Сенбі, 4 Мамыр 2024
Араша 8203 35 пікір 25 Желтоқсан, 2020 сағат 13:20

Ей, замандас!

Қарау оймен туған көп түн ішінде,
Көріп жүрмін ұсағын, ірісін де.
Қонаевтың қылмысын бетіне айтсаң,
Қайда қалдың, замандас, тірісінде.

Құба төрге жаңа еді жайғасқаның,
Сөзін сөйлей бастадың қай қасқаның?
Қонаевтың мазалап әруағын,
Ей, замандас!
Бұ сенің қай сасқаның?!

Тұрған кездің өзінде қауіп төніп,
Жүгірген елдің жоғын тауып беріп,
Сол кісінің арқасы емес пе еді,
Сенің де еркін өскенің сауыққа еріп.

Қонаевқа тіліңді безей берме,
Оқ өтпейтін кеудеңді сауыт көріп.
Қабірінен бір күні атып шығып,
Басыңды алып жүрмесін шауып келіп.

Күнің ауып, төменге көлбегенде,
Қаныңды ішер талай сұм шөлдегенде.
Моласына ит болып сарысаң да,
Не істейді өлгендер көнбегенде.

Бұның ауыр зардабы қара да тұр,
Сүйегіңе таңба боп қалады ақыр.
Әруақтарға тиісу бұл күндері
Салт-дәстүрге айналып бара жатыр.

Қолдан келер дәрмен жоқ.
Не істейін,
Кімді дұрыс, кімдікін теріс дейін.
Білсең егер елден де қауқар кеткен,
Арам шөбі қаптаған егістейін.

Сөз келтірме, ендеше, киелі елге,
Жөнсіз істі саясат, жүйе көрме.
Қонаевтың мазалап әруағын,
Ей, замандас!
Жүйкеге тие берме.

2

Аңын жетіп ұстаған құмай қуған,
Жәй сөз деме сен мұны құр айтылған.
Мықты болсаң қайтарып неге алмайсың,
Қара Ертістің арнасын Қытай бұрған.

Рафаэль Ниязбек,

Ақын. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Шешенстанның Халық батыры

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1004
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 869
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 654
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 731