Дүйсенбі, 23 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 126182. Жазылғандар — 112806. Қайтыс болғандар — 1945
Алаң 1261 9 пікір 20 Қазан, 2020 сағат 17:39

Қазақ полициясы қылмыспен қалай күреседі?

Бүгін ақпарат құралдарында полиция қызметкерлеріне қатысты 3 мәселе талқыланып жатыр. Үшеуі де абыройлы әңгіме емес. Онсыз да басы даудан арылмаған ІІМ қызметкелерінің кезекті былықтары су бетіне шықты деуге болады.

Бірініш оқиға. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылынының полиция қызметкерлеріне «азаптау» айыбы тағылып отыр. Мал ұрлады деген күдікпен ұсталған 33 жастағы азамат полиция бөлімінде қайтыс болыпты.

Бөлімшеге өз аяғымен барған азаматтың тергеу барысында көз жұмғанына ауылдастары мен туыстары наразылық білдірді. Ашуға булыққан азаматтар жақынын қинап өлтіргендердің қатаң жазалануын талап етіп отыр.

Осыған орай, Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша ШҚО полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев оқиға орнына барған. Мақаншы ауылындағы полиция бөлімінде 33 жастағы ер адамның қайтыс болғаны расталды.

Осы оқиғаға байланысты өңірлік ПД бастығы Сағат Мәдиевтің жетекшілігімен арнайы топ құрылды. Жеке қауіпсіздік басқармасы азаптау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, процессуалдық прокурорлар тобы тағайындалды.

«Аталмыш фактімен Өзіндік қауіпсіздік басқармасы «Қинау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Процессуалдық прокурорлардың тобы тағайындалды. Жақын туыстарының қатысуымен оқиға орнын қарау жүргізілді. Қажетті сараптамалар, оның ішінде паталогоанатомиялық зерттеулер өткізілді. Әзірге сараптама нәтижелері дайын емес», – деді Сағат Мәдиев.

Мұны аз десеңіз, Жамбыл облысында қылмыскерлермен күресуі тиіс полицейлер бір-бірімен атысты. Анықтап айтқанда, есіріткі сатумен айналыспақшы болған Көліктегі полиция департаменті қызметкерлері күдікке ілінген.

Polisia.kz сайты Шудағы арнайы операция барысында полицейлерге қару қолдануға тура келді, деп хабарлады. Өзіндік қауіпсіздік басқармасы Көліктегі полиция департаменті Жамбыл облысы Шоқпар станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне қатысты жабайы қарасораны заңсыз егіп, жинау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Тексеріс барысында қызмет бабындағы полицейлердің заңсыз есірткі затын жинап, сату үшін Кұмөзек жеріне баратыны туралы мәлімет түсті. Қылмыстың жолын кесу үшін Өзіндік қауіпсіздік басқармасы арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы операция жүргізді.

Күдіктілер мінген көлікті тоқтату үшін қызметкерлер Шу-Тараз автожолын жапты. Осы уақытта күдіктілер бой тасаламақ оймен, арнайы бөлініс қызметкерін қасақана қағып өтіп, оған ауыр дене жарақатын келтірді.

Атыс қаруымен қаруланған автокөліктегі үш күдікті қатты жылдамдықпен қуғыншылардан сытылып кетпек болған. Полицейлер аспанға ескерту жасап оқ атса да –күдіктілерлер құлақ аспаған, бұдан соң көлік құралын тоқтату үшін қызметтік қару қолданылды.

Үш адамның екеуі атыс жарақатын алып, нәтижесінде, олардың біреуі медициналық мекемеде көз жұмды. Ал, екіншісіне стационар жағдайында медициналық көмек көрсетілді. Үшінші күдікті ҚР Қылмыстық-процесуалдық кодексінің 128-бабымен уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ал үшінші оқиға қазақстандықтарға жақсы таныс. 25 мамырда Алматы маңындағы блокбекетте орын алған жол апатынан екі полиция қызметкері қаза тапқан болатын. Жол апатына кінәлі экс-полицей Азат Азаматовқа бүгін жаза кесілді. Удай мас болып, жол апатын тудырған Азаматов 10 жылға сотталды.

Біздің елде ІІМ қызметкерлеріне айтылар сын көп. Қылмыспен күресуі тиіс басты органдағы заңсыздықтар тиылмай келеді. Жоғарыда біз сөз еткен 3 оқиға да қазақстандық сақшыларға деген сенімді азайтып, олардың беделін түсірері сөзсіз.

Abai.kz

9 пікір