Жұма, 3 Мамыр 2024
жазылған жайдың жаңғырығы 6118 35 пікір 11 Наурыз, 2021 сағат 14:29

Үш сенатор не дейді?

Жыраудың ұрпағы жанарын тайдырып әкетті...

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтияұлының шақыруымен Сенат үйінде кездесуде болып қайттым.

Мұрат ағаның айтысына қарағада, бұл басқосу Сенат Төрағасы орынбасарының келісуімен, кешегі менің «Аbai.kz» сайытында жарық көрген «Саңырау Сенат пен мылқау Мәжіліс» атты мақалама байланысты ұйымдастырылған көрінеді. Сондай-ақ, Алматыдағы Қытай консулдығының алдында тұрған аналар туралы ақпарт алуды да мақсат тұтыпты.

Возможно, это изображение (2 человека, в том числе Мурат Бактиярулы, люди стоят и костюм)

Отырысқа Сенат Аппараты басшысының орынбасары Олжас Данабеков, ҚР Сыртқы істер министірінің Бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, сондай-ақ аталған мақалада сыналған сенаторлардың ішінен Қылышбаев Нұрлан Наурызұлы, Дүйсенбинов Сұлтан Мырзабекұлы және Алтынбек Нухұлы қатысты. Жиналысты сенатор Мұрат Бақтияұлы жүргізді.

Қысқаша таныстықтан кейін, алғашқы сөз маған берілді. Мен бұл кісілермен кездесетінімді күтпегенім туралы айтып, бірақ бетпе-бет жолыққаныма қуанғанымды жеткіздім және сұрақтар болса жиналыстың барысында жауап беруге дайын екенімді ескерттім.

Сосын, ҚР Сыртқы істер министірінің Бірінші орынбасары Шахрат Шәкизатұлы сөз алып, Қытайдағы жағдай мен Алматыдағы Қытай Консулдығының алдында тұрған аналар жайлы мәлімет берді. Өздерінің есебіне қарай, Қытайда үш мың этникалық қазақтың түрлі себептермен Қытай заңы бойынша сотталғанын атап өтті.

Сосын, әрине, үш сенаторға сөз тізгіні берілді.

Әлқисса, ақ жағалы ағаларым маған қатты ренжіпті. Әсіресе, Алтынбек Нухұлы.

Бірінші сөзді алған Алтекең өзінің арысы - атақты Бұхар жырау мен берісі - академик Қаныш Сатпаевтың тікелей ұрпағы екенін айта келіп, «Сіздердің аталарыңыз туған жерін тастап арғы бетке кеткенде, менің аталарым кеңес үкіметіне қарсы күреске шыққан, бай-кулак болып айдалған, соңында жанынан айырылған...» деп, тәптештеп отырып баяндап келе жатып... Дәл осы жеріне келгенде, әдептен аттап, ағамыздың сөзін бұзуға тура келді. Амал жоқ, бұздық. Себебі, бұл кісі он алтыншы жылғы Ұлт азаттық көтеріліс пен отыз екінші жылғы ашаршылық кезінде байтақ қазақ даласының ана пұшпағы саналатын Алтайдың арғы беті мен Жетісудың жоғарғы аңғарына көшіп барған Наймандар мен Албан-Суанды меңзеп, «Сендер кезінде қашып кеткенсіңдер!», - деген сарынға тарта бастады. Көкеміздің арғы беттегі қазақтар туралы көзқарасы белгілі болды. Аталарымыздың ешқайда қашпағанын, Өзімнің байырғы қазақ жерінен келгенімді айтып, қайта тыңдауға өттім.

Ағамыз сөзін ары қарай жалғап, университет басқарғанын, алғашқы көш келгенде «қандастарым келді» деп, қатты қуанғанын айтты. Енді маған тіке бұрылып, «Атаңа нәлеттер!» және «Түкірдім!» деген сөздерімнің жанына қатты батқанын, аталарының абыройын ешкімге таптатқысы келмейтінін мәдениетті түрде керемет сарынмен жеткізді.

Нұрлан Қылышбаев пен Сұлтан Дүйсенбинов те осы тақлеттес өкпесі мен реніштерін білдірді. Ауылдағы ел –жұрттары, жолдас-жораларының алдында ыңғайсыз жағдайға қалыпты... Тіпті, Нұрлан Наурызұлының әкесі Наурыз Қылышбаев ақсақал ұлына «Не бүлдірдің?!», деп телефон соққан көрінеді.

Қысқасы, қай қазақ қазақты жек көрем деп айтады, қазақты сонша сынаған Абайдың өзінде ондай сөз жоқ. Одан қала берді, арғы атасында бай мен би, батыр мен бағлан болмаған қазақ бар ма?! Арғы аталарымды айтпай-ақ, қояйын, өз әкем Мұқибек зәңгі болып, мөр ұстаған. Інісі Мұқабай Құлжақанұлы Шығыс Түркістан Республикасы Білім министрінің орынбасары болған, Қытай қызыл үкіметі жағынан 1951 жылы атылған. Нағашым Әкбар мен Сейіт Үш аймақ ұлт азаттың көтерілісінің тұңғыш оғын атқан батырлар.

Әрине, артық айтқан екі сөзім үшін ағаларымнан кешірім сұрадым.

Міне, жұрттың көзінше тағы қайталап айтайын. Құрметті сенатор мырзалар, сол екі сөзім үшін мені кешіріңіздер!

Бірақ, «Азаттық» радиосы журналисі микрофон ұсынып, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында ай бойы тұрған аналар жайлы сұрағандағы әрекеттеріңізді өлсем де кешіре алмаймын!

Үлкен міндет арқалаған тұлғаға айтылатын мақтау мен сынның салмағы да ауыр болады.

Ата-баба аруағын сыйлаған дұрыс. Ал, оған лайық болған одан да дұрыс!

Мен «Азаттық» түсірген сұхбаттан Бұхар жыраудың ұрпағына лайықты жанды көріп тұрғам жоқ!

«Сөзімізді кесіп тастады!» деп, Сенаторлар бар пәлені журналист қызға аударуға тырысып бақты. Егер, шынымен журналист қиянат жасаса, сотқа беріп, өздерін ақтап шығуы керек!

Билік өкілдерін аш бөрідей торауылдау – журналист атаулының ата кәсібі. Қазақстан ғана емес, қай елде де солай!  Ал, тілші қауымға тік тұрып жауап беру – мәдениеттілік пен парасаттылықтың белгісі.

Шын мәнінде халқына күйінетін, мемлекетін сыйлайтын, мәдениетті адам – журналистің әулиесі келсе де қиып тастауға келмейтіндей, екі сөзінің арасын балталасаң да ажырата алмайтындай етіп, екі ауыз сөз айтып береді.

Маған өкпе-реніштерін айтқанда байқадым, үш сенатордың үшеуі де таңдайының шаңы шыққан шешендердің өзі екен. Бұл кісілердің қасында, тіпті, Бұхар жырауыңыздың өзі жолда қалатындай. Сөзінің жүйелілігі мен шымырлығы жағынан Алтекең кейде қарға бойлы Қазтуған болып та елестеді менің көзіме. Салауаттары да Сатбаевтен кем соғып тұрған жоқ, екі иіндерінен дем алып отырды.

Неге-дүр, бұл көкелеріміздің журналист қызға қайырылып, қандастарына қатысты бір ауыз жылы сөз айтпағандарына, аталарынан жалғасқан тектіліктерін көрсете салмағандарына қайран қалып отырмын. Ел-жұртын, аталарының рухын қастерлейтін адам бұндай әрекетке бармауы тиіс еді. Басқасын қойшы, Бұхар жыраудың ұрпағы арғы атасы құсап ағылып кетуі керек қой!

Жалпы, мен Құдайдан қорқам, Президентті құрметтеймін, Заңды сыйлаймын. Ешқашан біреуден ықпаймын!  Бірақ, сөзін жерге тастай алмай, қысылатын адамдарым көп!

Барлық депутаттарға күйе жағудан да аулақпын. Керемет тұлғалар бар. Төрағаға ықыласым мен құрметім шексіз.

Бірақ, мына сенаторлардың осы жолғы әрекетін көріп, кешегі мақаланы жазарда, жасыратыны жоқ, ең алдымен, президент Қасым-Жомарт Кемелұлынан қатты қысылдым. Тіпті, бетімнен отым шықты!

Кемеңгер Абай «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» деген өлең жолын 1889 жылы жазыпты.

Содан дәл жүз отыз жыл өткенде Тәуелсіз Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдамасын ортаға қойды.

Абай ол кезде Патша үкіметінің шеңгеліндегі қазақ даласының бір бұрышындағы бір уыс Тобықтының ішінде отырып, бүкіл қазаққа ұран тастады. «Ес-ақылыңды жи! Мені тыңда!!» деді. Қырық төрт жастағы Абай өзіне сеніп айтты бұл сөзді. Ол әмірі жүретін хан емес болатын. Ары кеткенде, болыс еді.

Қазақ тыңдады ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ, тыңдаған кейіп танытып келгеніне дау жоқ.

Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздік алғанына отыз жылға тірелген тұсында қазақтың Ақордасында отырып, аталған тұжырымдамасын жариялады.

Әрине, екі тұлғаны бір-біріне теңеуден аулықпын. Бірақ, екі ғасырда айтылған екі сөздің төркіні сабақтас, философиясы бірдей екенінде дау жоқ.

Айтайын дегенім, біз сөзді сыйлаған халықпыз. Әрине, аталы, жүйелі сөзді.

Атақты Абылай ханның өзі Алтынбек Нұхұлының атасы Бұхар жыраудың бір сөзін жерге тастамаған. Бүкіл қазақ Абайға тоқтайды. Бүгінгі қазақ қоғамының басшылыққа алатын сөзі, дау жоқ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы.

Мен Президентіміздің осы сөзіне бар ынта-пейіліммен құлаған адаммын. Енді бұл сөге тоқтамасақ, білмеймін, қайда барарымызды... Дегенмен, Құдайға шүкір, осы Тұжырымдаманы ту еткен сөзім діттеген жеріме жетіпті. Соған қуандым. Енді қос палата халық үніне де, соның ішінде қандастарының жанайқайына да көбірек құлақ асады деп сенемін.

Шынымды айтсам, кеше осы сенаторлармен бір кездесуді өзім де армандап, арағайындық жасап жүрген жігіттерге қолқа да салып едім. Сол тілегімді Алла қабыл алып, Мұрат аға Бақтиярұлы бүгін-ақ орындап берді. Мұрат ағаның бұл әркеті кешегі ескі жыраулар мен текті билердің берекешілдік үлгісін менің есіме салды.

Айтпақшы, шеркөкірек болып жүрген қандастарымыздың жағдайын шынымен де білмеген шығар, енді біліп жүрсінші деген ниетпен, үш сенаторға «Қытай лагерінде отырып келген қандастарымыздың бір бөлімімен кездесу өткізіңізіздерші» деп өтініш жасадым.

Үш мырза да үнсіз қалды.  Жыраудың ұрпағына қарап едім, көз жанарын тайдырып әкетті...

Тек, Мұрат Бақтиярұлы ғана «Мен кездесуге дайынмын, Ауытжан! Кездесем олармен!», -деді.

Рахмет Сізге, құрметті Мұрат Бақтиярұлы!

;feature=share&fbclid=IwAR14Z0wRWSS0L6zFQYowxVv3OkYXntpeR_07dsi_KLB_mf2yKT61t3aP8iY

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 627
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 375
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 367
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 372