Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3233 0 пікір 2 Сәуір, 2012 сағат 06:05

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. Давос форумы социализм мен капитализмнің бірігуін мойындады

Әлем экономикасының Давоста өткен таяудағы форумы қаржылық дамудың жаңа либериализм түрінің баянсыздығын мойындады.  Енді социализм мен капитализмнің артықшылықтарын  қосарлана пайдаланған жаңаша бір құрылымның қажет екенін жариялап та жатыр.  Дүниежүзінің қазіргі жағдайына қарап, либериализм саяси-экономикасы мен қоғамдық саясаты құрыдымға кетті деп мәлімдейтіндер де баршылық. Әлемдік экономикалық Давос форумына баға берген сарапшылар ендігі жаңа құрылым  социализмдік үйлестірумен жүретін капитализм базасына негізделеді деген пікірде.

Әлем экономикасының Давоста өткен таяудағы форумы қаржылық дамудың жаңа либериализм түрінің баянсыздығын мойындады.  Енді социализм мен капитализмнің артықшылықтарын  қосарлана пайдаланған жаңаша бір құрылымның қажет екенін жариялап та жатыр.  Дүниежүзінің қазіргі жағдайына қарап, либериализм саяси-экономикасы мен қоғамдық саясаты құрыдымға кетті деп мәлімдейтіндер де баршылық. Әлемдік экономикалық Давос форумына баға берген сарапшылар ендігі жаңа құрылым  социализмдік үйлестірумен жүретін капитализм базасына негізделеді деген пікірде.

Жалпы кез-келген теориялық тұжырымдамаларды шынайы өмірмен сабақтастырып, жүзеге асыру мәселесі  ұтымды ұйымдастырылған институттар мен білікті мамандарға келіп тірелуі заңдылық. Олай болса, мәселенің біз секілді ашылып-шашылып жатқан елдер үшін оңайға соқпасы анық.  Шенеуніктері жауапкершілік атаулыдан жұрдай біздің елде тіпті қиын. Айталық, әкім немесе министр болған белгілі адамдар қызметтен кете сала шетелдерге қоныс аударады. Біраздан соң оған іздеу жарияланып, қылмыстық іс қозғалады. Табиғи байлығы мол, әжептәуір бай елдердің қатарына жататындығына қарамастан Қазақстанның халқы кедей. Ел экономикасын кім көтереді, алдағы болашақта қалай дамытады, жұрт кімге сенім артады, ол жағы беймәлім.

Социализм тұсындағы 80-ге жуық жылда жиған-тергендерін  көптеген дамушы елдер либериализмді таңдаған 20 жылдың ішінде құртып тынды. Олардың саяси жүйелері олигархтардың ашса алақанына, жұмса жұдырығына енген. Әлеуметтік әділетсіздік пен экономикалық алаяқтық, ұрлық-қарлық белең алып, қоғамдық саясат тығырыққа тірелді деп есептейтін институттар да әлемде баршылық. Кешегі социалистік, бүгінгі дамушы аталатын елдердің арасында денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы жүйесі секілді өзекті проблемалар дырдай болып тоналып, жұртта қалған ескі үйдің кебін кигені рас.

Сонымен қатар бүгінде «жаңа қазақ», «олигархтар» атанып жүргендердің көбі бұрын ырғақты жұмыс істеп келген зауыттардың күл-талқанын шығарып, техникалары мен құрал-жабдықтарын талан-таражыға салып, совхоз-колхоздардың мал-мүлкін қала базарларында ақша-пұлға айналдырған «алпауыттар» екені белгілі. Олай болса, либериализмнің саяси, экономикалық машинасы тәуелсіздіктің 20 жылында  ел тұрғындарының бар байлығын білім-білігімен, ар-ұятымен қоса жалмап жатқан жоқ па?! Қалай десек те әлеуметтік теңсіздіктің пайда болғаны шындық. Астана, Алматы секілді мегополистерде біреулер көп пәтерлі тұрғын үй кешендерін жалға алатын клиент таппай «тойып секірсе», халықтың көп бөлігі қала шетіндегі саяжайлар маңынан тапқан ұлтарақтай жер телімін заңдастыра алмай сандалып жүр.

Бұл жерде социализмді дәріптеудің, капитализмді даттаудың қажеті жоқ. Бүгінгі Қазақстан «жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімі 11 мың АҚШ долларына тең» деген көрсеткішімен бай елдер санатына жатса да, жүйесіз либериализмнің салдарынан ел тәуелсіздігіне қауіп төніп отырғанын, отаншылдық сезімнің құнсызданғанын, экономиканың алаяқтарға жем болғанын, дағдарыс пен кедейшіліктің белең алғанын, инфляция, банк қарызы өсімдерінің алқымдап келе жатқанын, бұның ақыры күйреуге қарай жетелейтін фактор екендігін айтпау күнә.

АҚШ-та 1930, 2008 жылдары болған дағдарыстың сырын ғалымдар мемлекеттің ел экономикасына көңіл бөлмей либералдық тұрғыдан қарауының салдары деп танып отыр. Әрбір демократиялық мемлекет өз халқын ең бергісі ішер ас, киер киім, жатар орынмен қамтамасыз етуге міндетті. Осы миссиясын толық атқарған соң ғана саяси, экономика, әлеуметтік мәселелер жайындағы саясатын белгілеп, әлем назарын аударатын түрлі жиындарын өткізіп, арзанқол популизмдерімен айналыса берулеріне болады.

Демократия теориясында «халықты алда, ұрлық жасап байыған соң билік орынтағын сатып ал, алаяқтықпен айналысып, шетел банктеріне қаржыңды жасыр» деген баптар жоқ. Демократиялық құндылықтың негізі әділдік, адамгершілік, теңдік.  Олай болса, «Соңғы екі-ақ жылдың ішінде 40-тан аса республикалық деңгейдегі басшы, облыстық, қалалық көлемдегі, әкімдер мен әкім орынбасарларын қосқанда 250-тен астам жауапты тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылды»,-деген мемлекет басшысының ресми мәлімдемесі нені білдіреді?
Аталған мәлімдемеге сүйенсек,  жемқорлық пен сыбайластық «»бәсекесі  бойынша, әлемде дес бермей тұрмыз деген сөз. Соның салдарынан ел тұрғындарының тең жартысынан астамы кедейшіліктің зардабын тартуда. Банктен алған несиелері мен ипотеканың өсімін қайтара алмағандардың алды асылып, соңы көп қабатты ғимараттың үстінен секіріп, өздерін өртеп өлуге дейін барып жатыр. «Мұнайбарондарының» тойымсыздығы салдарынан Жаңаөзенде бейбіт тұрғындар оққа ұшты.

Бай мен кедейдің арасындағы айырмашылық та жер мен көктей. Кейбір зерттеушілердің мәлімдеуінше, олигархтардың табысы қатардағы қызметкердің кірісінен 250 есе көп көрінеді. Соның бәрін байлар адал еңбегімен тауып отыр деу орынсыз шығар. Экономикалық тұрғыдан біздің әлемде бәсекелестікке ең қабілетсіздер елдердің қатарында тұрғанымыз айдан анық.  Қазақстанда сыртқы жалпы қарыз 123,2 млрд. долларға бағалануы осы сөзімізге дәлел.

Қазақ жерінің асты-үстіндегі байлығын тонап, экологиялық апатқа қарай сүйреп келеміз. Енді атом қалдықтарын әкеліп көмбекпіз. «Судың да сұрауы бар» және оның тіпті қатал екендігін кешікпей қатты сезіне бастайтын түріміз бар. Мақтанып айтуға тұрарлық неміз қалды? «Самрұқ-Қазына» әл-аухат қоры бізге не береді? Барымызды талан-таражыға салып шашпаса, әл-ауқатымызды көтеретіндей ештеңені әзір көріп тұрған жоқпыз.

Өзге жұртты қайдам, әйтеуір, біздегі либериализм тұрпатындағы экономика  жеке тұлғалардың тойымсыздығына, аш көз жемқорлығына негізделгендіктен шығар, ар-ұят, моралдық құндылықтар аяққа таптала бастағандай. Ол аз болғандай ел тәуелсіздігіне, ұлттық қауіпсіздікке де салқынын тигізетін түрі бар. Себебі, бізде бүгінде бәрі ашық-шашық. «Есіктен кіріп, төр менікі» дейтіндерге қолайлы жағдай жасалып қойған. Табиғи байлығымызға, мұнайымызға қожалық етіп отырған шетелдік компаниялар біздің заңдарымыздың өзіне пысқырмайтын астамшыл болып барады. Жерімізді өндіріс қалдықтарымен улағандарымен қоймай азаматтарымыздың «табан ет маңдай тері» жалақыларын бермей қорлайтын жағдайға жеткен. Ал, оған ара түсіп, күнін жоқтауға міндетті шенеуніктеріміз біз төлеген салықпен білгендерін істеп, қалтаның қамымен жүр. Көптің игілігі үшін, елдің гүлденіп дамуы жолында жан аямауға тиіс ел тізгінін ұстаған тұлғалардан қайыр болмаған соң не шара.
Экономикалық либериализмнің салдарынан Африканың бірқатар мемлекеттері шетел көмегіне басыбайлы кіріптар болып, тәуелсіздіктерінен көз жазып қалғандары бізге ащы тарихи сабақ болуы керек еді. Еуропа елдеріндегі қазіргі қаржылық дағдарыстың өзі  жаңа либериализм делініп жүрген экономикалық құрылымның баянсыздығын көрсеткендей болды.  АҚШ-тағы дағдарыстың салдарынан көптеген орташа американдықтар кедейлер қатарына сырғып түсіп жатыр. Енді, адамзат соңғы  30 жыл бойы ту етіп көтерген либералдық тәсілімен қоштасуына тура келетін шығар. Давос форумының діттегені де сол секілді көрінді.

Экономика - білім мен біліктітікке негізделгенде ғана елдің өркендеуін қамтамасыз ете алады. Біздің әкім-қаралардың айтуға құмар - «бәсекеге қабілеттілік» деген сүйікті сөздері  бар.  Ал, «бәсекеге қабілеттілік»  теориялық негіздемесінің мықтылығына сай көрініс табуы керек. Әйтпесе, сөз жүзінде айтып, іс жүзінде шикі затқа ғана сүйенген экономикамен алысқа шаба алмаймыз. Қазба байлық, мұнай, металл секілді таза шикі затқа ғана негізделген, өндірістік жаңа технология атаулыдан жұрдай экономикалық құрылым біздің адамзат өркениетінен көптеген жылдарға артта қалып отырғандығымыздың айғағы.

Жалпы шенеуніктерінің әлеуеті төмен, экономикасы шикізатқа сүйенген, әлеуметтік саясаты жетілдірілмеген елді орта ғасырдағы феодализммен ғана салыстыруға болады.  Өз халқын екінші деңгейдегі банктердің пайыздық өсімдерінің табанына салып берген, арасында инфляциямен мүжитін, айлығы шайлығына жетпейтін, екі қолында дипломы болғанымен  жұмысы жоқ жастары өріп жүрген елді өркениеттің қай санатына жатқызуға болады?!

Мұндай жағдай жалғаса берсе, қоғамда тұрақсыздықтың белең алмауына, әлеуметтік институттардың әлсіреп күйремесіне еш кепілдік жоқ. Жұмыс орындарын ашу, еңбекақы төлеу, денсаулық сақтау, білім беру секілді әлеуметтік маңызды салалардың атқаратын рөлін жоғарылатпайынша, кедейшілікпен күресті іс жүзінде қарқынды ету қиын.

Дүниежүзілік екі бірдей соғыстан кейін Кеңес одағының аяғынан тік тұрып кетуінің себебін зерттеген экономистер олар Германиядан көп дүниені ұрлап, тасып әкетті дегенді алға тартады.    Жалпы, Германия экономикасы ұжымдық құрылымға негізделетіндіктен кез-келген дағдарысқа төтеп бере алатын көрінеді. Шынында, Еуропада дағдарыс өршіп, әлем экономикасы әлсіреп жатса да немістер абыржып отырған жоқ.  Қазіргі таңда дағдарыстан қажыған адамзаттың үкілі үміті тағы да Германия болып отыр. Тарихқа зер салсақ, әлем руханиятының айтулы теориялары мен тұжырымдамаларын жасап, кәдеге жаратқан ақылмандардың дені неміс ойшылдары екені белгілі.

Олай болса, Қазақстанның түрлі даму стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыратын да, болашағын жарқын етіп, гүлденіп дамудың биік сатысына көтеретін де оның шикізаты мен табиғи байлығы емес, өз ісін білетін білімді де, білікті азаматтары, әлеуеті биік мамандары екендігі еш шүбәсіз шындық.

«Абай-ақпарат»

0 пікір