Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
46 - сөз 7241 5 пікір 2 Наурыз, 2021 сағат 13:29

«Маған мұндай дүние қажет емес...»

Осы наурыздың басталуы ҚР ҰҒА академигі Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің 90 жылдығымен үйлесіп отыр. Асыл ұстаз еліне, халқына деген сүйіспеншілігі ерекше тұлға еді. Алысқа бармай-ақ, қазақтың рухани, маңдайалды жоғарғы оқу орны - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің сол 80-ші жылдардағы ерекше серпіліс жасауына тер төккендігін айтса да жетіп жатыр. Әсіресе қазақ жастарын ғылымға баулуын және олардың әлеуметтік жағдайларының ең үлкен түйіні - пәтер жағдайын шешіп беруін бүгінгі аға буын ғалымдар біледі.

86-жылғы қазаққа туған қасіреттің бір шеті Өмірбек ағаны да шайқалтып өткенін білеміз. Мысалы, сол кезеңдерде Мәскеу тергеушілері ағаның ісін қазбалап, түрмеге қамау мақсаттарының нәтижесіз болғанынан: «Осындай «КазГУград» тұрғызып, ең болмағанда бір «дача» салып алмауы мүмкін емес», деп құрылыс жасаған мекемінің құрылыс материалдарын тасыған жүргізушілерге дейін тергеген екен.

Сонымен қатар, КазҰУ-дің пәтерлі болған жас ғалым-оқытушыларын да тергеу алаңына шақырып, «Пәтерді қалай алдың, қанша ақша бердің», дегендей арандатушы, құйтырқы сұрақтармен тергеу жүргізген. Сонда бір жас маман: «Мен Мәскеуде аспирантурада оқуда болатынмын. Мәскеуде жүрсем де менің кезегім келіп, маған пәтер берілгендігі ағаның ақтығы емей не», деген. Міне асыл ағаның осындай тазалығы мен халқына деген махаббаты елдің жүрегінде мәңгі болары анық.

Осы орайда, ағаның Оңтүстікте Мәжіліс депутаттығына үміткер ретіндегі кездесулер барысында қарапайым ел ішіндегі ойлары мен пікірлері, елдің аманатына деген жауапкершігі мен дүниеге жаңа келген нәрестеге өз есімін беруі және екі жыл өткен соң Шымкенттен жүз сексен шақырымдағы бала Өмірбекке сәлем беру көріністерінен түйген ойларымды ортаға салсам деймін.

Тамыз айы болса керек, аға жеңгеймен Оңтүстікке келді. Темір жол вокзалында тұрып, маған: «Есіңде ме, бала Өмірбек екі жасқа келіп қалды ғой. Соған сәлем жасап кірмейміз бе... Енді осыған қоса педальді машина алсақ», деді. Ол кезде вокзалдан ағаны күтіп алушылардың ішінде облыс, қала, ЖОО басшылары да болды. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев ағаны қонақасына шақырды. Аға: «Айналайын Өмірзақ, көңіліңе рахмет. Мені Төлебилік, Қазығұрттық, Сарыағаштық ақсақалдар күтіп отыр, сосын Өмірбек деген балаға, Сарыағаш ауданындағы Жылға деген ауылға да өтіп, сәлем беріп шығуым керек», деп жауап қайтарған.  Сөйтіп біз, вокзалдан тікелей жолға шығып кеттік...

Сол жоспарланған іс-шараларды атқарып Өмірбек аға Алматыға жол тартып кетті. Сондағы ел аманаттарының ішіндегі салмақтысы да, шешілуі мүмкіндігі де шектеулісі де - Қазығұрттықтардың аманаты еді. Ол - орталық аурухананы бітіріп беру болатын. Мұндағы, Үкімет қаулысымен шектелген аманаттың бастысы, ол кеңес заманында басталып, тоқтап қалған Қазығұрт ауданының орталық ауруханасының құрылысы болатын. Ол кезде Үкімет тарапынан бітпеген құрылыс нысандарына, бюджеттің тапшылығына орай қаржы бөлінбеу туралы Қаулысы шыққан.

Міне, осы мәселемен Өмірбек аға сол кездегі Үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдиннің қабылдауында болған. Сонда Үкімет төрағасы ағаның құжатына қолын қойып, Өмірбек ағаға Алматы қаласының жекешелендіру нысандары тізімін  ұсына отырып: «Аға, таңдау жасасаңыз. Менен Сізге сыйлық болсын», деп ыңғай білдірсе керек... Сонда Өмірбек Арысланұлы: «Ниетіңе рахмет, Әкежан! Маған мұндай дүние, байлық қажет емес. Менің байлығым - ол бала шағам, немерелерім, ғылымдағы еңбектерім, шәкірттерім», деп жауаптапты. Ағаның бұл қадамына дайын болмаған Үкімет басшысы Өмірбек ағадан өзі қол қойған Қазығұрт ауруханасынның құжаттарын қайтарып беруін сұрап, алдын қойған визасын қайта өзгертіп, «У. Шукееву и А. Павлову, исполнить и доложить», деп мөрлепті.

Міне, осы көріністердің өзі, екі жасар балаға Алматыдан қоржынын арқалап, Шымкент қаласынан алшақтағы, Сарыағаштың шалғайындағы Жылға ауылына өтуі мен ел аманатын маңсап пен Үкімет шешімінен жоғары қою ұлылық емес пе?..

Талжан Пердешұлы Раимбердиев,

техника ғылымдары докторы, профессор,

А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің Ғылым және  инновация жұмыстары проректоры

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1668
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1613
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1347
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1281