Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2793 0 пікір 5 Сәуір, 2012 сағат 05:42

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР ЖАЛҒАН АЙТА БАСТАДЫ...

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің Ақтаудан берген мәліметтері бойынша, сот процесінің жетінші күні (4-сәуір) алғашқы үш жәбірленуші полицей сұралған. Оларға сұрақтарды адвокаттар мен сотталушылар қойған. Және процесс үлкен қыйындықпен жүрген, себебі - полицейлердің жиі-жиі қарама-қайшы жауаптар беруіне байланысты қорғанушы тараптың жауаптарды анықтау әрекеттерін судья Аралбай Нағашыбаев: «Ондай сұрақтар қоймаңдар», - деп, тыйып тастап отырған.

Жәбірленушілердің біріншісі - Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының кадрлар жөніндегі орынбасары Аббат Әділов үнемі өзінің 16-желтоқсан күні басына соққы алғандығын, қазір емделіп жүргендігін сылтау етіп, қойылған сұрақтардың көбісіне «есімде жоқ», «білмеймін» деп жауап берген. Өзін кім және қалай ұрғанын да білмейді екен. Бірақ судьядан «егер сотталушылардың кінәсі дәлелденсе, оларды қатаң жазалауды» өтінген. Алаңда таяқ, жарылғыш шөлмек, қару ұстаған адамдарды көрмеген. Адвокаттардың бірі: «Сіздің «көргенсіздер» (істе дәл осылай көрсетілген. - Ж.Қ.) деген сөзіңіз алаңдағы жұртты арандатуы мүмкін бе еді?» - деп сұрағанда, ол тағы да басына тиген соққыны тілге тиек етіп: «Есімде жоқ, бәлкім, дұрыс айтпаған шығармын», - деген.

Қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі Нұрлан Баржықов өзінің алаңды қоршауды күшейтуге шақырылғанын, онда қиратушы және өртеуші адамдарды көрмегенін айтқан. Адвокаттың, іс материалдарына сілтеме жасап: «Сіз өзіңіздің қызметтік қаруыңыз - ПМ пистолетінің бес оғын қайда жұмсадыңыз?» - деген сұрағына: «Төртеуін аспанға, біреуін жерге аттым...», - дей бергенде, судья мен прокурорлар оны: «Қару қолдану мәселесі басқа істе қаралады», - деген уәжбен тоқтатқан. Адвокаттың: «Қару қолдану жөнінде қандай нұсқаунама (инструктаж) өткізіліп еді?» - деген сұрағын да судья жауапсыз қалдырып, тек сот хатшысына оны хаттамаға кіргізуді бұйырған.

Тергеу кезінде берген жауабында Баржықов: «Сотталушы Жұмағалиевті фотосуретінен таныдым», - деген, алайда сотталушылардың бірі одан Жұмағалиевті көрсетуді өтінген кезде жәбірленуші оны көрсете алмаған. Сөйтсе, өтініш айтушы... Жұмағалиевтің өзі екен! Солай бола тұра, Баржықов оған қосымша Жаңбыр Ерғазевті және тағы бірқатар сотталушыны «таныдым» деп мәлімдеген.

Одан соң сотталушы Парахат Дүйсенбаев: «Сендер неге қарусыз адамдарға оқ аттыңдар? Менің әкемді өлтірдіңдер! Неге менің қарындасымның аяғына атып, мүгедек қылдыңдар?..» - деп бастай бергенде судья оның да сұрақтарын алып тастаған. Әкесінен айырылып, қарындасы жарымжан болып қалғаны аздай, өзі тұтқынға түсіп, камерада жатқан кезінде аяусыз ұрып-соғу салдарынан ішкі дене мүшелері ауыр зақымдалып, өлім аузынан қалған, ақыр аяғында еш кінәсіз сотталушыға айналып, әбден жүйкесі жұқарған Дүйсенбаев судьяның оған мұндай жағдайда қойылуға тиіс сұрақтардың өзін қоюға тыйым салған көпе-көрнеу әділетсіздігі мен озбырлығына шыдай алмай, есінен айырылып қалған.

Полицейлер оны көтеріп алып кеткен соң да залдағы шу басылмай, жағдай ушыға бастаған соң судья 20 минутқа үзіліс жариялаған. Ал үзілістен соң Нағашыбаев, фельдшердің «қорытындысына» сүйеніп, осы қазір ғана орын алған әлгіндей ауыр жағдайға да қарамастан, Дүйсенбаевтың бүйрек ауруына байланысты оны тұтқындау шарасын үй қамақ шарасына ауыстыру жөніндегі адвокаттың бұрыннан айтып келе жатқан талап-тілегін тағы да қанағаттандырмай тастаған.

Одан кейін сұралған ҚІІБ-ның қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Мұрат Қызылқұлұлы да алаңда қиратушы және өртеуші адамдарды көрмегенін айтқан. Іс материалдарына сәйкес оның фотосуреттер бойынша 24 адамды «тануына» орай адвокат: «Сізге дәл осы 24 адамның тарапынан қауіп төнді ме?» - деп сұрағанда ол: «Жоқ», - деп жауап берген. Сондай-ақ, сотталушы Жұмағалиевтің өзін бетке ұрмағанын, тек... қолынан ұстап тұрғанын айтқан. Ал ең «қызығы», Қызылқұловтың айтуынша, шолақ мылтықтан оқ алаңда жиналғандар арасынан емес, жоғарыдан, 5-ші ықшамауданындағы №1-ші үйдің төбесінен атылыпты. Яғни, сайып келгенде, бұл жағдайдың (оның өзінде де ол шынымен орын алған факті болса) айыпталушыларға еш қатысы жоқ екендігін дәлелдеген. Және бір «қызық» жағдай - айыптау қорытындысында Қызылқұловтың 16-желтоқсанда «жарақат алғандығы» көрсетілген, бірақ сотта оның өзі мұны... теріске шығарған.

Прокурорлардың: «Қандай тілектеріңіз бар?» - деген сұрағына байланысты аталған жәбірленушілердің үшеуі де: «Кінәлілер жазаларын алсын», - деп жауап берген.

Түстен кейін тағы да алты жәбірленуші полицей сұралған. Судья олардың құжаттарын тек адвокаттар ескерту жасаған соң, оның өзінде тоғыз полицейдің... алтыншысы сұралған кезде ғана талап етіп, ҚР ҚПК тәртібін өрескел бұзған.

Ақтаудан Жаңаөзенге іссапарға 14-желтоқсан күні «ерекше өкімге дейін» аттандырылған полиция қызметкері Қаражаев тәртіпсіздіктер кезінде бронежилет киіп жүргенін және шлемінің қорғаныс пердесі зақымдалғанын көрсеткен. Егер ол, өзі айтқандай, тек «күшейту» үшін ғана жіберілген болса, нақты тәртіпсіздіктер жағдайында ғана киілетін арнайы киім-жабдықты тәртіпсіздіктерден... екі күн бұрын киіп келуі, әлбетте, өте күрделі күдіктер тудыратын факт болса керек.

Сұрау кезінде полицей Сағиев өз көрсетулеріне өзі «шырматылып» қалған. Мәселен, ол сот процесінде «тергеушілердің сұрақтарына қазақша жауап бердім» деген, ал қылмыстық іс материалдарында оның жауаптары... орысша берілген. «Мүмкін, сіз дайын хаттамаға қол қойған боларсыз?» - деген адвокат сұрағына ол сасқалақтап: «Жоқ, жоқ...», - дегеннен басқа ештеңе айта алмаған.

Қадірлі оқырман, басқасын айтпағанда, сотталушы Дүйсенбаевқа байланысты сот отырысында орын алған және кез келген дені дұрыс адам баласын немқұрайды қалдыруы мүмкін емес қасіретті жағдайдың өзі селт еткізбеген фельдшер, прокурорлар, судья мен «жәбірленушілер» жөнінде сіздердің ой-пікіріңіз қандай екенін мен, әлбетте, білмеймін, ал мен өзім мұны ешқандай қалыпқа сыймайтын, яғни - шектен шыққан әділетсіздік һәм адамгершіліктен мүлде жұрдай қатыгездік деп бағалаймын!

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 4-сәуірі.

0 пікір