Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 6309 20 пікір 10 Желтоқсан, 2020 сағат 13:03

Байқоңырда Қазақ тілін оқыту үшін Ресейден рұқсат сұраймыз

Байқоңыр қаласының 7 мектебі Ресей Федерациясының білім беру стандарттарымен оқиды. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин айтты.

Ал, мектеп бағдарламасына Қазақстан тарихы, қаза тілі мен әдебиеті пәндерін енгізу үшін Ресейдің Оқу-ағарту министрлігі рұқсат етуі қажет екен.

«Байқоңыр қаласының 7 мектебінде оқыту Ресей Федерациясының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Бұл мектептерде қазақстандық балалар да оқиды. Олар өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратындықтан, олар үшін Қазақстан тарихын, қазақ тілі мен әдебиетін білу маңызды болып табылады. Мектеп бағдарламасына аталған пәндерді енгізу үшін Ресей Федерациясының Оқу-ағарту министрлігінің рұқсаты қажет»,- деді Үкімет басшысы.

Маминнің айтуынша, Байқоңыр қаласындағы ресейлік мектептерде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту туралы мәселе 2020 жылдың 10 қарашасында өткен үкіметтік комиссияның күн тәртібіне енгізілген. Кейіннен аталған мәселе бөлек қаралады деген себеппен алынып тасталыпты.

«Байқоңыр қаласы бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының бөлек отырысында қараудың орындылығы туралы шешім қабылданып, аталған мәселе күн тәртібінен алынып тасталды.

Байқоңыр қаласындағы 7 мектептің біреуін Ресей Федерациясының балансынан алып Қазақстанның коммуналдық меншігіне беру мәселесі де білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кезекті комиссияның отырысында қарастырылатын болады», - деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар, ҚР азаматтарын қазақстандық Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары бойынша оқыту мәселесін шешу үшін 2019-2020 оқу жылынан бастап № 275 орта мектептің базасында орыс тілінде оқытатын бастауыш сыныптар ашылған.

Ал, 2020 жылы Қызылорда облысының әкімдігі Ресей мектептеріндегі қазақстандық 5-11 сынып оқушылары үшін ҚР стандарты бойынша орыс тілінде оқытылатын сыныптар ашу бойынша жұмыстар жүргізді. Келешекте орыс тілінде оқытатын қосымша сыныптар ашу жұмыстары жалғаспақ.

Аталған мәселені 13 қараша күні Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы көтерген болатын.

Сенатордың айтуынша, Байқоңырда Ресейге қарасты 5 мектеп пен 1 балабақшада ғана қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік жасалған.

«2015 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметаралық комиссиясының шешімімен Ресей Федерациясына қарасты 5 мектеп пен 1 балабақша ғана Қазақстан Республикасының юрисдикциясына алынып, балаларға қазақстандық стандартпен қазақ тілінде білім алуына мүмкіндік жасалды. Үстіміздегі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қосымша екі балабақша ашылып, қызмет көрсетуде.

Дегенмен, қазақ тілінде тәрбие беретін бала бақшаларының бүгінгі жағдайы алаңдатып отыр. Өйткені, бұл бала бақшаларда ана тілінде тәрбие беру және толыққанды мектепалды даярлықтан өткізуде кемшіліктер бар. Соған орай қазіргі уақытта ата-аналарды өз балаларының алдағы уақытта қазақ мектептерінде білім алуы үшін  толыққанды мектепалды даярлықтан өтулері қанағаттандырмай келеді.

Сол себептен, Байқоңыр қаласының орталық тұрғын үй мөлтек аудандарында орналасқан Ресей Федерациясының меншігіндегі, толық пайдаланылмай тұрған 13 балабақшаның бірнешеуін Қазақстанның юрисдикциясына алуды Байқоңырлықтар орынды көтеріп отыр деп санаймыз. Бұл қала тұрғындары үшін  өзекті проблеманың бірі»,- деді Сенат депутаты.

Бүгінгі таңда Байқоңыр қаласында қазір 77 мыңнан аса халық тұрады. Оның 70 пайызы Қазақстан азаматтары. Ал, қазіргі жағдай бойынша, Байқоңыр қаласындағы қазақ тілінде білім беретін 5 қазақ мектебінде бүгінгі күні 5 236 бала білім алса, Ресейлік 7 мектепте 4049 бала білім алады, соның 1 508-і, яғни 37 пайызы Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары.

Айта кетейік, 1995 жылдан бастап Қазақстан – Ресей үкіметі арасында Байқоңыр космодромына байланысты 20-дан астам келісімдер ратификацияланып, құқықтық актілерге қол қойылып, қабылданған.

Алайда, сенатор Байқоңырда тұрып жатқан Қазақстан азаматтарының әлі де болса да шешімін таппай отырған  мәселелері жеткілікті екенін алға тартты.

Abai.kz

20 пікір