Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңғырық 5978 8 пікір 8 Қаңтар, 2021 сағат 13:31

Кремльде намаз оқуға бола ма?

Жамбыл Жабаевтың туғанына -  175  жыл!

ЖАМБЫЛ

Роман-этюд. (Үзінділер)

Жалғасы:

Қабылдау жүріп жатты. Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Сөз, сөз. Шіркін-ай бірауыз өлеңі жоқ. Кенет, Жәкең Қасым Тоғызақовқа:

- Намазым қаза болып барады. Жайнамазымды алып жүр, – деп оңашалау жерге беттеді.

Сталин оққағарлары, Жамбыл мен Қасымды «бүріп» тастады.

- Жамбыл намаз оқиды. Мұсылмандық жолы, – деп Қасым бар орысшасын салып, түсіндіріп жатыр.

Көмекші Сталинмен тілдесіп келді. 

- Жамбыл ақынға Кремльде намаз оқуға болады, – депті Сталин жолдас.

Жамбыл асықпай намазын оқып, құдайға құлшылығын жасады.

- Ана шал не істеп жатыр, – деп Михайл Калинин жақтырмай Жамбылға қарады.

- Өз дінінде құлшылық жасап жатыр.

Жамбыл да өзіне тесіле қараған көзілдірікті адамға ұнатпай қарады. Өзі туралы жағымсыз сөз айтқанын сезіп тұр. Ақын емес пе?

– Әй, қызталақ, мына теке сақалың кім? – деп Жәкең жымың етті. Түрін көрмеген Калининге өлең арнағанына өкінді. Колхоз құрып, қазақтарға көп жақсылық жасады деген соң өлең арнап, тағы да Қазақстанға шақырғаны несі? Осыған бола өзін-өзі айыптауға бола ма? Көңілі таза, пейілі түзу еді? Не істерсің?  

МҰСА ЖӘЛЕЛ КЕЛГЕН КҮН

«...Националь» қонақүйіне ертесіне бір сары қоңыр коверкот кастюмі бар, аласа бойлы, кең маңдайлы, көзі өткір бір жас жігіт келіп кірді. Ол аяғын тез-тез басатын, жылдым жігіт екен. Шамасы отыздың ар жақ, бер жағында болса керек. 

– Мен аты әлемге мәшһүр Жамбыл бабама сәлем беруге келдім, – деді ол мойнын залға қарай созып.

– Кім боласыз? – деді Қапан Сатыбалдин.

– Мен татар ақыны Мұса Жәлелмін, – деді ол Қапанды ығыстыра кимелеп.

– Жіберіңдер, татар ақынын, Ғабдолла Тоқайдың қандасын. Біздің алыста жүрген бауырлар ғой, – деп Жамбыл қасына отырғызды. 

«Тоқайдың есімін білген мына қазақ ақыны баба екен ғой» деген ой Мұса Жәлелді тәнті етті. Бұл кезде Мұса Жәлел орыс оқырмандарына танылып үлгерген ақын еді. Мәскеуде екі кітабы шыққан. 

– Баяғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда.

Қазан деген қалада,

Нәрікбай атты хан өткен

Бір перзентті зар еткен...

Жамбыл ақын осылай татардың жас ақыны Мұса Жәлелді қарсы алып, қасында ұзақ отырды. Дастархан жайдырып, ұлттық тағамдардан дәм татқызды.

– Сіз Жамбыл әбзи, күллі түркі әлемінің ұлы бабасысыз, – деп Мұса Жәлел Жамбыл ақынды ұзақ құшақтап тұрды. 

...Жүрегінде от бар екен, Маржанидің ұрпағының, – деді Жамбыл. – Бір жерді тесіп шығады. Аты аңызға айналады.

Шіркін, жамбыл баба! Татардың ұлы ағартушысы, діни реформаторы Марджаниді, Ғабдолла Тоқайдай ақынын қайдан біледі. «Құйма құлақ» деген осы-ау деп таңдай қағып отырды Қапан Сатыбалдин. 

Көреген екен Жамбыл ақын! Неміс фашистерінің тұтқынында қалса да, «Маобит дәптері» арқылы Мұса Жәлел адамзат жүрегінде алтын әріппен жазылып қалды ғой...

ЖЕТІМ БОТАНЫҢ КӨЗІНДЕЙ

Жамбыл ақынға сәлем бере келген студент жастардың арасында Родо деген негр актері болды. Ол «Том Сойер» фильміне түскен жас артист еді. Жамбыл ақын негр ұлтын бірінші рет көріп отыр.

Родо – еңгезердей жігіт. Еріндері қалың, өзі қап-қара, қара түн сияқты. Жамбыл әрі таңдана, әрі аяй қарайды. Ол ән салып берді. Жамбылға ән де, Рода да ерекше әсер етті.

- Көзі қандай мұңлы, жетім ботаның көзіндей екен. Іш құса күйік жеген адамның әні ғой бұл. Ботасы өлген інгеннің боздағаны сияқты. әні зарлы екен...

Жамбыл Родоның қолын қысып-қысып, арқасынан қақты.

– Біз де осылай «Елім-айлап» зарлап едік бір кезде, – деп жамбыл Родоны жылы шығарып салды.

АБАЙ АҚЫН ЕМЕС ...

Жетісудың төрінде, Суықтөбенің өрінде жатқан Жамбыл Сарыарқаның самалын жұтқан Абай есімін ерті естіген. Абайдың адамдық қалып, атақты Құнанбайдың баласы екені құлағына ерте жеткен.

...Абайұлы Әбіш ұзақ ауырды. Одессада, Кавказда емделіп, подпоручик қызметімен Тәшкент келеді. Одан соң Верныйға (Алматыға – У.Қ.) келіп ұзақ емделеді.

Әбсәмет Құнанбайдың інісі Жақыптың қызынан туған жиен-ді. Арқадан келген игі жақсылар осы үйге түседі. 1895 жылдың қарашасында Әбіш дүние салып, Алматыда аманат жерленеді.

Әбсәмет Жетісудың игі-жақсыларымен аралас-құралас болған белгілі көпестердің бірі еді. Жамбыл оның үйінде бірнеше мәрте болып, өлең айтқан.

1896 жылы жұрт аяғы кеңіген кезде Мағауия Абайұлы, Ысқақ Салтбаев, Тәнеке Байтуаров Семейден келіп, Әбіштің аманат денесін қазып алып, атақонысқа алып кетпек болады. 

Ел құлағы елу деген. Осы хабарды естігенде Жамбыл Сәт болыс екеуі келіп, Мағауияға көңіл айтады. Қаралы көш аттанар алдында, Жамбыл қолына домбырасын алады:

Сәлем айт, барсаң Абайға,

Кеңесі кеткен талайға.

Ауырды жеңген қара жер,

Сабырлы болсын қалайда!

 Бір жұтқан судай дүниесін,

Ашысын татып күймесін.

Жапанға біткен бәйтерек

Жалғызбын деп жүрмесін!

Кемелге келген асыл-ай,

Тасқынды тәңір басуы-ай!

Нар көтерген ауырға,

Арқасын тоссын жасымай, − дейді.

Әбсәмет те, Мағауия да, Жамбыл да көз жасына көмілді. Жамбыл айтқан қара жыр Абайдың қаралы қабырғасына мамықтай тиген.

... Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов келгенде Жамбыл ерекше бір ләззат алатын. Маң жүрісі, салмақты тұрысы, құйындай сөзі қандай. Басқалардың бәріне Жәкең қалжыңдасып, сөз қытығын жасап қоятын. Олардың әрқайсысына еркелетіп ат та қойып алатын. Маңдайы кереғарыс Мұхтар Әуезовке «шоң қазақ» деп биіктігін мойындайтын.

Мұхтар анда-санда кездескен сәтінде Абай заманы, қазақ қоғамы жөнінде ұзақ әңгімелейтін. Абайдың ұлылығы, ақындығы жөнінде талмай айтар еді. Жамбыл Мұқаңның сөзін бұзған емес. Мұхтар айтқан әңгімеден өзін көретін. Қазақ даласының бәрі бірдей тапталғанын сезетін. Тек Мұхтар ғана осындай ұлы ақын туралы жаза алмақ. Шоң десең шоң. Алатаудай биік, Хантәңіріндей ұлы.

Осындай сырлас сәттердің бірі еді. Абай туралы айтылған әңгімелерден соң Мұхтар Әуезов Жамбыл тәтенің ойын білмек болып, тосын сұрақ қойды.

Мұхаң жыр алыбынан, өзі атаған ХХ ғасырдың Гомерінен, бәлкім сынағысы келді, бәлкім шын білгісі келді, өзінің ардақты адамы Абай жөнінде мынадай сұрақ қойыпты.

Мұхаң: – Жәке, қалай ойлайсыз, Абай ақын ба?

Жамбыл: – Жоқ, Абай ақын емес!

Әуезов мұндайды күтпеген. Тамсанып-ақ тыңдаған. Әсіресе, Құнанбай екеуінің арақатынасы туралы көп сұрады. Тамсанған да, таңғалған да. Пушкиннің Онегинінің Тәтіш әні туралы естіп, оны тыңдаған да. Сол Жамбыл «Абай – ақын емес» дейді. Бұл қырсық шалға не шара? Сонда ақын кім? 

– Ақын деген мына мен, біздер!.. деді, ол «Шоң қазаққа» көзін қадап. Өңінде бір өзгеріс жоқ. Шынын айтып тұрған сияқты.

Мұхтар Абайдың қазақтың жазба әдебиетінің алыбы екені туралы әңгімеледі. Жамбыл үнсіз. 

Әуезов күп-күрең боп, үндей алмай қалды. 

– Абай дегеніміз – ақындардың пайғамбары ғой! – деді Жәкең жымиып.  

Әуезов дана қартты құшақтай алды.

БАР СӨЗДЕ АҚ ПАЙҒАМБАР ӨЛЕҢ ҒАНА...

Жамбыл бұл түні шаршамастан «Сұраншы батырды» ерекше толғап айтты. Тыңдаушысы да жақсы, көтермелеп, қошеметтеп отыр. Сұраншының жекпе-жектің батыры екенін ерекше толғаныспен жырлайды.

Орманнан келген үш батыр,

Үш жағынан тап берді. 

Ашу қысып Сұраншы,

Астыңғы ернін тістенді.

Белі үзілген күзендей

Алдымен келген Битуған,

Бетін баса бүктелді.

Қырғыздың Орман ханы жекпе-жекте мерт болған үш батыры өлген соң қалың қолын Сұраншы батырға жауып жібереді. Орман ханның өзі де Сұраншымен бетпе-бет келіп қалады. Сұраншы найзасы оны да түйрейді. Бірақ жалғыз мыңға қалай шабады.

Ақыры келіп о да өлді,

Алатауға көмілді...

Жұрт тарар емес. Бірінің көзінде жас, бірі сол сұрапыл жекпе-жекті көзге елестетеді, бірі Орманханның опасыздығын жер қылып нәлет айтып отыр. Бірақ бәрі Сұраншының батыр бейнесін көзге елестетіп, тәнті болады. 

Жамбыл жолбарыс мінез, сұңқар мінезді ақын екен. 

Қоштасарда Дихан Әбіловке бір-ақ ауыз сөз айтты.

Сөкпей кет, қонақ балам, қонақ шырақ,

Бар болса көкірегіңде жырлы бұлақ.

Бар сөзде ақ пайғамбар өлең ғана

Қор болма өтсең де оны қайыр сұрап.

Ғажап сөз емес пе? «Бар сөзде ақ пайғамбар өлең ғана».

Мұны өлең қадірін, ерекше құрметтеген Жәкең тоқсан жасында айтқан ғой...

ӨЛЕҢ ӨТІРІКТІ ЖАРАТПАЙДЫ

Жамбыл әр жырды домбыраға қосып шығарады. Және өзіне зор талап қоя білетін. Сондықтан да әдеби хатшылары жырау ақынға ілесе алмай қалатын. Сондықтан да қайта айтуды сұрайтын. 

– Қызталақ, – дер еді мұндайда ұлы Жәкең. – Менің жүрегімнен шығып, қос ішекке ілігіп, көмейінен шыққанша қанша уақыт кетеді. Ал дайын сөзді жазып алуға үлгермейсің.

Содан соң үзілген сөзді қайта бастайтын. Бірақ онысы енді басқаша түрленіп, жаңа реңк алатын. 

Сондай күндердің бірі еді. Ақынның талантты хатшысы Тайыр Жароков Жамбыл жырларын жазып алып отырған. Өлең аяқталды. 

– Ал енді жазғаныңды оқы, – дейді Жамбыл. Тайыр оқи бастайды.

– Жоқ, мына жері осал, нәрсіздеу екен. Қайта айтамын.

Жәкең домбырасын арлы-берлі тартып, көзін жұмып біраз отырады. Сонан соң:

– Ал жаз, – деп төге жөнеледі. Өлең де жүйрік, Тайырдың қаламы да жүйрік.

– Кәне, оқып жібер, – дейді Жамбыл. 

Тайыр мәнерлеп оқи бастайды.

– Әй, Тайыр, – дейді Жәкең. – Мен хат танымаймын. Ғалым емеспін. Көңіліңе қонбай тұрса айт. Қайта жырлаймын. Қайта жазамыз...

Сонан соң біраз отырып ойланады, толғанады. Әр тақырыпты қозғайды. Заманның қалпын байыптайды. Осындай да Жәкеңді құтқаратын қабырғадағы қара радио. Жамбыл оған үнемі құлақ түріп, тыңдап отырады. Өзіне қажетті деректі көңіліне тоқи отырады. 

– Сен бақыттысың ғой, Тайыр, – дер еді кейде Жамбыл рахат шуағына бөленіп. – Білімдісің, көзің ашық. Өшіріп жазасың. Ал мен жүректегі жырды қалай өшіремін. Сондықтан да әр жырлаған сайын өлеңім өңделе түседі.

Жамбыл ақын кейде ағынан жарылып жүрекке, көңілге келген ойын ірікпей айтатын. Өз өлеңінің кем-кетігін түзеуден жалықпайды. 

– Сен шаршама, Тайыр, – деді сондай күндердің бірінде Жамбыл ақын. – Көріп отырмын, маңдайыңнан тер бұрқырап отыр. Бірақ «Жамбыл шаршапты, жыры солғын тартып барады дегенді естігім келмейді. Мендей қартқа жалған сөз жараспайды. Кәне, қайта бастайын».

Тайыр өлеңді оқи жөнеледі. Жамбыл шәкірт секілді өз өлеңіне өзі зер сала тыңдайды. 

– Әй, Тайыр, дәл осы жерін сен қалай айтар едің, – деп қуақылана сұрар-ды. 

Тайыр өз пікірін айтады. Жамбыл мұндайда өкпелемейді.

– Жас ақыннан шал ақын үйренсе, несі бар. Бірақ мына сөзің ұйқас үшін ғана керек сияқты. Оны былай деп өлеңдеп жіберелік. Сонда өлеңнің бойына жан кіреді...

Орынды сөзге Тайыр қалай көнбесін?! Қаламын алып Жамбыл түзеген жерді қайта түзетіп жаза қояды. 

– Есіңде болсын, Тайыр, – деді Жамбыл. – Өлең өтірікті жаратпайды.

ЖҰМБАҚ ЖЕДЕЛХАТ

1940 жылдың жазы. Бейбіт өмір. Ел көтеріліп, етек-бастарын жиып, жаңа өмір әбден орныға бастаған шақ. Айтыс өтіп, ұлттық өнер де ен қазақ даласына қанатын кең жая түскен. Сондай мамыражай күндердің бірінде Кеңестер Одағы Жазушылар Одағының хатшысы Леонид Соболевтен шұғыл телеграмма келді. Әбділдә Тәжібаев телеграмманы оқып түсіне алмай отыр. «Самолетпен ұшамын, күтіп алуыңызды сұраймын. Мұхтарға сәлем. Собольев». Әбділдә аң-таң. Мәскеуден келгеніне бір апта да өткен жоқ. Леонид Сергеевич Соболевтің үйінде болған. Кеңестер Одағы Жазушылар Одағының басшысы Александр Александрович Федеевпен жолыққан. Онда «Қазақстанға Одақ басшыларынан бірі барады» деген сөз айтылған емес. Жұмбақ жеделхаттың жауабын таба алмай Әбділдә Тәжібаев сенделіп жүрді де қойды.

– Мұха, – деді Әбділдә Әуезовке телефон шалып. – Соболев келе жатыр, Сіз екеумізді күтіп алсын депті!

– Күтсек күтелік, - деді Мұхаң жайбарақат. – Демалып кеткісі келген шығар...

Ертесіне Мұхтар Омарханұлы мен Әбділдә Тәжібаев Леонид Соболевті әуежайдан күтіп алды. 

Леонид Сергеевич екеуімен құшақтасып амандасты. Көлікке отырысымен Мұхаң жайбарақат:

– Ал, досым, Леонид Сергеевич бұл шұғыл келуіңнің сырын білуге бола ма? – деді.

– Қазақстанды, Алатауды, сендерді сағындым емес пе? Бой жазып, Мәскеудің ығы-жығы өмірінен қашып, тыныштық іздеуге келдім емес пе?

– Е, онда жақсы демалыс ұйымдастырайық, – деді Мұхаң Әбділдәға қарап.

Қонақүйге орналасқан соң Леонид Сергеевич: – ал сендерге көп рахмет. Мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне кіріп амандасып шығайын. Командировочныйға қол қойдырайын. Сендермен осы жерде бірер сағатта кездеселік, – деді.

– Онда біз алысқа кетпейміз. Одақ жаққа барып, болмаса мына бақ ішінде әңгіме-дүкен құрып отырамыз, – деп Мұхтар Леонид Сергеевичті машинаға дейін шығарып салды.

Леонид Сергеевичтің Орталық комитетке баруы қандай тез болса, қайтуы да сондай жылдам болды.

– Шаруам бітті, – деді Леонид Сергеевич Мұхтарға қарап. – Енді демалыс. Мен Жамбыл Жабаевтың қасында бір апта болғым келеді.

Жәкең ауылына ертесіне таңертең шығу жоспарланды, кешкі асты үшеуі бірге ішіп қоштасты.

Әбділдә Жәкең ауылына телефон шалып қойды. Таңғы салқынмен олар Ұзынағашқа тез-ақ жетті.

Жамбыл таңғы шәйін ішіп, қымызын ұрттап бір мызғып алу үшін киіз үйдің ішінде жатып қалған екен. Қонақтар үлкен үйге кіріп, бір бөлмеде ақын ұйқысын қорығандай баяу сөйлесіп отырды.

Бір кезде: 

– Ау, қайсысың барсың? – деген Жәкеңнің даусы естілді. Әбділдә Жәкеңе барып:

– Мен, шоң балаңыз және Мәскеуден келген Соболев деген қонағыңыз бар, – деп сәлем беріп, құшақтай амандасты.

– Қайдан жүрсің? Көктен түстің бе, жер астынан шықтың ба?

– Алматыдан келдік қой, Жәке. Сағынып қалдық. Сәлем берейік деп келдік.

– Солай де. Тағы өлең сұрап келгеннен саумысың.

– Жоқ, Жамбыл тәте. Мәскеулік қонақты алып келдік.

Жәкең «заказ» өлеңдерден мезі бола бастаған. Көп нәрсені сұқаны көтермейді.

– Жә, онда, шайға отырыңдар. Жәкеңнің шоң баласы Мұхтар Әуезов бір бума ақшаны алып:

– Мынау Сіздің кітаптың қаламақысы, – деп Жәкеңнің алдына қойды.

– Ал мынау Мәскеулік балаңыздың сый-сияпаты, түлкі тымақ тіктіресіз бе, мынау камзол-шапанға қажетті жақсы мата, – деп Әбділдә оралған түйіншекті Жәкең жаққа жылжытып қойды.

– Қош, ал сен әкелдің?

– Мен бе, Аманкүл анамның сәлемін алып келдім...

– Е, ол не деді?

– Барып кел, Жамбыл шалымды көріп кел, базарлықтарынан тең бөліп алып кел, – деді.

– Сонда не болады? – деді.

– Онда Жамбыл ақынға тиемін, – деді.

– Ал, ал, Аманкүлге апарып бер, – деп Жәкең маталарды Әбділдәға қарай ысырды.

Бұл әңгімені Мұхаң жайлап Леонид Соболевке аударып отыр. Леонид аударманы қойын кітапшасына түртіп алып жатыр.

Жәкең ағасы Тәйтінің баласы Сатышты шақыртты.

– Қонақтар келді, кідірмеңдер. Үш-төрт күн болады. Таудан қымыз алдырыңдар, сойыс қойлары дайын болар, – деп қысқа қайырды.

Дастархан үсті жадырай түсті. Қып-қызыл, сүт қатқан шай ішілді. Жаңа піскен баданадай-баданадай бауырсақтар бұрқырап тұр. Жарықтықтың иісі қандай?! Осы арада қуырдақ та келіп қалды. Марқаның жұм-жұмсақ еті ауызға өзі езілгендей.

Шәйді қана ішіп болған соң дастарханға шоң Мұхтар бата берді. Енді бәрі көсіле отырды.

– Домбырамды әкеліңдер, – деді Жамбыл тәте Сатышқа қарап. 

Жамбыл әккі айтыскер келген адамдарға сынап қарайтын әдеті бар. Қалжыңдап тістеп алатыны да жоқ емес. 

Домбырасы қолына тиісімен Жәкеңнің жүзі өзгеріп сала берді. Ол мәскеулік қонаққа қарап:

– Аман-есен келдің бе, қызыл нарым, 

Аяғы да мойындай ұзын нарым.

Қыз-келіншек қуанып қалған шығар,

Кіріп барсаң тобына бұзып-жарып, – деді де мырс етті. 

Мұхтар да, Әбділдә да түсініп отыр. Жамбыл айтыскер ақын ретінде «Кіріп барсаң қойнына бұзып-жарып» дегісі келген. Бірақ бейтаныс қонақ алдында бәдік шал көрінгісі келмеді білем.

Жәкең сосын өлеңін қайта жалғастырды:

Меймандостық қазақтың бір белгісі,

Сый көрсету – ескінің жоралғысы.

Жорға мінгің келе ме, жүйрік мінгің

Тілегіңді айта бер мейман кісі, – деп бір қайырды.

Мұхаң аударып, Л.Соболев жазып отыр. Бір кезде орнынан тұрып, Жамбылды құшақтап, сақалынан сүйді.

– Мына сөздеріңіз мен үшін жорғадан да, жүйріктен де қымбат, – деп жүзі нарттай жанды.

– Суырыпсалма ақындық өткеннің романтикасы сияқты көрінуші еді. Өмірмен ұштасқанда көркемденіп кетеді екен-ау – деп қол шапалақтады нар жігіт Л.Соболев.

Мұхаң енді Жамбылдың ұстазы Сүйінбай жөнінде әңгімелеп, оның Тезек төреге айтқандарын айтып берді.

«Қатып қалған кірпігі кәрі ат екен» дегенді Мұхаң керемет аударды. Л.Соболев бұған балаша қуанды. 

– Кәрі аттың кірпігі қатып қалатынын Толстойдың өзі де аңғармаған болуы керек! – деді ол рахаттанып.

Болысқа жолдас болу песір деген,

Жігітке қарамайды кесір деген.

Екейді қаңғып келіп Шыбыл жейді

Құдайдың уақыты шығар жесін деген, – дейді Әбділдә Жамбыл мен Досмағамбет молданың айтысынан үзінді келтіріп. Мұхаң мырс етіп күлді. Л.Соболевтің құлағы елең ете түсті. Мұхаң аударып берді. «Құдайдың уақыты шығар жесін деген» сөзі заманын айыптап отыр ғой, – деді Мұхаң орысшалап.

– Мұхтар Омарханович, Жамбыл Жабаев революция жылдарында өзін құлай ұстады екен? Білесіз бе – деді Л.Соболев.

– Пәлі, Леонид Сергеевич, Жамбыл тұнып тұрған сатирик ақын ғой. Тыңдаңыз:

Кедей көтеріліп қырда жүр,

Байлар бұғып ойда жүр.

Жамбыл сайрап мұнда жүр. – Мұны Ұзынағаш базарында айтқан. Ол жыр былай бітуші еді: 

Тобыңа келсем сыйым жоқ,

Тентегіңе тыйым жоқ.

Киелік десе киім жоқ,

Базарға барса бұйым жоқ.

Сөзді тыңдар сендер жоқ,

Айтпай тынар мен де жоқ...

– О, Жамбыл өткір тілді ақын екен ғой. Шындықты дөп басып айтқан, – деп Леонид Сергеевич тағы да оны блокнотына түртіп алды. 

– Сонда импровизатор ақын, миында қанша жыр сақтай алады, – деді Л.Соболев.

– Жамбыл Жабаев «Көрұғлыны» он бес күн айтады. «Манасты» да күн-түн жырлайды. Бүкіл қазақ эпостарын жатқа біледі десем қателеспеспін. Бір басында миллион жол өлең сақтаулы. Бұл бас емес, халықтың архив сөзі, – деді Мұхаң сөзін тәмамдап. 

– Ғажап, ғажап, – деді Леонид Соболев. Сонан соң «Жамбыл Жабаев миллион жол өлеңді жатқа біледі» деп айшықтап, бадырайтып жазып қойды.

Ертесіне қайта шәй басына жиналды. Сонан соң Жамбыл айна алдына барып сақалын тарамдады. Қасына Л.Соболев келді.

– Здравствуй, Жамбыл ата, – деді Л.Соболев Жамбылға қарап. Мұхтар Омарханұлы аударып тұр. 

– Мына шал ұнай ма, мәскеулік балам? – деді Жамбыл.

– Ұнайды, – дейді Л.Соболев.

– Жаны жылап тұр шалдың...

– Бақытты адам жылай ма?

– Кәрілік бақыт па? Сен мына сөзіме зер сал:

...Кәрілік немді қойды қорламаған,

Құлпырған қызыл шырай түсімді алды.

Аузымды опырайтып тісімді алды,

Босатып буынымның шегелерін

Сыпырып тұла бойдан күшімді алды.

Мұхаң тез-тез аударды. Леонид Сергеевичтің буыны босап кетті. Ол Жамбылды құшақтай алды. 

– Мен мұнда келгеніме, құшақтап тұрғаныма, аңыз адамды көргеніме өзімді бақытты сезінем.

Олар сыртқы беттеді. Леонид Сергеевич Жамбылды сүйемелдеп орнынан тұрғызды. Жамбыл ақын кебісін аяғына сұға алмай біраз әуреленді.

– Вот, Жәке, вот, – деді Леонид Сергеевич ақынның кебісін көрсетіп. 

– От болса, от, – деп кебісін кмген Жамбыл бір ауыз өлең айтты.

Жігіт едім жасымда қысылмаған,

Көрсеткен жоқ тірі жан қысым маған.

Тар саңлаудан дәл соққыш мерген Жамбыл,

Кең кебісін кие алмай пысылдаған...

Мұхаң қарқылдап көзінен жас аққанша ұзақ күлді. Күле отырып жаңағы шумақты Леонид Соболевке аударып берді. Мұны естіген соң Соболев:

– Мен қазақ болсам тек Жамбылмен ғана болар ем, айтқан сөзін жазып ала берер ем, ала берер ем...

Қоштасар сәтте Л.Соболев:

– Мен үш күнде Жамбыл университетінен өттім. Сізге сансыз алғыс айтамын, – деп ұзақ құшақтап тұрды...

Екі күннен кейін Л.Соболев Москваға қайтты. Шындықтың беті ашылды. Екі ақын Сталинге хат жазыпты. Олар «Жамбыл деген дүниеде ақын жоқ. Ол өтірікшілердің жандарынан шығарып жүргендері. Бұдан былай Жамбылға сенбеңіз...» деп жазыпты. 

Сталин арызды тексеруге Александр Фадеевке тапсырыпты. Ол Л.Соболевті жіберіпті. Осылай арыз бен парыздың ара жігі ашылды. 

Мен бұл екі ақынның кімдер екенін білемін. Оны қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов айтып берді. Бірақ өздері өмірде жоқ адамның аттарын атап, түстерін түстегім келмейді. Өйткені мұның бәрі бір Аллаға аян...

ЗІЛДІ БҰЙРЫҚ

 Өмір сүрген сайын көре бересің, көрген сайын не дана боласың, не қапа боласың? Жамбыл жетпіске жеткенде тыныш өмір сүрем деп ойлаған. Жағдайы дыйлы, өзі сыйлы. Күңірентіп күй тартып, өткен-кеткенді еске алып, мырс етіп күліп қоятын.

Жамбылды атқа қондырған, айқайлап әнге салдырған 1916 жылдың қаралы бұйрығы еді. Патша соғысы тыйылмады, орыстың жағдайы қиындады. Майданға Ресейдің шеткері аймағындағы бұратана халықтан қара жұмыс үшін 19 бен 31-дің аралығында адам алу жарлығы шықты. Бұл ел ішінде дүмпу туғызды. Онсыз да аз, онсыз да титықтаған халықты жылату патша ағзамға оңай екен. Мұны халыққа түсіндіру үшін ояз тағы да ақындарды Алматыға жинады. Бірақ Жамбыл жүрегі бұл насихаттың опа бермейтінін де, халыққа жақсылық әкелмейтінін де ұқты. «Иә, иә» деп кеткенімен Жамбыл аузынан мүлдем бөлек сөз шықты. Сөз емес-ау кесіп түсер алмас сөз шықты. Ол Бекболат Әшекеев пен Сатай батырдың қолдарына рух берер сөз арнады. Шәкірт інісі Мақыш ақын да домбыраны сүйеп, қолына сүңгі алды. Жетісу жері қазақ жерінде басталған ұлт-азаттық көтерілісінің қатарына қосылды. Мұндайда ақын сөзі, ақын рухы керек.

Қызығыңды көп көрдім,

Қарабастау, Құлансаз.

Күндерімді өткердім,

Сенде жүріп ұзақ жаз.

Көкорайға жайылған,

Секілді едік үйрек, қаз,

Патша әмірі тарылды,

Оған қылар бар ма ылаж?!

Бірақ ақын күйрек сөздің емес, байрақ сөздің байлауын айтады.

Халықтың еркі кетті баласынан,

Сөзімнің ғибрат қыл сарасынан.

Ақ патша бұйрық қылды солдат бер деп,

Он тоғыз – отыз бірдің арасынан.

 

Осыған тірі отырып көнеміз бе?

Іріктеп бар боздақты береміз бе?!

Болмаса елдік қылып, тізе қосып,

Батырға қол бастаған ереміз бе?!

Жамбылдың жаны күйзелді. Оған Сатай батырдың ұрыста қаза болғаны қосылды. Бұл аз дегендей Мақыш ақынның атына оқ тиіп, жараланып ол келді. Патша зеңбірегі мен мылтығы қылыш пен шоқпарды жайпады. Көтеріліс тапталды. Бекболат Әшекеев дарға тартылды. Бұл қалай да ұрпақ жадында қалуға тиіс. «Зілді бұйрық» толғауы сол Суықтөбе бауырындағы қалың дулат пен шапырашты рулары оғландарының ерлігін дәріптеді. Бұл тарихи дерек. 

... Ешқайсысы айтпаған соң айғай сап кеп,

Өзі айтты Жандаралдың «Бекболат» деп,

Бекболат бола қалса ту көтерген,

Бұйрық қылды «Дарға асып тарт!» деп.

Сол жазалылар қатарында ағайын інілері Қалиқұл мен Байбосын қоса кетіпті. Саттар бауыр оққа ұшты. Бірақ Жамбыл оларды шейіттердің қатарына қосады. Олардың ерлігін жырлайды.

Аттандық ұлығының қонысына,

Елді сорған борсықтай болысына.

Көп ерлер қаза болды жауға аттанып,

Көксеген азаттықтың соғысында.

 

Би, болысты тәңірі атты,

Ел қорғауға жарамай.

...Енді ойласақ не қалды,

Атажұрттан кету бар,

Жолға тігіп не жанды,

 Тәуекелге беку бар!

Жамбыл жігерлі сөз айтты. Бұл өлең ауылдан ауылға жетті. Енді Жамбыл жай ақын ғана емес, рухшыл, көтерілісшіл ақындардың санатына кірді.

Халық сөзін сөйлейтін ұлдарын халықтың өзі көтеріп алатыны осыдан ғой. Жәкеңнің «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деуі жарасымды.

Жалғасы бар...

Уәлихан Қалижанов,

филология ғылымдарының докторы,
ҰҒА академигі

Abai.kz

8 пікір