Жұма, 3 Мамыр 2024
Абай мұрасы 3874 2 пікір 12 Наурыз, 2021 сағат 12:17

Абайдың ақтық күндері

Әйгілі «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңінде Абай: «Махаббат пен ғадауат майдандасқан» (1898) деп өз жүрегінің сырын ашқан. Осы айтқан жүрек майданы соңғы алты жылда қайтіп өзгерді? Шүбәсіз, Абай рухани шыңға өрледі. Хакімдік деңгейге шықты. Бұл жан құмары (махаббат) жеңісі еді. Сөйтіп, өмірі соңында Абай Аллаға жақындап, өзін бақытты сезінді. Хакімдік (яки толық адамдық) деңгейде басқаша болуы мүмкін де емес. Оған Абайдың кемелдік сатылары дәлел.

Кемелдіктің саты-сатыларына шолу

Рухани кемелдену кешегі кеңестік дәуірде айтуға рұқсат жоқ, жабық тақырыптың бірі болды. Абайдың ойшылдық эволюциясын саты-сатылап анықтау ісіне қара құлып салынды (оны зерттеудің аяғы немен тынары айтпасақ та аян). Өстіп, ешбір өзгерісі жоқ, «бірқалыпты» Абай бейнесі қалыптасты. Осынау қасаң стереотипті бұзып, шайқалту қажеттілік қазір. Сөзіміздің  «Абайдың кемелдік сатылары» деген тақырыптан басталуы осымен өз түсінігін табады.

Адамның білім жинауы, ақыл қуаты өсуі, сөз жоқ, көп сатылы құбылыс. Абай: «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ» (20-сөз), – деген тұжырымын «Алланың өзі де рас...» өлеңінде: «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» деп тиянақтай түседі. Сөйтіп, бірқалыпты тұрмақ берілмеген, адам баласының ес-ақылы я жоғары қарай сатылайды, я төменге  құлдырайды. Бұл – Құдай заңдылығы.

Жасы отыз беске ілінген жігіт ағасы Абай ғылым сарасын, ақыл-ойдың кенішін тауып алып, оны игеруге бар ынта-жігерін салды. Осынау бес жыл (1880-1884) оны, Алланың қалауымен, ойшыл-оқымысты биігіне көтерді. Қазақ халқы тірелген тығырықты алақанға салғандай танып-білуге мүмкіндік берген де осы биіктік. Жасы қырыққа тақаған ойшыл ақындық қызметке бел шеше кірісті. Тұңғыш жинақта «Халық туралы» делінген өлеңдерде (8-9 өлең) атқамінер орта, елдің сиқын кетірген қу мен сұмдар қатты сыналған.  Ақындық миссиясын сыншылдықтан бастауы түсінікті, Абайға жалған жала жауып, тергелудің азабын жеті жыл тартқызған жаңағы бұзық топтұғын.

Ақындық эволюциясының келесі сатысы қайсы? 1887-1890 жылдарда үлгі-өнеге көрсету, яки ағартушылық бағыт алдыға қойылды. Бұл кезең поэзиясы бастапқы пысықайды аяусыз шенеген қалпын жеңілейтіп, жастарға ағалық ақылын айтуымен айшықты.  Абай, өз сөзінше, «заманды түзетпекке» талпынды. Бірақ «мыңмен жалғыз алысқан» күресі нәтижелі болмай, ақын-ағартушы қажыды, қайғы ойлады. «Құлағын салмас, Тіліңді алмас, Көп наданнан түңілдім» дегені – ағартушылық бағыттан көңілі қалғаны. Негізі, «Абайдың трагедиясы» ұғымы осы кезең суреті деп қабылдасақ қателесе қоймаспыз.

Сөйтіп, шығармашылығының алдыңғы он жылдық кезеңінде (1880-1890) Абай оқымысты, халық сыншысы һәм ағартушы болып қалыптасты. Кемелдену жолында Абай шыққан әуелгі бел-белестер, өрлеуінің алғашқы саты-сатылары осылар деуге бейілміз.

Енді 1891-1897 жылдарға келейік. Бұл кезеңдегі көзқарас эволюциясы несімен ерекше? Аталмыш жеті жыл – Абайды ағартушылықтан хакімдікке апаратын алтын көпір есепті. «Заманды түзетпек» райынан қайтқан Абай жаңа парадигмаға табан тіреді. «Шешуші адамның ішкі әлемі – ойлау жүйесі, демек, соны өзгерту керек» деген. Ойшыл енді адамның ішкі әлемін, мінезін танып-білуге бейілді. Бұл пайымға алғашқы қолжазба кітабы – «Ғақлия»-ны жазуға кіріскені бұлтартпас дәлел.  Осы жылдарда  «толық адам» танымы да алғаш бой көрсетеді.

«Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі» деп кіріскен «Ғақлия» кітабының мақсаты мен міндеті – қазаққа қателіктен арылу жолын көрсету болды. Халқына тура жол салғаны өзіне де мәлім, өлеңінің бірінде: «Адасып алаңдама, жол таба алмай» дейді.

Айта кетерлігі, жан ләззатын әкелген ой тереңдігі, ойшылдық өрістің құдіреті – жалғыздық трагедиясын жеңуге мүмкіндік берді. Тұрағұл: «Жасы ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді, бұл жұмсартуды өзі еңбек қылып тапты» дейді.

Сөйтіп, «Ғақлия» кітабының құндылығы – «жол» деген киелі ұғымға тірелмек. Ғұлама Мұхтар Әуезов санамызға сіңірген «Абай жолы» ұғымында кемшілікті мойындай келе, олардан арылу, тазару деген астар бары анық.

Халықты қателіктен арылту ісін – жол салу дедік. Бірақ даналықтың бұдан жоғары сатысы бар, ол –  қателіктің себебін түсіндіру. Дұрыс түсінік беру – тек теология ілімінің еншісі. Міне, Абай енді осы хакімдік сатыға шықты (1898 жыл). Өз сөзін өзіне қаратып айтқанда: «Бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпен ләззаттанды».

Соның керемет жемісі – «Тасдиқ» трактаты (қазіргіше 38-сөз). Бұл теология биігінен бүкіл әлемдік өркениетке бағыт берген туынды. «Толық адам» ілімі тиянақталған еңбек. Оның ізін ала ғажап туындысы – «Алланың өзі де рас...» өлеңі, яғни «үш сүю» ілімі дүниеге келді. Сопы ғұламалары жүрегі ақ қағаздай тазарған адам ғылым-білімді сырттан емес, жүрек арқылы ғайыптан алады дейді. Анығы, аталған екі туынды – адастырмас темірқазық, жеке адам үшін де, қоғам үшін дұрыс және тұрақты дамудың кепілі.

Абайдың кемелдік сатыларына шолуымыз осымен тәмам.

Жә, Абай неліктен әлемдік деңгейдегі кемеңгер? Өйткені: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп өзі ескерткендей,     дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын ұқтырып, болуы мүмкін адасу мен қателесудің алдын алды.  Кім де кім хакімдік деңгейге жетсе, сол адамның өмірі шұғылалы да сәулелі! Бұл да – дәлел өтінбейтін ақиқат.

Ақтық күндерде

Ұлы өмірдің ақырғы күндері жайлы естеліктер баршылық. Дей тұрсақ та, аңыз бен ақиқат аражігін ажыратып отыру маңызды. Ол үшін Абайдың өзі айтқан сөздерге иждиһатпен назар аударуымыз керек.

Соның бірі – Абай өлер шағында айтқан, бірақ тасада қалып, көпшілікке беймәлім болып келген алты жол өлең мынау:

                                        Күнәйім көп Иллаһи,

                                        Кешіре гөр мұнымды.

                                        Барар басқа жерім жоқ,

                                        Ұсындым Хаққа мойнымды.

                                        Ата-анам едің қара жер,

                                        Аша гөр енді қойныңды.

Кәміл мұсылман дүниеден баз кешер алдында тәубеге келмек. Бұл – жүрегі тазарғанының белгісі. Бір Алла алдында өзін күнәлі санап, махаббат қыла алмадым деп өкіну, сол үшін Хақтан кешірім сұрау – әлбетте, сопылық қағида. Өзіңді танығаның, Құдайды да танығаның. Өлеңнен, сондай-ақ, ақын жүрегінде алаң басылып, жаны жай тапқанын да аңдауға болады.

Мағауия Абайұлы 1904 жылдың  мамыр айында 34 жасында дүние салды. Созылмалы көкірек ауруынан. Мағауия қайтқан күндері басталған беймәлім дерт Абайды қырық күн бойы мазалаған. Жондағы жайлауда Мағауияның қырқы берілген соң, «Абай үш күн ешкіммен тілдеспей, жатпай отырып, ескіше 23 июнь күні 59 жасында дүниеден қайтты» дейді Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов (ол күнде он тоғыз жаста).

Бейсехан Сағындықұлы деген ақсақал да тап осы күндердің куәгері болыпты. Ол Байқошқар жайлауында отырған Абай ауылына  Өзбехан деген ел ағасына атқосшы жігіт болып еріп барыпты. «Абай ағаның үйіне бардық, – дейді ақсақал. – Сәлем беріп отырғаннан кейін Өзбехан көңіл айтты. Абай аға төсек үстінде жатыр екен, басын көтеріп, жастыққа шынтақтап отырып «әмин» деді. Өзбехан: «Әбе, қалыңыз қалай?» дегенде, Абай: «Басым ауырып, тынысым тарыла береді», – деді. Біраз отырғаннан кейін қайта жолға шықтық» («Абай» журналы. – 2001. №4. –77-82 бб.).

Абайды өлімінен екі күн бұрын көрген адамның естелігі бұл. Өткенде Абайды соңғы күндері инсульт дерті (ми тамырының зақымдануы) мазалаған дегенбіз. Бойды көтертпей қинаған осы кесел. Фәниден бақиға өтетін күні жайында: «Сол күні кешке Абай ауырып шықты, – деп жазады Әрхам. – Төсектің үстінде басын көтеріп отырып алды. Тамақ ішпеді, не жатып ұйықтамады. Өзі сөйлемеді, бірақ жағдайын сұраса басын шайқады. Мұндай ауруды бұрын көрмеген ел аң-таң болды, не шара істерін білмеді».

Ұлы Абай дүниеден осылай баз кешті. Мұны Мұхаң қаламы былайша тебіренте естіртеді: «Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім алып шынар құлады. Өмірден Абай өтті».

Тағы бір айтайық, кеңестік дәуірде Абай трагедиялық тұлға саналды. Қазір заман басқа.  «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Мұны Абай өзіне де қарата айтқан. Жүктелген миссиясын толықтай атқарып, өлімді жеңгенін жақсы білген. Тәңіріні таныған толық адамға өлер кезінде «әттеген-ай» дегізіп, алаң қылатын ештеңе де қалмасы  анық. «Абай өз халқының болашағына тура жол салып берді» (Әуезов). Тағдырдың бұдан асқан бақыты, сыйы болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Ел-жұрты данышпан Абайдың сүйегін өз қыстауы Ақшоқыға жеткізіп, үлкен зиратқа жерлемекке ниеттенген. Бірақ Ақбайтал асуынан асқанда Кішкене Молда (өз аты – Мұхаметкәрім, ұлты татар, Ақшоқы ауылының молдасы) елді тоқтатып: «Бұл сүйекті Ақшоқыға апаруға шыдайтын емес, күн ыстық. Сондықтан таяу жердің біріне жерлеу керек» депті. Осымен жүз қаралы ерген жұрт Жидебайға, Оспан зираты қасына жерлеу керек деген тоқтамға келеді. Түнделетіп, жүріп отырып, қаралы көш таң ата Жидебайға жетеді. Аталмыш мекенде ұлы тұлғаның жаназасы шығарылып, түске таман жерлеу рәсімі өтеді.

Жерлеу рәсімін бастан-аяқ інісі Шәкәрім басқарғанын айта отырайық.  Абайдың бас шәкірті даналық эстафетасын 20-ғасырда дамыта жалғастырды.    Қазіргі таңда 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталған, 1200 үй тігіліп, 20 мың адам қатысқан дүбірлі күндерде ашылған Жидебайдағы Абай-Шәкерім кесенесі мұхитта жүзген кеме сияқты алыстан қол бұлғап тұрады. Бұл да Жаратқан Иеміздің сүйікті құлдарына көрсеткен құрметі болар.

Қорытынды сөз: Абайда нені тілесең, соның бәрі бар. Сөз түзелген, салған жол менмұндалап тұр. Бірақ оған қарай қадам басып, дүниеге хакімнің көзімен қарауды үйрендік пе? «Ақылын ал, айтқанын істе!» десеміз, асыл мұраны тегіс білдік пе, онан пайда алдық па? Мектепке маңайлағаны кәне? Сұрақ көп. Ащы да болса шындық, Абай жолы (ата-бабалар жолы деп біліңіз) қиыр қалды. Айналамыз шіли белгісіздік пен дәрменсіздік. Апырай, қазақты адастырған көк тұман қашан сейілер екен?..

Асан Омаров

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 613
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 363
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 357
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 363