Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Тұлға 3466 6 пікір 18 Ақпан, 2021 сағат 12:14

Біртуар

Академик Салық Зиманов – халқымыздың Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов сияқты ұлы тұлғаларының қатарында тұрған біртуар. Заңғар заңгерді жай ғана ғалым деп айту оның тұтас тұлғасын біржақты түсіну болады. Оның тұлға ретінде кім екенін білу үшін болмысын тұтастай қарастырып, өмірінің негізгі кезеңдерін байыптау керек.

Бірінші кезеңіне келсек, ол небәрі 19 жасында мектепте математикадан сабақ беріп, кейін әскерге шақырылды. Сәкеңнің жастай арифметикадан алған жақсы білімі әскерде кәдесіне жарайды. Ол тез көтеріле бастайды. Кешікпей батареяны басқарды және талантты командир, талантты жауынгер ретінде танылды. Арада аз уақыт өткен соң оған миномет полкі командирлігі ұсынылады. Мұнда да оның басшы ретіндегі таланты айқын көрінді. Осыдан кейін дивизия штабының бастығы деңгейіне көтерілді. Осылайша, соғысты бастан-аяқ өткеріп, Екінші дүниежүзілік соғыстан еліне әрі жеңіспен, әрі омырауы тола орден-медальмен оралды. Аталған кезеңнің маңызы сонда - кез-келген адам қан майданға қатысқаны үшін де мақтана алар еді.

Өмірінің екінші кезеңінде майданнан 26 жасында оралысымен заң институтына оқуға түсіп, аса маңызды істерді тергеудің ірі маманы болуға жұмылды. Таңдаған саласын қарапайым қызметтен бастап, кейін заң институтының директоры, одан соң ҚазМУ заң факультетінің деканы лауазымына өсті. Осы уақытта оның педагог, Қазақстанның жоғары мектебін ұйымдастырушысы ретінде таланты ашылды. Заң мамандарын дайындауда жоғары мектептің ұйымдастырушысы ретінде зор үлесі мен үлкен еңбегі болғанын барлық заңгерлер әлі күнге дейін ілтипатпен еске алады. Бұл жылдары Сәкең заңгерлерді Мәскеуге 15-20 адамнан аспирантураға жіберді. Осылайша орталыққа оқуға жіберген студенттер, ізденушілер сәтімен диссертация қорғап, республикамыздағы заң кадрларының негізгі тірегі болды. Яғни, бұл кезеңінде де кез-келген адам «ғылым саласының, жоғары оқу орнының ұйымдастырушысы болдым, жаңашыл заңгер кадрларды даярлауға қатыстым» деп көңіл тоғайтуына жетер еді.

Салық Зиманұлы 1958 жылы академик Қаныш Имантайұлы шақыруымен Ғылым академиясының жаңадан ашылған Философия және құқық институтының директоры болды. Осы жылдары оның көрнекті ғалым ретіндегі таланты мен жаңашыл кадрларды даярлау, философия мен заң ғылымы бойынша мектептер құру қабілеті толығымен ашылды.

Мен С.З. Зимановпен 1957 жылы докторантураға келген кезінде таныстым. Сол жылдары ол «XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы Қазақстанның саяси жүйесі» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Кейін академикке дейін ғылым сатысынан өтті. Ғалым-заңгер көптеген ірі монография, сондай-ақ он томдық шығармалар жинағын жариялады. Ол қатардағы ірі ғалым ғана емес, сонымен бірге философия және заң кадрларын даярлауда ұйымдастырушы талант биігінен көрінді.

Өзім жеке өмірімде, шығармашылығымда С. Зимановқа борыштар екенімді атап өткім келеді. Салық Зиманұлы мені Философия институтының ғылыми қызметкері етіп шақырды. Бұл кезде небәрі 25 жаста едім. Ал, бір жылдан кейін ол біздің ғылыми жобамызды (ол кезде «зерттеу проблемасы» деп аталатын) қолдап, диалектикалық логика секторын ашты. Бұл - кеңес одағындағы алғашқы тәжірибе еді, тіпті мұндай сектор Мәскеуде де болған жоқ. Одақ орталығында диалектикалық және ресми логиканы жақтаушылар арасында әлі де қызу дау жүріп жатқан. Формалды логиканың жақтастары диалектикалық логиканы мойындамады, сонымен қатар диалектикалық логикамен айналысатындардың арасында да бірауыздылық болған жоқ.

Салық Зиманұлы диалектикалық логика секторын құрып, жалғыз мені ғана емес, Л.Науменко, М. Баканидзе, А. Қасымжанов сияқты талантты жастарды да шақырды. Бізге осындай сенім білдірілгендіктен, қанаттанып жұмыс істедік. Сонымен қатар Сәкең бізді «Болашақ Кант, Гегель, Аристотель» деп көтеріп отыратын. Бірақ оның жақын жолдастары «жастарды сонша асыра мадақтағаныңыз қалай?..» деп те жүрді. Ал шынтуайтында академик С.З. Зимановтың сенімі бізге зор қуат берді. Біз сенімді ақтағымыз келді және қарқынды жұмыс істедік.

Заңтану саласына М. Т. Баймаханов, Б. М. Имашев, Ғ. С. Сапарғалиев т. б. сияқты тамаша, талантты заңгерлер шақырылды. Осылайша, біздің институт ғылымның дамуы мен адамдардың қарым-қатынасында үлгі болды. Институтта ерекше шығармашылық жағдай қадыптасты. Салық Зиманов үшін бағалаудағы басты қағидат - адамның қабілеті мен таланты. Біздің институтта көптеген аспиранттарды, кіші ғылыми қызметкерлерді Мәскеуге кандидаттық және докторлық диссертация қорғауға жіберіп, жолын ашты. Ол Мәскеу заң институты директорымен өте жақсы қарым-қатынаста болып, заң ғылымы кадрларын әзірлеудің екі жаққа тиімді жолын тапты.

Салық Зиманұлы ешқашан әсіре ресми адам болған емес. Мәселен, біз «Теориялық білімдегі шындықтың логикалық көрінісі» атты ғылыми жобаны даярлаған кезде Қазақстанда тақырыбымызға қажетті кітап та, маман да жетіспеді. Мәскеуге іссапарға барып, Ленин кітапханасында жұмыс істеу, сондай-ақ ірі мамандармен кеңесу және сөйлесу қажет болды. Ол бізді және институттың басқа қызметкерлерін 30 күндік іссапарға жіберді. Біз үлгермеген  кезде ол тағы он күнге ұзартатын. Ол кісінің бастамалары ғылымды дамытуға қозғау салды. Бұл кезең де кез-келген ғалым үшін институт директоры болғанын, философия және заң ғылымдары бойынша мектептер құрғанын мақтан етуге жеткілікті еді.

Оның өмірінің тағы бір айрықша кезеңі - Тәуелсіз Қазақстан Парламентіндегі депутаттық қызметі. Ел егемендігі туралы мәселе туындаған кезде Салық Зиманов тәжірибелі заңгер ретінде Егемендік туралы тұжырымдаманы әзірлеу жөніндегі комиссияны басқарды. Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін алған шақта ол депутат болып, Конституциялық заңнама комитетін басқарды. Мұнда да оның таланты мен заң ғылымын терең білуі айқын көрінді.

Салық Зиманов білімді депутат қана емес, сонымен бірге мінезді, принципшіл адам еді. Ол әрқашан ойлағанын жеткізді. Ірі маман, адал адам ретінде депутаттардың сапалы заңдар қабылдауына әрі ұйытқы, әрі кепіл болды. Егер депутаттық корпусқа баяндама жасауға министрлер сапасыз заңмен келе қалса, Салық Зиманұлы мұндай заңды бірден қатаң сынға алатын. Бұл ретте лауазымды тұлғаларға заңның биік тұратынын сездіретін.

Ол әрқашан Қазақстан халқының мүддесін жоғары қойып, еліне адал болды. Бұл кезеңін қарасақ та кез келген адам депутат мандатына жеткеніне, Қазақстан Республикасының заңнамалық қызметіне үлес қосқанына мақтана алар еді.

Оның адами қасиеттері туралы айтқанда, аса бірбеткей, судан таза адал адам болғанына куәлік бере аламыз. Ол өз пікірін анық және риясыз білдіретін. Сондықтан лауазымды тұлғалар Салық Зиманұлынан Ғылым академиясында да, қай қызметте де болсын, тіпті қарапайым тіршілікте де сескенетін.

Өз басым ол кісіні 1958 жылдан бастап өмірінің соңына дейін жақсы білдім және әрқашан жақсы қарым-қатынаста болдым. Тағы да есімнен кетпейтіні - барлық бүкілодақтық конференцияларда Сәкең бізді қолдап отырды. Диалектика мамандарының болашақ әлеуетіне сенді. Бірінші бүкілодақтық симпозиум 1968 жылы аса жоғары деңгейде өтіп, Салық ағамыздың зор қолдауын сезіндік. Догматикалық философияның өкілдері Зимановты «ревизионист, гегельшіл, кантшыл Ж. Әбділдин тобын қолдайды» деп айыптады. Шын мәнінде, ғылыми тобымыздың халықаралық танымалдығы айрықша еді. Біз көптеген марапатты иелендік. Диалектика бағытымыз республикалық гуманитарлық ғылымның елеулі жауапкершілігін өз мойнына алды.

Жаңа елордада халықаралық конференциялар өткізген кезімізде  Салық Зиманұлы бірінші болып сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салатын. Заңгер-академиктің ерекшелігі сол - ғылым саласында адал еңбек еткендерді құрметтейтін. Табанды, талапшыл еді. Сонымен қатар ол екіжүзді, жағымпаз т. б. адамдарды ұнатпады. Сондықтан оның жанкүйерлері де, қарсыластары да аз емес еді.

Қорытындылай келе айтарым: академик С.З. Зиманов - біртұтас саф тұлға деуге толық негіз бар. Ғылымға, білімге, қоғамдық және мемлекеттік қызметке қосқан үлесін есептесек, ол еліміздің ең жоғары марапатына лайық азамат-тын. Бірақ тау тұлғаға мұндай құрмет дер кезінде жасалмады. Алайда С.З. Зимановты халық, ұлт, ғылым мен мәдениет өкілдері өте жоғары бағалады. Ғұламаның мұрасы халықпен бірге жасай береді деп сенемін. Менің ойымша, Салық Зиманұлын ұлықтау арқылы біз зиялылық пен білімділікті ұлықтаймыз. Мәселен, туған өңірі Атырау қаласында оған ескерткіш қойған дұрыс деп санаймыз. Бұл ескерткіш ең бірінші марқұмға емес, қазақ халқына, жастарымызға қажет. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласы Ономастика комиссиясы заңгер-академиктің есімін жаңа көшенің біріне беруді ұсынғанын естіп, қуанып қалдым. Жас толқын академик Салық Зиманов тұлғасынан өнеге алып, дарынды табанды, білімді, қайраткер, отаншыл болып өсері сөзсіз.

Өз Отанын шексіз сүйген біртуар тұлғаның ғасырлық мерейтойы Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің беделін көтереді деп сенемін.

Жабайхан Әбділдин,

ҚР ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры

Abai.kz

6 пікір