Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4694 0 пікір 25 Қаңтар, 2012 сағат 04:37

Бекқожа Жылқыбекұлы. “Үлкен” сөзінің үрейі

Тіл мәселесі діл мәселесімен тікелей қатысты болғандықтан, қазақ тілінің күннен-күнге құлазып, құлдырауға бет алуы мені қатты үрейлендіріп отыр. Өйткені, басқаны қойғанда, әдетте, біз күнделікті қолданып жүрген "Үлкен" сөзі бүгінгі ақпарат құралдары мен басылымдарда және күнделікті тұрмыста өз орнын таппай, өгейсіп бара жатқандығы жаныма қатты батып келеді. Мысалы: "Үлкен табысқа жетті", "Үлкен еңбек сіңірді", "Үлкен сахнада өнер көрсетті", "Үлкен медаль алып қайтты", "Үлкен әсер етті", "Үлкен жазушы", "Үлкен шара қолданды", "Үлкен пікірталас", "Үлкен сын айтты", "Үлкен сезім", "Үлкен рахмет" деген сөз тіркестеріндегі "Үлкен" сөзі бұл тіркестерде өз орнын тауып тұрған жоқ. Бұл сөз тіркестерін атам қазақ "Зор табысқа жетті", "Елеулі еңбек сіңірді", "Көрнекті немесе абыройлы сахнада өнер көрсетті", "Алтын немесе күміс медаль алып қайтты", "Терең әсер етті", "Көрнекті немесе әйгілі жазушы", "Қатаң шара қолданды", "Даулы пікірталас", "Өткір сын айтты", "Пәк сезім немесе нәзік сезім", "Көп рахмет" деп, сөздердің өзара қиылысу қисынына негізделе отырып, қолданбаушы ма еді?

Тіпті, мүйізі қарағайдай-қарағайдай сөз зергерлері саналып жүрген аға- буындарымыздың туындылары мен сөйлеген сөздерінен "Үлкен" сөзінің өз орнында қолданылмағандығын көріп-естігенде, жерге кіріп кете жаздайсың. Бұған да мысал келтіре кету артық болмас. "Үлкен сыр бар", "Үлкен үлгісі" (А. Әлімұлы "Парасатпен санасу" атты мақалаға қараңыз, "Қазақ әдебиеті" 19. 05. 2006 7-бет) деген сөз тіркестерін "Терең сыр бар", "Жақсы үлгісі" деп қолдансақ орынды болмас па еді? "Үлкен ұлы күнді күтеміз!" (Т. Медетбек "Ақиқат" журналы 2006 жыл 7 сан 85 бет) деген сөйлемдегі "Үлкен" сөзі сөйлемнің шырайын кетіріп тұр. Өйткені, ол бұл жерде "Ұлы" деген сөздің анықтауышы бола алмайды. Сондықтан, "Үлкен" сөзі бұл арада мүлде басы артық дүние болып тұрғандығы өз-өзінен белгілі. Бұдан да сорақысы "Үлкен махаббат пен үлкен жетістік үлкен тәуекелді қажет етеді" (Айдарлы "Нұр-Астана" газеті 2006 жыл 15 қараша саны 8 бет) деген сөйлемдегі "Үлкен" сөзінің өз қисынын таппай, арт-артынан үш рет қолданылуы болып отыр. Міне, бұның өзінен біз тіліміздің шұрайлылығының қаншалықты әлсіреп бара жатқандығын айқын аңғара аламыз. Бұл арада олардың Сократтың: "Ұғымдарды логикалық түрде дәл анықтау - шынайы білімнің ең басты шарты" деген қағидасын мүлде елеп-ескермегендігі айдан анық.

Сөз өнерінде сөздерді қалай болса солай қолдана беру ешкімге де абырой әпермейтіні белгілі. Сондықтан, әрбір сөздің қолдану көлемін білу өте қажет. Мысалы: "Үлкен" сөзіне "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі" былай деп түсініктеме береді: "Үлкен, сын есім 1. Көлемі жағынан аумақты, зор, дәу 2. Ауыс, бұрын туған, жасы артық 3. Ауыс, көпті көрген, көп жасаған қарт" ("Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі" 9 том, 546 бет, Қазақ ССР-інің "Ғылым" баспасы, Алматы, 1986) Біз жоғарыда мысал келтіріп отырған "Үлкен" сөзі бар сөз тіркестеріндегі "Үлкен" сөзінің мағынасы "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі" "Үлкен" сөзінің мағынасымен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сондықтан, оны орыс тілінің қолдану аясы немесе ықпалы бойынша ана тілімізге қаз-қалпында көшіріп әкеліп, қолданатын болсақ, онда біз өз ана тіліміздің зор мөлшердегі терең мәнді де мағыналы тегі және эстетикалық құнынан айрылып шыға келеміз. "Үлкен" сөзінің келсе келмес жерде қолданысқа ене бастауының өзі әне, соның айғағы.

Мені үрейлендіріп отырған "Үлкен" сөзі біздің түрлі ақпарат құралдары мен басылым беттерінде осы қарқынмен қолданыла беретін болса, сөздік қорға ерекше бай, шұрайлы тіліміз енді бір аз жыл өткен соң, табиғи түрде солғын тартып, құлази бастайтындығы ақиқат. Сондықтан бұл мәселеге ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеп отырған редакторларымыз бен журналистеріміздің ерекше көңіл бөлуі қажет. Олар алдыларына келген материалдарда кездесетін "Үлкен" сөзінің бейберекет, қисынсыз қолданылуымен бірге, "Процесс" деген сөзді "Үрдіс", "Премьера" деген сөзді "Тұсаукесер", "Филиал" деген сөзді "Бөлімше", "Лидер", деген сөзді "Көсем", "Провинция" деген сөзді "Өлке", "Директор" деген сөзді "Меңгеруші", "Имиджі" деген сөзді "Абыройы немесе Беделі", "Рецензия" деген сөзді "Бағалау немесе Пікір", "Перспективасы" деген сөзді "Болашағы", "Ситуация" деген сөзді "Жағдай", "Отставкадағы" деген сөзді "Доғарыстағы", "Проблема" деген сөзді "Мәселе" "Коментатор" деген сөзді "Түсіндіруші" (Мұндай мәңгүрт терминдердің тізімін ары қарай шексіз соза беруге болар еді, бірақ...) деп қазақшалап барып, басылым беттерінде жариялауға міндетті. Сонымен бірге, қазақ тіліндегі ғылыми еңбектерде кездесетін орыс тіліндегі дәйек сөздер мен сілтеме-дәйектердің қазақ тіліне аударылуын қаламгер-ғалымдарымыздан талап етіп, оны қадағалауға да құқылы. Өйткені, қазақ тілді басылым беттерінің ішінде бөгде тілдің шүлдірлеп, жүруі бейшаралықтан басқа ешнәрсе емес. Қазақ тілді ақпарат құралдарының орыс тілінде сөйленген сөзді қазақ тіліне аудармай беруі (тіпті Презденттің сөзі болса да) Қазақ халқының қажетін елемегендік, мемлекеттік тілге ат үсті қарағандық болады. Міне, осындай мемлекеттік тіл мәселесіндегі келеңсіздіктерді бір жүйеге түсіруге құлшынбаған тілші-журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарын заң бойынша жазалап, өз кезегінде қатаң сынтезге алып, олардың көкесін көзіне көрсетіп отырса, онда бұл мәселе бірте-бірте шешімін тапқан болар еді. Амал қанша, оны көретін "Құдайдың" көзі соқыр, үкіметтің құлағы тас керең болып, беті безеріп отыр! Сол себепті де біз орыс тілінің орашолақ ықпалынан тезірек құтылуымыз үшін орыс тілінен енген сөздерді қазақ тілінің емле ережесіне бейімдеп жазуымыз немесе латын жазуына көшуді тез арада қолға алуымыз керек сияқты.

Қысқасы, мемілекеттік тіл мәселесіне немқұрайлы қарау мен БАҚ-тың тіл шұбарлығына немкеттілік ұстаным ұстануы ұлттық мүддеміздің тамырына балта шапқанмен бірдей. Сондықтан "Үлкен" сөзінен бастау алатын үрейге жұдырықтай жұмыла отырып, қарсы тұру әрі одан туындайтын логикалық және лексикалық қателіктерді түзету бойында қазақи қаны бар кез келген азаматтың ар алдындағы ақтық борышы.

«Абай-ақпарат»

0 пікір