Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жағымды жаңалық 4888 0 пікір 12 Қазан, 2020 сағат 15:24

Қайырымды жандардың арқасында тағы бір отбасы баспаналы болды

Астана маңындағы Қоянды ауылында төрт жылдан бері контейнерді паналап келген мектеп мұғалімі Мая Цопонқызы баспаналы болды.

Аталған игі шараға ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы мен Ерлік Хайдарұлы бастаған ел азаматтары ұйытқы болыпты. Бұл туралы ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлы хабарлады.

Ағабек Қонарбайұлы, ҚМДБ баспасөз хатшысы:

- Ол мектепте география пәнінің мұғалімі. Төрт жыл бойы темір контейнерді паналауға мәжбүр болды. «Оқушыларым көріп қоймасын деп контейнерден ұрланып шығамын» дейді. Темір вагон жазда ыстық, қыста суық болады.  Күйеуі құрылыс нысанында жүріп ауыр жарақат алған. Жұмысқа жарамсыз болғандықтан ол әлі күнге дейін күйеуінің күтімін жасайды.

Мектеп пен «Темір үйдің» арасы 4 шақырым. Сабаққа жаяу барып келеді. Арасында күйеуі мен екі баласының ас-ауқатын дайындап кетеді. Ал, мектептегі жұмысынан босаған сәтте таң азаннан қарақат теріп, оны базарға апарып сатады.

Алайда ол өзінің басындағы осы жағдайды айтып халықтан көмек сұрап, әкімдікке бармаған. Ешкімге алақан жаймаған. Тіпті, күні кешеге дейін әріптестері де оның жайынан хабарсыз еді.

Себебі оның өмірдегі ұстанымы – қанағат пен еңбек болған. Ендеше, сол батыр анамен таныс болыңыздар. Аты – жөні – Мая Цопонқызы.

Бүгін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұстаздар күні қарсаңында Мая Цопонқызына елорда іргесіндегі Қоянды ауылыныан 3 бөлмелі пәтердің кілтін берді.

Ұстазды ерекше қуанышқа бөлеген Наурызай қажы Тағанұлына, негізгі қаражатты беріп, қолдау білдірген кең жүректі кәсіпкер Ерлік Хайдарұлына және «Зекет қорының ұжымына, елорда имамдарына сонымен қатар үйді тұрмыстық заттар мен жиһазға толтырған барша азаматтарға Алла разы болсын!

Бұл күн – 4 жылдық сынақтың кішкентай ғана сыйы берілген күн. Қиындыққа мойымай, қанағат пен еңбекті өмірінің негізіне айналдырған Маяның қайсарлығы мен өжеттігі қазақтың басқа да қыз-келіншектеріне, қит етсе ажырасуға бейім тұратын жандарға үлгі болса екен...

Біз аталған сүйінші жаңалықты естіп, Мая Цопонқызына хабарласқан едік. Мұндай қуанышты күтпедік деп ағынан жарылған мұғалім барша қолдау білдірген азаматтарға алғысын айтты.

«Менің жағдайым туралы әріптестерім де білмейтін»

Мая Цопонқызы, ұстаз: 

- Мен Астана қаласы Целиноград ауданындағы Қоянды орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істегеніме үш жыл болды. Мектепке орналасқанға дейін Магнумде,1-автопаркте кондуктор болып істедім. Жолдасым, екі ұлым бар. Күйеуім екінші топтағы мүгедек.

Біз төрт жыл бойы контейнерде тұрдық. Бірақ, мен ешкімге жағдайымды айтқан жоқпын. Тіпті менің жағдайым туралы әріптестерім де білмейтін еді. «Маған көмек беріңіз, баспана беріңіз» деп Қоянды ауылының әкіміне де бармаппын. Себебі, тапқанымыз тамағымызға, өзімізге жеткілікті болды. Одан кейін мектепке орналасқан соң, сол жұмысымды жақсылап істесем, баспанаға да жетерміз деген ой болды. Әлі жаспыз. Құда-құдағи болғанша, өзіміздің баспанамыз болар дейтін едік.  

Оның үстіне маған мемлекет баспана беруге, балаларымды киіндіруге, күйеуімді қарасуға міндетті емес қой. Және мен ұстаз болған соң, беделім бар. Оны төмендетпеуім керек.

Ал, кеше қонаққа шақырып, ойламаған жерден тосын сый жасады. Кең үй. Барлық жағдай жасалған. Әлі «шок» болып жүрміз.

Кейбір кісілер «ұстаздардың жалақысы жақсы ғой, жағдайы оданда нашар адамдарға бермей ме» деп жазып жатыр екен. Алайда, менің айлығыма жуырда ғана (қосымша сыныптар ашылған соң) қосылды (Айлығы - 100 мың теңге). Дегенмен, ешкімге шағым айтпаймын. Бәрі де Алланың қалауымен ғой... 

Аталған игілікті шараға сенатор Дана Нұржігіт барып, Маяның қуанышымен құттықтады. Сонымен қатар ізгі жүректі жандардың қолдауымен жаңа баспанаға сыйлықтар табысталып, ізгі тілектер айтылды. Ізгі іске ұйытқы болған азаматтар мен ел ағалары да баспаналы болған отбасына жақсы тілектерін айтып, қуаныштарымен бөлісті.

Осылайша ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы тағы бір отбасының баспаналы болып, қуанышқа бөленуіне ұйықты болды.

Abai.kz

0 пікір