Жұма, 3 Мамыр 2024
Алаң 6434 20 пікір 15 Желтоқсан, 2020 сағат 14:25

Ресей ЕАЭО-дан КСРО жасағысы келе ме?

Осыдан алты жыл бұрын «Еуразиялық экономикалық одақ» құрылды. Бүгінгі таңда оған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения елдері мүше болып отыр. Әу баста одақты құру туралы шартта оған мүше елдердің мүддесі толық қорғалатыны, әр ел тең құқылы болатыны, бірге дамуға жағдай жасалатыны жазылған.

Алайда көптеген сарапшылар ЕАЭО-ның негізінен Ресейдің мүддесі үшін жұмыс жасайтын одақ екенін айтады. Мұндай ойды тіпті осы одақты құрушылардың бірі, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева да айтқан. Назарбаева сенат спикері болып тұрған кезінде «Қазақстан бизнесі ЕАЭО аясындағы саудада негізсіз шектеулерге тап болуда», деп мәлімдеген. Демек, билік басындағылардың өзі осылай десе, тәуелсіз сарапшылар ЕАЭО-да Қазақстан мүддесінің қалай тапталып жатқанына мыңдаған мысал келтіретін шығар...

Бірақ одақ құрамындағы елдердің басшылары мұндай ойда емес. Олар бұл одаққа шаң жуытпайды. Көрші елдердің арасында алыс-беріс арта түсті деп мақтанып жүр. Кейде тіпті Еуроодақпен салыстырғысы келеді. Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков осындай ой айтқан.

«ЕО секілді шекара жоқ, шекарашылар жоқ. Біздің азаматтарымыз одақ территориясында емін-еркін қатынап-тұруы, мейлі ол медициналық, мейлі ол білім беру саласында болсын қызмет түрлерін алуы керек. Кез келген мемлекеттің кез келген азаматы Белоруссияда немесе Ресей мен Қырғызстанда секілді барлық қызмет түрлерін еркін алуы керек», - деген еді Жээнбеков.

ЕАЭО-ны ЕО-мен салыстыру мүлде ақылға қонбайтын әңгіме екені сөзсіз. Себебі ЕО-ға тең құқылы, тең дәрежелі, өркениетті елдер мүше. Олар бір-бірінің шекарасына көз алартпайды, ішкі ісіне араласпайды. Ал ЕАЭО мүлде керісінше. Мұнда одақтың өзге мүшелері Ресейдің қас-қабағына қарап отыр. Ресей көрші елдердің териториясына таласады, ішкі ісіне араласады, нұсқау береді. Тіпті мүмкіндік туса ол елдерді өз құрамына қосып алуға қарсы емес. Импералистік, шовинистік ұстанымы басым. Ал мұндай елмен бірге шекара жоқ, шекарашылар жоқ өркениетті одақ құру мүмкін емес.

Бұл сөзімізге дәлел іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Айналасы он күннің ішінде Ресей думасының қос бірдей депутаты Қазақстан мүддесіне қайшы келетін ашық мәлімдеме жасады. Алдымен Вячеслав Никонов дегені «Қазақстан деген болған емес. Солтүстік Қазақстанда адам тұрған емес. Қазақстан территориясы – Ресей мен Совет одағының берген сыйлығы», - деді. Оның ізін ала тағы бір керауыз Евгений Федоров деген шығып, алғашқысын аса сөйледі. Бұл депутат «Ресей Қазақстан заңсыз басып алған жерді қайтарып алу керек» деп мәлімдеген.

Міне, көршіміздің, одақтасымыздың ойы осы. Мұндай арам пиғыл ресейліктер тарапынан бірінші рет айтылып отырған жоқ. Қазақ жерін тартып алу - ұйықтаса түсінде көретін армандары. Осы жолы екі бірдей депутаты бірінен-бірі өтіп, одақтастыққа, дипломатияға жат сөз сөйлеп отыр. Ендеше, бұл елді тату көршіміз, одақтасымыз деп санауға бола ма деген сұрақ туындайды.

ЕАЭО-да ортақтар көбейіп келеді

Биыл 8 желтоқсанда Президент Тоқаев «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбеккерлерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталған Заңға сәйкес енді Қазақстандықтар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден зейнетақы алуына болады.

ЕАЭО зейнетақысынан бөлек, ортақ жұмыс күші деген келісім де бар. Ол бойынша, ЕАЭО заматтары аталған одақ аясында еркін жұмыс істеуіне рұсат берілген. Мәселен ЕАЭО-ға мүше елдердің футболшылары біздің елде легионер саналмай, қазақстандықтармен бірдей мәмілеге кенеледі. Тіпті осы футболдан ортақ чемпионат өткізсек деген ұсыныстар да жиі айтылып жүр.

Ал ортақ валюта енгізу мәселесін Ресей үнемі ұсынып келеді. Тіпті ЕАЭО елдерімен бірдей ақша пайдалансақ шекеміз шылқып өмір сүрер едік деген түсінік біздің елде де қалыптасып үлгерген. Қазақстан билігі ортақ ақша болмайтынын бірнеше рет айтқанымен, бұл ұсыныстың тамырына толық балта шабылған жоқ.

Ресей Президенті Владимир Путин бір кездері Еуразиялық одақ аясында ортақ ақпараттық кеңістік құру идеясын да ұсынып көрген. Егер оның өзіне салсаңыз, ЕАЭО-дан қазір-ақ КСРО жасай салуға кет әрі емес. Сарапшылар ЕАЭО жыл өткен сайын саясаиланып бара жатыр деп есептейді. Соның бірі саясатшы Асхат Қасенғали:

«Өстіп жүріп түбі КСРО-ға айналып кетпесек болды. Ортақ ғылыми жобалар, енді зейнетақы алуға болатын заң, түрлі білім мен медицинаға қатысты ортақ жобалар көбею үстінде. Әрине, екіжақты болса жақсы ғой, бірақ көбінде біржақты. Ресейлік ұстаныммен жасалуда. Мұндай қадамдардың барлығы да «ортақ сауда кеңістігінде адамдарға қолайлы жағдай жасау» деп аталғанымен, саясиланып бара жатқан одақтың түбі неге апарарын әрқайсымыздың ішкі сұмырайымыз сезіп отыр ғой. Саудаңды жаса, болды. Саясиландырма! Ал ең дұрысы, бұл одақтан шығу», - дейді.

ЕАЭО – Ресей мүддесіне жұмыс істейді

Еуразиялық экономикалық одақтағы Ресейден өзге төрт мемлекеттің де қып-қызыл шығынға батып отырғаны жасырын емес. ЕАЭО нарығындағы монополия – Ресей мүддесіне жұмыс жасап отырғанын статистика көрсетіп берген.

ЕАЭО-ның әу бастағы мақсаты бойынша, одаққа мүше көрші елдер арасындағы өзара алыс-беріс арта түсуі керек еді. Бірақ ресми статистика мұны жоққа шығарып отыр. Одақ аясында сауда-саттықтың азайып келе жатқаны байқалады. Сондай-ақ, одақ аясындағы саудада Ресей өзге төрт елден әлдеқайда басым. Басқаша айтқанда ЕАЭО-да Ресейдің саудасы ғана қызып тұр.

Сонымен қатар Қазақстанның одақ аясындағы сыртқы сауда айналымында импорт басым. Тіпті импорт экспорттан 4 есеге жуық артық. Осыдан-ақ, ЕАЭО-да Қазақстанның негізінен сатып алушы ел екенін аңғаруға болады. Оның өзінде осы сауда-саттығымыздың 92,1%-ы Ресеймен жүргізілген. Өзге 3 одақтасымызбен өзара саудамыз 7,9% ғана.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті таратқан ақпаратқа сәйкес, еліміздің ЕАЭО елдерімен қаңтар-қазандағы өзара саудасы 15904,6 млн. АҚШ долларын құрап, 2019 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 9% азайған. Соның ішінде экспорт – 4 459,9 млн. АҚШ доллары (13,1% азайды), импорт – 11 444,7 млн. АҚШ доллары (7,3% азайды) болған.

Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымы жалпы көлемінде Ресей Федерациясына – 92,1%, Қырғызстан Республикасына – 4,1%, Беларусь Республикасына –3,7%, Армения Республикасына – 0,1% келеді екен.

Осы санды мәлімететтердің өзі Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасы төмендегенін, әрі сауда-саттығымыздың тек қана Ресеймен жүріп жатқанын дәлелдейді.

ЕАЭО-ның Ресейдің мүддесі үшін жұмыс жасайтынының тағы бір дәлелі, биыл көктемде Қазақстан үкіметі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің кәсіпорындарына зауыт-фабрика салу үшін жер учаскелері тегін беруді жоспарлады. Бұл қадам түптеп келгенде Қазақстанда жұмыс істегісі келген ресейлік кәсіпорындарға тегін жер учаскелерін беру үшін жасалған. Абырой болғанда, қоғамдық қарсылықтан кейін бұл қойыртпақ жоспар жүзеге асқан жоқ.

Оны аз десеңіз, ЕАЭО елдеріне Ресейдің мүддесін одақ болып қорғау ұсынылған. Ол бойынша, ЕАЭО-ның бір мемлекетіне үшінші бір ел санкция салса, ЕАЭО-дағы өзге елдер бірлесіп одақтасының мүддесін қорғауы керек болатын. Яғни, Ресейге АҚШ немесе ЕО елдері санкция салған жағдайда, ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекет АҚШ пен ЕО-дан келетін тауарларға қарсы санкция салуы міндетті болады. Бұны енді өзге 4 ел жабылып Ресейдің мүдессін қорғау демеске амал бар ма?!

Ендеше, біздің елді ЕАЭО қып-қызыл шығынға батырып отырса, одақ аясында сауда-саттықтан пайда таппасақ, бәріміз Ресейдің мүддесіне жұмыс істеп жатсақ, соған қарамастан Ресей біздің териториямызға көз қызартып отырса, мұндай одақтың бізге не қажеті бар?! Әрине, бұл одақтан шығып кету оңай емес екені анық. Бірақ Ресейдің бүгінгідей ұшқары мәлімдемелерін одақпен қоштасудың құралы етуге не кедергі?..

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 574
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 303
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 317
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 328