм жасауда жаңа ақпараттық технологияларды пайдаланғанымыз абзал.Толық сценарий жазып, компьютермен суреттерге жан бiтiруiмiз керек. Сондықтан, мультфильмдi жай ғана сурет деген пiкiрден ада болып, оны жан-жақты қарастырғанымыз жөн.
Көргенiмiздей, қазақ мультфилмiнiң жай-күйi жайлы мамандар осылайша ой қозғауда. Ал, қазақ бүлдiршiндерi отандық мультфильмдер жайлы не дейдi?
Шолпан (жасы 11-де): "Сүйiктi мультфильмiм "Сезон охоты". Басқа да мультисериалдарды жақсы көремiн. Ал, қазақ мультфильмдерiнiң арасынан тек "Құйыршық" мультфильмiн тамашалаппын. Басқа қазақ мультфильмдерiн бiлмеймiн".
Әлихан (жасы 11-де): "Мультфильмдердi көп көремiн. Сүйiп көретiнiм, "Шрэк", "Ниндзя тасбақалары". Бұл мультфильмдердегi кейiпкерлердiң өзi қылықтарымен тартымды. Қазақ мультфильмдерiн бiрде-бiр рет көрмеппiн".
Тимур (жасы 10-да): Маған ұнайтын мультфильмдер өте көп. Бұрынғы "Союзмультфильмдер" де ұнайды. Қазiргi мультиктерден "Шрэк" пен "Өрмекшi адамды" сүйiп көремiн. Қазақша мультфильмдердi көргiм келмейдi, себебi олар қызықсыз, әрi шытырман оқиғалы емес.
Түйiн: Иә, қазақ аниматорларының өнiмiн атымен бiлмейтiн, өмiрi естiп, көрмеген бүлдiршiндердi көрiп, iшiң ашиды. Осыдан-ақ отандық мультипликацияның "мүшкiл халiн" аңғаруымызға болады. "Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе" дегендей, ұлт болашағы - балалардың жағдайын жақсартпай, елдiң кемелдi келешегi жайлы сөз қозғаудың өзi "артық дүние". Ендеше, өскелең ұрпақ тәрбиесiн жетiмсiретпей, қазақ балаларының тағдыры не болмақ деген сауалды жадымызда ұстайықшы. Өйтпеген күнде, мына жүрiсiмiзбен саналы ұрпақ тәрбиелеуiмiз екiталай...



Майнұр Жанақова, студент

«Түркістан» газеті» 2 шілде 2009 жыл

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1911
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2008
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1682
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1515