Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2125 0 пікір 14 Ақпан, 2012 сағат 19:19

Әуезовтің үйінде болғанда

Қоңыр күздің жапырағын саба­ғынан үзген 1958 жылдың қараша айы еді. Ал­матыға Қытай еліндегі сайлау науқаны­ның кесірінен кешігіп келдік.

Университетте оқу қыркүйектің 1-ін­де басталған. Мұрындарына су жетпей жанталасып, сабақта жүрген студенттер. Биыл филология факуль­тетінің ІІ-ІІІ курстарына Мұхтар Әуе­зов «Туыстас әдебиеттер» және «Абай­танудан» лекция оқитын болыпты деген хабарды естіп, ерекше қуандық.
Келесі күні сабаққа келдік. Аудитория жастарға лық толған. Бір сәт есіктен жазушы Мұхтар Әуезов пен Темірғали Нұртазин кірді. Дүр етіп орындарымыздан тұрып қарсы алдық. Орта бойлы, толық келген, жазық маң­дай Мұхаң бірден лекция оқуға кірісті. Мұхаңның сөзі майда, бидай өңі жайдары, кең тынысты жан екені нұр жүзінен білінген­дей. Тіпті ғұлама адамның жай ғана жымиғаны бізді өзіне тарта түсті.

Қоңыр күздің жапырағын саба­ғынан үзген 1958 жылдың қараша айы еді. Ал­матыға Қытай еліндегі сайлау науқаны­ның кесірінен кешігіп келдік.

Университетте оқу қыркүйектің 1-ін­де басталған. Мұрындарына су жетпей жанталасып, сабақта жүрген студенттер. Биыл филология факуль­тетінің ІІ-ІІІ курстарына Мұхтар Әуе­зов «Туыстас әдебиеттер» және «Абай­танудан» лекция оқитын болыпты деген хабарды естіп, ерекше қуандық.
Келесі күні сабаққа келдік. Аудитория жастарға лық толған. Бір сәт есіктен жазушы Мұхтар Әуезов пен Темірғали Нұртазин кірді. Дүр етіп орындарымыздан тұрып қарсы алдық. Орта бойлы, толық келген, жазық маң­дай Мұхаң бірден лекция оқуға кірісті. Мұхаңның сөзі майда, бидай өңі жайдары, кең тынысты жан екені нұр жүзінен білінген­дей. Тіпті ғұлама адамның жай ғана жымиғаны бізді өзіне тарта түсті.

Студенттер екі-үш күндей ұстаз лек­циясын тыңдап, ғұламаға бауыр баса бердік. Оқыған лекциялары мән­ді де мағыналы еді. Біз қызыға тың­дадық. Өз сөзін жазушы әуелде біраз бөгеліп, тоқырай сөйледі де, жүре келе жазыққа шыққан жорға­дай жосылды...
Менің ойымды Кәрім Әкірамұлы­ның Мұхаңа жіберген аманаты бүйі­рім­­нен түртіп мазалағандай. Төр­тінші са­бақ күні болатын. Лекция­сын аяқ­таған жазушы деканатқа беттеді. Мен де ұстазыммен ілесіп бірге жү­ріп келемін. Деканатқа таяп қал­ғанда, өзім­ді батыл ұстап:
- Аға, менде Үрімжі қаласында тұратын Кәрім деген жазушының сізге жіберген аманаты бар еді. Соны қалай тапсырсам екен? - деп қиыла сұ­радым.
Мұхаң сәл кідірді де, маған дөң­геленген қос жанарын төңкере қарап:
- Иә, ол кісіні білемін. Ол - Кә­кітай ғой! Ширек ғасырдан соң тіл қатқан адам. Қалай, денсаулығы жақ­сы, мал-басы аман ба? Қытай тілін мық­ты біле­тін азамат! - деп маған үлкен бір мейі­рім­мен қарағандай болды да:
- Сен сол, арғы беттен келдің бе? - деп сұрады.
Жүрегім тездете соқса да:
- Иә, аға, оқуға келіп едім, - деп ұяңдау жауап бергенде ұстазым кіді­ріп, бұрын араласып жүргендей жылы қарады да:
- Жексенбі күні сағат онда үйге келіңдер. Сонда әңгімелесерміз,- деп бөлмеге кіріп кетті.
Әуезовтің үйіне баратын болған қуа­­нышымда шек жоқ. Таңның тезі­рек атуын күттім.
Келесі күні бәрімізден бойшаң, сырықтай Құрманбай Толыбаевты ал­ға салып, төрт жігіт сағат онда Мұх­тар Әуезов үйінің алдына келдік. Есік қоңырауын басуға батылымыз жетпей, біраз тұрдық.
- Сен бас, Уәли, сен бас! - деп сау­даласып тұрғанда, есік қоңырауын Құр­манбай басып қалды. Шылдыр ете түс­кен қоңыраудың әуенді үні біраз кідір­ген соң, үлкен қоңыр есік ашыла берді. Есікті Мұхаңның өзі ашқанына қатты қысылдық. Ұялғанымыздан жа­па-тармағай:
- Ассалаумағалейкүм, ассалаумаға­лейкүм, аға, - деп сәлемдесе бастадық. Берген сәлемімізді:
- Уағалейкумассалам! - деп алған жазушы өрімдей жігіттерге қарап:
- Ал, жігіттер, төрлетіңдер, - деп бізге ықылас көрсетті. Құрманбай бой­шаңдығына басып, төрлете берді. Сол бой­да төрт қабырғасын кітаппен көм­кер­ген үлкен кітапхана залына өттік. Алдыңғы қатарға келіп отырған Мұхаң Құрманбайдан бастап, бәрімізбен та­ныс­ты да, тұғырдағы қырандай орнынан көтеріліп, ішкі бөлменің терезесін жапты. Орнына қайта жайғасқан соң қос жанардың қиығын бізге тастап:
- Оқуға келгендерің жақсы болған. Қазір нағыз оқитын шақтарың. Оқу керек! - деген ғұлама ұстаздық ықыла­сымен бізді желпіндіре түсті.
«Жылқы кісінескенше, адам түсініс­кенше», деген аталы сөз текке айтылмаса керек. Бағанадан үнсіз отырған жігіт­тер енді серпіліп сөзге араласты.
- Аға! Мына бір нәрсеге шамалы көңіл бөлсеңіз? - деді бір мезетте Уәли қолындағы жібек кілем оралған таяқты Мұқаш екеуі екі шетінен ұстап жазып.
- Мұха, мынау Кәкітай Әкірамұлы­ның Сіздің 60 жасқа толуыңызға ес­керт­­кіш сыйлық ретінде жіберген аманаты еді.
Кілемге таяп келген Мұхаң ондағы Шанхай қаласының көркін тамашалай:
- Қытай халқы осындай қолөнер шеберлігімен дара халық. Қандай ға­жап көрініс! Егер шебер суретші болса, біздің Алматы мен Алатауды да осындай керім етіп шығаруға болады ғой! - деп, өз ойын тебірене айтқан ол қала үстіндегі көк аспан сілеміне араб әрпі­мен қызыл жібекпен кестеленген «Қа­зақ әдебиетінің даңқы болған - Мұхтар Омарханұлына! Кәкітай Әкі­рам­­­ұлы­нан! 15 қараша, 1958 жыл, Үрім­жі қа­ла­сы» деген жазуды сыдыртып оқып шықты да бізге қарап:
- Жазуды шебер кестелеген екен! - деп оң қолын үстел астына жүгіртті. Біз кітап алар деп ойлап едік, олай болмады. Ағамыз жоғарғы бөлмеге қоңырау соғып, біреулерді шақырса керек.
Сәлден соң есіктен, үстінде көзге көрікті гүлді жабыншасы бар апай кірді. Бәріміз орындарымыздан тұрып амандастық. Біздерге аналық мейі­рім­мен қарап амандасқан әйел жазушыға жақындай берді де:
- Мұхтар Омарханович, бұлар сіздің студенттеріңіз бе? - деген ойын сыбырлай айтты. Мұхаң басын изеп:
- Қытайдан келіп оқып жүрген жас­тар! - деп әлгі апамызға қарап күлім­дей сөйлеген ағамыз бізге бұрылып:
- Жігіттер, бұл кісі осы үйдегі тәтелерің - Валентина Николаевна болады, - деп апайды таныстырды да, үстел үстінде жатқан кілемді жазып Валентина Николаевнаға көрсете берді.
Кілемді бір шетінен ұстаған апамыз қатты таңырқап қос жанарын бізге төңкеріп:
- Қандай көркем жасаған! Суретін қандай әдемі түсірген! - деді. Ұста­зымыз сол арада дереу орысша түсін­діріп жатты. Кілем көркіне қызыға қара­ған Валентина Николаевна бәрі­мізге, арыстан әз ағаға тарту-сияпат аттандырған Кәкітайға рахмет айтты да, жоғарыға көтеріліп кетті.
Мұхаң аз толғаныстан соң:
- Қалай, жігіттер, зеріктіңдер ме? - деп жымиды. Бағанағыдай емес, батыл­дыққа ауысқан Құрманбай:
- Жоқ, аға! Жақсы әңгіме адамды зеріктіре ме? - деп өзінің ықыласпен тыңдағанын аңғартты.
Осы сәт орнынан көтеріліп, жүре сөйлеген ұстазымыз:
- Әңгімені көңіл қойып тыңдай біл­ген де үлкен естілікке жатады, - деп бір қойды. - Мен сендер біледі-ау деген үміт­пен мына бір жайды сұрағым ке­леді. Біздің бала кезімізде, үлкен кісі­лер дүниеден өткенде айтылатын сың­сыма-жоқтау болушы еді. Кейін үні өшіп, айтылмайтын болды. Сол жыр ар­ғы бет­тегі ағайындар арасында бар ма?
Әңгімеге қаршығадай қанатын жая араласқан Уәли Бекенов:
- Аға, сіз сұраған сыңсыма біздің ауылда жиі айтылады. Елде аты шық­қан үлкендер қайтыс болса, сол адамды жөнелткенде қырқында, жылында ауыл әйелдері көпке мұң шағып, дауыс айтып жоқтайды, - деп аптыға сөйледі. Сөйтті де өзі көрген-білген жәйтті жақ­сылап айтып берді.
- Уәли, сөзіңе қарағанда жоқтау дәстүрі өзгермепті-ау. Сенің айтуыңа бақсам, сол баяғы қалпында екен. Ал домбырада осы сыңсыманың әуенін тартуға қалайсың? Апаларымыз бен аналарымызды бір еске алайық, - деп толқи сөйлеген Мұхаң орнына отырды. Осы сәт ұстазына күлімдей қараған Уәли Мұхаңның қоңыр домбырасын қолына алып, құлақ күйін келтіре бастады.
- Ал, аға, мен білгенімше тартып көрейін,- деп балақұстай талпынып, домбыраны қолтығына қыса түскен Уәли сыңсыманы бірден домбыра саға­сынан бастады. Ол астыңғы бір сағадағы ішекті сұқ саусағымен діріл­дете шертті. Боздаған домбыра сазы, әуелде алыстан үзіліп шыққандай естіл­ді де, зарлы үн барған сайын көте­ріліп, жақындай берді. Бір ішек­тің қоңыр шанақтан шыққан үні - жас ана зар­лап тұрғандай зарлы шық­қанына жазушы таңдана берді. Талай күйші­лерді тыңдаған Мұхаң, мынадай сұқ саусақпен домбыраны дірілдетіп тарт­қанды көргені осы екен. Бұл шебер домбырашыға тән қасиет қой деп ойлады ол.
Ұзақ тартылған зарлы жоқтаудың ащы үні мұңы бітпеген ана дауысына ұқсап, баяулап үзіле берді. Бағанадан үлкен толғаныс иірімінде отырған ұстазға байыппен қараған күйші:
- Міне, аға! Сыңсыма осындай сарында боздап кете барады, - деп жоқ­тау үнін саябырлатқанын аңғарта сөй­леді. Бағанадан кішкентай шынаша­ғын тістеп, ойға батқан Мұхаң сыңсы­маның аяқталғанын біліп орнынан тез көте­рілді де күйшіге таяп келіп:
- Ой, дүние-ай! Бітіп қалды ма? Шіркін, осы зарды тыңдап өскен бабаларымыз да өтті ғой бұл дүниеден! Қандай ғажап жыр! Жүректі шалып, өзекті өртейтін отты зар! Иә, өз әнінде, сол сарында жақсы сақталыпты! Бұл сыңсыма Моцарттың «Реквиемінен» әл­деқайда жоғары жатқан жыр ғой! Нағыз ашын­ған ел зары. Шіркін, нотаға түсіріп, оркестрмен ойнаса, Қаратаудың басын­дағы азалы көшке ілескен бүкіл қазақ аналары боздағандай естілер еді-ау! Бұл жөнінде Ахмет Жұбановқа қолқа салармыз. Он саусағың талмасын, бауырым! - деп өз сөзін толқи айт­қан ғұлама, күйші жігіттің қолын қысты.
Сыңсыма туралы ойлана түскен жазушы өмір бұралаңдары жөнінде көп ойланып, отырғандармен сыр бөлісті. Сондағы ол кісіні толғандырған жәйт төмендегі тақырып еді.
...Халқымыз сонау 1916 және 1932, 1937-жылдары басына төнген қара бұлттан қаймығып, шетке ауғаны бәрі­мізге аян. Сол сұрапыл жылдары атақо­нысынан қанша аяулы азамат, қол үзіп, тентіреп кетті. Менің есімде ерекше сақталған сондай боздақтардың бірі - Зият Шәкәрімұлы.
Зият орысша білім алған талантты музыкант болатын. Ол әкесі Шәкәрім қажының өліміне куә болып, жаны түр­шігіп, күңіренген азамат. Қара ниетті­лерден безініп, басқа елде торғайдай тозған жан!
Шәуешек, Алтай және Үрімжіде болған жиырманың ішіндегі Зияттың ерекше талант иесі екенін таныған бай-манаптар ауылдарына ұстаздық­қа шақырған, бірақ бейтаныс елге бар­ғысы келмеген.
Зият, 1930 жылдары Шәуешекте «Шұғаның белгісі», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» пьесаларын киіз үй сахнасында қойып, туған жерге деген са­ғыныштары сарғайтқан жұртты жұ­батқан азамат. Оның ауылда жылқы бағып жүргенде шығарған әндерін біз жиі айтушы едік. Әсіресе, «Сыр­ғалы жеңгей», «Бекзатым», «Шилі өзен» әндері есімде. Амал не, азамат жер ауып, надандар жаласынан түрмеге түсті. Оның жүрегінде ел-жұртына, достарына деген ыстық махаббат кетті. Көп әндері өзімен бірге жолаушылап, тайғақ жердің тасасында қалды.

1956 жылы, Алматыға келген Дәнеш Рақышев, Зияттың біраз әнін айтты. Асыл азамат шетте жүріп, елін, жерін, достарын сағынып, кеу­десін керіп, өзегін өртеген, жүрек сезімін әнмен кестелеген.

Махаббат тақырыбында көптеген әндер шығарған. Бірақ, көбісі айтушы аузында, тырнағанның тырна­ғында кеткен. Дәнештің білетіндері - «Көзіңнің мөлдірін-ай!», «Анашым», «Екеуім-ай!», «Сарбидай» ән­дері болатын. Айтқандарын тыңда­дық, қазақы қоңыр үнге толған тамаша ән екеніне көзіміз жеткен.

- Ел қадірлеген осындай азамат­тың сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз! Қандай қатыгез, надан өмір еді! Мынандай елі, жері бар азаматқа сол жерден бір төмпешік бұйырмауы қандай өкінішті!..
Осы сөздерді айтқанда жазушы жанарына жас үйіріле берді...

- Келесі жылы Италияға - Спартак еліне барамын. Амандық болса, алдағы жылы сол Шыңжаң қазақ­тарын аралап, Зият Шәкәрімұлы мен Мәрсеков Ыбырайымжанның жүрген жерлерін көріп, қайда қалғанынан бір дерек білгім келеді.
Өздерің домбырада тартқан сың­сыма жырын көзбен көріп, құлақпен тағы тыңдасам деген арман бар. Оның сыртында балам Мұрат Москвада қытай тілін оқиды ғой. Сол жігітті ерте барып, Кәкітай Әкірам­ұлына қытай тілін үйретуді тапсыр­мақпын.
Сонда бірталай істің беті ашылып, тозған елдің өмірін көріп, одан көп нәрселер үйреніп, дәптерге түсі­ріп те қайтар едім. Бұл алдағы күн­дердің ісі. Алла жол берсе, арғы бетке ауған елді аралауға барамын, - деген ойын ұлы жазушы үлкен сенім­мен айтқан еді!
Амал қанша, ол арманына жете алмады, ғұмыры қысқа болды...

Ғалым ТЫНЫБАЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

Алматы.

http://www.egemen.kz/?p=325819

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 836
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 673
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 529
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 538