Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Желтоқсан жаңғырығы 6191 23 пікір 11 Желтоқсан, 2020 сағат 12:54

Дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан (жалғасы)

Соңы. Басы 

Энциклопедиялық анықтама

Желтоқсан оқиғасы қатыгездікпен өрбіп жатқан шақта партия қызметкерінің жағдайды жұмысшыларға: «...сендерге не маңызды: бірінші хатшының қазақ болғаны ма, әлде дүкенде нан толып тұрғаны ма?» деген қарабайыр да тұрпайы түсінік беруін «мейрімсіз таяқтап зәбір көрсетуден де қауіпті әрі барып тұрған зұлым қылық» ретінде сынады. Саяси өресі тар адамдардың қазақ жастарының «Пленум шешімін қолдамауын құдды күллі орыс халқына қарсы шыққандай» рәуіште қабылдағанына реніш білдіріп, «қазақ және орыс халықтарының достығын ешкім ешқашан бұза алмайтынын», өйткені бұған «ұлтымыздың қан қақсап, қасірет шегуі арқылы жеткенін», тіпті «партия-совет қызметкерлерінің ұжымдастыруды қорқынышты асыра сілтеуге ұластырып жүргізуі салдарынан екі миллиондай жанынан айрылғанда да партияға, орыс халқына сенімін жоғалтпағанын» айтты.

Барша жұрт әртүрлі оқу орындарында Лениннің ұлт мәселесі жөніндегі туындыларын оқығанмен, оларды емтихан тапсырғаннан кейін мүлдем ұмыт қалдырды, «егер осы күндері соларға қайта көз салса – көшеге шыққан жастарды ақтайтын» көп тұжырым тапқан болар еді деді. «Партия тұрмысындағы күрт бетбұрысқа шейін елімізді жайлаған ахуал, атап айтқанда масайраушылық, ойға не келсе соны істеп масаттанушылық  көңіл күйі, нақты жағдайды әсірелеп көрсетуге ұмтылу,  идеологиялық, насихаттық жұмыстың өмірден қол үзуі» қазақ қыз-жігіттерінің шеруге шығуын біртіндеп даярлады деп, болашақта қолға алынуға тиіс нақты ұсыныстар жасады. «Бұл қозғалысқа кінәлі – біз, ересек ұрпақ, білімді ұрпақ, біз, партия-совет қызметкерлері» дей келе, жаңа биліктің саясатын түсіндірудің орнына «жігіттер мен қыздарға, біздің 17–20 жасар балаларымызға қарсы жекелеген пысықай қызметшілердің шоқпар сілтеген, сапер күрекшесімен ұрып, су атқылағыш, түтіндеткіш құтылар қолданған, тіпті аласұрған иттерге талатқан қылықтарын гуманистің ақыл-ойы ешқандай да ақтай алмайды», «өкінішке қарай, осы күндері көптеген тәртіп сақтаушылар бір сәтте-ақ жуасытушылар мен жазалаушылар рөліне құлдырап түсіп кетті» деп қорытты.

Бұл көрініс атақты ақын, майдангер Жұбан Молдағалиевті қатты шошындырды, ол жазушылардың 1986 ж. 31 желтоқсанда Г.В. Колбинмен кездесуінде өте күйініп: «Желтоқсан ереуіліне қатысушы қазақ жастарын билік тұтқасын ұстағандардың қалай жәбірлеп жазалағанын көргенше, маған майданда өліп кеткенім жақсы болар еді» деді. Әйгілі ақынның жүрекжарды сөзі жұртшылыққа кеңінен тарап кетті, алайда оны да, белгілі заңгер-ғалымның сөзін де өкімет қаперіне алған жоқ, бас көтеруге батылы жеткен «отар құлдарын» тұқырту шараларын жүзеге асыра берді. Жоғарғы Кеңес қабырғасындағы «қате» сөзі үшін жазушыны бірнеше жиналысқа салды, ақыры қатаң партиялық жаза беріп, жұмысынан қуды. ҚКП ОК мәліметтеріне қарағанда, 1986 ж. 19 желтоқсанның кешіне дейін Алматы қаласы бойынша ұсталып, үстерінен іс қозғалғандардың саны – 2284, бұлардың ішінде 873 студент, 1171 жұмысшы мен қызметкер бар екен. Әр тұстан аулап ұстап, ұрып-соғып, түрмеге тоғытып, түрлі қорлық көрсетулердің, айыпты деп тапқандарды партиядан, комсомолдан шығарудың, әкімшілік жазаға тартқызып, жұмыстарынан, оқуларынан қуудың  артынша ондаған сот үдерістері өтті.

Репрессия қызып тұрған сол күндерде, 1987 ж. маусымда, Қазақстан Жазушылар одағы пленумына қатысқан Г.В. Колбинге қарсы қарап, жазушы Сафуан Шаймерденов өткір  сөз сөйледі. Оның екі-үш айда қазақша үйреніп алам дей тұрып  ыржалақтап күлгенін ащы сынға алды, оны кезінде қазақты қырғынға ұшыратқан Ф.И. Голощекинге теңгерді, «бейбiт шеруге шыққан қарусыз қазақ жастарын итке талатып, шоқпармен, солдат күрекшесімен сабатып, қынадай қырғаннан басқа, халыққа не жақсылық iстедiңiз?» деген  сұрақтармен дүрсе қоя берді. Колбинді өзімен бірге көшеге шығуға шақырды, егер оған бір қазақ тиіссе, онда бұл өзін өзі өртеп жіберуге әзір екенін мәлімдеді. Алайда репрессия бәсеңсіген жоқ. 103 адам сотталды, оның ішінде екеуі ату жазасына кесілді. (Қ. Рысқұлбеков, Т. Тәшенов, Ж. Тайжұманов, К. Күзембаевтар ісін қараған сот үдерісі үлкен шу туғызған еді. Қолдан қиыстырылған айып тағып, ату жазасына үкім шығарған сотта Қайрат Рысқұлбеков өзінің шындықты халыққа естіртуді армандағанын,  арының таза екендігін, адам өлтірмегенін халық білмей, шынымен қылмыскер деп санайды-ау деп қорыққанын айтты. Сот барысында өзінің ақ екеніне әкесі, анасы, барша жұрттың көзі жетті деп сенді. «Енді міне, қазір атып жіберсе де, арманым жоқ. Қазақ халқы үшін құрбандыққа шалған тоқтыларың болайын. Сендер аман болыңдар», – деді. Содан соң өзі түрмеде шығарған, мұң мен арман-қиялға тұнған, сот үдерісіне қатысушылардың басым көпшілігін тебірентіп-толқытқан өлеңін оқыды).

Толқулар кезінде 8,5 мыңдай адам ұсталып, репрессиялар «37-ші жыл» рухында жүрді. Партиялық және комсомолдық жазалаулар қолданылды, сот үкімдері, түрлі әкімшілік шешімдер шығарылды.  2 адамға жазаның жоғарғы шарасы берілді, 103 адам 1,5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығына айырылды. Осы оқиғаға білдірген көзқарастары үшін 52 адам партиядан шығарылған, 67 адам партиялық жаза алған. Жұмысшы және студент жастардың 787-сі комсомолдан шығарылып, 1138-іне комсомолдық  жаза қолданылған. 1200 адам – Ішкі істер, 309 адам Денсаулық сақтау және Көлік министрліктеріндегі қызметтерінен қуылған. Республикада «ұлтшылдарды» іздестіріп, әшкерелеуді көздеген тұтас бір науқан өріс алды. Жоғары оқу орнының (Алматы cәулет және құрылыс институтының) оқытушысы Әркен Уақов сотталды, бірнеше ректор мен белгілі ғалымдар қуғындалды. Соның бәрі Г. Колбиннің интернационализм және қазақ тілін оқу қажеттігі жөніндегі нақты іспен расталмаған демагогиялық мәлімдемелерімен қатар жүргізілді. Оқу орындарында жұмыс істеу және оқуға қабылдау ұлттық белгілері бойынша белгіленген пайыздық квоталар негізінде жүзеге асырыла бастады. Іс жүзінде жергілікті ұлт өкілдерінің білім алуына және беделді қызметтерге орналасуына шек қойылды.

1987 ж. шілдеде СОКП ОК «Қазақстан республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегі жұмысы туралы» қаулы қабылдаған еді. Қаулыда жалпыға ортақ тәрбиеге байланысты орынды ой-пікір келтірілгенмен, Желтоқсан оқиғасын «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде бағалаған тұжырымның болуы интеллигенция өкілдерінің наразылығын туғызды.  Саяси элита арасынан тек Сыртқы істер министрі М.И. Есенәлиев қана бұл бағаның дұрыс емес екенін, қазақ халқының халықтар достығына, интернационализмге адалдығын советтік кезеңнің барша қиын белестерінде дәлелдеп келе жатқанын 1988 ж. ҚКП ОК Пленумында айтты. Ол 1989 ж. 25 сәуірде депутаттық сұрау салып, Желтоқсан оқиғаларын және оның құпия шындықтарын ашу қажеттігін көтерді, бұл үшін жұртшылық өкілдері қатыстырылатын комиссия құруды талап етті. Комиссия құрылды, бірақ ол Желтоқсанның қасіретті күндеріндегі оқиғаның жай-жапсарын бүркеулі күйі қалдыруды көздеген есеппен  құрылған, яғни советтік дәуірдің көп кезеңінде сынақтан өткен билеуші партия амалының туындысы болатын. Сондықтан да алғашқы Желтоқсан комиссиясы жұртшылық күткен қорытынды шығаруға қауқарсыздық көрсетті.

1989 ж. 25 мамырда Мәскеуде Халық депутаттарының І съезі ашылып, онда халық депутаты ақын Мұхтар Шаханов 1986 жылғы 17–18 желтоқсан күндерінің ащы шындығын жаһанға жария еткен және желтоқсан оқиғаларына әділ баға берілуін, оқиғаға қатысқаны үшін сотталғандардың ақталуын бірінші болып талап еткен әйгілі сөзін сөйледі. Оның табандылығының арқасында, республикада түрлі кедергілерге қарамастан  бірнеше комиссия жұмыс істеп, көп іс тындырды. (М. Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» кітабында нақты мәліметтер келтірілген).  СОКП ОК Қаулысындағы қазақ ұлтшылдығы туралы айыптау алып тасталды, сотталған желтоқсаншылар бостандық алып, ақталды.

Желтоқсан оқиғасының қайғылы көріністерге ұласуы республика жетекшілерінің саяси шарасыздығынан, олардың өткір ахуалдан алып шығатын бейбіт жол таба алмауынан, соған құлықсыздық көрсеткенінен, ақыл-парасатқа емес, қара күшке иек артуды қош көргенінен болғанын ҚКСР Жоғарғы Советінің Президиумы 1990 ж. 24 қыркүйектегі Қаулысында атап көрсетті. Азаттық алған желтоқсаншылар өздерінің қоғамдық ұйымдарын құрып, елімізде жасалып жатқан демократиялық өзгерістерге атсалыса бастады, оқиғаға қатысты өз естеліктерін жариялады.

Желтоқсан оқиғасы мен оған қатысушылар жайында Т. Бейісқұлов, К. Табеев, Ж. Әнесұлы, Б. Төлепберген, М. Шаханов, т.б., желтоқсаншылардың өздері (Ә. Уақов, Х. Қожахметов, Ж. Сәбитова,  т.б.) жазған кітаптар,  Т. Айтбайұлы естеліктерден құрастырған «Алматы. 1986. Желтоқсан: Айғақ-кітап» атты көптомдық, сол кезеңдегі құжаттар мен материалдар жинақтары, режиссер Қ. Әбеновтің «Аллажар» деректі фильмі, т.б. кинофильмдер түсірілді, Қ. Түменбаевтың, Т. Сәукетайдың, т.б. көркем туындылары, деректі, публицистикалық шығармалар, әндер жарыққа шықты. Алматыда «Тәуелсіздік таңы» монументі тұрғызылды. Аягөзде де желтоқсаншыларға арналған ескерткіш ашылды. Қ. Рысқұлбековке Халық қаһарманы атағы берілді, Таразда ескерткіш қойылды. 

1986 жылдағы желтоқсан айының қаһарлы күндерінен бері көп уақыт өткенмен, саяси бас көтеру оқиғасы естен шыққан жоқ, керісінше, маңызы артып келеді. Өйткені өскелең ұрпақтың осынау ереуілі халқымыздың өткен ғасырлардан бері әлсін-әлсін отарлық езгі мен озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы тұрып, бұрқ-бұрқ көтерілулерінің заңды жалғасы болатын. М.С. Горбачев бастаған Саяси Бюроның 1985 жылдың көктемінен жеделдету, жариялылық, қайта құру сынды ұрандар тастауы, сол ұрандарымен  жалпақ елде демократиялық өзгерістерге жол ашатын жаңа саясат жүргізе бастауы, сөйте тұра, біздің халқымыздың еркімен санаспай, 1986 жылғы желтоқсан айында ұлтымызға жайсыз кадрлық шешім жасауы бағзы тарихи әділетсіздіктерді қайтадан өткір түйсінткен.

Алайда, жарияланған демократияны малданып, наразылық білдірген қазақ жастарының бейбіт шеруіне, оларды өзімен тең сөйлесуге кем санайтын өкімет (жалпы тоталитарлық билік үшін бірінші кезекте мемлекет мәртебесі тұрғандықтан, адам тағдырымен, әсіресе «ұлтшылдықпен» ешқандай да санаспайтын билік) күш қолдануымен жауап берді. Тиісінше тыныш демонстрацияның ақыры күштік құрылымдармен қарсыласуға, саяси көтеріліске ұласты. Себебі биліктегі партия «совет елінде ешқандай да ұлт мәселесі жоқ» деген жалған желеуді бетке ұстайтын. Ал ҚКСР Конституциясы бойынша Қазақстан – өз аумағында өз бетінше дербес мемлекеттік билік жүргізетін егеменді кеңестік социалистік мемлекет (68-ші баб) еді. Кеңестер Одағын құрысқан, одақтан еркін шығып кете алатын тәуелсіз мемлекеттердің бірі ретіндегі құқтары КСРО Конституциясының 70-ші және 72-ші бабтарында мойындалған-тын. 

Заң жүзінде солай бола тұра, Қазақ Республикасының егемендігі де, өзін өзі билейтіндігі де, ұлттылығы да мәскеулік билік тарапынан аяққа тапталды. КСРО-ның Негізгі Заңындағы: Қазақ Республикасы «...еңбекшілердің ерік-жігері мен мүддесін қорғайтын социалистік жалпыхалықтық мемлекет» делінген 1-ші баб жәй ғана көз алдау болып шықты. Советтік Социалистік Республикалар Одағы деп аталатын алып мемлекеттің іс жүзінде «біртұтас және бөлінбейтін» патшалық Россияның  жаңаша жалғасы екенін уақыт ап-айқын көрсетті. Болған оқиға теңдік пен еркіндіктің жасандылық сипатын дәлелдей түсіп, қазақ халқының шыдамын кемерінен асырды. КСРО және ҚКСР Конституцияларының 6-шы бабтарына сәйкес, Совет Одағының Коммунистік партиясы «қоғамның жетекші және бағыттаушы күші» болып табылатын. Сол «...күштің» қатаң идеологиялық торымен одақтас республикалар да, олардағы халық депутаттарының кеңестері де бекем шырмалғандықтан, Кеңестер Одағы біртұтас унитарлық мемлекетке айналдырылған еді. Яғни КСРО іс жүзінде, өмір көрсеткендей, басында монарх (император) тұрған Ресей империясының аты өзгертілген, төбесіне Саяси Бюро қонжиған жаңа түрі болып шыққан.

Міне, осы кеңестік неоимперияда әділетсіздік және көпе-көрінеу жалған сөйлеу әдеттегі құбылысқа айналған болатын. Сондықтан да партияның қайта құру саясаты  жария еткен демократиялық жаңаруға сенген жастарға өкімет «наркомандар, маскүнемдер» деген жалған айып тағып, оларды тоталитарлық шоқпардың астына алды. Демократиялық қозғалысты әскери күшпен басу үшін құпия түрде арнайы операция жоспарын жасап, жүзеге асырды. Мұндай әрекет жастарды ашындыра түсті, соның салдарынан бейбіт шеру озбыр отаршылдыққа, неоимпериализмге қарсы көтеріліске ұласты.

КСРО Гимні «азат республикалардың бұзылмас одағын Ұлы Русь мәңгілікке біріктіргенін» мәлімдеген сөздермен, ал ҚКСР Гимні: «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан», – деген, шынайы қазақы болмысты бейнелейтін  жолдармен басталатын. Қазақтың азаттық пен ар-намыс үшін ештеңеден тартынбаған жанқиярлық дәстүріне адал жастар көкейлеріне түйген күдікті бейбіт жолмен шешу мақсатында идеялық көсемнің портреті мен оның және ол құрған партияның ұлт мүддесін көздейтін тұжырымды сөздері жазылған транспаранттарды бастарына көтеріп шықты. Бірақ алаңдағы мінбеге көтерілген өкімет өкілдері олардан тек қана «тәртіп бұзбай, жатақханаларына тарқауларын» талап етті. Жуасыту және жазалау шаралары метрополия жоспарына сәйкес мұқият жүзеге асырылды.

Отаршыл билік Алматыдағы орыс тұрғындардың қолдарына ашықтан ашық суық қарулар үлестіріп, алаңдағы қазақ жастарын өлімші етіп ұрып-соғуға, тіпті өлтіріп тастауға да пұрсат ететіндей бата берді. Кеңес өкіметі басшылығының рұқсатымен жасалған осынау мемлекеттік қылмыс:  «Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры, Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына» деген гимн сөзінің шын астарын айқара ашты. Жаңа тұрпатты отаршылдар мен олардың жергілікті жандайшаптары астанада жұрттың ұлттық белгілері бойынша қудалануына жол ашты, ұлтаралық араздықты қолдан тұтатуға әрекеттенді.

«Аға» мәртебесімен дәріптелетін халық өкілдерін және орыстанған өзге тектілерді, сондай-ақ барша ләббай-тақсыршылдарды  империялық орталық «бесінші колонна» ретінде пайдалануға ұмтылды. Белгілі дәрежеде біраз уақыт солай ете алды да. Кремльдің Алматыға жіберген өкілдері КСРО Конституциясындағы: «...одақтас республикалардың егемендік құқтарын КСР Одағы сақтайды» деген 81-ші бабқа қасақана, арнайы мақсатпен әрекет ететін жасақтарды қалаға өзге республикалардан тасымалдап, метрополияның отардағы «құлдарын» тұқырту, «тәртіпке салу» жұмыстарын жүргізді. Бірақ ұлттық сезім мен намыс басты түрткі болған ұлт-азаттық көтеріліс оты тез арада республиканың шартарабына тарап үлгерді. Мұндай қарсылық туатынын күтпеген орталық саяси көтеріліс жайында дұрыс ақпарат тарамауына, оны бұзақылардың тәртіпсіздіктері етіп түсіндіруге күллі идеологиялық қаруын жұмылдырды.

Одақтас республикалар іштен тынғанмен, алыс шетелдер үнсіз қалған жоқ. Еуропа елдерінің белгілі азаматтары атуға бұйырылған көтерілісші Қайрат Рысқұлбековтың тағдырына араша түсіп, КСРО басшылығына хат жолдап жатты. Қасаң тоталитарлық жүйеге күллі КСРО бойынша бірінші болып қарсы шығып, жанкештілікпен азаттық үнін көтерген қазақ жастарының көтерілісі  басқаларды да оятты. Мәскеу озбырлығына қарсылықтар Кавказдағы, Балтық жағалауындағы одақтас республикаларда орын алды. Ұзамай, коммунистік режим тұтастырған тоталитарлық алып мемлекетте тегеурінді демократиялық өзгерістер жасалды.

Кеңестік бір елге біріккен одақтас республикалар КСРО Конституциясының 72-ші бабында көзделген одақ құрамынан еркін шығып кете алатын құқтарын пайдаланып, 1991 жылы өздерінің мемлекеттік тәуелсіздіктерін жариялады. Қазақ көтерілісінің 1956 жылғы Венгриядағы және 1968 жылғы Чехословакиядағы көтерілістердің жалғасы және нәтижелісі болғанын атап айту керек: қазақ жастарының 1986 жылғы саяси бас көтеруі серпін берген ерен құбылыстың нәтижесінде кеңестік империяны ұстап тұрған коммунистік режим құлады. Тарихи оқиғаның дамуы барысында КСРО-ның өзі ыдырап қана қоймай, тиісінше, оның әлемдегі ықпалы шектелді.

КСРО-ның жетекшілігімен Еуропа мемлекеттерінің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін 1955 жылы Варшавада талқылаған мәжілісте құрылған сегіз европалық социалистік мемлекеттің  әскери одағы – Варшава келісімшарты 1991 жылы біржола күшін жойып, 36 жыл бойы дүниедегі әскери күштерді саяси тұрғыда қарама-қарсы екі тарапқа жарып келген ұйым тарқады. КСРО-ның идеологиялық құрсауынан азат болған елдер өз мемлекеттік құрылымдарын қайта қарады (екі неміс мемлекеті бірікті, Чехословакия, Югославия федерациялары жеке мемлекеттерге бөлінді). Ерік-жігері идеологиямен ауыздықталған қасаң елде шынайы демократиялық жаңаруға 1986 жылғы Желтоқсан осылайша жол ашып, өзара дұшпан әскери лагерьлерге бөлінген биполярлы әлемдегі жасанды қарсы тұрушылықты жойған құбылыстардың  бастауына  айналды. 2016 жылғы 25 қазанда Астана қаласында өткен «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты  халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда отыз жылдық биіктен аса құнды пікірлер айтылып, өкімет алдына бірқатар маңызды ұсыныстар  қою жөнінде шешім қабылданды. Ұмытылмас Желтоқсан тарихының  жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудегі маңызы зор.  Сондықтан да оның жас ұрпақ арасында кең насихатталуына әрқашан қамқорлық көрсетіп отыру ләзім.  

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

23 пікір