Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Абайлаңыз 2961 1 пікір 21 Желтоқсан, 2020 сағат 14:05

Covid-19. Британияда анықталған түрі 70%-ға қауіпті

Ұлыбританияда коронавирус індетінің жаңа штаммы табылды. Ол бұрынғыдан гөрі 70 пайызға жұқпалы дейді, мамандар. Ұлыбритания премьері Борис Жонсон аталған коронавирустың жаңа штаммының жедел өршуіне, мутацияланған вирустың өлім-жітім көрсеткішінің жоғары болуына қатысты пікір айтыпты.

Өзінің Twitter-інде: «Бұл туралы [вирустың жаңа штаммы] айтарлықтай сенімсіздік бар, және ол біз қарастырған түпнұсқаға қарағанда 70%-ға жұқпалы болуы мүмкін», - дейді Жонсон.

Алайда ол вирустың мутацияланған түрінен өлім-жітім бұрынғыдан гөрі жоғары болатыны тураны нақты мәлімет әзірге жоқ екенін айтады.

«Коронавирустың жаңа түрі анықталып отыр. Соған байланысты, Ұлыбританияның кейбір аймақтарында аурудың таралу жылдамдығы күрт өсті», - деп хабарлады Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок. Бұл мәлімдеме 15 желтоқсанда айтылған. Ол кезде Ұлыбританияның 60 аймағында вирустың жаңа түрін жұқтырудың 1000-нан астам фактісі расталған.

Лондон осы аптада Covid-19 індетінің таралуына байланысты карантиндік шектеулердің максималды, яғни үшінші деңгейін енгізді. Ұлыбритания Үкіметінің 19 желтоқсандағы мәліметі бойынша, пандемия басталғаннан бері елде 2 миллионнан астам адамнан Covid-19 індеті анықталған.  Ал 13 желтоқсаннан 19 желтоқсанға дейінгі алты күнде 173,3 мың адам індет жұқтырған. Бұл көрсеткіш өткен аптаға қарағанда 38,1%-ға көп.

Ұлыбритания әлемде бірінші болып өз азаматтарына коронавирустық инфекцияға қарсы Covid-19 вакцинасын жаппай сала бастады.

Ал кононавирустың жаңа түрінің пайда болуына байланысты Еуропа елдері Ұлыбританиямен әуе және темір жол байланыстарын тоқтатты. Олар:

Нидерланды 1 қаңтарға дейін Ұлыбританияға қатынайтын барлық жолаушылар үшін әуе және темір жол байланыстарын тоқтатты.

Франция Ұлыбританиямен арадағы барлық байланыс жолдарын 48 сағатқа тоқатты. Бұл шектеу жолаушылар тасымалына ғана емес, жүк тасымалдарына да қатысты қабылданған.

Ирландия Англия, Уэлc пен Шотландиядан қатынайтын барлық жолаушылар тасымалын 48 сағатқа тоқтатты.

Германия жексенбіге дейін бұл мемлекеттен келетін әуе рейстерін тоқтатқан. Сондай-ақ, Германия барлық Еуропа одағы елдерін осындай шешім қабылдауға шақырған.

Бельгия өткен жексенбіде Ұлыбританиямен әуе және темір жол байланыстарын 24 сағатқа тоқтатқан.

Италия Ұлыбританиямен екіарада қатынайтын барлық рейстерді 6 қаңтарға дейін тоқтатқан. Осыған дейін вирустың британдық белгісі Италияда да анықталғаны айтылған.

Түркия мен Швейцария да Ұлыбритания, Дания мен Нидерландыға қатынайтын барлық әуерейстерін тоқтатқан. Қанша уақытқа тоқтатылғаны айтылмаған.

Бұдан бөлек, Сауд Арабиясы да шекарасын жапқан.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

1 пікір