Сенбі, 4 Мамыр 2024
Сайлау 5476 18 пікір 24 Желтоқсан, 2020 сағат 16:34

Дебат. Сөзсайыста кім ұтты, кім ұтылды?

Енді жарты айға жуық уақыттан соң (17 күннен соң), 10 қаңтарда Қазақстанда кезекті рет Парламент сайлауын өтеді, білесіздер. Бұған дейін Парламент сайлауына қатысты ел ішінде әртүрлі болжамдар айтылды. Әлеужелідегі әжік-гүдік әңгімелерге салсақ, бұл сайлау былтыр өтуі керек-ті. Саяси сарапшылардан тартып, желідегі жұрт: «Президент сайлауынан соң, іле-шала Парламент сайлауы өтеді», - деп болжаған. Рас, Парламент сайлауы мерзімінен бұрын өтуі де мүмкін еді. Өйткені, осыған дейін бірнеше мәрте кезектен тыс Парламент және Президент сайлауларын өткізген едік. Бірақ, олай болмай шықты. Ол бөлек әңгіме...

Тәуелсіздіктің 29 жылында Қазақстанда 7 рет Парламент сайлауы өткен екен. Және оның көбі өкілеттігі аяқталмай жатып тарқатылған. Қаңтардағы сайлау 8-ші сайлау.

Президент пәрмен беріп, науқан басталғалы бері ОСК ресми тіркелген деп таныған алты саяси партия додаға түсетіндерін ресми жариялады. Кейін, Қазақстандағы жалғыз «оппозициялық партия» деген аты бар ЖСДП сайлауға байкот жариялап, науқаннан бас тартты. Қалған партияларды ОСК тіркеп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды.

Бесеудің бәсекесі

«Нұр Отан» - билік партиясы. Партияның негізі 1999 жылы қаланған. Әуелде «Отан» партиясы болып құрылған еді. 2006 жылы сьез өтіп, партияның атауы «Нұр Отан» болып өзгерді.  Партияның төрағасы – Нұрсұлтан Назарбаев. 900 мыңға жуық мүшесі бар. Мәжілістегі 107 орынның 84-і осы партияға тиесілі.

«Ақ жол» партиясы 2002 жылы құрылған. 260 мыңға жуық мүшесі бар. Мәжілістегі 107 орынның 7-еуі осы партияның өкілдеріне тиесілі. Ақ жол – либералдар партиясы саналады. Идеологиясы – демократиялық ел, Алаш идеясын насихаттау һәм антикоммунизм идеясы.

Мәжіліске үш мәрте өткен. Президенттік сайлауға екі мәрте үміткер ұсынған. 2005 жылы Әлихан Бәйменов 1,61 пайыз дауыс алса, 2019 жылы Дания Еспаева 5,05 пайыз дауыс жинаған.

«Қазақстанның Халықтық партиясы» - 2004 жылы құрылған партия. Бұрынғы Коммунистік партия. Кей мәліметке сүйенсек, 105 мыңнан астам мүшесі бар. Мәжілістегі 107 орынның 7-еуі «коммунистерге» тиесілі. Дәл сайлаудың қарсаңында партия басшылары ребрендинг жасап, ат ауыстырған. Коммунистік деген атаумен қош айтысқан...

Мәжілістегі үш партия осы, міне. Бұлардан өзге ресми тіркеуден өткен тағы екі саяси партия бар. Енді солар туралы аз кем айта кетейік...

«Ауыл» партиясы 2002 жылы тіркеуден өткен. Ал 2003 жылы қайта тіркеуге тұрды. Оның төрағасы Әли Бектаев қазір Сенат депутаты. 2007 жылы Мәжіліс сайлауына қатысқан. 1,51 пайыз дауыс алып, Парламентке өтпей қалды. Ал 2011 жылғы президенттік сайлауға бұл партия үміткер шығарған жоқ. 2012 жылы да Мәжіліс сайлауына түскен. Ол жолы 1,19 пайыз дауыс жинады.

«Адал» партиясы. Дәлірек айтсақ, бұрынғы «Бірлік» партиясы 2013 жылы тіркеуден өткен. Бұл партия туралы мағлұмат өте аз. Дәл сайлаудың алдында ат ауыстырып, додаға түсті. Құрамына есім-сойы елге белгілі азаматтарды тартып, үміткерлер тізіміне қосты. Бұл партия 2016 жылы Мәжіліс сайлауына қатысқан. 0,29 пайыз дауыс жинап, Парламентке өткен жоқ.

Дебат: 5 партияға 1 сағат аз ба, көп пе?

Үгіт-насихат дедік қой. Сол науқанның ең қызды-қызды кезеңі саяси партиялардың телеэфирдегі сөзсайысы екені белгілі. 22 қазан күні дебат өтті. Оған 5 бірдей саяси партия қатысты. «Қазақстан» арнасы еншілеп таратқан теледебат 1 сағат 5 минутта аяқталды. Оның алғашқы 6 минутын «Ашық алаңның» жүргізушісі  партиялар мен дебат ережесін таныстыруға жұмсады. Қалған уақыт партияларға берілді. Бұл аз ба, көп пе? Әуелгі гәп осы!

«Қазақстан» арнасы – бұл мемлекеттік телеарна. Оның меншік иесі – ҚР Үкіметі! Бұл арна Қазақстаның бүкіл аумағына түгел таралады. Түрлі әзіл-ысқақ бағдарламалар мен отандық және шетелдік телесериалдарға сағаттап уақыт бөлетін мемарнаның еліміздің басты саяси оқиғасы – Парламент сайлауының дебаты үшін 1 сағатқа жетер-жетпес уақыт бөлгені көптің көңілінен шықпағаны және рас. Мұны әлеуметтік желілердегі пікірлерден де анық байқауға болады. Бір айта кететіні – теледебат бастан-аяқ мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде өтті!

Жә, сонымен теледабат өтті. Оған бес партияның өкілі келіп қатысты. Айналдырған 1 сағатта кім не айтты? Кімнің сөзі өткір болды? Кім сөзден жығылды? Рет-ретімен жазайық...

Бұл жолғы дебатқа бес партия қатысты. Олар жоғарыда аталған: «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл», «Адал» және «Қазақстанның Халықтық партиясы».

Науқанға қызу араласып, Мәжіліске баруға ниетті бес партияны айттық. Бұл жолғы телеэфирдегі сөзсайысқа осы бес партия кімдерді қатыстырды? Енді сол туралы жазайық...

«Нұр Отан» үміткері – Айдос Сарым. Жасы – 45-те. Саясаттанушы. Қазақ қоғамына есім-сойы етене таныс Айдос Сарым осыған дейін түрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда қызмет істеген. ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық кеңестің мүшесі. «Нұр Отан» қатарына биыл қарашада ғана қосылған.

«Ақ жол» үміткері – Берік Дүйсембинов. Жасы – 49-да. Заңгер, тарихшы. 2016 жылдың наурызынан бері Мәжіліс депутаты. Парламентке «Ақ жол» партиясының тізімімен өткен.

Осыған дейін қазақ қоғамында қызу талқыланған бастамаларының бірлі-жарымы:

«25 адам көшеге шықса, 250 полиция жүреді»,

«Тауық қора мен шошқа қорадан шыр айналып шыға алмай жүрміз. Неге?»,

«Ашаршылықты «геноцид» деп мойындататын уақыт жетті!».

Ескере кететін тағы бір жайт – дебатқа қатысқан бесеудің ішінде депутаттық тәжірбиесі бар жалғыз үміткер - Берік Дүйсембинов болды.

«Ауыл» үміткері – Дәулеткерей Кәпұлы. Жасы – 43-те. Ақын. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты. Екі дүркін Мемлекеттік стипендия иегері. Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, Халықаралық Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі.

«Халықтық партия» үміткері – Ғазиз Құлахметов. Бұл азамат туралы ақпарат жоқтың-қасы. Партиялық тізімдегі мәлімет бойынша Шымкенттегі «Қаратау» ЖШСәкімшілік-шаруашылық басқармасының директоры. «Facebook» желісіндегі парақшасын орыс тілінде жүргізеді екен.

«Адалдың» үміткері – Мақсат Толықбай. Тележүргізуші. Партия қатарына биыл ғана қосылған. Айтпақшы, жаңағы партиялардың теледебаты өткен «Ашық алаң» бағдарламасының бұрынғы жүргізушісі осы Мақсат Толықбай еді.

Регламенттелген теледабат

Теледебат регламенттелген тәртіппен өтті. Үміткерлердің пікір-таластырған тақырыбы: «Ұлттық құндылықтар және идеология» болған. Әр партия өкіліне аталған тақырыпты ашуға 2 минуттан уақыт берілді.

Әділдік үшін айта кету керек, «Ұлттық құндылықтар және идеология» тақырыбын толық аша білген үш партия болды. Олар: «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Ауыл». Осы аталған партиялардың спикерлері нақты тақырыпты 60-70 пайызға қамтыды. Ал қалған екеуі жолай сырғытып өте шықты, әлеуметтік-эономикалық тақырыптарды сөз етті.

Жерді сату – анаңды сатумен тең!

«Қазіргі әлемде мәдениеттердің теке-тіресі жүріп жатыр. Мәдени және ақпараттық экспанция соғыстан да қауіпті. Сондықтан руханиаттың тұп-тамыры ауылда жатыр» деп, сөйлеген Дәулеткерей Кәпұлы жер мәселесін талқыға салып: «Біз иттен туып, іннен шыққан жоқпыз. Жерді сату – анаңды сатумен тең! Жерді сатуды және жалға беруді түбірімен тоқтатып, мараторий аяқталғанша заңмен шегелеп алуымыз керек» деді.

Айналып келгенде ел біреу, мемлекет біреу!

Ал Айдос Сарым: «Біз мың өліп, мың тірілген қазақпыз. Мың өліп, мың тірілген қазақпыз десек те, алдағы сынақта біздің уақытымыз бар ма? Тарих бізге уақыт бере ме? Біз көптеген дүниеге наразы болуымыз ықтимал. Көп нәрсеге көңіліміз толмауы заңды. Бірақ, айналып келгенде ел біреу, мемлекет біреу! Біз үлкен реформаға кіріп бара жатырмыз» деп сөйледі.

Алаш идеясы қазақтың ұлттық идеясы болуға толық құқы бар!

Ал «Ақ жол» үміткері Берік Дүйсембинов: «Біздің партияның бағдарламасының сүбелі бөлігі еліміздің Тәуелсіздігіне және Алаш идеяларына арналған. Алаш көсемі Әлихан Бәкейхан: «Мемлекеттігі жоқ ел жетім», - деген. Сондықтан біздің Тәуелсіздігіміз – басты байлығымыз. Еліміздің Тәуелсіздігі өз бастауын Алаштан алады. Қазақтың жеріндегі әрбір тасы қазақтың кеудесіне түйме болып қадалуы керек. Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн қазақтың иығына шекпен болып жабылуы керек.

«Біз біреуден кем болмауымыз үшін, білімді, бай һәм мықты болуымыз керек», деп елді бірлікке, экономикалық Тәуелсіздікке шақырған Алаш идеясы бүгінгі күні қазақтың ұлттық идеясы болуға толық құқы бар» деді.

Осы тұста модератордың: «Ақ жолдың декоммунизация туралы бастамасы популизм емес пе», деген сұрағына Берік Дүйсембинов: «Коммунистік идеяның өзі жеке меншікке, кәсіпкерлікке қарсы идея. Естеріңізде болса, Совет өкіметінің кезінде қанша адам алыпсатар деп айыпталып, сотталып кетті.

Тарихқа көз жүгіртсеңіз, қазақ негізгі тірегі, қамқоршысы, ұлттық экономиканың негізі болған қазақ байларын кәмпескелеп, оның соңы ұлы аштыққа ұласып, 4 миллион жазықсыз қазақты жер бетінен жойып жіберген осы коммунизм идеясы болатын. Қызыл қырғынның құрбаны болған ата-бабаларымыздың сұрауын сұрап, тарихи әділдікті талап етуді сіз популизм деп санайсыз ба?» деп, әдемі жауаптады.

«Біз халық, жер, қоғам проблемаларын көтеріп жүрген партиямыз» деп, сөз бастаған «Халықтық партия» үміткері Ғазиз Құлахметов әрі қарай партия бағдарламасында жазылған 10 тарауды оқып берді. Онда: халық денсаулығы мен білімі, баспана мәселесі, азық-түлік қауіпсіздігі, несиелік амнистия мен зейнет жасын төмендету т.б. әлеуметтік мәселелер қамтылған екен.

«Адалдың» су-жаңа мүшесі Мақсат Толықбай да өз сөзінде әлеуметттік проблемаларды көтерді. Соның ішінде, МӘМС-ті (медициналық қорды) тарату, бюджеттік сала еңбекақысын 200 мыңға, ең төменгі күнкөріс деңгейін 60 мыңға көтері, кепілсіз баспана, несиелік жеңілдік т.б. мәселелер қамтылған.

Әр партия жетекшілері 2 минуттан көсіліп барып тоқтаған соң, кезек сөз-жарысқа берілді. Бұл кезеңде партия өкілдері бір-біріне сұрақ қойып, сәті келсе сөзден жығуға тырысты. Осы кезеңнің талықыланар тұстары һәм өткір сөздері төмендегідей болды:

Айдос Сарым:

«20 жылда «Нұр Отан» ұлттық құндылықтарды түгендеуде не бітірді?» деген сұраққа жауап:

«Бүгінде үлкен бастама басталды. Ол – Президенттің тапсырмасымен қуғын-сүргін құрбандарын реаблитациялау. Осы арқылы біз ашаршылық кезіндегі, соғыс кезіндегі қаза тапқан азаматтарымыздың әрбірін тауып, оған белгі қойып, сол арқылы біз жиырмасыншы ғасырмен қоштасуымыз керек. «Соғыстың соңғы солдаты өлгенше соғыс аяқталмайды» дейді. Ендеше, біздің елде ашаршылық та, азамат соғысы да, отан соғысы да аяқталған жоқ».  

Берік Дүйсембинов:

«Алаш идеясы мен Еуроқұндылықтарды қалай байланыстырасыздар?» деген сұраққа жауап:

«Қазақта үйрен де жирен» деген сөз бар. Бізге керегі – Еуропаның технологиясы, ғылымы. Жастардың көбі ауа көшіп сол жақта оқып жатыр. Оқып қана жатқан жоқ, сол жақта қалып қойып жатыр. Еуропалық өмір деңгейін неге осы Қазақстанға әкелмеске? Неге Еуропа біздің жемқорлардың қолы ғана жететін жер? Осы жердегі білімнің, медицинаның, осы жердегі өмір деңгейі Еуропамен бірдей болуы керек!».

Ғазиз Құлахметов:

«Сіздерді Парламентке әкелген коммунизм идеясы еді. Одан бас тарттыңыздар. Енді сіздер коммуниссіздер ме, жоқ әлде ұлтшылсыздар ма?» деген сұраққа жауап:

«Коммунизмнің негізгі миссиясы тапсыз қоғам құру, жеке меншіктен бас тарту еді. Қазіргі уақта мұндай ұрандарды іске асыру мүмкндігі жоқ екенін жақсы түсінеміз. Біз социалдық идеяларымызды сақтап қаламыз. Декоммунизациялану, ребрендинг жасау бізге қандай мүмкіндіктер ашты? Осы уақытқа дейін коммунистік партияға көптеген жақсы идеясы бар азаматтар келе алмай отырды. Олар өздерін коммунистермен байланыстырғысы келген жоқ.  Ал қазір сондай азаматтар бізге келіп жатқаны жасырын емес».

Осы жерде бір айта кететін мәселе – осыған дейін аталған партияның мүшесі, депутат Жамбыл Ахметбеков партиядағы ребрендингке қатысты айтқан пікірінде: «Партия аты өзгергенмен, коммунистік идеологиядан бас тартпаймыз» деп, сөйлеген еді.

Мақсат Толықбай:

«Ана мен бала зорлығы қылмыстарымен күресте сіздердің партия не ұсынады?» деген сұраққа жауап:

«Пандемия кезінде бұл көрсеткіш көбейгенін көріп отырмыз. Бұл қылмыстардың көбі – жұмыссыздықтан болады. Тағыда сол  әлеуметтік проблемаларға келіп тріледі. Өндіріс керек, шикізаттан арылу керек. Екіншіден, мәселе заңның әділ сөйлемейтінінде».

Дәулеткерей Кәпұлы:

«Жағдайы жоқ адам театрға бара ма? Ауылды қалай көркейтеміз?» деген сұраққа жауап:

«Біз ертең Парламенкте өтсек, әуелі «Қазақстан аграрлы ел» деген бағдарламаны заңмен бекітуіміз керек.  Ауылшаруашығына берілетін субсидия белгілі бір топқа ғана арналған».

Төртінші кезең: Желі қолданушыларының сұрақтарына жауап

Айдос Сарым:

«Мөде қағанның кезінен бері басқаның бәрін берсек те, жерді бермеуіміз керек деп санаймыз! Жер басты құндылығымыз!».

Берік Дүйсембинов:

«Ерден ердің несі артық, сөздерінен ісі артық» дейді. Біздің артымызда 18 жылдық жүріп өткен тарихымыз тұр. Үш шақырылымда жинаған тәжірбие бар. Кәсіпкерліктің қолдаушылары көп болса, еліміз бай болады».

Ғазиз Құлахметов:

«Халық несиені жетіскенне алмайды. 42500-ге 4,5 миллион адам өтініш берген. Осының өзінен ақ көрмейсіз бе?».

Мақсат Толықбай:

«Жерді сатуға түбегейлі қарсымыз!».

Дәулеткерей Кәпұлы:

«Ұлттық құндылықты той-томалақпен өлшемеу керек!».

Жалпы өткендегі партиялардың телеэфирдегі сөзсайыс, ой жарысының жалпы мазмұны осы болды. Бұл сөзсайыста қойылған сұрақтарға нақты әрі дәйекті жауап беру жағынан үздік үштік: Айдос Сарым, Берік Дүйсембинов және Дәулеткерей Кәпұлы болды (редакцияның сбъективті пікірі).

Айта кетейік, Парламент сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Оған жоғарыда аталған бес саяси партия да қатысуда. 2007 жылдан бастап Мәжіліс партиялық тізім бойынша жасақталады. 107 депутаттан тұрады. Оның 9-ы Ассамблея дейтін ұйымнан. Қалғаны сайлауда 7 пайыздық межені еңсерген партиялардың партиялық тізім бойынша іріктеледі.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1006
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 871
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 655
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 734