Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4567 0 пікір 6 Ақпан, 2012 сағат 07:00

Нұрлан Дулатбеков. Алаштың Ақбаевы

Ұлт тарихы - ұзын сонарлы, түрлі кезеңдерден, жолдардан өткен, қилы-қилы замандарды бастан кешкен тарих. Ал Алаш тарихы, Алаш қозғалысы - ұлт тарихының толғақты, тағылымды кезеңі. Алаш қозғалысына қатысты әрбір дерек біз үшін маңызды болуы тиіс. Өйткені, бұл ұлт-азаттық қозғалыс халқымызды ұйыстыруға, дербес мемлекет құруға, ең бастысы - ұлтымыздың рухын көтеруге арналған ұлы шара еді. Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай Алаш қозғалысы туралы жүйелі зерттеулер жүргізіліп келеді. Бұл құптарлық қадам. Өйткені осы айтулы қозғалыстың тарихын тану - халқымыз жүріп өткен жолдарды саралаумен бірге, ұлттық болмысымызды жаңғырту, жаңарту, түгендеу болатындығы сөзсіз. Осы саламен түбегейлі, жүйелі түрде шұғылданып, зерттеп жүрген барыста өткен жылы бірнеше ғасырлық тамаша тарихы бар, талай-талай тұғырлы тұлғалардың тамырлы ізі қалған Санкт-Петербург университетінде арнайы болған едік. Ондағы мақсат - осы ордалы оқу орнында ХХ ғасырдың басында білім алған үркердей топ, қазақ зиялыларына қатысты тың деректер іздестіру, табу болатын. Бізді университет президенті, зият білім иесі, зерделі ғалым Людмила Алексеевна Вербицкая зор ілтипатпен қарсы алды. Кісілігі мен кішіпейілділігін тең ұстаған, мені кем, алды кеңжайсаң тұлға ресми қалыптан шығып, риясыз пейіл танытып, іссапар барысына орай жан-жақты жағдай жасады.

Ұлт тарихы - ұзын сонарлы, түрлі кезеңдерден, жолдардан өткен, қилы-қилы замандарды бастан кешкен тарих. Ал Алаш тарихы, Алаш қозғалысы - ұлт тарихының толғақты, тағылымды кезеңі. Алаш қозғалысына қатысты әрбір дерек біз үшін маңызды болуы тиіс. Өйткені, бұл ұлт-азаттық қозғалыс халқымызды ұйыстыруға, дербес мемлекет құруға, ең бастысы - ұлтымыздың рухын көтеруге арналған ұлы шара еді. Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай Алаш қозғалысы туралы жүйелі зерттеулер жүргізіліп келеді. Бұл құптарлық қадам. Өйткені осы айтулы қозғалыстың тарихын тану - халқымыз жүріп өткен жолдарды саралаумен бірге, ұлттық болмысымызды жаңғырту, жаңарту, түгендеу болатындығы сөзсіз. Осы саламен түбегейлі, жүйелі түрде шұғылданып, зерттеп жүрген барыста өткен жылы бірнеше ғасырлық тамаша тарихы бар, талай-талай тұғырлы тұлғалардың тамырлы ізі қалған Санкт-Петербург университетінде арнайы болған едік. Ондағы мақсат - осы ордалы оқу орнында ХХ ғасырдың басында білім алған үркердей топ, қазақ зиялыларына қатысты тың деректер іздестіру, табу болатын. Бізді университет президенті, зият білім иесі, зерделі ғалым Людмила Алексеевна Вербицкая зор ілтипатпен қарсы алды. Кісілігі мен кішіпейілділігін тең ұстаған, мені кем, алды кеңжайсаң тұлға ресми қалыптан шығып, риясыз пейіл танытып, іссапар барысына орай жан-жақты жағдай жасады. ХІХ ғасырдағы «қараңғы қазақ көгінен» «Аққан жұлдыз» - ұлы Шоқаннан кейінгі туған қуатты толқын - Ж.Сейдалин, Ж.Ақбаев, Б.Сырттанов, А.Тұрлыбаев, Р.Мәрсеков, т.б. қатысты осындағы мұрағат қорында сақталған материалдармен таныса отырып, біраз тың деректердің көзін аштық. Біз бүгін солардың ішінен халқымыздан шыққан алғашқы заң магистрлерінің бірі Жақып Ақбаевтың Санкт-Петербург университетінде оқыған жылдарына байланысты, жалпы білім-ілім жолындағы талпыныс-талабына қатысты сөз қозғамақпыз.

Алдымен Ж.Ақбаевтың өмірбаяны жайында аз дерек. Ж.Ақбаев 1876 жылы 25 қазанда Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы, №3 ауылының Төңіректас деген жерінде дәулетті отбасында туған. 1886жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатында оқып, 1889 жылы Омбы гимназиясына түсіп, онда жеті жыл, онан кейін Томск гимназиясына ауысып онда біржыл оқып, 1898 жылы бітіріп шығады да, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. Оны 1903жылы 1-дәрежелі дипломмен бітіріп шығады. ЖОО-да оқып жүргенде ілім-білімнің әр саласын меңгеруге талаптанады. Адамның есте ұстау қабілеті мен фактілерді екшеудің әдіс-тәсілдерін жете меңгеру үшін Одесса қаласындағы мнемоника профессоры С.Файнштейннен дәріс тыңдауға және Санкт-Петербургтегі Археология институтына оқуға түсуге университет басшыларына өтініш те жазады. Мемлекеттік сынақ комиссиясында «Қазақтардың некелік құқығы» атты тақырыпты қорғауға бекітіп алады. Кейін осы тақырыпты түрмеде отырғанда ары қарай жалғастырып, кеңейтіп, 1907жылы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында жариялайды. ЖОО бітірісімен Омбы сот палатасына қыз-метке тұрады. 1905 жылғы тамызда Омбы қаласындағы 2-учаскенің бітімші соты болады.1907-1927 жылдары аздаған үзілістермен Семей, Сырдария округтік губерниялық соттарында қызмет атқарды. Ресейдегі төрт өкімет тарапынан қуғын-сүргінге ұшырады. 1919 жылғы шілдеде ақ қазақтардың далалық соты атуға үкім шығарды. Қарқаралы, Семей, Омбы, Алматы түрмелеріне қамалып, әлденеше рет жер аударылды. Кеңес өкіметі орнаған соң ол Семей губревкомының заң бөлімінде жұмыс істеп, оның етене араласуымен губерния бойынша сот-тергеу учаскелері құрылады. Біраз уақыт Семей кеңестік халық сотының мүшесі болады, Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімінде, Семейде әртүрлі қызметтер атқарады. Ж. Ақбаев басқа да Алаш қайраткерлері сияқты сталиндік зобалаңға түсіп, Воронежге жер аударылып, ол жақтан ауруына байланысты елге қайтарылып, 1934 жылы 4 шілдеде Алматыда қайтыс болады.
Сөз бастабында нысанға алынған негізгі тақырыбымызға көшпес бұрын, біз Ж.Ақбаев өміріне қатысты қосымша, бірақ кейіпкеріміздің бекзат болмысын ашуға айрықша үлесі бар деген оймен мына бір дерекке, тағылымды тәмсілге оқырман назарын аудара кетсек пе дейміз. Жақып ағаның өмірлік серігі - татар қызы Гүлбағар Бекметова, қайын жұрты - әйгілі Бекметовтер әулеті екені белгілі. Бекметовтар әулеті өз заманында Қазақстанның қоғамдық және экономикалық өміріне белсене араласқан, ұлттық салт-дәстүрлерді жете меңгерген. ХІХ ғасырда ауқатты саудагер Халиолла Хамитұлы Бекметов (1833-1903) салдырған Халиолла үйі, Бекметов үйі қазірде Қарқаралы қаласындағы тарих және мәдениет ескерткіші, мемлекет қамқорлығына алынған. X. Бекметов түрмелерге қамқорлықтың Қарқаралы бөлімшесінің, Қоянды жәрмеңкелік комитетінің мүшесі болған. Халиолланың інісі Мұхаммед (Мақсұт) Бекметов Қазақстандағы әлеуметтік теңдік жолындағы қозғалысқа белсене араласқан. Халиолла Бекметов аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлымен дос болып, жиі араласып тұрған. Әділ де адалдығымен танылған Халиолланы Қарқаралы халқы бітімші би етіп сайлаған. Қалада мешіт, медресе үйлерін салдырып, осы аймақта кен көздерін ашуға көп еңбек сіңірген. Құнанбай Қарқаралыдағы мешітті салдырарда оның жобасы мен тұрғызылатын орнына байланысты Бекматовпен ақылдасып отырған. Халиолла қаладағы Құнанбай мешіті ғана емес, 1910 ж. Санкт-Петербургте салынып, іске қосылған мұсылмандар мешітіне де қаржылай көп көмек көрсеткен. Халиолланың кейін «Көк үй» аталып кеткен, ешқандай шеге қағылмай, бірыңғай бөренеден қиюластырған үйіне Абай бала кезінен барып тұрған. Абай Бекметов кітапханасын да пайдаланған. Жас ақынның мұнда келген әр сапары ойын-сауықпен өткен. 1977 ж. қазір балалар бақшасы ретінде пайдаланылатын Xалиолла үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Міне, осы Халиолланың қызы Гүлбағарға Жақыптың ата-анасы құда түседі. Бірақ ерке өскен, бұла сұлу, кербез қыз қара табан қазақ баласын менсінбегендей сыңай танытады, «мен қазаққа тимеймін» деп бұлданады. Содан бірде Жақып Қарқаралыдағы қазіргі Абай мұражайы орналасқан үйдің алдына келіп пәуескеден түсіп жатады. Туғаннан ерекше сымбатты, келбетті, кірпияз жігіт - қолында тростик, басында шляпа, аяғында туфли - еуропаша киінген Жақып бейнесі - өз бөлмесінің терезесінен көріп қалған қырмызы қызға ерекше әсер етсе керек. Аяқ астында сабырдан айрылған ол, ас үйде жүрген шешесіне жүгіріп келіп, «мен мына қазаққа тиетін шығармын» деп алқына жауап беріпті...
Кейінде Ресейден, Омбы шаһарынан оралып келе жатып, түрлі дәрі-дәрмектер сатып алады да, ауылға жеткен соң бір топ қара сирақ қазақ балаларын жинап алып, зайыбына олардың аяғын жуғызады екен. Содан соң әлгі дәрі-дәрмектермен ем-дом жасатады. Осы көрініске қыр басында ерекше пейілмен қызықтай қарап жатып, «Киікбайдың балалары (Киікбай - Жақып ағаның ататегі - авт.), маған разы шығарсыңдар, Бекметовтің қызына аяқтарыңды жуғыздым, одан артық сендерге не керек?» деп мәз болады екен...
Әлқисса, Санкт-Петербург университеті. Жақып Ақбаев сонары... Университет мұрағатындағы төңкеріске дейінгі құжаттар кейіннен Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағатына жіберіліпті. Псковкая, 18 мекен-жайында орналасқан бұл мекемеде «Императорлық Санкт-Петербург университетінің студенті Жақып Ақбаев ісі» №1099 ретпен сақталған екен. №14 қордың №3 жазбасындағы іс 1898 жылы басталып, 1918 жылы аяқталған.
Ж.Ақбаев өз қолымен толтырған, Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағатында сақталған өмірбаянында: «Мен 1886 жылы Қарқаралыдағы қазақ интернатына оқуға түстім, 1888 жылы Омбы гимназиясына тіркелдім, кейін бірнеше жылдан кейін Том қаласындағы гимназияға ауысып, оны 1898 жылы бітірдім» деп жазады.Санкт-Петербург университетінің мұрағатында сақталған аттестатында:«Ж.Ақбаевтың Том гимназиясында окыған жылдары тәртібі өте жақсы болды, сабаққа жақсы дайындалып, жақсы қатысты, жазба жұмыстарды жақсы орындады, оқуға ықыласты, білімге ынтасы жақсы» деп көрсетілген. Аттестатта айшықталғандай, физика, математика пәндерінен, логика мен тарихтан, географиядан өте жақсы бағалар алған. Содан соң, жоғарыда айтқанымыздай, сол 1898 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Бұл факультет Ресейдегі беделді оқу орындарының бірі ретінде, дәл сол кезде атағы кең тараған еді. Онда аса білікті ұстаз-ғалымдар дәріс оқыған. Университет тарихында атап көрсетілгеніндей, орыстың мемлекеттік құқығынан В. Милютин, дипломатиядан И. Ивановский, азаматтық құқық пәнінен К. Неволин мен К. Кавелин, орыстың қылмыстық және полициялық құқығынан Я. Баршев, қылмыстық құқық пәнінен әйгілі В. Спасович, тағы басқалары ұстаздық еткен. Бұлардың барлығы Ресей ғылымында, университет тарихында өшпес із қалдырған өнегелі ғалымдар санатынан.
Санкт-Петербургте Ж.Ақбаев Александровск даңғылы бойындағы 7-үйдің 3-пәтерінде жатып оқиды. Алғашқы жылдары Жақыптың жанында одан бір курс жоғары оқыған Айдархан Тұрлыбаев бірге тұрады. А.Тұрлыбаев есімі де ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері қатарында зор құрметпен аталады. Әуелден сыйлас, дос-жар болған екі тұлғаның жолы кейін қызметке араласқан жылдары да тоғысып отырады. Айдархан ұзақ жылдар Омбы қаласының заң орындарында қызмет еткен. Ол жөнінде нақтылы жазба деректер бар. Ал жоғарыда аталған Александровск даңғылы өз заманында Ресей астанасының негізгі көшелерінің бірі саналатын. Мұнда негізінен оқымысты-ғалымдар, бай-көпестер, қала шенеуніктері тұратын болған. Біз бұл үйге де арнайы бардық. Қазірде Добролюбов көшесі аталады. Жақып ағаның жалынды жастық жылдары өткен үйдің сырт сәулетіне көз тігіп тұрып, тағы бір көңіл толқыттық...
Университет қабырғасындағы алғашқы жылы Ж.Ақбаевқа 400 рубль стипендия тағайындалған. Сондай-ақ мұрағатта «Далалық өлке бастығының оның киім-кешек алуға қаржы бөлу жөнінде жасаған өтінішін қанағаттандырмағаны, киім-кешек стипендия есебінен жүргізілуге тиіс екендігін алға тартқандығы; соған орай Университет кеңсесінің Семей облысының студенті, стипендиат Жақып Ақбаевқа жәрдемақы беруі»жөніндегі де жазба бар (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты, №5136 іс, 17 қазан 1898 ж.).
Жалпы, жоғарыда атап өткеніміздей, Жақып ағаның өзі де дәулетті отбасынан шыққан, қайын жұртының көмегі, қамқорлығы өз алдына бір сала. Сондықтан да ақша-қаржы жөнінен көп мұқтаждық көрмеген. Соған қарамай, орнықты мінезді, алғыр жігіт алтын уақытын, алған қаржысын серілік-селтеңге зая кетірмей, жан-жақты білім алуға жұмсаған. Жоғары оқу орнында Жакыптың табиғи дарыны барынша ашылып, талапты да тәлімді шәкірт ретінде танылған. Соның бір ғана мысалы, қырдағы қиырдан  келген студенттің ғылыми жұмысына университет ректоры, белгілі заңгер А.X. Гольмстен өзі жетекшілік еткен. Адольф Христианович Гольмстен (1848-1920) - заманында заң-құқық саласында өзіндік бет-беделі бар білікті ғалым, азаматтық құқық және үдеріс пәні бойынша бірқатар салмақты еңбектер жазып қалдырған. 1899-1903 жылдары аталмыш университеттің ректоры болған.Бір айта кетерлігі, А.Х. Гольмстен жоғарыда аталған А.Тұрлыбаевтың да ғылыми жұмысына жетекші болған.
Университет қабырғасында Ж.Ақбаев Рим құқығы тарихы, Орыс құқығы тарихы, мемлекет, шіркеу, полиция құқығы, саяси экономика, статистика, азаматтық құқық және сот өндірісі, қылмыстық құқық және сот өндірісі, қаржы құқығы, халықаралық құқық, құқық энциклопедиясы, құқық философиясы тарихы сынды пәндерден дәріс алады. Осы орайда айта кететін бір жайт, бізкейінгі уақытқа дейін Жақып Ақбаевты заңгер ретінде ғана танып келдік. Рас, Ж.Ақбаев - қазақтан шыққан алғашқы заң магистрлерінің бірі.Сондай-ақ ол университет қабырғасында жүріп тылсымы тұңғиық тарих саласына барлау жасаған. Заң факультетіндегі 4-курста оқи жүріп, 1901 жылдың тамыз айынан бастап Археология институтында қосымша дәріс алған. Бұл жөнінде сақталған екі құжат бар. Біріншісінде былай деп жазылған: «Бұл дәйекнама Императорлық Санкт Петербург университетінің студенті Жақып Ақбаевқа, Санкт-Петербург Археология институтына тапсыру үшін берілді, себебі, университет бастықтары тарапынан оның аталған институтта дәріс тыңдауына ешқандай бөгет жоқ». Осылайша негізгі оқу орнынан ресми рұқсат алған Ж. Ақбаев екінші білімді де еркін игереді. АталмышАрхеология институты да аса беделді ғылыми орталық әрі академиялық оқу орны еді. Оған басқа оқу орындарын бітіргендер түсіп, екі жыл окитын болған. Ж.Ақбаевта мұнда екі жыл оқыған. Оған келесі жылы дәлжоғарыдағы мазмұндағы, 1902 жылы тамызда берілген екінші дәйекнаманы дәлел ретінде келтіругеболады.
Сондай-ақ Ж.Ақбаев Киевтегі Императорлық Әулие Владимир университетінде оқуға да ниет еткен. Ол жөнінде де мұрағат жазбаларында нақтылы деректер бар (Императорлық Әулие Владимир университеті ректорының №6255 қатынас қағазы, 15 қараша 1901 ж.).
Жақып Ақбаев ауылда, қазақ сақарасында өткізетін жазғы демалыс уақытында да өзін оқыған, байыпты, болашақ күрескер ретінде таныта білген. Ел арасын індеттей жайлаған зорлық-зомбылыққа, заңсыздыққа қатысты өз ойын ашық білдіріп отырған. Әділіне араша түскен, таразы болған. Оған мысал ретінде, 1900 жылы шілде айында Семей округтік кеңсесіне мынадай мазмұндағы шағым хат түскенін келтіре кетсек те жеткілікті болар: «Қарқаралы уезінде тұратын қазақ Жақып Ақбаев поштабай Бәкен Өтеулинге, Берікққара болысынан өтіп бара жатқан тұста өрескел мінез-құлық көрсеткен, өз ісін алаңсыз  атқаруға кедергі келтірген...» Анығында әлгі атшабар Ақтай Бақаев деген қыр қазағының аттарын лауға деп заңсыз қуып алған екен...Алаталмыш атшабар ел арасында сыйымсыз, әпербақан, аралық адам болса керек. Бұдан ел үстінен күн көріп жүрген, «барып-кел шауып келге» үйренген «мәттақымдарға» жас Жақыптың батыл тойтарыс беріп отырғанын, қара халықтың жағында болғанын, солардың мұң-мұқтажын жоқтағанын көреміз.
Ресей астанасында оқыған жылдары Жакаңның саяси көзқарастары да демократиялық арнада қалыптасады. Патшаның монархиялық билігі, парақор үкімет аппаратының әділетсіздігі жас жігітке ой салып, өз халқының тұрлаулы тағдыры, байлаусыз болашағы толғандырады. Санкт-Петербургте Жақып мырза озық ойлы азаматтармен жақын араласып, сырлас-пікірлес болады. Мұндай жылы шырайлы кездесулерде мемлекет құрылымын конституциялық жолмен өзгерту, әділетсіз билікке қарсылық көрсету жөнінде саяси әңгімелер қозғалады. Университет қабырғасында жүріп Ж.Ақбаев екі мақала жазып жариялайды. Оның бірі - «Санкт-Петербургские ведомости» газетінде жарық көрген, үкіметтің салық саясатын сынаған мақаласы. Кейін мақала қазақшаға аударылып, «Дала уәләяты» газетінің 1900 жылғы 12 санында қайта басылады. Жақып ағаның сол кездің өзінде-ақ қалыптасып қалған зейін-зердесі, парасат-пайымына дерек-дәйек ретінде мақаланың қысқаша нұсқасын келтіре кетсек пе дейміз.

СТУДЕНТ ЖАҚЫП АҚПАЕВ ЖІБЕРГЕН ЕКЕН
«ПЕТЕРБУРГ ВЕДОМОСЫ» ДЕГЕН ГАЗЕТТІҢ РЕДАКЦИЯСЫНА
(Қараныз 69-нөмірін)

56-нөмерінде 27 февральда үшбу жылда сіздің газетіңізде көрінді, Семей облысына қараған Өскемен оязынан жіберген хат. Хат жіберушінің айтқандарының бәріне риза болмасам да оған қарсы келіп бұзбаймын. Сонда да айтқандарына қосымша қып өз ойымдағыны айтамын. Бұл айтылмыш жауап тураларынан хат жазушы екі-үш мәрте көзімен көріп байқағанындай, үй басына тегіс қып салатұғын алым-шығын турасынан болған зұлымдықтары тезлікпен мұндай үй иелеріне зұлымдықпен алым салғандарына куә айтады. Бұл уақыттағы шығын болар тәртіптер түзу емес дейді. Бұрынғы алым салып жүрген тәртіптер жөндері жақсы еді деп айтады.
Мен өз жағымнан бұл айтылғандарын жай бір орынсыз, дәлел жоқ сөз деп білгенімнен соң екі түрлі тәртіп жөндерін салыстырып көрелік. Әуелі болған тәртіп уақытында, 1898 жылдан бұрын, әрбір үй иесіне алым салынғанда елу басылар старшиндарымен бірігіп салушы еді. Соның үшін үй иелеріне бас айтқан бұйрықтарын орнына бей-жай келтіруші еді, қарсы келмейінше. 1898 жылдан бастап және тәртіп жөндерін жүргізгеннен кейін басқа түр, жөндерге түсіп кетті, алым болулары елу басылардың үй иелерімен бірге болатұғын болып бірлесіп. Бұл тәртіп бойынша, съезд болған жерге үй иелері де келетұғын болды керегіне көре. Әуелі хисабын беру үшін анықтап, екінші, выборнайларын сайлау үшін. Бұл істердің бәрі де болса керек оязный начальник пен податной инспектор алдында.
Мал есептерін, выборнайларды сайламай тұрып тәптіштеп жазып бітіріп кояды (көбінесе выборнайлыққа байларды сайлап қояды). Сол себепті, әлбетте, бас адамы байлар оларды сайлап алғанша үй иелерінің ықтиярында болады. Берікқара елініңқазақтарының сөздерінен Қарқаралы оязына қараған Семей облысынын бастары Әбіш Ақтайұғлымен қойылар өз ойынша. Ақ патшаның қамқорлығы жарлыға қылған алымды бірдей қып салуға халдеріне карай. Әрнешік қылатұғын зұлымдарына карсы келмеймін, бірак көрсетемін не себепті бишара қыр облысының қазақтары мемлекеттің мархабаты өрнектеріне қарамай ұтылып қалғандар анық зұлымдықтың астында қалысқаннан кейін басылып. Мысалы, бұлардын бәрі және тәртіп жөндерімен һәм малдарының хисабына қарай алым-шығын қосатұғындарын оқымағандарынан көреміз. Шынымен бұл жаңылысқандары келешек сайлауда болмаса керек деп. Себебі қыр жайларын байқап қарап жүрген экспедиция болса керек. Мысалы, төре акша салу жөндері малдарын есептеп, мал хисабына қарай болатұғын болып кетті, айналып қыр жайларына. Өтірік жайылып кеткен хабарлар экспедиция қазақтарға жер бөліп береді, малдарының хисабына қарай деген. Міне, соның үшін жарлы қазақтар өздерінің қыстауларын өздеріне қалдыру үшін экспедиция арқылы малдарын екі есе көп қылып көрсеткен. Байлары олардан гөрі білімдері артық толған себептері басқа түрлі қып аз айтып көрсеткен. Бұларының ақыры жарлы байқұстарға ауыр тиіп һәм өздерінің қылған жаңылыстарын көтере алмай және түзете алмай, әрең-әрең шатасып күтіп тұрады, биылғы келміш сайлауда байларға тәңір жарылқасын айтып, олардың қылған жәбірлігіне мүлде қатты тыйып қайтармақтарына.
Әркімнің халіне қарай алым салғанның рас жақсы, әділдік пайдалы екеніне һәм осындай болуларына өз еркімен еткен сон, әділдікті ондатпай қояды. Өз көзіммен көргендігім, жаз бірге ғұмыр етіп жүргендігіме қарай, өзімнің нашар, бишара қарындастарым халықты көрсетіп айтып тұр, мал хисабына қарай салған алым-шығын тура байқалады, олардың еріктерінің барлығымен нашардың халдерінің кеткендігіне көре аман болуларының ишаратына қарай.

Айтары жоқ, ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем ауыр жағдай қалыптасқаны белгілі. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі, қазақ жерінің орыс мемлекетінің меншігі етіп жариялануы, осыған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ ендігі уақытта жеке батырлар бастаған қол түзіп, қару асынып көтеріліске шығу нәтиже бере қоймайтын еді. Қалыптасқан жаңа саяси ахуалға лайық жаңа күрес құралдары, әдіс-айла қажет болды, ең негізгісі халыққа оның алдында тұрған негізгі мақсат-мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, сөйтіп оны заман талабына сай күрес құралдарымен қаруландырып, азаттық үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күшке сұраныс үлкен еді. Міне, осы орайда Алаш қозғалысы пайда болды. Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтармен бірге Ж.Ақбаев та осы ұлы қозғалыстың бастау көзінде тұрды.
Сөйтіп, Жақып Ақбаев 1903 жылы Петербург университетінін заң факультетін бітіріп, бірінші дәрежелі диплом алады. «Жақып Ақбайұлы Ақбаевтың дипломы» Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған екен.Ескерте кетейік, Ж.Ақбаевқа бірінші дәрежелі диплом берілген.Ол -ғылым магистрінің дәрежесі. Бізге мәлім Бақытжан Қаратаев, Райымжан Мәрсеков, Ахмет Бірімжановтар екінші дәрежелі диплом алған. Ол -қазіргі жоғары білім. Бұдан жоғарыда аталған қайраткерлердіңатақ-абыройы кеміп қалмайды; біздің айтпағымыз -шындық. Ал дипломның сол күйіндегі мәтіні мынадай:

ДИПЛОМЬ

Предьявитель сего, Якупь Акпаевичь Акпаевь, сынь киргиза, вероисповьданія магометанскаго, родившійся 25 Октября 1876 года, по удовлетворительномь выдержаніи вь ИМПЕРАТОРСКОМЬ С.-Петербурском университете полукурсовогоиспытанія и по зачете опеределеннагоуставомь числа полугодій на юридическомь факультете С.-Петербургскаго университета, подвергался испытаніювь юридической испытательной комиссіи при С -Петербургскомьуниверситетьвь Апреле и Мае месяцахь 1903 года, при чемьоказальследующіе успехи: на устномиспытаніи: по Римскому праву, Гражданскому праву, Гражданскому судопроизводству, Уголовному праву, Уголовному судопроизводству и Международному праву - весьма удовлетворительные, по Торговому праву - удовлетворительные и на письменномьиспытаніи по Римскому праву - весьма удовлетворительные.
Посему, на основаніи ст. 81 общего устава ИМПЕРАТОРСКИХЬ Россійскихь университетов 23 Августа 1884 года и по одоб-реніипредставленнагосочиненія, ЯкупьАкпаевь, вьзасьданіи юридической испытательной комиссіи 31 Мая 1903 года, удостоень диплома первой степени со всеми правами и преимуществами, поименованными вь ст. 92 устава и вь у п. ВЫСОЧАЙШЕ утвержденнаговь 23 день Августа 1884 года мненія Государственнаго Совета. Вьудостовереніе сего и дань этот дипломьЯкупуАкпаеву, за надлежащею подписью и сьприложеніемь печати Управленія С-Петербургскагоучебнаго округа. С.-Петербургь, Декабря "16" дня 1903 года.

Попечитель С.Петербурскаго учебного округа
Председатель юридическойиспытательной камиссш
Правитель канцелярии
№ 19153

Дипломдағы «весьма удовлетворительно»дегеніміз -қазіргіше «өте жақсы»деген баға, ал «удовлетворительно»-«жақсы»дегенге сәйкес келеді.
Бұл арада сабырмен ойлап, зерделеп қарасаңыз, дипломныңөз иесіне тимегені де көрініп тұрғандай. Казіргідей қалтаға салып жүретін қатырма емес, ол кезде диплом қызмет орнында сақталатын болған. Ал диплом иесінің білімі туралы мағлұмат оның бас жұмысында (послужной список) беріледі екен. Бас жұмысы әрі еңбек кітапшасының орнына жүрген. Адам қай жерде мемлекеттік қызмет атқарса, бас жұмысы соңынан еріп жүреді. Бас жұмысына барлық бұйрық-жарлық, алғыс-сөгіс, тіпті, сыйлық берілгеніне дейін тіркеліп отырады.
Ж.Ақбаевтыңмұрағат қорында сақталғанбас жұмысында көрдік.
Бірінші жазу:
«Императорлық Санкт-Петербург университетінде оқып, заң ғылымының курсын 1-дәрежелі дипломмен бітірді.
1903 жылгы 10 шілдедегі № 24 бұйрықпен Омбы сот палатасына сот қызметіне кіші үміткер (младший кандидат -авт.,) ретіндеқабылданып, қылмысты істер департаментіне орналасты».
Екінші жазу: «1904 жылгы 8 маусымда Семей округтік сотының қарауына жіберілді».
Үшінші жазу: «1904 жылгы 16 тамызда кері шақырылып, Тобыл округтік соты хатшысының көмекшілігіне 22 тамыз күні тағайындалды».
Ескерте кетейік, ол кезде жоғары білімді заң маманының өзін, мейлі ол магистр болсын, ең төменгі кызметке тағайындап, бес жыл сынақтан өткізіп, тәжірибеге қанықтыратын тәртіп болған. Және де болашақ сот қызметкері әрі қылмыстық істерді, әрі азаматтық дау-шарларды шешуге машықтанған. Адам тағдырын шешетін заң қызметкерінің көзін қанықтырып, осылайша барлық сатыдан өткізуі дұрыс та шығар...
Сонымен, ұлтының ұлы қайраткерлерінің бірі, заңғар заңгер Жақып Ақбаевтың саяси-әлеуметтік қызметі осылайша бастау алады. Оның бұдан кейінгі тағдыр-талайы тынымсыз күреске, отты оқиғаларға толы болғаны белгілі. Елінің ертеңі үшін есепсіз еңбек сіңірген тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты мерзімді басылымдарда аз жазылған жоқ. Біз бұл жолы Ж.Ақбаевтың Санкт-Петербург университетінде оқыған жылдарғы өмірі, оның, «болар бала баспын дер...» демекші, әуел бастан-ақ саяси көзқарасы берік, азаматтық ұстанымы мықты тұлға болып қалыптасқанын сөз етумен шектелгіміз келді. Оған сирек мұрағат материалдарын дерек-дәйек еттік. Осы орайда Ж.Ақбаевтың білім-ғылым жолындағы жорығын қазіргі жас өскін жеткіншектерге, болашақ мамандарға үлгі-өнеге етуге әбден тұрарлық.
Дегенмен, сөз соңында Ж.Ақбаевтың қайраткерлік өмірінен де, Алаш қозғалысына қатысы жөнінен де қысқаша мәлімет бере кетсек пе дейміз.
1905 жылғы шілде айында Омбы қаласында патша әкімшілік орындарының мәжілісі өтіп, онда Дала өлкесінің генерал-губернаторы Сухотин бас болып қазақ өкілдерін Дума сайлауына қатыстырмау туралы мәселе қозғайды. Міне, осы шешімге қарсылық ретінде Ә.Бөкейхановтың ұйымдастыруымен,Қарқаралы уезінің 42 қазағы- өкілетті адамдары атынан патшаға 1905 жылы 22 шілдеде Ақбаевтың құрастыруымен жеделхат жіберіледі. 1905 жылы 17 қазандағы патша манифесінен кейін жер-жерде бостандық, теңдік, сөз еркіндігі жөнінде қызу талас, митингілер өтіп жатты. Іле-шала осындай митинг, шерулер 19 қазанда Омбы қаласында өтіп, оған Ақбаев қызу кірісіп кетеді. «Үкіметке тіл тигізгені» үшін ол қызметінен қуылады. Артынан ол Кереку қаласы, Баянауыл станицасында жиындар өткізіп, патша режимін шенеген сөздер сөйлейді. 1905жылғы 15-16 қарашадаҚарқаралықаласындаөткенүлкенжиындаолтағы да жалындысөзсөйлейді. Патшаныңжергіліктіәкімшілігі«мемлекеттікқылмысістеп, опасыздықжасады» деген желеумен1906жылғы 11 қаңтардатұтқындап, Семейтүрмесінежөнелтеді.Міне, осы кезден бастап Ж.Ақбаев патша және Кеңес өкіметі кездерінде үнемі қуғын-сүргінді, тепкіні көп көріп, абақты-айдаудан көз ашпады деуге болады. Жетісу облысының Қапал уезіне 2 жылға жер аударылады. Қайда жүрсе де ол патша шенеуніктерінің парақорлығын, халыққа жасаған озбырлығын үнемі әшкерелеп отырады. Қарқаралы уезіндегі шаруалар учаскесінің бастығы Цыловтың және де басқалардың парақорлығын әшкерелейді. Қапалда жүргенде де келімсектерден қиянат көрген қазақтардың мүдделерін қорғап, осында айдауда жүрген К.Төгісовпен бірлесіп, сот барысында әділ шешім шығаруға ықпал жасайды.
Ақбаевтың патша әкімшілігінің жоғары орындарына өзінің жазықсыз жапа шегіп, айдауда жүрген мерзімін қысқартып, не сот үкімін бұзу жөніндегі арыз-шағымдарында (мысалы, сенатор граф Паленге жазылған осы құжатты және Ақбаевқа қатысты басқа да материалдарды алғашт ауып, жариялаған белгілі ақбаевтанушы-ғалым М.Құл-Мұхаммед, сонымен қоса бұл  тақырыпқа белгілі қаламгер, ғалым З.Тайшыбай да байыпты барлау жасаған) өзінің жеке басының мәселелері көрініс тапқандай болып көрінгенімен, шын мәнісінде, ол құжаттарда патша әкімшілігінің озбырлық, зорлық-зомбылық, зымияндық саясаты, шенеуніктердің парақорлығы, жер мәселесінің ушығуы сияқты мәселелер көтерілген. Ақпан төңкерісінен соң 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезін өткізуге белсене араласып, оның облыстық комитетінің мүшелігіне де сайланады, сол жылғы 24 қыр-күйекте өткен кеңесіне де қатысады. 1917 жылғы шілде айында болған Жалпықазақтық съезде Құрылтай жиналысқа депутаттыққа ұсынылып, ал Желтоқсандағы съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтеді. Азамат соғысы жылдары Колчак және тағы басқа уақытша өкіметтер оны бірнеше реет абақтығажауып, ату жазасына да кесіп, артынан ол үкімді бұзып, Ақбаевтың басы шырайналып, Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде алаш ісіне толыққанды бел шешеараласу мүмкіншілігінен айырылады. Ж.Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси серіктері А. Байтұрсынов және Ж. Досмұхамедов тағы басқа Алаш ардагерлерімен үндес келеді.
Ж.Ақбаев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде отбасы-неке құқығын зерттеп, баспасөз бетінде публицистикалық материалдар жариялады. Әдет-ғұрып, неке-отбасы мәселелері туралы көптеген еңбектер жазды. Абай аулымен қоңсы қонып, жастайынан ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өсті. М.Әуезовтің «Абай жолы» романына сүйеніп, ұлы ақынның өмірінің соңғы кезінде екеуі жүздескен деуге де толық негіз бар: ұлы дәуірнаманың 4-кітабында ұшырасатын жас адвокат Сақып Сақпаевтың прототипі Жақып Ақбаев екені дау тудырмаса керек. 1909 жылы Абай жырларының Петербургте кітап болып шығуына қолғабыс жасады. «Қазақстандағы семья-неке қатынастары» (1907), «Қазақтың шығу тегі туралы» (1927) тағы басқа ғылыми зерттеулері Абайдың қара сөздері мен «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» шығармаларымен үндеседі. Алашорда қозғалысына белсене қатынасып, Семейде қызметте жүрген кезде М.Әуезовпен тетаныс-біліс, пікірлес, аралас-құралас болған.

Бір сөзбен, Жақып Ақбаев -саяси күрес қазанында қайнап, нәтижесінде халқының ар-намысы боларлық дәрежеге көтеріле білген ұлттық интеллигенция өкілі. Өзі айтпақшы, оның рухы өлмейді! Қазақ халқы барда, тәуелсіз еліміз тура жолға түсіп, ұлттық ұлы мұраттарымыз алдыңғы қатарға шығып жатқан алмағайып кезеңде ұлтын, елін-жерін сүюдің, соған қалтқысыз қызмет етудің қапысыз үлгісі болып мәңгі жасай береді!

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 679
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 476
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 415
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 416